Комьюнити-орталықтың жұмысы таныстырылды

0
883

«Қазақстан Республикасында мемлекеттік жастар саясатын дамыту» тақырыбында Алматы қаласында өңірлік жастар саясаты басқармаларының басшылары мен ішкі саясат басқармасы басшыларының орынбасарлары және облыстық Жастар ресурстық орталықтары директорларымен Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Қайрат Қамбаровтың кездесуі өтті. Бұл туралы Жамбыл облысы әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Жомарт Зұлпыхар хабарлады.

Кездесу барысында Қайрат Телманұлы өңірлердегі бірқатар жастар саясаты мәселелеріне, өңірлерде кезінде ішкі саясат басқармаларына қосылып кеткен жастар саясаты басқармаларын жеке шығаруды біріздендіру және комитеттің алдағы уақытта жүргізгелі отырған жоспарларына тоқталды.

Сонымен қатар, «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының директоры  Айсұлу Ерниязова 2023 жылы республика көлемінде жастар арасында жүргізілген әлеуметтік сауалнамалар мен зерттеулердің нәтижелерін баяндап, бірқатар өңірлерде жастар арасында дамытуды қажет ететін тұстарды атап өтті.

Кездесу бағдарламасы аясында Алматы қаласы жастарына 2024 жылы қаланың сегіз ауданында ашылған 8 комьюнити-орталықтың жұмысымен таныстырды.

Аталған орталықтарға ғимараттар 2023 жылы әкімдік тарапынан сатып алынып, заманауи үлгіде жабдықталынған. Әр ғимараттың аумағы 400-500 шаршы метрді құрайды.

Комьюнити-орталықтарда келесідей қызмет түрлері көрсетіледі:

  • жұмысқа орналасуға көмек;
  • қысқа мерзімді курстарға оқыту;
  • Мемлекеттік бағдарламалар бойынша кеңес беру;
  • құқықтық және психологиялық көмек көрсету;
  • кәсіптік бағдар беру;
  • қазақ тілі курстары;
  • білім беру және мәдени іс-шаралар;
  • қаржылық сауаттылық мәселелерінде қолдау;
  • би залы;
  • дыбыс жазу студиясы;
  • Тик-ток аймақтары.

Айта кетейік, аталған Орталықтардың әр қайсысына жылына 36 млн теңгеге жуық бюджеттен қаржы бөлініп отырады (коммуналдық қызмет және ғимаратты күтіп ұстау шығындарын қоспағанда). Бөлінген қаражат жоғарыда аталған қызметтерді ұйымдастыруға бағытталған. Алдағы уақытта Алматы қаласы жастары үшін осындай қосымша 8 орталықты ашу жоспарланған дейді қала әкімдігі.

«Әулиеата жастарының игілігі үшін осындай креативті жабдықталған ғимараттар бұйырып қалар деген үміт отын одан әрі жағып, көргенімізді көңілге түйіп келдік. Облыс жастарының үштен бірі қоныстанған 120 мыңға жуық Тараз қаласы жастарының басын бір ортаға жинайтын, креативті идеяларын іске асырып ғана қоймай, ақпараттық қолдау көрсетуге арналған облыстық Жастар ресурстық орталығына ғимарат беру мәселесі күн тәртібімізден түспек емес», – деп жазды Жомарт Зұлпыхар.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here