Конституция – Қазақстан Республикасының ең жоғары заңдық күші бар құжаты  

0
394

Конституция – мемлекеттің бірлігін, азаматтың хақын сақтайтын негізгі заңы. Ол халықтың еркін, биліктің шегін, ұлт мәртебесін айқындайтын құжат. Бүгінде әлемдегі кез келген мемлекет өз конституциясына сүйеніп өмір сүреді. Бірақ, бұл дәстүр кеше ғана пайда болған жоқ. 1787 жылы АҚШ, 1791 жылы Франция, 1791 жылы Польша, 1876 жылы Осман империясы т.б. мемлекеттердің алғашқы конституциялары қазіргі заманғы демократиялық құқықтық мемлекеттің бастауы болды. Олардың әрқайсысы өз халқының тағдырына әсер етіп қана қоймай, бүкіл әлем үшін үлгіге айналды.

Қазақ халқы да өз тарихында: «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», «Жеті жарғы» сияқты Дала заңдары ұлттың жазылмаған конституциясы қызметін атқарды. 

Мемлекеттің негізгі заңы одақ кезінде де бірнеше рет жаңартылған. Тәуелсіз Қазақстан тарихында Ата Заң екі рет қабылданды. Конституция қазақ халқының дәстүрлі құқықтық мұрасымен де рухани сабақтастықта тұр. Бүгінгі Қазақстанның Ата Заңдары тікелей Қасым ханның «қасқа жолына» немесе Есім ханның «ескі жолына» сүйенбесе де, олардың түпкі мәнін жалғастырып отыр. Мәселен, Қасым хан дәуірінде қабылданған заңдар халықтың бірлігін сақтауға бағытталса, қазіргі Конституция да мемлекеттің тұтастығы мен егемендігін ең басты құндылық ретінде бекітті. Есім хан билік еткен кезеңде әскери тәртіп пен ел қорғау нормалары күшейтілген болса, бүгінгі Ата заң да ұлттық қауіпсіздік пен қорғаныс қабілетін Конституциялық қағида деңгейінде заңдастырды. Ал, Тәуке хан тұсындағы «Жеті жарғы» халықтың құқықтары мен міндеттерін жүйелеп, әділдікті басты принцип еткен еді. Осы іргелі дәстүрлер бүгінгі жаңа Конституцияның жобасында адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын ең жоғарғы құндылық деп жариялау арқылы өз жалғасын табады. Талқылауға ұсынылып отырған Қазақстан Республикасының Конституциясының Жобасы қазіргі заманға сай құқықтық мемлекет құрудың берік іргетасы болумен қатар, қазақ қоғамының ғасырлар бойы қалыптасқан құқықтық дәстүрімен де тарихи сабақтастықта өрілген құжат болатынына сенімім мол. 

Қолданылу мерзіміне қарай Конституция тұрақты және уақытша Конституцияларға бөлінеді. Уақытша Конституциялар елдің түпкілікті конституциялық құрылымын әзірлеу қажет болатын өтпелі кезеңде қабылданады. Кейде уақытша Конституция көптеген жылдар бойына қолданыста болуы мүмкін. 

Қазіргі қолданыстағы ҚР Конституциясы –  мемлекеттің Ата Заңы ретінде Қазақстан Республикасының тәуелсіз еліміздің құқықтық іргетасын қалады. Ол Қазақстанды демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде айқындады. Алайда, қоғам дамыған сайын заңнамалық негіз де заман талабына сәйкес жетілдіріліп отыруы тиіс.  Осыған орай оған бірнеше рет өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Елеулі реформалардың бірі 1998 жылы жүзеге асырылып, билік құрылымы мен өкілеттік мерзімдеріне қатысты өзгерістер енгізілді. 2007 жылы Парламенттің өкілеттіктерін кеңейту бағытында бірқатар құзыреттер қайта бөлінді. Ал, 2017 жылы Үкімет пен Парламенттің рөлін күшейтіп, Президент өкілеттіктерінің бір бөлігін қысқартқан ауқымды саяси реформа жүргізілді. Қазіргі таңда әлем геосаяси, геоэкономикалық және технологиялық өзгерістермен сипатталатын жаңа даму кезеңіне қадам басты. Бұл саяси жүйелерді жаңа сын-қатерлерге бейімдеуді талап етеді. 2022 жылы қаңтар оқиғасынан кейін ауқымды конституциялық реформа жүзеге асты. Сол кезеңде Парламенттің рөлі күшейтіліп, адам құқықтарын қорғау тетіктері күшейтілді. Президенттің жақын туыстарына жоғары мемлекеттік лауазымдарды атқаруға тыйым салынды. Мұнымен қоса, Конституциялық сот құру нормасы бекітілді. «Суперпрезиденттік» модельден біртіндеп бас тарту басталды.

Бұл жай ғана түзетулер, жекелеген өзгерістер емес, сондықтан да жалпыұлттық референдум өткізілу жоспарлануда. 2026 жылғы конституциялық реформа – негізгі заңды терең жаңғырту үдерісі. Ол билік құрылымын өзгертуді, адам құқықтарының рөлін күшейтуді, мемлекеттік басқарудың жаңартылған қағидаттарын енгізуді және өкілеттіктерді қайта бөлуді көздейді.

Ата Заңның жаңа жобасы – болашаққа бағдарланған прогрессивті құжат. Онда адам және оның құқықтары мен бостандықтары мемлекеттің негізгі басымдығы ретінде жария етілді. Біз Конституция жобасында Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Заң мен тәртіп» жаппай үстемдік құрған, «Әділетті әрі таза Қазақстанды құру» идеясы халықтың кең қолдауына ие болғанын көріп отырмыз. Жаңа Конституция жобасы адам құқығы мен бостандығын мемлекеттің басты басымдығы ретінде бекітіп қана қоймай, Қазақстанның ұзақ мерзімді ғылыми-технологиялық дамуының негізі саналады. Жаңа нұсқада бірқатар өзгеріс айқын байқалады.

Сөйлемдер қысқарған адам ойына ұғыныңқы әрі адам артық жүктемесіз соңына дейін оқып шыға алады.

Екіншіден, көпсатылы, күрделі тұжырымдар азайған. Бұрын бір баптың өзінде норма, ерекшелік, қосымша ескерту және басқа заңға сілтеме қатар келуі мүмкін еді. Қазіргі жобасы анағұрлым жүйелі. Ұсынымдар азаматтардың шынайы өміріне негізделген. Нақты тұжырымдар тәжірибемен байланысты болған сайын, оны қабылдау да жеңілдейді.

Қазақстан жаңа тарихи кезеңге қадам басты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған конституциялық реформалар – елді түбегейлі жаңғыртуға бағытталған батыл әрі жүйелі бастама. Бұл өзгерістердің басты мақсаты – суперпрезиденттік басқару үлгісінен әділетті, теңгерімді және жауапты саяси жүйеге көшу. Уақыт талабы мен қоғам сұранысы саяси жүйені жаңартуды қажет етті. 

Жаңа Конституцияның құқықтық тілі жеңілдей түскен. Алайда, одан да маңыздысы – қоғамның реформаның өзіне деген көзқарасы мен қабылдауы. Құжат мәтінінің 84 пайызына өзгеріс енгізіледі деп күтілуде. Жаңа Конституция – тек заңдық құжат емес, ол – қоғам мен билік арасындағы жаңа қоғамдық келісім. Бұл келісім әділдікке, теңдікке және өзара құрметке негізделген. Елеулі өзгерістер саяси жүйеге де қатысты болды. Бір палаталы Парламентті енгізу, Вице-Президент институтын қалыптастыру, Халық кеңесін құру, бірқатар жоғары лауазымды тұлғалар үшін өкілеттік мерзімінің реттігін біреумен шектеу – мұның бәрі басқарудың заманауи әрі серпінді моделін қалыптастырып, бұрынғы саяси құрылымнан бас тартуды бекітеді.

Енді маңызды құжат жобасы республикалық референдумға шығарылады. Елде 15 наурызда маңызды науқан өтеді. Референдум ұлтымыздың бірлігін, тұтастығын айшықтайды. Бұл Президенттің халқына арқа сүйейтінін, ал халық Президентке сенетінін көрсетеді. Ел дамуында референдум шешуші рөл атқарған мұндай мысалдар әлемде де жеткілікті. Мәселен, XIX ғасырдағы Швейцариядағы Конституция жөніндегі референдум, Франциядағы Бесінші республика құру бойынша өткен референдум дүние жүзі тарихында қалды. Алдағы біздің референдум да ел тарихында алтын әріппен жазылатын тарихи оқиғаға айналады деп санаймын.

Енді түпкілікті шешімді халық қабылдайды. Конституциялық реформалардың бүкілхалықтық референдум арқылы қабылдануы – демократияның айқын көрінісі. Бұл әр азаматтың ел тағдырына тікелей қатысуына мүмкіндік берді. Халықтың белсенділігі мен жауапкершілігі – мемлекеттің болашағына деген сенімінің белгісі.

Қорыта айтқанда, Жаңа Конституция – тәуелсіз Қазақстанның жаңару жолындағы тарихи белесі. Ол ел бірлігін нығайтып, азаматтардың құқықтарын қорғауға және мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруға қызмет етеді.

Әрбір қазақстандық үшін Конституцияны қолдау – жарқын болашаққа, әділетті қоғамға және тұрақты мемлекетке деген сенім білдіру.

Жаңа Конституция – Жаңа Қазақстанның мызғымас тұғыры!

Біз үшін Жаңа Қазақстан – бұл заң үстемдік ететін, азамат құқығы қорғалатын, әр адамның үні естілетін мемлекет. Президент бастамасын қолдау – елдің болашағына сенім білдіру, тұрақты әрі өркендеген Қазақстанды бірге құру деген сөз.

Омархан Өксікбаев,
«Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті» КеАҚ
Директорлар кеңесінің төрағасы,
экономика ғылымдарының докторы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here