22-25 қазан аралығында Қазақстанның Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев бастаған қазақстандық делегацияның Корея Республикасына ресми сапары өтті. Қазақстан Энергетика министрлігінің басшысы Кореяның ірі энергетикалық компанияларының өкілдерімен және мемлекеттік органдармен бірқатар кездесулер өткізді.
Корея Республикасының Сауда, өнеркәсіп және энергетика министрі Ан Док Кынмен кездесуде атом саласындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды. Кездесу барысында Корей тарапы АЭС салу мәселесі бойынша референдумның сәтті өтуімен құттықтап, Қазақстанда АЭС салу бойынша корей компанияларымен консультациялар өткізуге қолдау көрсетуге дайын екендігін білдірді.
Сонымен қатар, сауда, өнеркәсіп және энергетика министрімен энергетика саласындағы, оның ішінде мұнай-газ саласындағы әріптестік қатынастарды және жаңартылатын энергия көздері саласындағы жобаларды кеңейту мүмкіндігі талқыланды.
Сондай-ақ, Энергетика министрі «Doosan Enterbility», «Korea Hydro&Nuclear Power» (KHNP), «Korea Electric Power Corporation» (KEPCO), «Korea National Oil Corporation» (KNOC), «Samsung C&T» сияқты ірі корей компанияларының өкілдерімен келіссөздер жүргізді.
Алмасадам Сәтқалиев корей компанияларының өкілдерімен олардың қазіргі уақытта Қазақстанда АЭС салу жобасын іске асырудың ықтимал үлгілерінің бірі ретінде зерттеліп жатқан халықаралық консорциумға қатысуы туралы әңгімелесті. Алмасадам Майданұлы бұл мәселе бойынша түпкілікті шешім 2025 жылы қабылданатынын атап өтті.
«Doosan Enterbility» компаниясының өкілдерімен келіссөздер қорытындысы бойынша Энергетика министрлігі мен «Doosan Enterbility» арасында өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қойылды. Құжат аясында тараптар жергілікті персоналды даярлай отырып, корей компаниясының энергетикалық жабдықтарын өндіру, сондай-ақ Астана қаласында зауыт өкілдігін ашу мүмкіндігін зерттейді.
Анықтама: Қазіргі уақытта Қазақстанның «Doosan Enterbility» компаниясымен ынтымақтастығы Түркістан облысында қуаты 1000 МВт ПМУ базасында электр станциясын салу жобасы шеңберінде жүзеге асырылуда. Сондай-ақ, «Doosan Enterbility» KEPCO KPS-пен бірлесіп, шығарындыларды азайту және станцияларды пайдалану мерзімдерін ұзарту бөлігінде Қазақстанның энергокешенін техникалық тексеруді жүзеге асырады.