Қазақстан Республикасында мемлекеттік биліктің бірден-бір көзі және мемлекеттiк тәуелсіздіктің иесі – халық. Бұл қағида Конституциялық комиссияның бесінші отырысында ерекше назарда болды.
Комиссияның бесінші отырысында Конституцияның бірқатар баптарын қайта қарау жөніндегі бастамалар талқыланды. Ұсынылып отырған өзгерістердің мақсаты – мемлекеттік тәуелсіздікті нығайту, тікелей демократия механизмдерін кеңейту және дәстүрлі құндылықтарды нормативтік түрде бекіту болып табылады.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың бірінші проректоры, профессор Еркін Дүйсенов Конституция мәтінінде терминологиялық сәйкессіздіктер мен стилистикалық бұрмаланулар бар екенін атап өтті. Оның пікірінше, бұл мәселелер мемлекеттік және құқықтық құрылыс міндеттерін ескере отырып, Конституцияның кейбір баптарын жүйелі әрі концептуалды түрде қайта қарауды талап етеді.
Сонымен қатар ерекше назар Конституцияның 3-бабының 1-тармағына аударылды: «Мемлекеттік биліктің бірден-бір көзі және мемлекеттiк тәуелсіздіктің иесі – халық болып табылады». Еркін Ерманұлының айтуынша, бұл формулировка халықтық егемендік принципінің мәнін толықтай көрсетеді және халықаралық стандарттарға, соның ішінде Азаматтық және саяси құқықтар жөніндегі халықаралық пакт талаптарына сәйкес келеді. Сол сияқты мұндай тәсіл бірқатар демократиялық елдердің конституциялық тәжірибесінде бекітілген.
Тікелей демократияны дамыту контексінде профессор жалпыұлттық референдумның рөліне де ерекше мән берді. «Жалпыұлттық референдум азаматтардың тікелей ерік білдіруінің ең жоғары формасы болуы тиіс және қоғамның саяси жүйеге сенімін нығайтуға тиімді құрал болмақ», – деп атап өтті ол. Бұл тұрғыда Швейцария, Ирландия және Италия тәжірибесіне сүйенді, онда референдумдар тұрақты демократиялық модельдің маңызды элементі болып саналады.
Сонымен қатар, ұсыныстардың бөлек бөлімі дәстүрлі құндылықтарды және ұлттық бірегейлікті сақтау мәселелеріне арналды. Профессор өз ғылыми еңбектерінде және қоғамдық баяндамаларында 27-бапты, яғни некеге қатысты бапты нақтылаудың маңыздылығын бұрыннан көтеріп жүрген. Оның пікірінше, Конституцияда некені ер адам мен әйелдің одағы ретінде бекіту дискриминациялық емес, қорғаныс сипатына ие. Сондықтан аталған норманы Конституция деңгейінде бекіту отбасы институтын құқықтық қорғаумен қамтамасыз етеді, қоғамның мәдени және рухани негіздерін сақтауға ықпал етеді және ұлттық бірегейлікті нығайтады. «Бұл құқықтарды шектеу туралы емес, Қазақстан қоғамына тарихи тұрғыдан тән негізгі құндылықтық бағдарларды бекіту туралы», – деп түсіндірді профессор.
Осылайша Конституциялық комиссияның отырысында көтерілген ұсыныстар халықтық егемендік, тікелей демократия және дәстүрлі құндылықтар принциптерін өзара толықтыратын тұрақты мемлекеттің конституциялық даму моделін қалыптастыруға бағытталғанын көрсетеді.
Нұрзада БЕЙСЕН,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры,
физика-математика ғылымдарының кандидаты









