Бір кездері «шипажай» деген сөз естілгенде көз алдымызға кеңестік кезеңнің сарыны елестейтін: уақытпен өлшенген тәртіп, дәруі аз ас мәзірі, ұзын дәліздер мен қоңырау үніне бағынышты күн тәртібі. Ол демалыс емес, міндетке ұқсайтын. Ал бүгінгі таңда бұл ұғым мүлде жаңа мазмұнға ие болды. Шипажай енді тек емделу орны емес, жан мен тән үйлесімін табатын заманауи кеңістік. Бұл өзгерістің алдыңғы қатарында миллениалдар тұр. 80-90 жылдары дүниеге келген, тіпті 2000 жылдардың басында туған буын демалысқа деген көзқарасты түбегейлі өзгертті. Олар үшін демалыс жай ғана тынығу емес, өзін-өзі тану, қалпына келу, ішкі ресурсты толықтыру.
2025 жылдың басындағы ресми деректерге сүйенсек, елімізде 333 шипажай мен курорт жұмыс істейді, оның ішінде 34-і Алматы қаласында орналасқан. Бұл сұраныстың артып келе жатқанының айқын көрінісі. Бірақ саннан бұрын сапа өзгерді. Қазіргі шипажай эстетика мен жайлылықтың, медицина мен технологияның, табиғат пен тыныштықтың үйлесімі. Миллениалдар үшін басты құндылық еркіндік. Олар демалыста қатаң кестеден қашады. Сондықтан бүгінгі курорттар икемді бағдарламалар ұсынады: қалаған уақытыңда йога, медитация, SPA немесе медициналық процедуралардан өтуге мүмкіндік бар. Ас мәзірі де түбегейлі өзгерді. Бұрынғы «дәмсіз, бірақ пайдалы» қағидасының орнын «пайдалы әрі дәмді» ұстанымы басты. Органикалық өнімдер, арнайы диеталық мәзірлер, вегетариандық және веган тағамдар мұның бәрі қазіргі шипажайлардың ажырамас бөлігіне айналды. Тағы бір маңызды ерекшелік — жеке кеңістікке деген құрмет. Заманауи демалушылар үшін тыныштық пен жеке уақыт аса маңызды. Сондықтан жаңа форматтағы шипажайлар кең, жарық бөлмелерді, жеке террасаларды, табиғатпен үндесетін архитектураны ұсынады.
Миллениалдар денсаулыққа да өзгеше қарайды. Олар ауруды емдеуден бұрын оның алдын алуға мән береді. Сол себепті шипажайлар тек процедуралармен шектелмей, кешенді wellness бағдарламаларын ұсына бастады: детокс, психологиялық қалпына келу, дұрыс ұйқы режимін қалыптастыру, цифрлық детокс бәрі де сұранысқа ие. Бүгінгі шипажай уақытша бас сауғалайтын орын емес, өмір салтының бір бөлігіне айналып келеді. Бұл адамның өзіне қайта оралатын, ішкі тыныштығын табатын мекені. Өткен ғасырдағы шипажай тәртібі өткеннің еншісінде қалды. Оның орнын еркіндік, сапа және саналы таңдау басты. Ал миллениалдар осы өзгерістің басты қозғаушы күшіне айналды.
Бұрын шипажайдағы тамақтану жүйесі қатаң диеталық үстел қағидатына негізделетін. Ас мәзірі алдын ала бекітіліп, оның құрамында міндетті түрде жеміс-жидек, көкөніс, сүт өнімдері секілді ағзаға пайдалы тағамдар қамтылатын. Әрбір дайын ас дастарқанға ұсынылмас бұрын диетолог пен кезекші дәрігердің тексеруінен өтетін. Бұл тәртіпке бағынған, емдік мақсатты көздеген жүйе еді. Ал бүгінгі таңда бұл ұстаным түбегейлі өзгерді. Қазіргі диетология шектеуден гөрі, саналы әрі жеңіл қалыптасатын дұрыс тамақтану мәдениетін алға тартады. Яғни, адам өзін қыспай-ақ, денсаулыққа пайдалы өмір салтын табиғи түрде игере алады. Жарты ғасыр бұрын барлық емдік процедуралар бірдей, өзгермейтін кесте бойынша жүргізілетін болса, қазір әр адамға жеке көзқарас басым. Заманауи шипажайлар алдымен кешенді диагностика жүргізіп, соның негізінде жеке емдеу жоспарын ұсынады. Инновациялық технологиялар мен жаңа әдістер енгізіліп, емдеу үдерісі әлдеқайда тиімді әрі жайлы сипатқа ие болды. Әрине, уақыт сынынан өткен Шарко душы мен электрофорез сынды процедуралар да өз маңызын жоғалтқан жоқ. Бірақ бүгінде олар дербес ем емес, жалпы сауықтыру жүйесінің бір бөлшегі ретінде қарастырылады. «Оқжетпес Алматы» емдік-сауықтыру кешенінің орналастыру және қызмет көрсету бөлімінің жетекшісі Сабина Байсұлтанованың айтуынша, бүгінгі қонақтың талғамы мен сұранысы айтарлықтай өзгерген. Енді олар тек ем қабылдауды ғана емес, сапалы сервис, жайлылық пен жеке көзқарасты қатар күтеді.

– Біздің шипажайдың тарихы тереңде жатыр. Ол өткен ғасырдың 60-жылдарынан бері өз жұмысын тоқтатпай, бүгінге дейін талай буынның сеніміне ие болып келеді. Алайда уақыт өзгерген сайын демалушының да талғамы өзгерді. Бүгінде қонақтар, әсіресе жастар, мұнда тек ем қабылдау үшін емес, сапалы әрі мәнді демалыс іздеп келеді. Олар үшін жай ғана процедуралар жеткіліксіз. Қазіргі демалушыға ең алдымен жайлылық, еркіндік, жоғары деңгейлі қызмет және жан-жақты қалпына келу мүмкіндігі маңызды. Сол себепті шипажайлар да заман талабына сай жаңарып келеді: озық медициналық технологиялар енгізіліп, инфрақұрылым жаңартылып, ең бастысы — адам өзін тыныш, қауіпсіз әрі еркін сезінетін ерекше орта қалыптастырылуда. Бұл шипажайлардың өткенді сақтай отырып, болашаққа батыл қадам басқанын көрсететін айқын белгі, – деді «Оқжетпес Алматы» емдік-сауықтыру кешенінің орналастыру және қызмет көрсету бөлімінің жетекшісі Сабина Байсұлтанова.
Қоңыраумен оянып, міндетті «тыныштық сағатына» бағынатын тәртіп те бүгінде тарих қойнауында қалды. Енді әр демалушы өз уақытын өзі жоспарлап, күн тәртібін еркін құра алады. Бұл, әсіресе, уақытты тиімді басқаруға дағдыланған миллениалдар үшін аса маңызды. Бұрынғы ортақ душтар мен бірнеше адамға арналған бөлмелердің орнын бүгінде барлық жағдайы жасалған, жайлы әрі заманауи кеңістіктер алмастырды. Әрбір қонақтың жеке тыныштығы, кеңістігі мен жайлылығы бірінші орынға шықты. Ілтипатты қызмет көрсету мен жанға жайлы атмосфера – қазіргі шипажайлардың басты ерекшелігіне айналды. Бұл өткен дәуірдің бейнесінен түбегейлі алшақ жаңа формат. «Оқжетпес Алматы» емдік-сауықтыру кешені директорының емдеу-оңалту жұмыстары жөніндегі орынбасары Нұрдәулет Өмірбековтің айтуынша, шипажай тек егде жастағыларға арналған орын деген түсінік бүгінгі күні өзектілігін жоғалтқан. Енді бұл жас талғамына да сай, сапалы демалыс пен денсаулықты ұштастыратын заманауи кеңістік.
– Шипажайға тек зейнет жасындағы адамдар барады деген қасаң түсінік бүгінде шындыққа жанаспайды. Керісінше, дәрігерлер соңғы жылдары аурулардың «жасарып» келе жатқанын жиі айтады. Бұрын көбіне 50 жастан кейін байқалатын дерттер енді 30–35 жастың өзінде көрініс бере бастады. Бұған қазіргі өмір салты тікелей әсер етуде: аз қозғалыс, ұзақ уақыт отырып жұмыс істеу, күйзелістің жоғары деңгейі мен қарбалас тіршілік ағзаны ерте қажытады. Соның салдарынан остеохондроз, остеопороз, жүрек-қан тамырлары аурулары жиілеп отыр. Осыны түсінген жастар шипажайға тек ем қабылдау үшін емес, денсаулықты алдын ала сақтаудың тиімді жолы ретінде қарай бастады. Яғни, ауруды асқындырып барып емдеу емес, оның алдын алу мәдениетінің қалыптасуы. Тұрақты түрде қабылданатын емдік-сауықтыру шаралары ағзадағы қауіп-қатерді азайтып, өмір сапасын арттыруға ықпал етеді. Ең бастысы адамға өз денсаулығын ұзақ жылдар бойы сақтауға мүмкіндік береді, – деді «Оқжетпес Алматы» емдік-сауықтыру кешені директорының емдеу-оңалту жұмыстары жөніндегі орынбасары Нұрдәулет Өмірбеков.
Шипажайға бару жай ғана демалыс емес, өзіңе деген жауапкершіліктің белгісі. Өзіңе уақыт бөлу, денсаулыққа көңіл бөлу, жан тыныштығын табу – бүгінгі күннің ең маңызды қажеттіліктерінің бірі.


– Мен шипажайда 15 күн болдым бүгін енді кетіп барамын. Әр күнім өзінше мазмұнды өтті. Биыл қайда барсам екен деп ұзақ ойландым, соңында достарымның кеңесіне құлақ астым. Дәл осы жерде туған күнімді де атап өттім. Шын мәнінде, бұл керемет демалыс болды өзіңе, өзіңнің физикалық және рухани денсаулығыңа жасаған нағыз сый екен. Бұл сапар маған тек демалыс емес, өзіме деген қамқорлықтың қаншалықты маңызды екенін түсіндірді. Кейде тоқтап, өзіңе уақыт бөлу ең дұрыс шешім, – дейді демалысын тиімді пайдаланған 24 жасар Әсел Мұратбек.
Миллениалдар телефоннан көп ажырай бермейтін буын. Сондықтан олар үздіксіз ақпарат ағынының қаншалықты шаршататынын жақсы сезінеді. Қарбалас тірліктің қақ ортасында жүріп, өзіңді ұмытып кету бүгінгі буынның ең үлкен «үнсіз дерті» секілді. Ал шипажай сол жоғалтқан тепе-теңдікті қайта табатын мекен. Мұнда уақыт баяу ағады, ойың тазарады, жан дүниең тынышталады. Табиғаттың тылсым тынысы адамды сырттай ғана емес, ішкі әлемімен де қайта қауыштырады. Минералды суға шомылу, тұзды ауамен тыныстау, жеңіл серуен бәрі бірігіп, бір шындықты еске салады: өзіңе қамқорлық жасау еркелік емес, бұл өмірлік қажеттілік. Сондықтан шипажай жай ғана демалыс орны емес. Ол өзіңе қайта оралатын, өзіңді қайта табатын, шаршаған жүрекке тыныштық сыйлайтын, жан мен тәнді үйлесімге келтіретін ерекше мекен.
Индира БІРЖАНСАЛ









