Есірткі бизнесіне кешенді әрекет қана тосқауыл

0
1357

Бүгінде адамзат үшін өзекті болып отырған мәселелердің бірі есірткі бизнесі мен нашақорлыққа тәуелділік. Бұл құбылыс адам баласының өмір сапасын төмендетіп, денсаулығына зиян келтіріп қана қоймай, қоғамның мәдени әрі экономикалық даму үдерісіне орасан түрде кері әсерін тигізіп отыр.

Есірткі бизнесінен түсетін кіріс мемлекеттің немесе аймақтың экономикалық дамуына айтарлықтай әсер ете қоймайды. Керісінше мұндай жолмен келген қаражат кез келген экономика үшін қауіп-қатер көзі екенін сарапшылар жиі айтады. Бейресми деректерге сенсек, әлемдік есірткі трафигі 800 миллиард долларға бағаланған. Мұндай ауқыммен ол әлемдік мұнай нарығының айналымынан кем түспейді. Зияны орасан болса да, оны пайда көзіне айналдырып, көлеңкелі бизнеспен айналысатын топтар әр елде баршылық. Өкінішке қарай, бұл қатардан Қазақстанды да кезіктіреміз.

Көршілес елдерден Қазақстанға, Қазақстан арқылы Ресейге жеткізіліп жатқан есірткі түрлерін құрықтауда құқық қорғау органдарының атқарып отырған рөлі орасан. Бұл ретте Жамбыл облысы ел көлемінде ерекше бақылаудағы аймақтардың бірі болып отыр. Өңірдегі табиғи-климаттық ахуалдың, одан бөлек Шу ауданындағы жабайы қарасора алқабының өзі облысты есірткі бизнесі үшін қолайлы территорияға айналдырады. Десе де, аталған өңірде жүргізіліп жатқан қарқынды жұмыстардың нәтижесінде есірткі бизнесіне жыл сайын қатаң тосқауыл қойылып келеді. Бұл жұмыстарды Жамбыл облысы Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы жүйелі әрі тоқтаусыз жүргізуде. Мұны басқарманың жеті айлық көрсеткіштерінен айқын аңғаруға болады. Мәселен, осы жылдың басынан бүгінгі күнге дейін басқарма тарапынан 292 есірткіге қатысты құқық бұзушылық анықталған. Бұл өткен жылдың дәл осы кезеңімен салыстырғанда 18 дерекке артық. Аталмыш нәтиже құқық қорғау құрылымдарының есірткі қылмысына күрес бағыты бойынша жұмыс қарқынының үдей түскенін айғақтайды. Заңсыз айналымнан алынған есірткінің мөлшері де сөзімізге дәлел. Биыл қаңтар айынан бастап өңірде 4 тонна 700 килограмм түрлі есірткі заты тәркіленген. Бұл былтырғы көрсеткіштен екі есе көп.

Жоғарыда атап өткеніміздей, Шу алқабы – есірткі таралымы бойынша ерекше бақылаудағы нүкте. Биыл Полиция департаменті осы алқаптан Қарағанды, Алматы, Түркістан облыстарына арнайы мобильді топтар жіберіп, еліміздегі өзге аймақтарға таралып кетуі мүмкін есірткі арналарын анықтауға басымдық берді. Нәтижесінде патрульдік полиция, есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы және Ұлттық қауіпсіздік қызметінің ортақ күш салуымен 11 есірткі тасымалдау арнасы жойылып, 150 кг кептірілген марихуана мен 119 кг гашиш тәркіленді. Сонымен қатар, 12 адам ұсталып, қамауға алынды.

Жүргізілген қарқынды жұмыстардың жай-жапсарын Жамбыл облысының Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Асқар Жұмабековтың өзі баяндап берді.

– Жамбыл облысы шекаралық аймақта орналасқандықтан есірткіні көршілес Қырғыз Республикасынан әкеліп жататын жағдайлар жиі кездеседі. Мәселен, өткен жылы сол елдегі әріптестерімізбен екі мәрте бақылаудағы жеткізілім жүргіздік. Операция кезінде Қазақстан Республикасының төрт азаматы ұсталды. Оның екеуі осы Тараздан, екеуі көрші Түркістан облысының тұрғындары. Қазіргі таңда олардың істері сотта қаралып жатыр. Біз тұрақты түрде шекара қызметімен тығыз байланыста жұмыс істейміз. Аталған қызметпен және Ұлттық қауіпсіздік комитетімен бірлесіп, қоян-қолтық жұмыс атқарғанның нәтижесінде 7 ай ішінде 10 контрабанда фактісі тіркелді. Өздеріңіз білетіндей, біздің өңір жабайы қарасора негізгі шикізат көзі болып саналады. 2023 жылғы дерек бойынша Жамбыл облысында 63 мың гектар жерде жабайы қарасора өседі. Жабайы қарасораны өзге өңірлерге тасымалдауды болдырмау мақсатында Қарағанды, Түркістан, Алматы облыстарына бағытталған жолдарға мобильді бекеттер орнатылған. Бекеттерде патрульдік полиция қызметкерлері, кинологтар жұмыс істейді. Жыл басынан бері аталған бекеттерде өзге өңірлерге есірткі заттарын тасымалдау бойынша 14 дерек тіркелді. Нәтижесінде 200 кг марихуана, 150 кг гашиш тәркіленіп, 14 адам ұсталды. Жыл сайын біз мұндай бақылау бекеттерін тек «Қарасора» жедел-профилактикалық іс-шарасы кезінде ғана қоятынбыз. Қазір бекеттер есірткі қылмысымен күрестің күшеюіне байланысты жыл он екі ай жұмыс істеп тұр, – дейді Асқар Абдуаханұлы.

Басқарма басшысының айтуынша, қылмыскерлер қарасораны жинауға көбінесе түнгі мезгілді таңдайды. Өздерінің арнайы көліктері мен техникалары болады. Алайда есірткіге қарсы күрес басқармасының да қылмысты болдырмау, тәркілеу, құрықтауға арналған өз мүмкіндіктері мен арнайы техникалары бар. «Дельта Долина» арнайы бөлімшесінде құмды жерлерге баруға қолайлы көліктер мен күдікке ілінген аймақтарды анықтауға арналған дрондар мен ұшқышсыз ұшу аппараттары болады. Бұл техникаларды күндіз де, түнде де пайдалану мүмкіндігі бар.

Қазір есірткі өсімдік түрінде таралады. Одан бөлек, синтетикалық есірткілердің жастардың санасын улап жатқаны да жасырын емес. Есірткінің бұл түрі көбінесе интернет дүкендер, әлеуметтік желілер арқылы сатылады. Кейде адамнан адамға беріліп тасымалданады. Дәл осы синтетикалық есірткі бойынша Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы Шу қаласынан Алматы облысына бақылаудағы жеткізілім жүргізді. Нәтижесінде синтетикалық есірткі әзірленген лаборатория анықталып, Ресей Федерациясының екі азаматы ұсталған. Операция барысында есірткі әзірлеуге арналған арнайы құрылғылар, 8 килограммнан астам синтетика, 2 мыңнан астам прекурсоры тәркіленген. Одан бөлек, жыл басынан бері аса ірі көлемде синтетикалық есірткі жинаған 12 азамат ұсталды. Олардың ішінде синтетикалық есірткі тасымалдаумен айналысқан әжесі мен немересі де бар.

– Синтетикалық есірткі әзірлейтін, тарататын, тасымалдайтын қылмыстық топтарға қарсы күрес қашан да кешенді түрде жүргізіледі. Біз ол топтардың жетекшілерін, есірткі лабораториясына прекурсорлар, құрылғылар, арнайы техникалар тасымалдайтындарды да құрықтау мақсатында арнайы операциялар жүргіземіз. Мұндай лабораторияларды 1-2 адам жасай алмайды. Олар ұйымдасып отырып жұмыс істейді. Ал оларды түгел құрықтау біздің тікелей жұмысымыз. Одан бөлек, жыл басынан бері «Кибернадзор» жүйесі арқылы 2 мыңнан астам есірткі таратумен айналысқан сайттар бұғатталып жатыр. «Антифорд» жүйесі арқылы 1 512 банк шоты мен 50 млн 57 мың 74 теңге бұғатталды. Жыл басынан бері 250-ден астам граффити жазулардың көзі жойылды. Айта кету керек, биыл есірткі қылмыстарын алдын-алу жұмыстары былтырғыға қарағанда екі есеге артқан. Одан бөлек, былтыр «Қарасора» жедел-профилактикалық іс шарасы кезінде бес ай ішінде 1 мың тоннадан астам жабайы қарасораның көзі жойылса, биыл аталған іс-шара басталған екі ай ішінде 2,5 мың тонна қарасора тәркіленді. Яғни, былтырғы бес айдағы көрсеткіш биыл екі айда екі есеге орындалып тұр. Аталған шара аясында жергілікті атқарушы органдар, өзге де құқық қорғау органдарының қатысуымен күн сайын ары қарай айналымға енгізбеу мақсатында жабайы қарасораны өсіру, сақтау, тарату арналарын жоюмен белсенді түрде айналысып жатырмыз, – деді Асқар Абдуаханұлы.

Иә, есірткі бизнесімен күрес – кешенді әрекеттерді талап етеді. Бұл ретте қолданыстағы заңнамалардың да үнемі жетілдіріліп отыруы үлкен маңызға ие. Жыл басында, 10 қаңтарда Мемлекет басшысы «ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды. Аталмыш заңда есірткі құралдарын, психотропты заттарды, олардың аналогтарын, күшті әсер ететін заттарды медициналық емес тұтынғаны үшін әкімшілік жауапкершілікті енгізу көзделген. Заң нормалары бойынша 2025 жылғы 11 наурыздан бастап 440-1-бап заңды күшіне енді. Атап айтқанда, есірткі құралдарын медициналық емес түрде тұтынған жағдайда, қылмыстық жазаланатын іс әрекеттер болмаса жеке тұлғаға қырық айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады немесе он тәулік мерзімге әкімшілік қамаққа алуға әкеп соғады. Ал бір жыл ішінде қайталанған іс-әрекет жеке тұлғаға сексен айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға немесе жиырма тәулік мерзімге әкімшілік қамаққа алуға әкеп соғады.

Сонымен қатар, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жыл сайынғы Жолдауларында да есірткінің заңсыз айналымымен күрестің маңыздылығы айрықша аталып өтілетін тармақтардың бірі. Бұл күрмеулі мәселемен жалпыұлттық деңгейде күрес жүргізу қажеттілігі күн тәртібінен түспей, мемлекет есірткіге қарсы саясатты қашан да жан-жақты жүргізуге күш салып келеді.

2024 жылғы 27 желтоқсанда Президент қол қойған «Есірткі, психотроптық заттар, сол тектестер, прекурсорлар мен күшті әсер ететін заттар мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңы осы бағыттағы салмақты әрі стратегиялық құжаттардың бірі. Аталған заң 3 наурызда күшіне еніп, есірткіге қарсы заңнаманы үнемі жетілдіріп отыруға бағытталды. Жаңа заңнама негізінен үш басты бағытты қамтиды. Біріншіден, есірткі «жасырушыларға» қатысты жаза жеңілдеді. Екіншіден, есірткі бизнесін ұйымдастырушыларға жаза күшейтілді. Ал прекурсорлар мен күшті әсер ететін заттардың айналымына алғаш рет нақты қылмыстық жауапкершілік енгізілді.

Ең алдымен, кейінгі жылдары кең таралған «есірткі жасырушылар» мәселесіне тоқталайық. Бұл – әлеуметтік желілер арқылы тапсырыс қабылдап, түрлі нүктелерге есірткі заттарын жасырып, мекенжайын тапсырыс берушіге хабарлайтындар. Жаңа заң осы санаттағы азаматтар үшін Қылмыстық кодекстің 297-бабы шеңберінде жеке жаза түрлерін енгізіп отыр. Бұған дейін бұл бап барша таратушыларға бірдей қатаң жаза көздесе, енді есірткі жасырушылар үшін жаза біршама жеңілдетілді.

Мұнымен қоса, Қылмыстық кодекске жаңа 297-1 бап енгізілді. Бұл бап есірткі өндірісін ұйымдастырып, сауда жүйесін жасап, басқарып отырған ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелеріне және лауазымды тұлғаларға қолданылады. Егер бұрын бұл санаттағы қылмыскерлер 297-бап шеңберінде жауапқа тартылған болса, жаңа нормалар бойынша 5 жылдан 10 жылға дейін, 6 жылдан 12 жылға дейін, 10 жылдан 15 жылға дейін, 15 жылдан 20 жылға дейін немесе өмір бойына бас бостандығынан айырылу жазасына тартылуы мүмкін. Бұл өзгерістердің барлығы ұйымдасқан қылмыстық топтармен күшейтілген түрде күресуге бағытталған. Себебі, есірткі өндіріп, оны таратып, тасымалмен айналысатын топтардың 1-2 адам болып әрекет етпейтіні анық. Олармен күресті кешенді әрі ауқымды түрде жүргізуді мемлекет үлкен стратегиялық жоспарға айналдырып отыр.

Жаңа заң негізінде бірінші рет күшті әсер ететін заттар мен есірткі өндірісінде көп қолданылатын прекурсорлар үшін де жауапкершілік енгізілгенін атап өткен жөн. Мұндай заттарды көбінесе зертханаларды синтетикалық есірткілер әзірлеу барысында пайдаланады. Осыған дейін прекурсор тек контрабанда ретінде қарастырылған болса, енді оларды заңсыз айналымда пайдаланудың өзі қылмыс болып саналады. Заңға жасалған мұндай кешенді жаңғыртулар мемлекеттің адам тағдырына бей-жай қарамайтынын әрі есірткі өндірушілер мен таратушыларға қашан да жаза қатал екендігі мен құқықтық реформаның қуатын айғақтап отыр.

Есірткі бизнесіне қарсы кешенді күрестің тағы бір маңызды тармақтарының бірі – алдын-алуға бағытталған маңызды шаралар. Бұл тұрғыда Жамбыл облысында Мемлекет басшысы мен Президент Әкімшілігі басшылығының тапсырмаларын орындау мақсатында биыл 20 наурызда Полиция департаментінің бастамасымен есірткі қылмысының алдын алуға бағытталған өңірлік кеңесі құрылды. №343 бұйрықпен ресми бекітілген Кеңестің құрамына қоғам белсенділері, білім саласының өкілдері мен ардагер құқық қорғаушылар мүше болды. Кеңес төрағасы болып департамент бастығының бірінші орынбасары, полиция полковнигі Мақсат Қанапяев тағайындалды. Кеңес төрағасының орынбасары болып есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқарма басшысы Асқар Жұмабеков және Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінің ректоры Махметқали Сарыбеков бекітілді. Құрылым профилактикалық шараларды күшейту, қоғам мен мемлекет арасындағы өзара іс-қимылды үйлестіру, сондай-ақ жастар санасында есірткіге қарсы тұрақты иммунитет қалыптастыруды мақсат етеді.

Айта кету керек, мұндай алдын алу шаралары – күрестің маңызды бағыты. Осы тұрғыда жыл басынан бергі жеті айда оқу орындарында және жастар көп жиналатын орындарда 641 профилактикалық іс-шара ұйымдастырылған. Бұл іс-шараларға 60 мыңға жуық оқушы қатысқан. Сонымен қатар, бұқаралық ақпарат құралдарында 384 материал жарияланып, әлеуметтік желілерде 573 жазба таратылған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда бірнеше есеге көп. Жергілікті әкімдік те де бұл бағыттағы жұмыстарға айрықша қолдау көрсететінін атап өткен жөн.

Аңғарғанымыздай есірткі бизнесімен күрес тек құқық қорғау органдарының ғана емес, бұқара мен қоғамның ортақ міндеті. Тиісінше күрес барысында жүйелі заңнамалық тетік пен алдын алу шаралары қатар жүруі тиіс. Ал жастардың санасында есірткіге қарсы иммунитет қалыптастыру жұмыстары отбасынан басталғаны абзал дейді құқық қорғау саласының мамандары. Заңның үстемдігі мен қоғамдық бақылауды күшейту осы жұмыстарды жергілікті билік тарапынан нығайта түспек. Осындай жан-жақты күрес ортақ нәтижелерге жетелейтінін жүргізілген жұмыстардың нәтижесі анық көрсетіп отыр.

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here