ҚазҰАЗУ-да зооинженерия факультеті қайта ашылды

0
1003

Қазақ елі үшін мал шаруашылығы ежелден дәстүрлі кәсіп. «Мал өсірсең, қой өсір – табысы оның көл-көсір» дей отырып, ата кәсібін ардақ тұтқан халқымыз төрт түліктің басын барынша көбейтуді мақсат тұтқан.

Иә, мал шаруашылығы тұтас елдің кірісін қамтамасыз етіп отырған және азық-түлік қауіпсіздігінің ең басты бөлігіне айналды. Төрт түлік мінсең – көлік, кисең – киім, жесең – ет. Алайда, ел экономикасына елеулі үлес қосуға қажетті бұл сала үшін зооинженер мамандарын даярлау үрдісі соңғы жылдары кейінгі қатарға ысырылып қалғаны қынжылтады.

«Бәрімізге белгілі, оқу орнымыздың құрамындағы Алматы зооветеринарлық институты 1929 жылы екі факультеттен құрылған болатын: зоотехникалық (кейіннен зооинженерлік) және ветеринарлық. Өкінішке орай, отандық агро саласына ұзақ уақыт кадрлар даярлап келген факультет өтпелі кезеңдерде өз атауынан айырылып, «Технология және биоресурстар» факультетінің құрамына еніп кетті. Атынан да, затынан да айырылып қалды. Сол себептен, қазіргі күні мал шаруашылығы саласында жұмыс істейтін білікті зооинженер мамандардың жетіспеушілігі анық байқалуда. Жаңа уақыттың осы сұранысын ескере отырып, университет басшылығы «Технология және биоресурстар» факультет атауын «Зооинженерия және тағам өндірісінің технологиясы» деп нақтылап өзгертуге шешім қабылдады. Сонымен бірге «Мал шаруашылығы өнімдерін өндіру технологиясы» кафедрасының аты да «Зооинженерия» кафедрасы деп өзгертілді», – дейді ҚазҰАЗУ Басқарма Төрағасы-Ректор Ақылбек Күрішбаев.

Сөз жоқ, зооинженер бүгінде нағыз керек мамандық. Ол ең алдымен, мал шаруашылығы саласындағы қызметті табысты жүргізу үшін жануарларды күтіп-бағумен, өсірумен, селекциялаумен, азықтандырумен тікелей айналысатын жоғары білімді маман. Ол малды күтіп ұстаудағы бүкіл қаржылық шығындарды есептейді, дұрыс жоспарлауды іске асырады және мал шаруашылығы өнімдері мен шикізаттарын өндірудегі тәуекелдерді төмендетеді. Бір сөзбен айтқанда, биология және ветеринария саласында терең білімі бар, жан-жақты тәжірибесі мол, нарықтағы бәсекелестікке лайықты тұлға. Бұл өте күрделі әрі жауапты міндет!

Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті жаңа заман талабына сай әлемдік деңгейдегі білікті, бәсекеге қабілетті мықты кадрлар даярлаумен қатар, агросаладағы ғылыми ізденістерге қол жеткізуді – өзінің басты миссиясы деп санайды. Осы мақсатта университет ғалымдары жүргізген ғылыми инновациялық зерттеулерді өндірісте барынша тиімді, жүйелі қолдануға басымдық беріледі. Жақын арада кадрларды, оның ішінде зооинженерлерді мақсатты дайындау аясында, оқу бағдарламаларын шетелдік жетекші профессорлардың қатысуымен жаңғырту және студенттердің практикалық білімін күшейту жоспарлануда.

Қайтадан ашылған факультеттің деканы мен кафедра меңгерушісі жақында өткен университеттегі лауазымдық конкурс нәтижесінде тағайындалғанын атай кеткен жөн. Олар өз салалары бойынша біліктілігі мен білімін, ғылым мен білім берудегі жинақтаған тәжірибелерінің мол екендігін айқын көрсете білді.

Зооинженерия факультеті еліміздің агроөнеркәсіп саласындағы жаңа буын кадрлар даярлаудың алтын ұясына айналуына сәттілік тілейміз!

ҚазҰАЗУ Баспасөз қызметі

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here