Ұлттық кітапханадағы ұлттық әліпби: «Төте жазу» курсының екінші легі

0
334

Қазақ жазуының тарихында Алаш арысы Ахмет Байтұрсынұлы түлеткен төте әліпби – ұлттық жазу мәдениетінің алтын кезеңін айқындайтын, өзіндік өрнегі мен өнегесі бар тарихи белес. Төте жазу – қазақ тілінің дыбыстық табиғатына бейімделген тілдік реформаның жемісі һәм бір дәуірдің ойы мен сезімін аңғартатын түркі халықтарына ортақ әліпби саналады.

Алаш қайраткері Ахмет Байтұрсынұлы қалыптастырған ұлттық әліпбиді насихаттау мақсатында ҚР Ұлттық кітапханасы бастамасымен «Төте жазу» курсы қаңтар-сәуір айлары аралығында екінші рет ұйымдастырылды. «Екінші рет» дегеніміз, курстың алғашқы легі 2025 жылдың қыркүйек-желтоқсан айлары аралығында өткізілген-тін. Бірінші лек нәтижесінде 43 ізденуші қатысуға ниет білдіріп, олардың ішінен 20 қатысушы қорытынды емтихан талаптарын сәтті орындап, тиісті сертификаттарға ие болған еді. Курс барысында қатысушылар тек теориялық білім алып қана қоймай, практикалық дағдыларды меңгеру арқылы ХХ ғасыр басында жарық көрген қазақ тіліндегі мерзімді баспасөз үлгілерін түпнұсқа күйінен қазіргі қазақ (кирилл) графикасына көшіру жұмыстарын жүзеге асырған болатын. Атап айтқанда, бірінші лек қатысушылары емтихан нәтижесінде «Жас қазақ» (1923, Орынбор), «Қызыл Қазақстан» (1921, Орынбор), «Әйел теңдігі» (1926, Қызылорда), «Жаңа мектеп» (1925, Қызылорда) журналдарының алғашқы сандары алғаш рет курс тарапынан зерттелген еді.

«Төте жазу» курсының бірінші лек қатысушылары (9-желтоқсан, 2025 жыл)

Ендігі жаңа жылдың алғашқы легі 2026 жылдың қаңтар-сәуір айлары аралығын қамтып, үш айға жоспарланған тегін оқу курсы ретінде ұйымдастырылды. Аталған курсқа түрлі сала мамандары, ғылыми қызметкерлер мен зерттеушілер, жоғары оқу орындарының студенттері, сондай-ақ көне жазба мұраларға қызығушылық танытқан оқырмандар белсенді түрде қатысып, оқу үдерісіне жоғары ынтамен араласты. Басты мақсат – оқырмандарға төл жазуды меңгерту, тарихи мәтіндерді түпнұсқадан оқу дағдысын қалыптастыру және қазақ жазу мәдениетінің сабақтастығын кеңінен таныту болды.

Аталған мақсатымызға сәйкес курс мазмұны бірнеше негізгі міндеттен тұрды:

  1. Алдымен қатысушыларға төте жазудың тарихи қалыптасуы мен теориялық негіздері таныстырылды;
  2. Әліпбидің графикалық жүйесі, таңба құрамы және олардың фонетикалық ерекшеліктері үйретілді. Бағдарламада мәтінмен жұмыс істеу, оқығанды түсіну және талдау дағдыларын жетілдіру ерекше назарда болды.
  3. ХХ ғасыр басындағы қазақ баспасөзіне тән газет-журнал материалдары мен кітаптарды оқу тәжірибесі ұсынылды, бұл қатысушыларға тарихи дереккөзді түпнұсқа күйінде түсінуге мүмкіндік берді.

Курс ұзақтығы – 12 сағат, яғни 12 апта бойы әр сейсенбі күні 16:00-17:00 аралығында өтетін сабақтардан тұрды. Арнайы оқыту силлабусы құрастырылды. Дәріс форматына сәйкес (30%) және практикалық жұмысқа байланысты (70%) материалдар енгізілді.

Бастапқы кезеңде төте жазу курсына 47 оқырман ниет білдіріп тіркелсе, оқу барысындағы тәртіп пен білім игеру деңгейіне қарай қатысушылардың саны сараланып, қорытынды емтиханға 23 оқырман ғана өтті. Олар үш ай бойы төте жазудың графикалық ерекшеліктерін, орфографиялық және фонетикалық заңдылықтарын, мәтінмен жұмыс істеу дағдыларын меңгеріп, қорытынды емтихан нәтижесінде арнайы сертификаттарға ие болды.

Қорытынды емтихан екі кезеңнен тұрды. Емтиханның алғашқы кезеңінде қатысушыларға тарихи жазбаларды қазіргі әліпбиге түсіру арқылы ғылыми-танымдық дағдыларын көрсетуге мүмкіндік алды.   

Арнайы топтық тапсырмаға сәйкес 23 қатысушы төрт топқа бөлінді: «Шипагер», «Азат арулар», «Жаңа мектеп жұлдыздары», «Қызыл жебе». Әр топқа ХХ ғасырдың басында жарық көрген, қазірге дейін кирилл қарпіне толық түспеген журнал нөмірлері берілді. 

Тапсырма шартына сай әр топ өзіне жүктелген журналды толық кирилл қарпіне түсіріп, оған қосымша ретінде кісі есімдері, терминдерге түсіндірме сөздік, құрастырушы түсініктемесі сияқты мазмұндық қосымшалар дайындауы қажет болды. Жұмыстың соңында журналдың факсимиле нұсқасы қатар ұсынылып, қатысушылар өз жобаларын әділқазылар алқасына таныстырды. 

Журналдар мынадай тәртіппен бөлінді:

  • «Денсаулық жолы» (1929, Ташкент) / «Шипагер» тобы;
  • «Қызыл Қазақстан» (1921, Орынбор) / «Қызыл жебе» тобы;
  • «Әйел теңдігі» (1926, Қызылорда) / «Азат арулар» тобы;
  • «Жаңа мектеп» (1925, Қызылорда) / «Жаңа мектеп жұлдыздары» тобына берілді.
«Төте жазу» курсының екінші лек қатысушылары (14 сәуір, 2026 жыл)

«Төте жазу» курсының бірінші легінде аталған мерзімді басылымдардың алғашқы сандары төте жазудан қазіргі қазақ (кирилл) графикасына транскрипцияланған болса, екінші лек аясында бұл жұмыс жалғасын тауып, журналдардың кейінгі сандары жүйелі түрде зерттеуге алынды. Төте жазуды үйретуге арналған курс Ұлттық кітапхана жанындағы рухани-ағартушылық жұмыстың бір қыры ғана емес, тарихи жадты жаңғыртуға бағытталған маңызды бастамаға айналды. Сонымен қатар, 2025-2026 жылдары ұйымдастырылған курстың жалпы 2 легіне 97 адам қатысып, оның ішінде 43 қатысушы ғана (44,3%) сертификат иегері атанды.

Жалпы 97 қатысушының құрамы төмендегідей:

  • студенттер, магистранттар және докторанттар – 42 (43,3%);
  • кітапханашылар – 17 (17,5%);
  • ғылым докторлары – 12 (12,4%);
  • мұғалімдер – 11 (13,4%);
  • дәрігерлер – 5 (5,2%);
  • журналистер – 2 (2,1%);
  • мектеп оқушылары – 2 (2,1%);
  • копирайтер – 1 (1,0%);
  • отставкадағы офицер – 1 (1,0%);
  • суретші – 1 (1,0%);
  • дәстүрлі әнші – 1 (1,0%);
  • шежірешілер – 2 (2,1%).

Курсқа қатысқан оқырмандар көне дереккөздерді түпнұсқадан оқи алатын деңгейге жетіп, ХХ ғасыр басындағы ұлттық баспасөздің тілдік болмысына тікелей үңілу мүмкіндігіне ие болды. Бұл тұрғыдан Ұлттық кітапхананың «Төте жазу» жобасы ұлттың жазу тарихына жаңа көзқарас қалыптастырып, ғылыми орта мен оқырман қауымның қызығушылығын арттырды. Сондықтан да, ҚР Ұлттық кітапханасында ұйымдастырылған төте жазу курсының тәжірибесі алдағы уақытта да жалғасып, ұлттық әліпбиді меңгерген кадрларды дайындауға негіз болады деп сенеміз!

Ертай Нұрбекұлы БІЛӘЛ,
«Төте жазу» курсының дәріскері,
ҚР Ұлттық кітапханасы
Сирек кітаптар мен қолжазбалар қызметінің маманы,
Абай атындағы ҚазҰПУ PhD докторанты

«ХАЛЫҚ УНИВЕРСИТЕТІНЕ АЙНАЛҒАН ҰЛТТЫҚ КІТАПХАНА»

 Ұлттық кітапханадағы «Төте жазу» курсы – ұлттық жазу мәдениетіміздің тамырын тереңнен танытатын, тарихи сананы жаңғыртатын маңызды бастама. Бұл жоба парасат ордасының халық университеті ретіндегі ағартушылық қызметінің жарқын көрінісі деп санауға болады. Курс аясында ұсынылатын практикалық бағыттағы сабақтар қатысушылардың тарихи мәтіндермен тікелей жұмыс істеу дағдыларын қалыптастырып, ғылыми ізденіске деген қызығушылығын арттырады. Бұл тұрғыда кітапхана тек ақпарат сақтау орны ғана емес, білім мен тәжірибені ұштастыратын маңызды алаңға айналып отыр.

Мұндай бастама ұлттық мұраны сақтап қана қоймай, оны қазіргі білім беру кеңістігімен ұштастыруға мүмкіндік береді. Ұлттық кітапхана алдағы уақытта да рухани мұраны жаңғырту ісіне өз үлесін қоса береді.

Ғазиза НҰРҒАЛИЕВА,
ҚР Ұлттық кітапханасының директоры,
Қазақстан кітапханалар Одағының төрағасы,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі

«ҰЛТТЫҚ КІТАПХАНАДАҒЫ ИГІ ІС»

Ұлттық кітапхана үлкен бір керемет іс бастаған екен. Ол игі тірлік. Тарихымызды еске алғанымыз өте дұрыс болған. 2025 жылдың мамыр айында басталған журналды енді 2026 жылы, ол кезде араб әріптерімен жазылған журналдар ғой, соны кириллицаға аударып, біздің халыққа паш етіп отырғанының өзі ғылымға да, интеллигенцияға да, жазушыларға да, көп адамдарға үлкен көмек қой. Енді Шолпан Иманбаеваның өлеңдеріне дейін талай атақты, сол кездегі керемет күрескер адамдардың мақалаларына дейін, әйел теңдігі үшін үлкен күрес болғанның дәлелі ретінде, енді бәріміздің оқуға мүмкіндігіміз бар. Сондықтан, тек рақметімді айтамын. Үлкен ризалығымды білдіргім келеді. Біз үлкен қуаныштамыз!

Алтыншаш ЖАҒАНОВА,
Прозаик, драматург, мемлекет және қоғам қайраткері,
«Қазақстан әйелдері» журналының бас редакторы 

«МЕН ЕНДІ ТӨТЕ ЖАЗУДЫ ОҚИ АЛАМЫН!»

Үш айға созылған «Төте жазу» курсынан сынақты сәтімен тапсырып, сертификат алдық. Әу баста курста қырықшақты едік, жиырмамыз курсты сәтімен аяқтадық. Ең бастысы төте жазуды ажыратып оқуды, оны кирилге көшіруді үйрендік.

Үш ай бойы ерінбей-жалықпай, керек кезінде талап қойып дәріс оқыған Ертай Біләлға, осы курсты ашып, көкжиегімізді кеңіткен Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасының директоры, жаңашыл басшы, еліміздің бас кітапханашысы Ғазиза Құдайбергенге, бүгінгі сынақ тапсыруда қазылар алқасы құрамында отырып, жұмысымызды бағалаған Гүлшат Абиковаға, Қанат Алтынбекке зор алғыс! Осындай  игі бастамалар жалғасты бола берсін!

Қаракөз СМӘДІЛ,
«Ана тілі» газеті бас редакторының орынбасары,
журналист, «Төте жазу» курсы 1-легінің қатысушысы 

 «ҰЛТ МҰРАСЫН ЖАҢҒЫРТАР ЖОБА»

ҚР Ұлттық кітапханасы бастауымен өткізілген «Төте жазу» курсының маңызы зор деп білемін. Сирек кітаптар мен қолжазбалар қызметінің жас маманы Ертай Біләлдің бастамасымен қолға алынған бұл жоба ұлт мұрасын жаңғыртуға қосылған үлес. Ертай Біләл үлкен ыждаһаттылықпен бастаған ісін соңына дейін жеткізіп, нәтижесіне баршамыз куә болып отырмыз. Қатысушылар төте жазуды үйреніп қана қоймай, әр журналдың бір нөмірін толық кириллицаға аударуға қол жеткізді. Кезінде Үшкілтай Сұбханбердина апамыз тарихи газет-журналдардың библиографиялық көрсеткішін жасағаны белгілі. Бұл жоба алдағы уақытта осындай маңызды жұмыстарға жол ашып, тың идеялар беріп отыр. Сіздер енді еріктілер ретінде осындай құнды құжаттарды түсіруге атсалыссаңыздар – нұр үстіне нұр. Бұл жоба жалғасын табады, ғалымдар тарапынан да сұраныс бар.

Гүлшат АБИКОВА,
ҚР Ұлттық кітапханасы Сирек кітаптар мен қолжазбалар қызметінің меңгерушісі, шығыстанушы

«ҰЛТТЫҚ ӘЛІПБИДІ ЖАҢҒЫРТУ ЖОЛЫ»

Бір ғана ХХ ғасырда әліпбиіміз бірнеше рет өзгергендіктен, өткен жүз жылдықтың басында шыққан газет-журналдарды оқу екінің бірінің қолынан келмейді. Соның ішінде төте жазумен басылған құнды мұра бар. Тарихшылардың арқасында «Қазақ», «Сарыарқа» газеттері кітап болып басылып шықты, ал одан басқа басылымдар қазіргі қаріпке түсіру, ғылыми айналымға қосу ісін күтуде. Осы ретте ҚР Ұлттық кітапханасында ұйымдастырылған Ахмет Байтұрсынұлының әліпбиі негізіндегі «Төте жазу» курсы дер кезінде қолға алынып отыр. Курстың алғашқы легіне қатысқандар тапсырған емтиханға біз де куә болдық. Қатысушылар  төте жазумен басылған бірнеше журналды кириллица қарпіне түсірді, оның ішінде қазіргі «Ақиқат» – 1920 жылдардағы «Қызыл Қазақстан» журналы бар. Дәрістердің тек қаріп үйретуді мақсат етіп қана қоймай, нақты тапсырма арқылы бекітілуі де көңілімізден шықты. Қатысушылардың бір тобы «Қызыл Қазақстан»  журналының 1928 жылғы №3 санын қазіргі қаріпке түсірді. Осының өзі курстың нәтижелі екенін көрсетеді. Алдағы уақытта ұлттық баспасөз тарихын зерттеу ісіне үлес қоса алатын бұл жобаның берері мол деп санаймыз. 

Дина ИМАМБАЙ,
«Ақиқат» ұлттық-қоғамдық саяси журналы
бас редакторының орынбасары 

«ТӨТЕ ЖАЗУ – ҰЛТТЫ ТАНУ»

1929 жылы тұңғыш рет жарық көрген «Денсаулық жолы» журналы құнды тарихи жәдігер, осы рухани мұраға қызмет етуге жол ашқан Ұлттық кітапхананың Сирек кітаптар мен қолжазбалар бөлімі ұйымдастырған «Төте жазу» курсы.  Үш айға созылған курста араб графикасымен жазылған төте жазуды танып, оқып қана қоймай, тарихи мәтіндерді қазіргі кирилл әліпбиіне түсіру мүмкіндігіне ие болдық. «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» демекші аталған курстың оқытушысы Біләл Ертайдың бастамасымен бүтін бір ғасырдың бет-бейнесінен хабар беретін іргелі 4 журнал: «Денсаулық жолы», «Жаңа мектеп», «Қызыл Қазақстан», «Әйел теңдігі» басылымдары қазіргі қаріпке түсіріліп, транскрипциялық жинақтар әзірленді. Курсқа қатысушылар 4 топқа бөлініп жұмыс жасады, нәтижесінде ХХ ғасыр басындағы озық ойдың мазмұнын жаңғырту арқылы қазіргі зерттеушілерге тарих пен бүгінгі күнді сабақтастықпен зерделеуге, ұлттық мұраларымыздың ғылыми маңызын толық ашуға жағдай жасайды.

Осындай игі істер жалғасын табады деген сенімдеміз. Ұлттық кітапхана ұжымына, Біләл Ертайға алғысымызды білдіреміз.

Назым ТӨЛЕЕВА,
Аға оқытушы, DBI доктор,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ,
А.Байтұрсынұлы атындағы қазақ тіл білімі кафедрасы
«Төте жазу» курсы 2-легінің қатысушысы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here