Жаңа Ата заң туралы бір ой

0
544
Фото: Конституциялық сот

Жаңа Конституцияның жобасы жарияланды. Көпшілік оны кезекті саяси құжаттардың бірі ретінде қабылдады. Бірақ мәтінді асықпай оқыған адам бір нәрсені анық байқайды: бұл жолы әңгіме тек басқару жүйесінде емес, мемлекеттің адамға, тарихқа және ұлттық жадқа қалай қарайтынында болып отыр.

Ұсынылып отырған жобада адам мен азаматтың құқығы алдыңғы орынға шығады. Бұл – қағаздағы әдемі формула ғана емес, дұрыс іске асса, елдің ішкі мәдениетін өзгертетін ұстаным болар деп қараймын. Өйткені адам өзін қорғалғанын сезінген жерде ғана еркін ойлайды, сұрақ қояды, талап етеді.

Осы тұста тіл мәселесі өздігінен алға шығады. Тілді қорғау тек эмоциямен немесе ұранмен шешілмейді. Ол ең алдымен құқыққа тіреледі. Қазақ тілінің қоғамдағы орны да адамның өз құқығын сезінуімен тікелей байланысты. Егер азамат заңға сүйеніп сөйлей алса, ана тілін талап ету де қалыпты, заңды әрекетке айналады.

Халықтың рөлін күшейту туралы тұжырым да назар аударарлық. Сайлау мен референдумның Конституция деңгейінде нақты көрсетілуі – халықты тек орындаушы емес, тарихи үдерістің қатысушысы ретінде мойындау. Бұл ұлттың саяси санасын өсірмей қоймайды.

Бұл өзгерістерді тарих пен мұра саласынан бөліп қарауға болмайды. Музей мен мұрағатта  жүрген адамдар жақсы біледі: егер мемлекет адамды қадірлемесе, оның өткеніне де формальды қарайды. Ал адам құқығы алға шыққан жерде тарих та «қосымша тақырып» болмайды, ұлттың жады ретінде қабылданады. Сондықтан, ұлт тарихын зерделеу саласы Ата заң арқылы қолдау мен қорғауға ие болғаны көз қуантады. Әрбір ел кешегісінен сабақ алып, болашаққа бағыт алып отырады. Қазақ елі де сондай.

Түркі дүниесінің тарихы да, Алаш қозғалысының идеясы да еркін ойлы, жауапкершілікті адамға сүйенері даусыз. Алаш қайраткерлері де мемлекетті ең алдымен адам арқылы, еркіндік алған өз тізгіні өзінің қолында болған қаймана қазағы арқылы елестетті. Сондықтан, бүгінгі Конституцияда адам құқығының басымдыққа ие болуы сол идеялардың заңдық деңгейде жаңғыруы деуге болады.

Қандастар, яғни көші-қон мәселесі де осы тұста айқын көрінеді. Қандас – статистикалық ұғым емес, тарихтың үзілмеген жалғасы. Егер мемлекет адамды қорғауды басты орынға қойса, сырттағы қазақтың да үні еленеді, тағдыры назардан тыс қалмайды. Бұл ұлттық тұтастықты сақтаудың ең тиімді жолы.

Әрине, Конституция бір күнде бәрін өзгертіп жібермейді. Бірақ ол бағыт көрсетеді. Ал сол бағыт адамға, тілге, тарихи жадына бет бұрса, бұл – кездейсоқ  емес, саналы таңдау болар деп үміттенеміз.

Енді ең бастысы осы ұстанымдардың қағазда қалып қоймай, мысалы, аған аса қанық сала – музейде де, мектепте де, архивте де, күнделікті өмірде де сезілуі өзекті. Бір сөзбен айтқанда, аты затына сай, сөз бен іс сәйкескен шынайы өзгеріске жол ашылса деп тілейміз. Сонда ғана заң мен тарих, мемлекет пен ұлт бір арнаға тоғысады.

Түркітанушы, алаштанушы, музей саласында жүрген адам ретінде бұл өзгерістерге жай саяси реформа деп емес, ұлттық жад пен тарихи сананы жаңғыртуға жасалған мүмкіндік деп қараймын. Адам құқығы заңда орныққан жерде тіл де, тарих та, музей де өміршең болады. Ал өміршең жады бар елдің болашағы қашан да нұрлы.

Әділет Ахмет,
«Алматы қаласы музейлер бірлестігі» КМКҚ
Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйінің аға ғылыми қызметкері;
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, түркітану мамандығының докторанты

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here