Өткен жылға өкпе жоқ, жаңа жылдан үміт көп

0
130

Жаңа жыл қарсаңында өткен жылды қорытындылап, келер жылға жоспар құратын жақсы дәстүр бар. Өткен жыл еліміз үшін жаңалықтарға толы болды. 2025 жылдың ізгіліктерін ықыласпен еске ала отырып, жаңа жылдан да жақсылық күтеміз.

Яғни, біз өткенге салауат айтып, бола­шаққа үмітпен қараймыз. Біз үшін 2025 жыл ерекше оқи­ғалармен есте қалды. Өткен жылға өкпе жоқ. Бір сөзбен айтқанда, 2025 жыл – Тəуелсіз Қазақстанның жаңа бір дəуірге қадам тастаған құтты жылы, тарихи оқиғаға толы өзгерістерімен тарих қойнауына кіріп отыр. 2025 жыл Қазақстан үшін белсенді трансформация, саяси тұрақтылық және экономикалық өрлеу кезеңі ретінде айқындалды. 2025 жыл Қазақстан үшін цифрландыру, индустрияландыру және экономикалық жаңғыру кезеңі болды.

Ел дамуының қарқыны цифрландыру үдерістерінің жеделдеуімен, жасанды интеллектті енгізумен, индустрияландыру бағытындағы ірі жобалардың басталуымен, соның ішінде «Балқаш» атом электр станциясының құрылысы арқылы көрініс тапты. Сонымен қатар, білім саласындағы жүйелі реформалар, атап айтқанда «Жұмысшы мамандықтар жылының» жариялануы, көпқырлы дипломатияның күшеюі және экономиканың шикізаттық емес бағытына бет бұру ел дамуының негізгі тіректеріне айналды. Сондай-ақ 2025  жыл ішінде өндіріс, инвестиция, құрылыс және қызмет көрсету салаларында айтарлықтай белсенділік байқалған.

Қазақстанның алтын-валюта қоры 62 миллиард доллардан асты. Елге ауқымды инвестиция тартылып, бірқатар ірі жобалар жүзеге асырылды. «Достық – Мойынты» теміржолының екінші желісі іске қосылды. Бұл – Тәуелсіздік кезеңіндегі ең ірі теміржол құрылысы. Сондай-ақ он үш мың шақырым автокөлік жолы салынып, жөнделіп жатыр. Соның арқасында Қазақстанның транзиттік әлеуеті арта түсті.

2025 жылы Қазақстан технологиялық жаңғыруға, сыртқы саяси басымдықтарды бекітуге, басқару мен білім беру жүйесін жетілдіру арқылы халықтың өмір сүру сапасын арттыруға ұмтылды. Бұл өзгерістер ішкі жалпы өнімнің 6,4 пайызға өсуінен, инвестициялық белсенділіктің артуынан және экономиканың құрылымдық жаңаруынан анық байқалды. Экономикалық салада 2025 жыл диверсификация үдерістерінің күшеюімен ерекшеленді. Шикізаттық емес сектордың экономикадағы үлесі 60 пайызға жетіп, өңдеуші өнеркәсіп пен жасанды интеллект бағыттары қарқынды дами бастады.

«Жасанды интеллект туралы» Қазақстан Республикасының заңының қабылдануы елдің технологиялық егемендігін нығайтуға бағытталған маңызды қадам болды. Сонымен бірге, өңдеуші өнеркәсіпке, әсіресе шетелдік компаниялар тарапынан инвестиция көлемі артты. Атом энергетикасы саласында «Балқаш» АЭС құрылысының басталуы, жасыл технологиялар мен баламалы энергия көздерін дамытуға басымдық берілуі энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге жол ашты. Бизнес-климатты жақсарту бағытында кәсіпкерлерге қатысты тексерістер қысқарып, eGov Business платформасы іске қосылды.

Әлеуметтік салада 2025 жыл «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін жаңғыртумен есте қалды. Жоғары оқу орындарының бизнес құрылымдармен байланысы күшейіп, Қазақстанда 40-қа жуық шетелдік бәсекеге қабілетті университеттердің филиалдары ашылды. Бұл қадамдар еңбек нарығын білікті кадрлармен қамтамасыз етуге және жастардың практикалық дағдыларын арттыруға бағытталды. Инфрақұрылым саласында «Келешек мектептері» мен «Жайлы мектептердің» ашылуы, ауылдық жерлерде фельдшерлік тірек пункттерінің кеңеюі білім мен медициналық қызметтердің қолжетімділігін арттырды.

2025 жылы Қазақстанның халықаралық деңгейдегі белсенділігі айтарлықтай күшейді. Қытай, АҚШ және Түркияға жасалған маңызды іссапарлар сыртқы саяси байланыстарды нығайтуға ықпал етті. Шанхай ынтымақтастық ұйымы саммитінде Тяньцзинь декларациясының қабылдануы, БҰҰ Бас Ассамблеясының 80 жылдығы аясында ұйымды реформалау жөніндегі ұсыныстардың енгізілуі Қазақстанның жаһандық процестердегі рөлін арттырды. Сонымен қатар, VIII Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезінде Астана бейбітшілік декларациясының қабылдануы еліміздің диалог пен бейбітшілікті қолдайтын мемлекет ретіндегі беделін бекітті.

Біз әр жетістікке жұртымыздың ерен еңбегінің арқасында жеттік. Азаматтарымыз білім, ғылым, мәдениет салаларында биік белестерді бағындырды. Олар халқымызды рухы асқақ, зияткер ұлт ретінде танытуға зор үлес қосты. Оқушыларымыз халықаралық білім сайыстарында топ жарды. Спортшыларымыз әлемдік додаларда үздік шықты, Көк туымызды желбіретті.

Осылайша, ХХІ ғасырдың бірінші ширегін абыроймен аяқтадық. Экономикалық және әлеуметтік көрсеткіштер бойынша Қазақстан осы саяси-географиялық кеңістікте көш бастады.

Ал  2026 жылдан да күтер үмітіміз көп, мақсатымыз да аз емес. Біз сая­си жаңару дəуірін бастадық. Құдайға тəубе, оның алғашқы қа­дамы сəтті басталды деп толық сеніммен айта аламыз. Енді Президент Жолдауында алға қойылған жоспарлар мен талап-міндеттер жəне Ұлттық құрылтай кеңесі ұсынған ұсыныстар  толық жүзеге асады деп сенеміз. Себебі қазір билік те, зиялы қауым да сөзден іске, жалпылықтан гөрі нақтылыққа көше бастады. Жұрт та соны талап етіп отыр.

Ал 2050 жылы дамыған елдердің қатарына ену үшін, еліміз жыл сайын 8-10 пайыз экономикалық даму көрсеткіштерін көрсетуі тиіс екендігі әрбір халықаралық экономика маманына белгілі. Сол себепті әрбір көрсеткіш бойынша есеп алар кез жетті деп ойлаймыз. Жалпы, 2026 жылдың есеп берер жыл болуын күтеміз. Біздің экономикамыз, ұлттық валютамыз, сыртқы саудамыз да осы күнге дейін шикізаттық тауарларға, яғни мұнай-газға, мысқа, уранға, астық экспортына тәуелді болып келді. Келер жылы сапалы экспортқа қол жеткізсек деген де ой бар. Жаңа жылда еліміздің өңірлік өндірістерін өзара интеграциялап бәсекеге қабілетті тауар өндірісін қалыптастыра алуымызды күтеміз.

Алдағы 2026 жылы Қазақстанда жаңа Салық кодексінің енгізілуімен байланысты ауқымды салық реформасы күтілуде. Бұл реформа арнайы салық режимдерін үйлестіруді, қаржылық аударымдарға бақылауды күшейтуді, әкімшілендірудің сервистік моделіне көшуді және кіші мен орта бизнесті тексеруді шектеуді көздейді. Азаматтар үшін зейнетақы мен әлеуметтік жәрдемақылардың 10 пайызға өсуі жоспарланып отыр, сондай-ақ өзін-өзі жұмыспен қамтыған тұлғаларға салықтық жеңілдіктер қарастырылған.

Әлеуметтік салада бірыңғай төлем жүйесі аясында міндетті әлеуметтік аударымдарды төмендету, ал жұмыс берушілер тарапынан міндетті зейнетақы жарналарын арттыру көзделуде. Цифрландыру бағыты бойынша әлеуметтік жеңілдіктерді мақсатты әрі ашық ету үшін цифрлық теңгені қолдану жоспарланып отыр. Экономикалық даму мен инвестиция тарту тұрғысынан бизнесті қолдауға қосымша фискалдық ресурстар бағытталып, шикізаттық емес өнім экспорттаушылар ынталандырылады

2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстан Республикасы Еуразиялық экономикалық одақ органдарына төрағалық етеді. Сыртқы саясатта Қазақстан 2026 жылы инвестиция тарту арқылы әлемдік экономикаға интеграцияны тереңдетуді, транзиттік әлеуетті дамытуды және «Астана» халықаралық қаржы орталығы арқылы ұзақ мерзімді капитал тартуды мақсат етеді. Ел шетелдік инвестиция көлемін ұлғайту, тасымал әлеуетін күшейту және стратегиялық әріптестік арқылы аймақтық экономикалық интеграцияны, соның ішінде Еуразиялық экономикалық одақ шеңберіндегі ынтымақтастықты нығайтуға ұмтылады.

Экономиканы құрылымдық жаңарту жалғасып, ғылым мен білімге салынатын инвестициялар арқылы ішкі тұрақтылықты сақтау және халықаралық аренадағы позицияларды бекіту көзделіп отыр. 2026 жылы Бішкекте өтетін Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммитіне қатысу арқылы Қазақстан 2035 жылға дейінгі Даму стратегиясын іске асыруға өз үлесін қосуды жоспарлайды. Экономикалық дипломатияға басымдық беріліп, стратегиялық инвестициялар арқылы ішкі және сыртқы тұрақтылықты арттыру бағытындағы саясат жүйелі түрде жалғасын табады.

Жаңа жылда еліміздің  энергетикалық әлеуеті нығайып, агроөнеркәсіп кешені, су шаруашылығы мәселелері, көлік-логистика саласы және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының инфрақұрылымдары дами түспек. Барлық өңірде жаңа кәсіпорындар ашылып, жолдар жөнделіп, сондай-ақ тұрғын үйлер, мектептер, денсаулық сақтау, спорт және мәдениет нысандары бой көтеретін болады. 2026 жыл Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп атау туралы шешім қабылданып отыр. Яғни, озық технологиялар еліміздің барлық саладағы әлеуетін арттыруға жол ашпақ.

Жасанды интеллект – экономикалық интеграцияны дамытудың тың құралы. Сарапшылардың бағалауынша, соңғы жылдары жасанды интеллектіні дамытуға құйылған жаһандық инвестиция көлемі 1 триллион доллардан асты. Ал ЖИ-дің әлем экономикасына қосатын үлесі алдағы онжылдықта 10 триллион доллардан асуы ықтимал. Біздің міндетіміз – жаңа технологияларды халықтарымыздың игілігіне бағыттап, еуразиялық экономикалық интеграцияның басты факторына айналдыру. Еуразиялық экономикалық одақта қазірдің өзінде өндіріс пен агроөнеркәсіп кешенінің кооперациялық жобаларын қаржыландыру тетіктері бар. Ең алдымен, қаржыны серпінді инновациялық жобаларға бағыттауымыз қажет.

Осындай игі істердің шешімі, бұл Тәуелсіздіктің 35 жылдығына орай ел дамуына қосатын ең үлкен үлесіміз болмақ. Еліміздің халқы осы тарихи межені нақты іспен атап өтетін болады.

Сонымен, 2026 жылдың маңызды өзгерістерге толы жыл болары сөзсіз. Бұл өзгерістердің қаншалықты жемісті болатыны өзімізге байланысты. Бірлескен күш-жігер арқылы ғана көздеген мақсатқа қол жеткізе алатынымыз рас. Яғни, біз бәріміз табанды еңбек етуіміз керек, сонда ғана еліміз зор табыстарға жететін болады.  

Жаппар ЖҰМАН,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың
Халықаралық қатынастар және әлемдік
экономика кафедрасының профессоры,
ҚР ҰҒА құрметті академигі,
экономика ғылымдарының докторы.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here