Халықаралық «VII Есік оқулары» өтті

0
522

Бүгін Абай университетінде «Алтын адам мұрасын зерттеу және сақтаудың өзекті мәселелері: археология, археогенетика, музейлендіру және тарихи-мәдени интерпретация» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Іс-шара дәстүрлі «VII Есік оқулары» аясында ұйымдастырылып, Қазақстан, Қытай, Әзірбайжан, Өзбекстан, Түркия, Италия және басқа да елдердің зерттеуші-ғалымдарының басын қосты.

«Алтын адам» мұрасын жан-жақты ғылыми тұрғыдан зерделеуді, ежелгі өркениеттер тарихын зерттеудің заманауи әдістерін талқылауды және халықаралық ғылыми ынтымақтастықты нығайтуды мақсат еткен конференция «Қазақстан-Қытай: археологиялық мұраны сақтау жолындағы ынтымақтастық» атты көрменің ашылуымен басталды. Пленарлық отырыста Есік жазуының шығу тегі мен ғылыми маңызы, ежелгі түркі жазба ескерткіштері, сақ дәуірінің археологиялық құндылықтары талқыланды. Сондай-ақ Алтын адам бейнесін қайта қалпына келтіру және тарихи мұраны халықаралық деңгейде таныту мәселесіне де айрықша назар аударылды.

Ғылыми-практикалық конференция әзірбайжандық ғалым Фирудин Джалилов Есік жазуының тіліне тоқталса, Қытай зерттеушісі Дин Янь қытай жазба деректеріндегі үйсіндер туралы алғашқы зерттеулерді қарастырды. Түркістандық ғалым Бекжан Орынбай Есік жазуының тарихи және картографиялық маңызы жөніндегі ғылыми пайымдарын ұсынды. Ал белгілі реставратор Қырым Алтынбеков «Алтын адам» бейнесін қайта жаңғырту жұмысының ерекшелігі мен оның қазіргі қоғамдағы мәдени ықпалы туралы сөз қозғады.

«VII Есік оқулары» тарихи-мәдени мұраны цифрландыру, музей ісіне инновациялық технологияларды енгізу және жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалану мәселелерін де қамтыды. Атап айтқанда, Орхон-Енисей жазбаларын цифрлық әдістермен зерттеу, археологиялық ландшафттарды музейлендіру және мәдени мұраны заманауи технологиялар арқылы сақтау бағыттарын ұсынды.

Абай университеті ғалымдары мен жас зерттеушілерінің баяндамалары археологиялық мұраны білім беру жүйесіне енгізу, тарихи танымды дамыту және ғылыми нәтижелерді педагогикалық тәжірибемен ұштастыруға бағытталды. Конференция отандық және шетелдік ғалымдарға ғылыми тәжірибе алмасып, жаңа зерттеу бағыттарын талқылауға және халықаралық байланыстарды нығайтуға жол ашты. Халықаралық басқосу екі ғылыми секцияға жалғасып, жоғары оқу орны ғалымдары, Есік мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының қызметкерлері баяндама жасады.

«Abai University» медиа орталығы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here