Заң – қоғамның тірегі. Біз дүкеннен тауар сатып алғанда, таксиге мінгенде, жұмысқа орналасқанда немесе әлеуметтік желіде пікір қалдырғанда да белгілі бір құқықтық нормалардың аясында әрекет етеміз. Алайда, көп жағдайда адамдар өз құқықтары мен міндеттерін толық білмегендіктен, қарапайым мәселелердің өзі дау-дамайға айналып жатады.
Қоғамда әділеттілік пен тәртіптің орнығуы тек заңдардың қабылдануымен ғана емес, сол заңдарды азаматтардың қаншалықты түсініп, дұрыс қолдана алуымен де тікелей байланысты. Сондықтан, құқықтық сауаттылық – ең маңызды білімдердің бірі. Өз құқығын білетін адам алаяқтықтан сақтанады, заңсыз талаптарға қарсы тұра алады және қоғамда әділдіктің салтанат құруына үлес қосады.
Ендеше, құқықтық сауаттылықты қалай арттыруға болады? Қандай негізгі заңдарды білу керек және ақпаратты қайдан іздеген дұрыс? Бүгін «Qazaq» газеті осы мәселелерге тоқталып, құқықтық білімді күнделікті өмірде тиімді пайдаланудың жолдарын түсіндіріп көрмек.
ҚҰҚЫҚТЫҚ САУАТТЫЛЫҚ ДЕГЕН НЕ?
Құқықтық сауаттылық – бұл адамның заң нормаларын күнделікті өмірде дұрыс қолдана білуіне қажетті білім мен дағдылар. Мұндай білім адамға өз мүддесін қорғауға, сондай-ақ қолданыстағы заң талаптарына сай әрекет етуге мүмкіндік береді.
Құқықтық сауаттылық әрбір азаматқа қажет. Жасы мен әлеуметтік мәртебесіне қарамастан, әр адам заңды білуі шарт. Жалпы құқықтық мәдениеттің жоғары болуы қоғамның дамуына да тікелей әсер етеді. Мәселен, құқықтық сауаты жоғары ортада инвестиция тартуға қолайлы бизнес қалыптасады, компаниялардың бәсекеге қабілеті артады және азаматтық қоғам дами түседі.
НЕЛІКТЕН ҚҰҚЫҚТАР МЕН ЗАҢДАРДЫ БІЛУ МАҢЫЗДЫ?
Біріншіден, құқықтық білім негізгі заң ұғымдарын түсінуге көмектеседі. Кез келген адам күнделікті өмірде түрлі құқықтық терминдермен бетпе-бет келеді. Мысалы, еңбек шартына қол қою немесе жалпыға бірдей декларация тапсыру кезінде заңдағы ұғымдарды түсіну аса маңызды.
Екіншіден, заңды білу әр адамның өз құқығы мен бостандығын қорғауға мүмкіндік береді. Мәселен, еңбек заңнамасында қызметкердің жұмыс тәртібін бұзғаны үшін айыппұл салуға тыйым салынғанын білген адам, жұмыс берушінің заңсыз әрекетіне жол бермей, өз қаражатын сақтап қала алады.
Үшіншіден, құқықтық сауаттылық қоғамда заң бұзушылыққа жол бермеу мәдениетін қалыптастырады. Кейбір құқық бұзушылықтар адамдар үнсіз қалғандықтан жалғасып жатады. Ал, өз құқығын жақсы түсінетін азамат өз мүддесін ғана емес, өзге адамдардың да құқықтары мен заңды мүдделерін құрметтеудің маңызын ұғынады.
Төртіншіден, заңдарды білу қоғам мен мемлекет өміріне белсенді араласуға жол ашады. Өз құқықтарын және мемлекеттің міндеттерін білетін азаматтар қоғамдық маңызы бар шешімдер қабылдау процесіне саналы түрде қатысады.
Бесіншіден, құқықтық білім түрлі заңдық тәуекелдердің алдын алуға көмектеседі. Заңның қалай жұмыс істейтінін түсінетін адам қол қоятын келісімшарттың шарттарын мұқият оқиды. Мысалы, концертке билет сатып аларда ұсыныс (оферта) шарттарымен танысып, кейін билетті қайтарған жағдайда оның белгілі бір пайызы ұсталып қалатынын алдын ала біліп алады.
Алтыншыдан, құқықтық сауаттылық заңгерлік қызметке кететін шығынды азайтады. Көп жағдайда адамдар құқық негіздерін білмегендіктен бірден заңгерге немесе сотқа жүгінеді. Ал, кейбір жағдайларда қарапайым құқықтық әрекеттерді өз бетінше жасауға болады: мысалы, сотқа дейінгі талап арыз жазу немесе қарызға ақша бергенде қолхат рәсімдеу.
ӘР АЗАМАТ БІЛУГЕ ТИІС ҚҰҚЫҚТЫҚ НЕГІЗДЕР
Әрбір азаматқа құқықтар мен заңдар туралы білу аса маңызды.
- Қазақстан Республикасының Конституциясы
Бұл – елдің негізгі заңы, мемлекет құрылымының негізін анықтайтын құжат және әрбір азаматтың құқықтары мен бостандықтарын айқындайды. Конституция нормаларын білу арқылы адам мемлекет қалай ұйымдастырылғанын, мемлекеттік органдар қандай принциптерге сүйенетінін және Қазақстанның әрбір тұрғынына қандай кепілдендірілген құқықтар мен бостандықтар берілгенін түсіне алады.
- Азаматтық заңнама
Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексі – күнделікті өмірдегі құқықтық қатынастардың негізін құрайтын заң. Ол мүлік құқығын, жеке мүліктік емес құқықтарды қорғауды, мәмілелер жасау тәртібін және авторлық құқықты реттейді. Жалға алу, тауар сатып алу немесе қызмет көрсету сияқты қарапайым әрекеттердің бәрі осы заң арқылы реттеледі. Осыны түсіну әр азаматқа өз құқықтарын қорғауға және заң шеңберінде әрекет етуге мүмкіндік береді.
- Еңбек құқығы
Қазақстан Республикасының Еңбек кодексі еңбек шартын жасау, өзгерту және тоқтату тәртібін реттейді. Сондай-ақ, ол қызметкер мен жұмыс берушінің құқықтары мен міндеттерін айқындап, тәртіптік жазалардың түрлерін белгілейді. Бұл заңда әрбір жұмыс істейтін адам немесе басқаларды жалдайтын азамат білуге тиіс негізгі құқықтық білімдер жинақталған.
- Әкімшілік құқық
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекс азаматтардың мемлекеттік органдармен өзара әрекетін реттейді және қоғамдық тәртіп нормаларын белгілейді. Мысалы, көршілердің түнгі тыныштықты бұзуына қатысты шағымдану тәртібі осы заңда қарастырылған.
- Сот жұмысының негіздері
Азаматтық іс жүргізу құқығының негіздерін білу – сотқа арызды қалай тапсыру, дәлелдерді қалай жинап ұсыну керегін түсіну – сотпен байланысты жағдайларға тап болатын әр азаматқа өте маңызды.
- Тұтынушылардың құқықтары
Әрбір адамның күнделікті өмірінде кездесетін маңызды заң саласы. Қазақстан Республикасының «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» заңын білу арқылы азаматтар әртүрлі жағдайларда мысалы: дүкенде сапасыз тауар үшін ақшаны қайтарудан бас тартса немесе ойын‑сауық мекемесі депозит талап етсе, өз құқығын қорғай алады.
ҚАЗАҚСТАНДА ҚҰҚЫҚТЫҚ САУАТТЫЛЫҚ ҚАЙ ДЕҢГЕЙДЕ?
Көптеген заң ресми, кеңсе тілінде жазылғандықтан, заң мәтіндері түсініксіз әрі күрделі болып көрінеді. Мұндай стиль заңдарды әртүрлі түсіндіруге жол бермес үшін қолданылса да қарапайым адамға оны түсіну қиынға соғады.
Қазақстандық заңнаманы қарапайым тілмен түсіндіретін БАҚ, Telegram-арналар бар. Төменде тізімі көрсетілген:
Masa Media – құқық, саясат және заң тақырыптарын түсіндіретін медиа;
«Параграф» АЖ – заңдардың өзекті нұсқалары мен заңгерлердің түсіндірмелері бар құқықтық база;
«Правмедиа» – бұл «заңгерден сұра» айдарында сұрақ қойып, елдің жетекші жоғары оқу орындарының заңгерлерінен жауап алуға болатын сайт. Сонымен қатар, онда басқа пайдаланушылар қойған сауалдардың мұрағатын да табуға болады.
Қазақстанда азаматтардың құқықтық мәдениетін көтеру мақсатында 2030 жылға дейінгі құқықтық саясат тұжырымдамасын іске асыру жоспары қабылданған. Оның аясында бірнеше бағытта жұмыс жүргізіледі: мектеп оқушылары мен студенттер арасында құқықтық мәдениеттің негіздерін қалыптастыруға бағытталған жүйелі әрі өзара үйлестірілген жұмыстар жүргізу; заң пәндерін оқытатын жоғары оқу орындарына лицензия беру талаптарын күшейту; қабылданатын заңдардың негізгі ережелері туралы халықты құқықтық насихаттың түрлі тәсілдерін пайдалана отырып кеңінен ақпараттандыру; заңгерлік қызметпен айналысуға рұқсат беру кезінде кәсіби білім мен дағдылар деңгейін тексеру.
Бұдан бөлек, Әділет министрлігі «Халық адвокаты», «Қоғамдық қабылдау», «Құқықтық керуен» сияқты акцияларды тұрақты түрде өткізеді. Бұл шаралар азаматтарға тегін заң көмегін алуға мүмкіндік береді.
ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН
Құқықтық сауаттылық – тек заңгерлерге ғана қажет білім емес. Заңдарды білу – әрбір азаматқа өз құқығын қорғауға, әділетсіздікке қарсы тұруға және қоғам өміріне белсенді қатысуға мүмкіндік береді. Себебі, заң үстемдік құрған қоғамда ғана әділдік орнап, азаматтардың құқықтары сенімді қорғалады. Ал, құқықтық сауатты қоғам – тұрақты әрі болашағы берік мемлекеттің кепілі.
Жансая ШЫҢҒЫСХАН






