Жақаңның (Міржақып Дулатұлы) 140 жылдық тойының дақпыртымен ел азаматтары шақырған соң қарт Торғайға бардым. Шақырмаса да бару біздің парызымыз ғой. Беу, дүние-ай, бұл жерден мен мектеп бітіріп кеткелі де 60 жыл болыпты. Бұған дейін де туған жерге талай бардым ғой. Бірақ, тап осы жолғыдай қатты толқымаппын. Ішкі жан-дүнием бұлым-бұлым болып не бір жәйіттер еске түсті. Баяғыда «Пионер» деп аталатын көшедегі өзім тұрған әкемнің ағасы Тұрмат атам салған жатаған үйді адасыңқырап барып таптым. Жарықтық, кейін еңселі салған үйлердің тасасында жабырқап тұрған сияқты, көзге қораштау. Заман ағымынан қалып қойғаны бірден сезіледі. Осы үйде менің алғашқы мақалаларым мен шағын новеллаларым, тырнақалды очерктерім жазылып еді. Қауырсын қанатымды қатайтқан қара шаңырақ!

Аудан орталығында қазақтың ақиық ақыны Ғафу Қайырбековке ағайын-туыстары еңселі ескерткіш орнатты деп естігем. Ақын-депутат, қоғам қайраткері Қазыбек Иса, Мәжіліс депутаты, белгілі меценат, қоғам қайраткері Берік Бейсенғалиев, қазақ теңгесінің атасы, экономика ғылымдарының докторы Ғалым Байназаров тағы басқа азаматтар барып ақын ескерткішіне тағзым еттік. Ескерткіш жақсы, көрікті екен. Жан-жағы абаттандырылып, сырты қоршалыпты.
Азаматтық іс, имандылық пен ақынды құрметтеудің айқын көрінісі. Торғайдағы Ғафудың шыққан тегі Мерген аталатын рудың Шұғай, Бақыт сияқты тағы басқа бас көтерер азаматтарына мың мәрте алғыс. Алла жар болсын!
Есімімен бүтіндей бір ру аталып кеткен Ғафудың бабасы – Мерген батыр кім? Қандай адам? Енді сәл-пәл соған тоқтала кетейін. Оның азан шақырып қойған аты – Теңізбай, Мерген – лақап аты. Атақты Аңырақай шайқасындағы жоңғарларға қарсы соғыста құралайды көзге атқан мергендік үшін оған осы есім берілген. Ол Арғынның Әйдерке атасынан тарайтын атақты Бабас бидің бәйбішесінен туған. Нағашы жұрты – Ұлы жүз Албан тайпасы. Мерген батырдың Дулат руынан шыққан Сартұлы Қойгелді батырдың апасы Асыл мен Кіші жүздің Жаппас руының қызы Кенже деген әйелдерінен Қуандық, Сағындық, Баймырза, Босша, Беркінбай, Батырбай атты асықтың сақасындай атжалман ұлдар болған. Мерген батыр 1754 жылы қалмақтармен кезекті бір шайқаста ауыр жарақат алып қайтыс болған. Мүрдесі Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне жерленген. Атақты ақын Ғафу осы Мерген батырдың Баймырзадан тарайтын ұрпағы болып есептеледі. Менің шешем де осы рудың қызы, қазақы жолмен келгенде Ғафу маған нағашы болып табылады.
Алпысыншы жылдардың кезеңі болу керек, Ғафаңның атақты «Ана туралы жыры» радиодан беріліп, елге тарала бастаған шағы. Бір күні шешем Қалкүл сол әнді тыңдап болған соң «Е, Ғафу-ай, ана сүтін ақтаған екен. Қайран Қалимаш мұны естімей кетті-ау» деп мына бір жайды маған айтып берген еді.
Соғысқа дейінгі, одан кейінгі қиыншылық уақыт қой. Қалимаш жеңгемізбен қоржын үйде көрші тұрдық. Ғафу мектепке барып жүрген жас бала. Шұбалаңдағы бастауышқа жаяу қатынап оқиды. Кейін атақты ақын болатынына көрінген шығар бала қиялшыл, ерекше сезімтал болып өсті. Бір жолы далада шалқасынан жатып көзі ілініп кетсе керек. Оянғанда тас төбесінде ұшып жүрген шағаланы көріп «Аспанда ұшып жүрген ақ шағала, тілге қуат бере гөр қақ тағала» деп ояныпты. Міне, осы өлең жолы бала Ғафудың ақындық ғұмырының бастауы болған сияқты. Зерек, ізденімпаз бала қиссаларды жаттап, өлең қылып айтып бірден көзге түсе бастайды. Өлеңдері ауыздан ауызға тарап аудандық газетте басылады. Ақын өзінің бертінде жазған «Жел қайық» деген кітабында сол кезеңді еске ала отырып, менің ақын, азамат болып қалыптасуыма бірден бір себеп болған ауданның бірінші хатшысы Дәмен Бөкішев деген кісі еді. Ол мені оқы, білім ал, өз ортаңды тап деп самолетке отырғызып, Алматыға жіберіп еді деп жазды.
Ал, Алматы Ғафаңның ақын болып танылған тұлға ретінде қалыптасқан жері. Оның бүкіл саналы ғұмыры осы қалада өтті. Атақ-абыройға бөленді. Халықтың сүйікті ақындарының бірі болып, Мемлекеттік сыйлық алды.
Ғафу поэзиясы таңғы шықтай мөлдір, сап алтындай таза, ұйқастары төгіліп, көкейге қона кетеді. Бүкіл мұсылман елдеріне тараған «Ана туралы жырдың» әні бір ырғақпен айтылады. Ал, сөзі өте терең сезімге құралған, адам бойындағы анаға деген махаббатты паш ететін ғажайып құбылыс. «Әлдилеп, аялап, өсірген жемісің немесе есейіп кетсем де, мен саған сәбимін» деген жолдар өмірдің өзіндей айқын, ұғынықты. Одан кейін ана туралы қаншама өлең жазылды. Бірақ, олар Ғафаң жазған жырдың биік шыңына шыға алған жоқ. Бұл ән аналарға арналған гимн болып қабылданды. Кезінде бүкіл Алматы осы әнді айтып оянып, осы әнді айтып ұйықтайтындай сезілетін.
Ғафаң ауызша сөйлегенде алдына жан салмайтын сұңғыла шешен еді. Ол сылдыр су сияқты емес, ойлы, мағыналы, астарлы болып келетін. Мен өзім ертеректе Қостанайда Ыбырай Алтынсаринге ескерткіш қойғанда, Ақаң мен Жақаң тойында сары Қошқар батырдың асында, Арқалықтағы кейбір жиын-тойларда сөйлеген сөздерін өз құлағыммен естідім. Соның бәрінде оның сөздері тасқын су сияқты сөзден сөз туындап, ой ұшқындап, санаң тербетіліп ерекше бір сезімге бөленіп елтіп отыратынсың. Ол суырып салма табан астында тауып айтатын ұшқыр қиялды, от ауызды, орақ тілді ақын болатын. Алматыда қараша айында өтетін парадта күн суық болып, жазушылар тоңып тұрса керек. Араларында майдангер, соғыс ардагері Иван Шухов деген кісі белге қыстырған флягасынан анда-санда коньяк ұрттап тұрыпты. Сонда Ғафаң:
Иван Шухов деген мына кісі,
Белінде сылдырлайды флягасы.
Қазақ ішпей тұрғанда орыс ішіп,
Адамның келеді екен жылағысы, – деп өлең шығарады. Жиналған жұрт мәз-мейрам болып күліп, бүкіл колоннада тұрған кісілер бір-біріне сыбырлап, бұл өлеңді айтып шыққан ғой. Тағы бір жайт, авар ақыны Расул Ғамзатовтың қара сөзбен жазылған «Менің Дағыстаным» деген кітабы бар. Әжептәуір көлемді еңбек. Жазушылар одағы соның ішіндегі өлеңдерін аударып бер деп Ғафаңға берген ғой. Кітаптың ұнағандығы сондай Ғафу бір аптаның ішінде бүкіл кітапты диктовкамен қазақшаға тәржімалап тастапты. Ақыры сол кітап Қайырбековтың аудармасымен басылып шықты. Өте шебер аударылған төл туындыдай төгіліп тұр.
Ақын Қадыр Мырза Әлінің Ғафаң туралы мынадай өлеңі бар:
Көріне ме басқаша көрегенге?
Жан бітетін қалғыған қара еменге.
Айналатын Ғафудың сиқырынан
Айналмайтын нәрсенің бәрі өлеңге!
Жинап жұртын жыр деген ту астына,
Жарысыңды жарысқа ұластырар.
Ақын еді ол шіркін-ай,
Қиналмай-ақ
Екі сөзден бір өлең құрастырар!
Толқымайтын жерде де толқыр ақын,
Топ алдында топ жарып ол тұратын.
Қауырт кезде қаңырап босқа қалған
Бір клубты бір өзі толтыратын.
Қағып түсер қалжыңы албастыны,
Қалай ғана халқыма жармасты мұң?!
Жарақаттап біреуді,
Кейде өзін де
Кесіп кетіп жататын алмас тілі!
Еркін сөйлеп,
Жүретін еркін күліп,
Еркін сөзден сезілер серпінділік!
Қайран Ғафең
Кететін кетер кезде
Қаралы үйдің өзін де желпіндіріп!
Қандай жаман ажалдың қандауыры!
Талай-талай асау жан тұрды ауырып.
Он ғасырлық қазақы ұлы жырдың
Біткені ме осымен бір дәуірі?!.
Міне, бұл ақынға берілген әділ баға. Оған қойылған мәңгілік поэзия ескерткіші! Ескерткіш дегеннен еске түсті. Алматыда Ғафу мен Шәмші көшесі қатар тұр. Содан сәл ілгерілікте Шәмші ескерткіші бар. Ән тәңірісі өзіне тән еркіндікпен скамейкада аяғын айқастырып қойып жалғыз отыр, жабырқап отыр. Мен ойлаймын, Алматыда ерте ме, кеш пе Ғафуға да бір ескерткіш орнатылар-ау. Сонда көп әуре болмай-ақ оны Шәмшінің жанына отырғыза салып, ту сыртынан қазақ анасының символикалық бейнесін тұрғызса. Оған «Ана туралы жырдың» толық нұсқасын немесе бір-екі куплетін ойып жазса, өте жарасымды болар еді. Ана рухы да, ақын мен ән падишасының рухы да асқақтап, бұрынғыдан да биіктей түсер ме еді?!
Серік ШАЙМАН,
Қазақстанның Құрметті журналисі,
«Қазақ» газетінің Қостанайдағы меншікті тілшісі.












