Ғылым декадасы: Жетісу университетіндегі Марке политехникалық университеті филиалында ашық есік күні өтті

0
661

І. Жансүгіров атындағы Жетісу университеті базасындағы  Марке политехникалық университетінің филиалында Ғылым декадасы аясында ашық есік күні өтті. Шараға  Жетісу облысы білім басқармасының өкілдері,  Назарбаев зияткерлік мектебінің,  №20 және М. Арын атындағы №24 мамандандырылған лицейінің оқушылары қатысты.

Ғылым декадасының ашылуында  Басқарма Төрағасы – Ректор Ермек Бөрібаев сөз сөйлеп, апталық аясында атқарылатын шаралардың маңызына тоқталды.

«Ғылым декадасы – бұл жаңа мүмкіндіктердің бастауы. Бұл – білім мен ғылымның тоғысқан, жаңа идеялар мен тың бастамалардың өмірге келетін алаңы. Ғылым апталығы аясында өтетін кездесулер, конференциялар, байқаулар мен семинарлар сіздердің ғылыми әлеуеттеріңізді арттырып, жаңа жетістіктерге жетелейді деп сенемін», – деді ректор.

Марке политехникалық университеті Ауыл шаруашылығы, тағам және экологиялық ғылымдар департаментінің директоры Давиде Нери бейнеқұттықтау жолдады. Шара барысында «Италияда білім алу: тәжірибе, мүмкіндік, болашақ» тақырыбында ашық диалог алаңы өтті. Онда Марке политехникалық университетінің агрономия мамандығының оқытушысы Марко Фиорентини  «Дәлме-дәл егіншілік және агрономиялық шешімдерді қолдау мен егістік жұмыстарын жүргізуге арналған жасанды интеллект», Халықаралық ынтымақтастық орталығының сарапшысы Ильяр Абдухаиров  «Италияда Erasmus+ академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында оқу»,  Жетісу университетінің агрономия мамандығының 3-курс студенті Малика Арынова «Агрономия мамандығын оқудағы менің жолым»,  Екі шет тілі мамандығының 3-курс студенті Назым Нурсейтова – «Академиялық ұтқырлық аясында шетелде білім алу: менің Малайзия еліндегі тәжірибем» тақырыбында ашық диалог жүргізіп,  өз тәжірибелерін ортаға салды.

Ашық есік күніне келген қонақтар мен мектеп оқушылары «Jas galym» және «Zhetysu startup» жобаларының көрмесін тамашалады. Сондай-ақ, Speed Breeding пен Академиялық артықшылық орталығын аралап, Марке политехникалық университеті филиалының базасымен жақынырақ танысты.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here