2025 жылдың 18 маусымында Алматы қаласындағы Астана алаңында «Жастар Рухы» ЖҚ бастамасымен салауатты өмір салтын дәріптейтін «Чемпиондық Рух» жобасы аясында кең ауқымды таңғы жаттығу ұйымдастырылды. Шараның басты мақсаты – жастар мен қала тұрғындарын спортқа баулу, белсенді өмір сүруді насихаттау және таңғы жаттығу мәдениетін қалыптастыру.
Іс-шара таңғы сағат 08:00-де басталып, қала тұрғындары мен ұйым жастары, сондай-ақ Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының қайта даярлау курсынан өтіп жатқан мемлекеттік қызметшілерді бір алаңға жинады. Бұл – кәсіби даму мен денсаулықты ұштастырған үлгі ретінде ерекше назарға ілікті.
«Чемпиондық рух» жобасы – бұл тек жаттығу ғана емес, ол – жеңіске жетуге деген ұмтылыстың, ішкі тәртіп пен рухтың символы. Осы жобаны Алматы ұаласынан бастау алып, еліміздің барлық облыстарында бастау алып жатыр. Жобаны қолдау мақсатында шараға еліміздің танымал спортшылары шақырылып, қатысушылармен өз тәжірибесімен және мотивациялық ойларымен бөлісті. Олар жастарға өз армандарынан бас тартпау, мақсат қою мен тәртіптің маңыздылығы туралы айтып, спорттың өмірлік дағды ретінде орнығуына ықпал етеді.
«Чемпиондық Рух» жобасының қонағы, кәсіби боксшы, ширек орта салмақтағы танымал спортшы – Қанат Ислам:
«Мен рингте көп қарсыласпен бетпе-бет келдім, бірақ ең үлкен қарсылас — өзіміздің еріншектігіміз бен қорқынышымыз. Таңғы жаттығу арқылы біз өзімізді жеңеміз. Осындай жобалар жас ұрпаққа үлкен серпін береді. Егер әр таңды қозғалыспен бастасаң — сенің күнің ғана емес, бүкіл болашағың жеңіске бастайды. Бүгін мен осы алаңда жастармен бірге болу арқылы оларды жігерлендіре алдым деп сенемін».
Шара аясындағы негізгі мақсаттар:
- Салауатты өмір салтын насихаттау;
- Таңғы жаттығу мәдениетін кеңінен тарату;
- Мемлекеттік қызметкерлердің белсенді өмір салтын үлгі етуі;
- Жастарды тәртіпке, спортқа және рухани шыңдалуға үндеу.
«Чемпиондық Рух» жобасының амбассадоры – Орынбасаров Нұрсұлтан Жұмабайұлының сөзі:
«Чемпион болу үшін тек рингте жеңу аз. Чемпиондық – бұл күнделікті тәртіп, таңды ерте тұрып, өз-өзіңмен күресу, рухани төзімділік. Біз осы жобамен жастарға бір нәрсені айтқымыз келеді: жеңіс әр адамның ішінде, оны ояту – өз қолыңда. Таңғы жаттығу – күннің емес, болашақтың жеңісі. Бұл бастама арқылы жастардың жүрегіне сенім ұялату – мен үшін үлкен мәртебе.»
Іс-шара көңілді әуенмен, спорттық жаттығулармен, қатысушыларға арналған белсенді ойындармен және чемпиондардың шабытты әңгімелерімен әрленді. Ашық аспан астында өткен бұл іс-шара — жаңа күнді шабытпен бастаудың тамаша үлгісі болды.
Алматы қаласы ЖҚ «Жастар Рухы» төрағасы – Ділдәбек Дидарбек Жұмағалиұлының сөзі:
«Чемпиондық Рух» – бұл жай ғана спорттық бастама емес, бұл – жастардың ой-санасын оятуға, күнін белсенділікпен бастауға, тәртіп пен табандылыққа баулуға бағытталған жоба. Алматы қаласының жастары мен мемлекеттік қызметшілерінің бір алаңда жиналуы – біздің қоғамда салауатты өмір салтының шын мәнінде құндылыққа айналып келе жатқанын көрсетеді. «Жастар Рухы» алдағы уақытта да жастардың физикалық және рухани дамуына бағытталған осындай форматтағы жобаларды тұрақты түрде ұйымдастыруға ниетті.»