Шеріне шипа іздеген өнерпаз (актер Әнуар Боранбаев туралы толғаныс)

0
1779

Мамандығым мәдениет пен өнер саласына аса көп жанаса бермесе де, бұл саланың көрнекті өкілдерін жақсы білемін. Олардың классикалық үлгідегі туындыларының көбін оқыдым, көрдім, жоғары бағалап, есімде сақтадым. Қазақ елінің алтын қоры, халқымыздың ақыл-ойы мен сана-сезімінің тереңдігін, парық-парасатының биіктігін айқындай түсетін шедеврлер екеніне кәміл сендім.

Және сол үркердей топтың биігінде Қазақстанның халық артисі, көрнекті театр және кино қайраткері Әнуар Боранбаев та бар деп есептеймін. Бұл ой Әнуардың маған ет жақындығынан емес, өзімнің таным-түйсігім солай дейді.

Актердың 70 жылдығы бұдан бес жыл бұрын Алматыда, сондай-ақ өзінің туып-өскен Қостанай облысы мен Аманкелді ауданында дүркіреп өтіп, сол мерейтойға Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық Өнер академиясы мен М.Әуезов атындағы академиялық драма театрының ұжымдары қатынасқан еді. Қалың көрермен олардың қойылымдары мен мерейтойлық шараларын жылы қабылдап, театр басшысы Асхат Маемировтың ұйымдастырушылық қабілетін айрықша бағалаған болатын.

Бірақ… тап қазір бәрі тым-тырыс, тып-тыныш. Биылғы ауа райының өзгеруі, күз ұзарып, қыстың кейіндеуі еліміздің мәдениет саласындағы мекемелері мен басшыларының шешімдерін де кешеуілдетіп, кейінге қалдыруға әсер етіп жатқандай көрінеді. Әнуардың 75 жылдығына орай тек «Абай» арнасы ғана белгілі жазушы Қайсар Әлімнің бастамасымен жарты сағаттық Тұңғышбай Жаманқұлов пен Нұрқанат Жақыпбаев мырзалар қатынасқан сұхбат өткізді. Жыл аяғы болса жақындап қалды. Сондықтан мен де Қайсар Әлім көрсеткен ізбен Әнуар інім туралы ертелі-кеш жазған естеліктерімді қайта ой елегінен өткізіп, баспа бетіне жариялауды жөн көрдім.

Әнуар екеуіміздің туыстығымыз шөберелік деңгейде тұр. Бұл қуғын-сүргінсіз, соғыссыз қазіргідей заман бола қалса, төрт ұрпақ бірін-бірі біліп, біраз уақыт қатар өмір сүруге мүмкіндік беретін жылдар жинағы деген сөз. Мен қазір сол бақытқа ие кісімін. Ал Әнуар екі бала ғана көріп, олардың бірін өз қолынан жөнелтіп, өмірден өте ерте өтіп кетті.

Алғашқы рет мен Әнуарды 1965 жылдың жазында көрдім. Ол кезде Сайлау да, мен де семьялы, шешем және қарындасымызбен бірге екі бөлмелі үйде тұрып жатқанбыз. Сол үйге бір жеті шамасында елден оқу іздеген үлкен талапкерлер тобы сау ете қалды.

Олардың көбі біздің ауылдан. Екеу-үшеуі Мақыш жеңгемнің елінен. Біреуі көрші Аманкелді ауданынан. Ол – Әнуар ініміз болып шықты.

Бұлардың бәрі соғыстан кейін туған, бізге қарағанда едәуір тоқшылық көріп, еркінірек өскен буын екен. Оқуға келгенімен, көшеге шығуды жақсырақ көретіндері көбірек, қадалып кітапқа үңілетіндері аздау, аттестаттарындағы бағалары ала-құла іні-қарындастарымыз болып шықты.

Бастапқыда Әнуар маған тұйықтау көрінді. Басқалары еркін жүрді. Оның себебі де бар. Ауыл балалары бізбен бірге өсті. Ал Әнуардың туыстығы кем емес, бірақ ол басқа жерде, көрші ауданда ержетті.

Мен ол кезде Қазақ мемлекеттік ауыл шаруашылық институтының өзім бітірген факультетінде ассистент болып істей бастағанмын. Әнуардың қандай оқуға ықыласы барын сұрап көріп, ештеңе өндіре алмай, СХИ-дың агрофагіне документтерін тапсырттық.

Сол жылы бізге келген үлкен тобырдан сәті түсіп оқуға түскендері екеу-үшеу-ақ болып шықты. Ішінде Әнуар бар. Бірақ қабылданбай қалғандарының ешқайсысы елге қайтпады. Бірі сырттай оқуға, бірі кешкі оқуға түсуді сылтау қылып, Алматыда жүрді және бір-бірімен достасып кетті.

Жыл ортасына қарай осы іні-қарындастарымыздың бірнешеуі театрға барғыштап, актер болуға әуестеніп жүргенін естідік. Олардың арасында Әнуар да бар екен. Оның СХИ-дағы сабағына бармай, қысқы емтихандарын тек жартылай ғана тапсырып қойғанын білдім.

Бөлектеу өскен соң қатты ұрса да алмайсың. Жағалап айтып көрсек, жауап бермейді. Үндемей отырып алады. Амалсыздан өзің біл дедік.

Осыдан кейін Әнуар үйде көбірек отыратын болды. Әжемнің айтуына қарағанда, ол күндіз дауыстап кітап оқып, қайта-қайта «р»-ға тілін келтіруге тырысады екен. Сол еңбегі еш кетпей, дайындығының нәтижесінде ол Құрманғазы атындағы өнер институтының театр факультетіне сынақтан өтіп, оқуға қабылданды. Ал басқа оқығысы, актер болғысы келгендердікі жай әурешілікке айналды. Олар өздерінің қабілет-қарымы мен ой-қиялдарының бір-бірінен тым алшақ екенін сол сәтте түсіне алмады. Кейбіреулері жылдарға созылған бос жүріске үйреніп алып, маңызды кезеңдерінің қалай өткенін байқамай да қалды.

Ал, Әнуар түлеп шыға келді. Бұрынғы тұйықтығы артта қалып,  ашық та жарқын тамаша мінез көрсете бастады. Консерваторияның үшінші курсынан бастап М.Әуезов атындағы академиялық драма театрының спектакльдерінің көпшілік қатынасатын көріністеріне қатысып, үлкен сахнадан бой көрсете бастады.

Ол кез театр мен киноның заманы болатын. Жастар жаңа көрсетіле бастаған фильмдер мен спектакльдерге таласып кіруші еді. Жастар үшін, әсіресе Әуезов театрының орны бөлек болатын. Оның премьералары негізгі құрам актерларының қатысуымен үш-төрт рет қайта сахналанып жататын. Соның өзінде орын жетпей, көп көрерменнің осы қойылымдарды аяғынан тік тұрып көріп шыққандарына талай куә болдық.

Әуезов театры ол уақытта қазіргі Ғ.Мүсірепов атындағы жастар театрының ғимаратында болатын. Онда қазақ театр өнерінің қара шаңырағының «алтын діңгегі» атанған майталман актерлар – С.Қожамқұлов, С.Майқанова, К.Қармысов, Қ.Бадыровтар, елге танымал Х.Бөкеева, Н.Жантөрин, Ы.Ноғайбаев, Фарида және Зәмзәгүл Шәриповалар, дарындары халыққа енді белгілі бола бастаған Ә.Молдабеков, Р.Сейтметов, А.Әшімов, Т.Тасыбековалар ойнайтын.

Әнуар осы театрдың, тұлғалы актерлардың үлкен мектебінен өтті. Алдымен ол театрдың тұрақты көрерменіне айналып, барлық қойылымдарды залдан көріп шықты. Одан соң спектакльдерді сахна сыртынан, шымылдық арасынан көруге мүмкіндік алды. Актерлардың жүріс-тұрысын, киінуін, боянуын, тарануын жақыннан байқап, сахнадағы іс-қимылдарына, сөйлеу әдістері мен сөз мәнерлеріне ден қойды.

Кейін спектакль дайындау ісін ішінен көрді. Режиссер мен актердің жұмыс істеу тәсілдеріне зер салды. Бара-бара аз-кем тапсырмалармен өзі де кейде тобыр ішінде, кейде жеке көпшілік алдына сахнаға шығуға бойын үйрете бастады.

Осының нәтижесінде қоюшылардың назарына ілігіп, Әнуар оқуын аяқтамай жатып Әуезов театрына қызметке тартылды. Дәл сол шамада кіл ығай мен сығайдың арасынан жалғыз Әнуарға ғана емес, оннан астам Т.Жаманқұлов, Қ.Сұлтанбаев, Т.Мейрамов, Қ.Тастанбеков, Г.Әспетова, А.Кенжеев, У.Сұлтанғазин, Б.Наурызов секілді талантты жастарға да орын тиді. Олар жеке өнерпаз буын атанып, театрдың жұмысына жаңа леп берді.

Театрға барысымен Әнуар «Дала дастаны» драмасында басты кейіпкерді ойнады. Дарынды режиссер Қадыр Жетпісбаев Ілияс Жансүгіровтің балаң жігіт шағын ерекше суреттейтін сәтті қойылым жасап, онда Әнуар үлкен пафоспен ойнап, Ілиясты биік деңгейде бейнелеп шықты.

«Дала дастанының» алғашқы қойылымы бірнеше қайталанып, республикалық газеттер, теледидар  мен радио мұны сәтті спектакль ретінде көпшілікке жариялап жатты. Әнуардың есімі елге одан әрі танылып, дос-жараны одан да көбейді десек қателеспес едім.

Ол күндізгі репетициядан, не кешкі қойылымнан кейін біздің үйге жиі соғатын, жалғыз жүрмейтін. Студент кезінде алдымен театрға барып, одан Сәулебек (Асылханов) екеуі Мәметова көшесіне жақын жатқан Токмакская, 50-дегі үйімізге, Әжемізге келіп шай ішетін.

Кейін біз ол жерден Айманов көшесінің 193-үйінің үшінші қабатындағы төрт бөлмелі 9-шы пәтерге қоныс аудардық. Бұл үйімізге Әнуар алғашқы кезде Нұрқанат (Жақыпбаев) пен Ғафизді (Есимов), ал кейінірек Әшірәліні, Уәйісті, кейде басқа да достарын ерте келетін. Көбіне спектакльді ойындағыдай ойнап, көңілі көтеріңкі болған кезде түнде арнайы соғып, жеңгесінің шайы мен тамағын асықпай отырып ішетін. Арасында талай жерге телефон соғып, амандық білісіп, ойында жүрген мәселелерін де шешіп алатын.

Біраздан соң 1972 жылы Әнуар үйленіп, біздің кіре берістегі кішкене бөлмеде тұрды.

Сол жылдың аяғында Әнуар нәрестелі болып, өзі сомдаған алғашқы басты кейіпкері Ілиястың атын қойдық. Кейінірек Лермонтов театрының қасынан екі бөлмелі үй алды. Әдеттегідей жиі хабарласып тұрды.

Жалпы Әнуар үйінде көп отыруды жақтырмайтын. Туған-туыстарын, достарын аралап шығу оның бойына сіңген әдет болатын. Бір жетіде, не он-он бес күнде бір көрісіп, өзі білетін жаңалықтарды айтып, басқалардың да амандығын біліп кететін. Кейде осы көп жүрістің арасында ол рольдерге қалай дайындалып үлгереді деп ойлайтынмын. Өйткені, дәл сол кезде Әнуарды өзінің театрдағы жұмысының сыртында киноға түсуге, дубляж жасауға, мейрамдарда бас алаңдарда ұрандар оқуға, радиодан әртүрлі спектакльдерді дыбыстап, үзінділер мен өлеңдер оқуға жиі шақыратын.

Әнуар жеке басына, семьясына байланысты мәселелерге өзгелердің араласқанын құптамайтын. Тіпті Біжікен әжеммен де, бізбен де ақылдаспайтын. Өзі біліп, тек өзі шешетін. Оның не істегенін кейін бір-ақ естіп жататынбыз.

Отыз бес жылға жуық маңымда жүргенде, Әнуар менімен бір-ақ рет ақылдасқан екен. Бір күні біздің үйде шай ішіп отырып, «Сәке, мені теледидарға (әлде радиоға ма, ұмытыппын) Л.И.Брежневтің «Тыңын» (әлде «Кіші жері» ме, ұмытыппын) оқуға шақырып жатыр. «Барайын десем, ұзақ сөз ғой, көпшілікті мезі қыламын ба деп қуіптенемін», – деді. Мен: «Сенің дауысың жақсы,  келбетің де келісті. Сені сол үшін таңдап отыр емес пе. Екі-үш рет жарты сағаттан сөйлегеннен көпшілік жек көріп кете қоймас. Әрі бұл мәселені Орталық комитеттің жауапты қызметкерлері ғана шешеді. Сондықтан келіскенің дұрыс», – дедім.

Көп ұзамай Л.И.Брежневтің кітапшасындағы текст мазмұны республика жұртшылығына Әнуардың дауыс мәнері арқылы жетті. Бұдан Әнуардың абыройы аспандамаса, ортайған жоқ.

Мен де өз тарапымнан Әнуарға бір-ақ рет ақыл айттым. Ол Әнуардың актерлік қабілеті шыңына жеткен, толықсыған кезі болатын. Әрі Н.Жантөрин, Р.Сейтметов, А.Әшімов секілді белді актерлар өз істерімен бірге қоюшы-режиссерлық қызметпен де машықтана бастаған. Осыны ескеріп, «Әнуар актерлік кәсіптің қыр-сырына әбден қанықтың. Енді қолдан келсе оқуға, курстарға барып, спектакльдер қоюға талпыныс жасау керек шығар. Орыс арасында да, бізде де жақсы актерлардан мықты режиссерлар көптеп шығып жатыр ғой» дегенмін. Бірақ Әнуар кейін ондай әрекет жасаған жоқ.

Әнуар өте ақкөңіл, қолында барын дос-жаранынан аямайтын береген, әрі қонақжай азамат еді. Топсыз, әзіл-қалжыңсыз жүру оған жараспайтын. Екеу-үшеуінің бастары қосыла қалса, өзі бастап кафе-ресторандарға апарып, көңіл көтерістерін одан әрі басқалары жалғастырып әкетуші еді.

Әжем Әнуардың ақкөңілдігі әкесіне тартқан екен деп отыратын. Ал мен оны ағаларым Социалдың, Советайдың, Сайлаудың мінездерімен салыстыра келіп, ақкөңілділік, берегендік пен қонақжайлық біздің тұқымның қанына сіңген қасиеттер-ау деп ойлайтынмын.

Әнуардың сөзі ағайын-туыс пен достарына өтімді болатын. Оның өтініші мен тапсырмаларын орындау бәріміздің борышымыз сияқты көрінетін. Тіпті уақытым бола бермейтін, әрі шамалыға иіле бермейтін  мені де ретін тауып, шофер қылып немесе қызметтік машинамды сұрап алып, шаруасына жегіп алатын.

Әнуардың достары мен жолдастарына адалдығы сондай ерекше еді. Оларға қалтқысыз, өзіндей сенетін. Өкінішке орай осы алаңсыз сенім мен елгезектік оны орға жықты. Тағдыр шын өнерпазды өзге мінезді адамдарға жолықтырып, опық жегізді…

Өзінің қысқа ғұмырында Әнуар ойнақтап жүріп от басты. Жан жарасын да, тән жарасын да жеткілікті мөлшерде алды. Талай тағдыр тәлкегін басынан өткізді.

Алдымен төңірегінде жүріп, құшағына кіргендердің сатқындығы мен арамзалығының азабын тартты. Ол аз дегендей біраздан соң белгісіз жағдайда өздері араласып жүретін өнер адамының үйінде бір түннің ішінде азамат болып қалған перзенті Ілиясынан айырылды. Кейін таланты толысып, дәл пісіп-жетілген шағында бір аяғын кескізіп, мүгедектікке душар болды.

Бұл қасіретті жайттер кім-кімді де есеңкіретіп тастайтын, орны толмас шер мен қайғы емес пе!.. Әнуардың құр сүлдері қалды… Көп жасыды, қатты мұқады… Бұрынғы ойын-той пышақ кескендей сап тиылды…

Десе де шынайы жанашырлары қасынан табылды. Және олардың қатары көбеймесе, кеміген жоқ. Зор міндет пен ауыр салмақты Ақбөпе өз мойнына алды, тіпті бұл жүкті ауырсынған жоқ. Әнуардың ошағына жайсаңдық пен жайдарылық, тәлімділік пен тәрбиелік ала келді. Асылдың сынығы екенін іс жүзінде дәлелдеді. Әнуарға шын сүйеніш бола білді. Әсел дүниеге келгенде олардың өмірі жаңа қалыпқа түсті. Жұбаныштары көңілдерін сергітіп, Әнуар қатарға қайта қосылды. Ал біз, екі жақсы кештеу болса да бірін-бірі тапты, ортамыз қайта толықты деп қуандық.

Ақбөпені Жібек, Біжікен әжелері, Кәмаш, Тойған, Мақыш, Света, Рақыш секілді абысындары мен апалары ерекше мейіріммен бауырларына басты. Ал Әнуар Зейнолла Көжекбеков пен Махфуза Матовнаның, Еренғайып Шайхутдинов пен Тамара Шәмбіловнаның, Ғибадолла Мырзағалиев пен Венера Камаловнаның ертеден білетін ерке інілеріндей болып кетті.

Қайын атасы мен енесі Камал Қармысов пен Ханша апамыз Әнуарды төбелеріне көтеретін. Ертеден қызметтес болғандықтан ба Кәмекең екеуі әңгімелеріне кейде қалжың да араластырып қоятын.

Әнуардың ес жиып, ел қатарына қосылуына достары да, Әуезов театрының коллективі де, оның басшылары да өлшеусіз еңбек сіңірді. Олар Ілияс қайтқанда да, ұзаққа созылған сырқаты мен мүгедектігі кезінде де Әнуарды жалғыз қалдырған жоқ. Мүсіркеу мен аяушылықтарын сөзбен айтпай-ақ, жүрек жылуымен жеткізе білді. Әнуар үшін олар еңбек туралы заңды да айналып өтті. Алдымен аяғының кескен орны жазылып, екі балдаққа тұрсын деді. Сонан соң, балдақтарымен жүруді үйренуіне уақыт берді. Одан әрі костылін киіп жаттықсын, көпшілікке көзін үйретсін деді. Сөйтіп, жылдар күтіп, театрға қайырып алды. Рольдер беріп, Әнуарды көрермендерімен қайта қауыштырды.

Әлі есімде, інімнің сырқаты сол аяғының бас бақайының қызарып, ісінуінен басталған тұғын. Алғашында қатты сыздап, ұйықтатпайды дейтін. Сол кезден бастап ем іздеп бармаған жері жоқ. Аяқ жетер жердегі бақсы-балгерлердің бәріне барып, олар ұсынған дәрі-дәрмектердің бәрін дерлік жақты. Нұрқанат досының өзі еліне әлденеше рет апарып, ыстық минералды сумен емдеді. Болмады.

Соңында, сол аяғын тізесінен жоғары кестіруге тура келді. Сол күн әлі көз алдымда. Операция Мир көшесінің бойындағы бұрынғы Сызғанов атындағы кардиохирургия институтында таңертеңнен басталып, түс ауғанға (сағат үш жарым, төртке) дейін жалғасты. Сол екі ортада талай достары мен қызметтестері келіп-кетіп, хабарын сұрап тұрды. Ал Әзірбайжан Мәмбетов тапжылмай тұрып, операция нәтижесін күтті. Мен де ешқайда кетпедім. Әзекең менен «Әнуардың кімісің» деп сұрамады. Мен де «бәленшемін» деп жөнімді айтқан жоқпын. Үн-түнсіз бес-алты сағат тілдей тротуарда әрі-бері жүрдік те қойдық. Күннің ысып кеткенін де байқамаппыз. Тек операцияның дұрыс өткенін естіп, үйді-үйімізге тарай бастағанда ғана ес жиып, «қап, Әзекеңе ең болмаса су алдырып бермегенім қалай» деп санымды соқтым.

Содан бері ұлылық тек жоғары кәсіби деңгеймен анықталмай, адами қасиеттермен де көмкерілсе, азаматтарымыз жұрт алдында қалай биіктер еді деп ойлаймын. Әрине, Әзербайжан Мәмбетов тәрбиелеген өнер иелері аз емес. Әнуар солардың бірі ғана. Бірақ режиссер мен актердің бір-бірімен түсінісуі аға мен інінің сыйластығына айналғаны көрініп тұрды.

Осыдан бір-екі жыл бұрын Қайрат інім мен үлкен ұлым Айбек Арқалық қаласындағы орталық кинотеатрды күрделі жөндеуден өткізген соң, оған Әнуар Боранбаевтың есімі берілді. Кинотеатрдың ашылуына арнап осы екі азамат, ағалары туралы «Орны толмас өнерпаз» атты жарты сағаттық естелік фильм дайындады. Сол фильмде берген сұхбатында Әзербайжан Мәмбетов «қос Әнуарым (Молдабеков пен Боранбаев) екі қанатым еді» деп, ақжарма ниетін ақтарып еді.

Бұл шындық. Тіпті Әнуар Молдабеков пен Әнуар Боранбаевты Әуезов театрының сәні, ажары десе де болғандай еді. Екеуі бірінен соң бірі дүние салғанда, маған олар театрдың көркін де ала кеткендей болып көрінетін.

Уақытында Әнуар мәдениет және өнер саласының көп қайраткерлерімен сыйластықта болды. Ол әсіресе Серке Қожамқұловтың, Сәбира Майқанованың, Әзербайжан Мәмбетов пен Ғазиза Жұбанованың, Асқар Тоқпановтың, Дулат Исабековтің, Әнуар Молдабековтің, Асқар Сүлейменовтің, Әшірбек Сығайдың есімдерін ерекше құрметпен айтып отыратын.

Әнуар туралы «Егеменді Қазақстан» газетінде берілген қазанамада оның алпыстан астам көркем бейнелер жасағаны көрсетілген. Мен оны санаған жоқпын, ол жағын өнертанушылар зерттей жатар. Бірақ маған Әнуардың аз еңбек етпегені және оның сомдаған рөлдері өзіне ғана тән дүниетанымнан, жауапкершілік пен тазалықтан жаралған бейнелер екені анық. Солардың ішінде өзіме ерекше әсер еткен алғашқы ірі бейнелері «Дала дастанындағы» – Ілияс, «Гауһартастағы» – Тастан қойшы, «Ақ кемедегі» – Момын шал, «Қарагөздегі» Сырым есімнен кетпейді. Басқаларға қалай екенін білмеймін, жеке өзіме осылардың қай-қайсысы да образдар жасаудың оқулықтарға кіретін классикалық үлгілері секілді.

Мысалы, Әнуар Ілиястың алабұртқан жас жүрегінің, ішін кернеп, сыртқа теуіп, шырқау биікке шығуға сұранып жатқан асау өлеңдері мен керемет дастандарының, өзімен іліп әкетердей Арқадан шыққан алып ат дүбірінің лебін аса шеберлікпен жұртшылыққа жеткізе білді.

Ол Тастанның бойындағы тоңмойын, дөрекі әрі керітартпа кейіпкерлікті де жанап өтіп, оны қазақтың еркек кіндікті ер азаматтарының Кеңес үкіметі күнделікті таптап жатқан өр мінезінің ертеден қалған сарқыншағын жоғары деңгейде ашатын бейнеге дейін жеткізді. Дулат Исабековтің, қоюшы-режиссердің, Әнуардың, басқа да керемет актерлар ансамблінің «Гауһартасы» осынысымен құнды және сондықтан да «Қыз Жібек» фильмінен кейінгі көре бергің келетін екінші фильмге айналды. Егер Тастан келіншегінің қасынан ұзай алмай, оны көптің көзінше айналып-толғанып, отын жағысып, күлін шығарысып жүрсе, бұл фильм де баяғыдан тозаң астында жатқан болар еді.

Әнуар отыз бестер шамасында алпыстан асқан Момын шалды да қандай ойнады десеңізші. Оны сөзбен жеткізе алмайсың, тек көру керек. Тілерсегі майысып, аяқтары шатысып, иықтары салбырап әрең жүрген еңбеккердің үлкен ой иесі екенін, оның өмірдің мәні мен адам қатыгездігінің сыры мен себептерін іздеудегі толғанысын бір сәт тыныс алып, ұйқылы-ояу жатқандағы саусақтарының жыбыры мен аяқтарының қыбыры арқылы бейнелеу әркімнің қолынан келетін шешім емес.

Ал Әнуардың Сырымы Шахан Мусиннің Сырымымен үндес және деңгейлес. Бұл образды осы екеуінен шебер орындаған актерді естіген де, көрген де жоқпын.

Кәсіби өнертанушылар аса сөге қоймас. Осының бәрін Әнуар жақын інім болған соң жазып отырғаным жоқ. Өзімнің сезімім мен дүниетанымым солай дейді. Оған көзінің тірісінде осының бәрін айтқан емеспін. Қазір де асыра мақтадым дей алмаймын.

Біз Ш.Айманов пен Х.Бөкееваның «Асауға тұсаудағы», С.Қожамқұловтың «Қозы Көрпеш-Баян сұлудағы», С.Майқанованың «Ана – Жер-Анадағы» жасаған классикалық бейнелерін көріп өскен ұрпақпыз. Сондықтан актерлар деңгейлерінің жақсысы мен өте жақсысының арасын айыру қиынырақ болғанымен, олардың жақсылары мен нашарларының айырмашылығын анық түсінеміз.

Өкінішке орай, осындай аяулы азаматымыз бен өнер иесінен қапелімде айырылып қалдық. Бұл қасірет бізге Әнуардың үйі-жайы жақсарып, көңілі орнына түсіп, жұрт қатарлы өмір сүре бастаған кезінде жолықты.

Университет проректорының жұмысы біткен бе. Ең болмаса бір рет ертерек шығып,  үйіме шақырып қойған Ерболат пен Светлана құдаларымды қарсы алайын деген оймен кабинетімнен шыққалы тұрғанымда Айбек балам телефон соғып, Әнуардың Төле би (бұрынғы Комсомол) көшесіндегі «Жедел жәрдем» ауруханасына түскенін хабарлады. Не болғанын анық айта алмады. Қайрат та сонда, сізді күтіп жүр деді.

Асығыс-үсігіс ауруханаға кіре бергенімде, алдымнан Қайрат шығып, екінші қабатқа көтерілдік. Сол жерде аурухананың бас дәрігері Біртанов (бұрынғы министрдің әкесі – С.Б.) та жүр екен. Бізді ертіп, терезесі Төле би жағына қарайтын бір қараңғылау бөлмеге алып кірді. Әнуар есікке жақынырақ, бөлмеге қиғаштау қойылған жасанды терімен қапталған дөңгелекті кроватта төсек-орынсыз көйлек-шалбарымен ғана шалқасынан жатыр екен. Басы сәл көтеріңкі, ал бөлме өте салқын. «Жарық неге жоқ, мұнда тоңып қалады ғой» деп едім, бас дәрігер «ауруға осы дұрысырақ болады» деп, ештеңе істеуге құлқы жоғын аңғартты.

Әнуардың жағдайсыз жатқанын көріп тұрсам да, бас дәрігердің қалпын көріп, шарасыздыққа көнуге тура келді. Жақындап барып маңдайын сипадым. Әнуар ешқандай белгі бермеді. Кірпігін де қимылдатпады. Денесі сап-салқын. Жүрегім дір ете қалды. Сасқанымнан «таңға дейін шыдар ма екен» деп едім, Бас дәрігер «ашып айту қиын» деді.

Үміт аз екенін сезіп, ұнжырғам түсіп, шығып кеттім. Үйге келіп, Астанадағы Сайлауға хабарладым. Ақбөпеден қандай жағдайда ауруханаға түскенін сұрап, мардымды ештеңе біле алмадым. Алдымызға ас келіп, қонақтармен енді ғана тамақ іше бастағанымызда телефон шыр етіп, біреу Әнуардың қайтыс болғанын естіртті. Бұл – 1999  жылдың 13 декабірінің кешкі сағат 9:30 шамасы еді.

Азаматымыз өмірден осылай өте шықты. Сирек дарын, үлкен өнерпаздың орны бос қалды. Содан бері талай уақыт өтсе де маған Әнуар ұзақ гастрольге кеткендей, бір қайтып оралатындай болады да тұрады.

Жақында осындай күй кешіп, Әнуар туралы естелігімді қайыра оқып болып, түн ортасына жақын мезгілде теледидарды қосқаным бар. Кенет, о ғажап! Экраннан Әнуар шыға келді!

«Хабар» телеарнасы «Гауһартасты» бере бастапты. Отыра қалып, мың сан рет көрген фильмді тағы көріп, осы жолы Әнуарды әлгінде ғана қасымнан сыртқа шығып кеткендей әсер алдым. Актерлар шеберлігі мен үндестігіне қайран қалдым. Әсіресе, оның Тастан (Әнуар) мен Салтанат (Жанна Қуанышева) линиясында өрбитін оқиғаларының талай көрерменге өз өмірінен ұқсастық іздетіп қана қоймай, сан рет күрсіндіретін қуатын бұрынғыдан да тереңірек сезіндім.

Жүрегім сыздап, сол түнді Әнуар әлемімен байланыстырып, шеріне шипа таппаған бейбағым деп дөңбекшумен таңды әзер атқыздым…

Сәбит БАЙЗАҚОВ,

ҚазҰҒА академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here