Қорғаныс және Оқу-ағарту министрліктері күш біріктіреді

0
333

ҚР Қорғаныс министрі генерал-полковник Руслан Жақсылықов пен ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев жұмыс кездесуін өткізді. Тараптар өскелең ұрпақты әскери-патриоттық тәрбиелеу және балалар мен оқушылардың бос уақытын мағыналы ұйымдастыру саласындағы ынтымақтастық перспективаларын талқылады. Олар бұдан бөлек Қапшағай су қоймасының жағасында орналасқан «Алтын емел» кешенін осындай мақсатқа пайдалану жөніндегі ведомстволар арасындағы шартты ұзарту жайын қозғады. 

Қорғаныс ведомствосының басшысы бүгінгі таңда «Алтын емел» аумағында оқу-сауықтыру орталығы толық жұмыс істемейтінін атап өтті. Ол Қонаев қаласындағы «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығы филиалының нысандарын жөндеуге, спорт алаңдары мен тағы бір асхана салуға көмек көрсетуді ұсынды. 

Министрлер «Балдәурен» РОСО-ның төрт филиалында әскери қызметшілер мен Қарулы күштер қызметкерлерінің балаларына демалу, сондай-ақ ерекше білім беруді қажет ететін балаларды оңалтуға квоталар бөлу мүмкіндігін де талқылады.

– Жас сарбаз қозғалысы біздің қолдауымыздың арқасында дамып, жұмыс істеп келеді. Әр гарнизондағы бұл балалар осы оқу-сауықтыру орталықтарына өз қатарластарын білуге, демалуға, оқу алдында күш-қуат жинап, тынығуға келе алады, – деді генерал-полковник Руслан Жақсылықов. – Бұл мемлекеттің нақты қолдауы болмақ және біз өз тарапымыздан қызметтің өзге де бағыттары бойынша көмектесуге дайынбыз.

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев өз кезегінде «Балдәурен» РОСО барлық филиалдарында әскери қызметшілердің балаларын сауықтыруға арналған квота туралы ұсынысты қолдады. Сөз барысында ол әскери бөлімдердің есіктері балалардың алдында жиі ашыла бастағанын атап өтті.

– Біз қазір әскери бөлімдерде ашық есік күндерінің жүйелі түрде өткізіліп жатқанын байқап отырмыз. Мектеп бітіруші сынып оқушыларын әскери-патриоттық тәрбие саласына белсенді тарту, оларды армияның күнделікті өмірімен таныстыру қажет, – деп атап өтті ол. 

Министр Ғани Бейсембаев балалармен және жасөспірімдермен жұмыс істеуге алғашқы әскери дайындығын ұйымдастырушы оқытушылар ретінде әскери зейнеткерлердің қатысуына қолдау білдірді. 

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар тиісті меморандум жасасу және балалар мен оқушыларға әскери-патриоттық тәрбие беру бойынша бірлескен жұмыс жоспарын жасау жөнінде жұмыс жүргізуге шешім қабылдады. Екі министрліктің ынтымақтастығы ашық есік күндерін өткізуді, «Балдәурен» РОСО филиалдарында үйірмелер, спорт секцияларын ашуды және сыныптарды тақырыптық безендіруді көздейді.

Бұл бағытта жұмыс әрі қарай жалғасатынын айта кеткен жөн.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here