ҚазҰУ-да әл-Фараби мұрасы жаңа қырынан зерттелуде

0
765

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 90 жылдығы аясында ІІІ халықаралық Фараби форумы басталды.  Қазақстан, Түркия, Өзбекстан, Сирия, Иран, Татарстан, Әзірбайжан, Мысыр, Италия және т.б. Орталық Азия елдерінің ғалымдары бас қосқан іс-шараның  мақсаты – ғұлама ғалымның бай мұрасын жаңа қырынан зерттеу, отандық және шетелдік фарабитанушыларды біріктіріп, жаңа зерттеулерді саралау.

«Әл-Фараби және қазақ халқының рухани мұрасы» тақырыбындағы конференцияға Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың  Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев, Түркия Республикасының Алматы қаласындағы бас консулы Мудеррисоглу Эврен, Иран Ислам Республикасының Алматы қаласындағы бас консулы Фағани Мухсин, Сирияның Қазақстандағы құрметті консулы  Дерех Самир, Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетінің ректоры, профессор Мұхаммед әл-Жинди, дипломаттар, тарихшы ғалымдар, қазақстандық және шетелдік фарабитанушылар, философтар, оқу ордасының оқытушылары мен студенттері қатысты.

Тағылымды жиынды ҚазҰУ басшысы Жансейіт Түймебаев ашып,  Фараби еңбектерін терең талдап, саралау қазіргі фарабитанушы ғалымдардың басты міндеті екенін жеткізді. 

«Әл-Фараби феномені – шын мәнінде теңдесі жоқ құбылыс. Әбу Насыр әл-Фараби – ұлы ойшыл ғана емес, ол – адамзаттың рухани өрлеуіне ықпал еткен ғұлама ғалым. Ел ғалымдарының іргелі зерттеулері мен ізденіс жұмыстарының арқасында Әбу Насыр әл-Фараби есімі мәдени символымызға, ойшыл мұрасы түркі мәдениеті мен руханиятынан бастау алатын қазақ мәдениетінің қайнары ретінде ұлттық мақтанышымызға айналды. Өткен ғасырдың алпысыншы жылдары Ақжан Машани, Ағын Қасымжанов, Мұқаш Бурабаев, Әнуар Әлімжанов, Мұзаффар Хайруллаев, Ауданбек Көбесов, Артур Сагадеев, Құбығұл Жарықбаевтар әл-Фарабидің мұрасын зерттеп, насихаттау ісіне ұшан-теңіз үлес қосты. Енді алдыңғы буын фарабитанушылардың еңбектерін кейінгі жас ғалымдар жалғастыруы керек», – деді ректор.

Өз кезегінде   Түркия Республикасының Алматы қаласындағы бас консулы Мудеррисоглу Эврен: «Әл-Фараби – түркі әлеміне ғана емес, ислам әлеміне өзіңдік леп алып келген тұлға. Оның еңбектері мен философиялық ойлары әлі күнге дейін өзектілігін жоғалтқан емес. Сондықтан Фараби еңбектерін, ғылыми зерттеулерін жан-жақты қарастыру жұмыстары ешқашан тоқтамайды деп санаймын. Осы тұрғыда ҚазҰУ-да дәстүрлі түрде өтетін форум әл-Фараби мұрасын жаңа бағытта зерттеуге мол мүмкіндік береді», – деп атап өтті.

 Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда Иран Ислам Республикасының Алматы қаласындағы бас консулы Фағани Мухсин ғалым әл-Фараби араб тілінің лексикасын дамытуға септігін тигізгенін жеткізді.

«Әбу Насыр әл-Фарабиді Иран халқы ұлы ғұламалардың бірегейі ретінде жақсы таниды. Ойшыл медицина, философия, ғылым, білім және басқа да салалар бойынша белсенді жұмыс істеді. Оның әрбір ойы, пікірі, пайымы өте құнды. Ол араб тілінің лексикасын нығайтуға сүбелі үлес қосып, ғылымды ілгерілетуге, адам санасын дамытуға септігін тигізді», – деді Фағани Мухсин.

Тағылымды басқосуда Түрік халықтары философия қоғамының Қазақ комитеті мен оқу ордасы ғалымдарының  бастамасымен жарық көрген «Түрік философиясының антологиясының» көптомдық кітабының тұсаукесері өтті. Төрт томдық антологияға Ұлы даланы көне заманнан бері мекендеп келген түрік халықтары мен ұлыстарының философиялық және діни-мифологиялық дүниетанымына қатысты мәтіндер мен оларға берілген ғылыми талдаулар енгізілді. Әл-Фараби еңбектерінің топтамасы беріліп, адамзат ойшылы өмір сүрген дәуірдегі түрік өркениетінің рухани болмысы байыпталған. Ғұлама ғалымның түрік мәдениеті мен философиясындағы орны мен рөлі де бағамдалған.

Жиын барысында Сирияның Қазақстандағы құрметті консулы  Дерех Самир, Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетінің ректоры, профессор Мұхаммед әл-Жинди, шетелдік ғалымдар мен фарабитанушылар баяндама жасады.

Форум жұмысы секцияларда жалғасты. Қатысушылар ғылым мен білімнің интеграциясына, қазіргі қоғамның рухани-адамгершілік және тұлға мәдениетін жетілдіруге қатысты кең ауқымды өзекті мәселелерді талқылауда. Секциялар жұмысында әл-Фараби мұрасы және фарабитанудың өзекті мәселелері, түрік ғұламаларының мұрасындағы ізгі адам мәселесі және т.б. әлеуметтік-гуманитарлық ғылымының өзекті мәселелері қарастырылуда.

Айта кетейік, форум аясында ғалымдардың ғылыми баяндамалары мен зерттеулерінің жинағы жарық көреді.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here