Дзюдодан 19-24 мамырда Біріккен Араб Әмірлігінің Абу-Даби қаласында өтетін Әлем чемпионатына қатысатын Қазақстан ерлер мен әйелдер құрамасы белгілі болды.
Ерлер құрамасы Әлемдік додаға толық құрамда қатысады. Жаһандық жарыста Нұрқанат Серікбаев, Елдос Сметов (60 келі), Ғұсман Қырғызбаев, Жанарыс Рахметқали (66 келі), Данияр Шамшаев, Бақытжан Әбдірахманов (73 келі), Абылайхан Жұбаназар (81 келі), Нұрлыхан Шархан (100 келі), Ерасыл Қажыбаев (100 келіден жоғары) ел намысын қорғайды. Аралас командалық жарыста Дархан Қойбағар (73 келі) мен Айдар Арапов (90 келі) бақ сынайды.
Ерлер құрамасының бас бапкері Нұрбол Сүлейменовтің айтуынша, үш салмақта қазақстандық екі балуаннан қатысады. Сондықтан 90 келіге дейінгі салмақтағы спортшылар тек аралас командалық жарысқа қатысады.
Қазақстандық әйелдер Әлемдік додада еліміздің атынан алты салмақта жеті балуан бақ сынайды. Олардың қатарында Абиба Әбужақынова мен Ғалия Тынбаева (48 келі), Бақыт Құсақбаева (57 келі), Эсмигуль Куюлова (63 келі), Екатерина Токарева (70 келі), Аруна Жангелдина (78 келі), Камила Берліқаш (78 келіден жоғары) татами төрінде тартысқа түседі.
Бір атап өтерлігі, Әлем чемпионатына қатысу үшін дзюдошылар Олимпиадалық рейтингте алғашқы жүздіктің ішінде болуы тиіс.
Айта кетейік, Астанада Qazaqstan Barysy Grand Slam турнирі мәресіне жетті. Елордада өткен турнирде қазақстандық балуандар төрт медаль олжалады. Жарыс барысында Ғалия Тынбаева алтын алса, Елдос Сметов (60 келі), Бақытжан Абдурахманов (73 келі) және Абылайхан Жұбаназар (81 келі) қола жүлдегер атанды.