Оқу-ағарту министрі Абай университетінің ұжымымен кездесті

0
871

Бүгін, 24 ақпанда ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсенбаев Абай университетінің ұжымымен кездесті. Абай атындағы ҚазҰПУ Басқарма төрағасы – ректор Дархан Біләлов министрді университеттің білім беру, ғылыми-зерттеу қызметімен, сондай-ақ жоғары оқу орнын одан әрі дамыту стратегиясымен таныстырды. Мектептермен байланысты нығайту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды айтып, жаңа буынмен бірлескен жобаларды жүзеге асыруға ерекше мән беріліп жатқанына тоқталды.

Министр белгілі ғалым-ұстаз отбасының қолдауымен ашылған профессор Г.А.Уманов атындағы кабинетті, одан кейін жастарды қолдауға арналған заманауи құрал-жабдықтармен және қажетті материалдармен жабдықталған Абай атындағы студенттік орталықты аралап көрді.

Ғани Бейсенбаев білім алушыларға ең батыл идеяларды іске асыруға, қызықты жобалар мен стартаптарды әзірлеуге, білім мен ғылымды дамытуға, адами әлеуетті арттыруға және жастарды қолдауға көмектесетін осындай орталықтардың маңыздылығын атап өтті.

Министр университет студенттерімен және профессор-оқытушылар құрамымен де кездесті. Білім саласындағы бірінші кезектегі міндеттер, кадрлар даярлау сапасы мен оқушыларды тәрбиелеу, қазақстандық мұғалімдердің беделін арттыру мәселелері талқыланды. Бұл шаралар жас мұғалімдерге үлкен мүмкіндіктер береді.

Кездесу барысында Ғани Бейсенбаев қазақстандық білім беру жүйесін әлемдік брендке айналдыру, педагогикалық білім беру тұжырымдамасының құндылығын арттыру, мұғалімдердің мықты базасын және мектеп директорларының кадрлық резервін құру, жас мұғалімдер қатарынан мықты кадрлар даярлау, жоғары педагогикалық этикасы бар мамандарды қалыптастыру, мемлекеттік тіл мәртебесін нығайту, мектептер мен республикалық кітапханалар үшін жағдай жасау мәселелеріне назар аударды.

Кітапханаларға жағдай жасау және оларды ғылыми-педагогикалық, әдістемелік құралдармен қамтамасыз ету, білім беру бағдарламалары мен стандарттарына тиімді инновацияларды енгізу, әдістемелік ұсынымдар, инклюзивті білім беру жүйесін дамыту, мектеп оқулықтарының авторларына қойылатын талаптар бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстарды атап өтті.

Кездесуде студенттер мен оқытушылар тарапынан сұрақтар қойылып, орта білім беру жүйесін жетілдіру бойынша өз ойларын ортаға салды.

Ғани Бейсенбаев Қазақстандағы тұңғыш жоғары оқу орнының жоғары ғылыми-білім беру әлеуетін атап өтіп, бүкіл еліміз үшін жоғары білікті кадрлар даярлап жатқан педагогтарға алғысын білдірді.

Айта кетейік, еліміздегі тұңғыш жоғары оқу орны – Абай атындағы ҚазҰПУ биыл 95 жылдығын атап өтуде.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here