«Qazaq» газеті жазып еді…

0
313

«Qazaq» газетінің 2025 жылғы 18-25 қарашадағы №46-47 санында жарияланған Қазақстанның Құрметті журналисі, «Qazaq» газетінің Қостанайдағы меншікті тілшісі Серік Шайманның «Ғафу. Ақын ескерткіші алдындағы ой» мақаласы жарыққа шыққан болатын. Соны Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды мырзаның назарына ұсынсақ деп едік.

Ғафу. Ақын ескерткіші алдындағы ой

Құнды ұсыныс

«Qazaq» газетінің өткен жылғы №46-47 санында жарияланған журналист Серік Шайманның Ғафу ақын туралы мақаласын зор қызығушылықпен оқып шықтым. Қаламгер ақиық ақын туралы көпшілік біле бермейтін кейбір құнды деректерді тілге тиек ете отырып, өте жақсы ұсыныс жасапты.

Иә, Ғафу бақытын Алматыда тауып, талант құдіретін халқына, Алматысына арнаған көрнекті ақындардың бірі. Ақынның бір ғана «Ана туралы жыры» оның қазақ әйеліне, анаға деген мәңгілік сағынышын, балалық мөлдір махаббатын паш еткен өте күрделі шығарма. Композитор Шәмші Қалдаяқов пен ақын Ғафу Қайырбеков осы ән арқылы халықтың шексіз сүйіспеншілігіне бөленіп, абырой биігіне көтерілді. Ән өз кезегінде нағыз хит ән болды. Әлі де отырыстарда, ресми іс-шараларда жиі айтылады. Осы тұрғыдан алғанда журналистің қазақ әйелінің символикалық бейнесін жасасақ деуі өте орынды. Мысалы, Ресейде Мамай қорғанында «Отан-ана шақырады» деген лейтмотивпен орыс әйелінің ғажайып қаһармандық бейнесін сомдаған үлкен комплекс бар. Бұл еліктеуге тұрарлық жақсы үлгі.

Әрине, мұның лайықты шешімін жасау мүсінді сомдаушылардың міндеті болмақ. Біздің ойымызша, өте бір мәнді идея ортаға тасталды. Оны сәтті жүзеге асыру Алматы әкімдігінің, Қазақстан мүсіншілер ұйымының абыройлы борышы болары сөзсіз.

Сейсен ӘБІЛДИН, Еңбек ардагері.

АЛМАТЫ ҚАЛАСЫ.

Қуаттаймыз, қолдаймыз!

Алматыға барғанда Шәмші ескерткішін әдейі барып көргенмін. Ән падишасы шынында да аяғын айқастырып қойып, терең ойға батып отыр. Журналист дәл атап көрсеткендей жалғызсырап, жабырқап отыр. Енді оның тап жанына Ғафудың мүсінін сомдап, екеуі әңгімелесіп отырғандай образ жасаса, ту сыртын бауырына баласын басқан ана бейнесі көмкерілсе панорама өте сәтті шығар еді. Тағдырдың талай тауқіметін бастан өткерген қазақ анасының бейнесін сомдау өзі сұранып тұрған тақырып қой. Тек қана оны жүзеге асырсақ деген тиянақты іс пен ынта болса жетіп жатыр.

Бақыт НҰРҒАЛИЕВ, зейнеткер.

ҚОСТАНАЙ ҚАЛАСЫ.

Ұрпаққа үлгі болсын!

Алматы өмірдің қай саласында болмасын таланттардың бағын ашқан, тұсауын кескен киелі де қасиетті мекен ғой. Ақын Ғафу да, композитор Шәмші де осы Алматыда бағы жанып, халқының құрметіне бөленді. Олардың «Ана туралы жыры» ұлттық әніміздің озық үлгісі болған, аса зор сүйіспеншілікпен орындалатын Ән патшасы атанды. Енді оны Ана, Ақын, Композитор синтезі арқылы халқымызға қайта ұсынсақ, сөйтіп келешек жас ұрпаққа тағылымы мол төл туынды қалдырсақ, нұр үстіне нұр болмай ма?!

Еркебұлан МӘЖИТҰЛЫ, заң қызметкері.

АСТАНА ҚАЛАСЫ.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here