Абай университетінде ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің 2023-2025 жылдарға арналған бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру бойынша екі ірі ғылыми жоба жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, бірінші жоба «Жоғары оқу орнының «online community» кеңістігінде оқытушылар мен студенттердің желілік коммуникативтік мәдениеті мен цифрлық этикетін қалыптастыру жүйесін кастомизациалау», екінші жоба «Постқалыпты уақыттағы рухани-мәдени, саяси, әлеуметтік құбылыстар ретіндегі исламның ықпалы мен келешектері: Таяу Шығыс пен Орталық Азия елдерінің тәжірибесі» деп аталады.
Бірінші жоба: «Жоғары оқу орнының «online community» кеңістігінде оқытушылар мен студенттердің желілік коммуникативтік мәдениеті мен цифрлық этикетін қалыптастыру жүйесін кастомизациалау». Оған 297 млн теңгеден астам қаржы бөлінген. Жобаның ғылыми жетекшісі – п.ғ.д., профессор Улжаркын Абдигапбарова. Жоба аясында Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің нормативтік-құқықтық базасына Цифрлық әдеп кодексін енгізу; «online community» кеңістігінде оқытушылар мен студенттердің желілік коммуникативтік мәдениетін және цифрлық этикетін қалыптастырудың Жол картасын әзірлеу; бірегей білім беру бағдарламаларын, жаппай ашық онлайн-курстарды, бейне кітапханалар, практикумдар, психологиялық тренингтердің әдістемелік сценарийлерін; online-community «CyberEdNetworks» цифрлық платформасын және педагогтардың біліктілігін арттыру курсын әзірлеу жоспарланған.
Екінші жоба: «Постқалыпты уақыттағы рухани-мәдени, саяси, әлеуметтік құбылыстар ретіндегі исламның ықпалы мен келешектері: Таяу Шығыс пен Орталық Азия елдерінің тәжірибесі». Оған 442 млн теңгеден астам қаржы бөлінген. Жоба жетекшісі – PhD Елена Музыкина. Жоба аясында ислам факторының әлеуметтік-саяси үрдістерге, ұлттық және өңірлік қауіпсіздікке ықпалының теориялық және тұжырымдамалық негіздерін әзірлеу; тәуелсіз Қазақстанда дін дамуының негізгі ерекшеліктерін анықтау; мемлекеттің постқалыпты уақыттағы діни саясатты жетілдірудің саяси-құқықтық тетіктерін айқындау және Қазақстандағы діни ахуалға талдау жасау; қазіргі Қазақстанда исламды дамытудың негізгі тәсілдері мен жолдарын ашу жоспарланған.
Жобалардың нәтижелері әлеуметтік-гуманитарлық ғылымның міндеттерін шешуге бағытталған: цифрлық білім беруді кеңейту, цифрлық мәдениетті қалыптастыру, рухани және мәдени, ұлттық қауіпсіздік мәселелерін сараптау, исламның тарихи қалыптасқан рухани-мәдени құбылыс ретіндегі рөлі мен маңызын ашу. Ғылыми нәтижелер қазақстандық исламтану мен дінтану, педагогикалық және мәдени-білім беру ғылыми саласының одан әрі дамуына үлес қосады.
Абай университеті озық ғылыми зерттеулерді табысты жүргізіп, еліміздің білім мен ғылым саласының дамуына белсенді ықпал етуде.