Әскери-теңіз күштерінің тактикалық-арнайы оқу-жаттығуы шеңберінде әскери қызметшілер апатқа ұшыраған кемені іздеуді ұйымдастыру және оған көмек көрсету бойынша іс-шаралар өткізді.
Оқу-жаттығуға Әскери-теңіз және Әскери-әуе күштерінің, Төтенше жағдайлар министрлігінің, сондай-ақ ҰҚК Шекара қызметінің жедел топтары қатысты.
– Оқу-жаттығуда апатты объектіні іздестіру және құтқару бойынша бірлескен іс-шаралар өткізу, апатқа ұшыраған кемеге көмек көрсету кезінде жеке құрамның іс-әрекетін пысықтау міндеті қойылды. Біз оны сәтті орындап шықтық, – деп атап өтті Әскери-теңіз базасының командирі екінші дәрежелі капитан Бауыржан Мұратұлы.
Шартты тапсырмаға сәйкес «Жайық» кемесінің электр-механикалық жауынгерлік бөлімінде өрт басталып, бас қозғалтқыш істен шыққан.
Жедел топтардың үйлесімді іс-қимылының нәтижесінде апатқа ұшыраған кеменің координаттары белгіленіп, өрт дер кезінде сөндірілді. Апаттың салдарын жою бойынша іс-шаралар жүргізіліп, кеме жақын маңдағы портқа жеткізіледі.
Үш күнге созылған оқу-жаттығуға жүзге жуық әскери қызметші, екі зымыранды-артиллериялық кеме, «Жайық» гидрографиялық кемесі, арнайы жаңартылған «Сергек» қайығы, сондай-ақ армиялық авиацияның екі тікұшағы қатысты.
Жаттығу сәтті аяқталғаннан кейін барлық қатысушылар тұрақты орналасу пункттеріне жетті.