Зумерлердің жан-дүниесіндегі дағдарыс – ұлттың болашағына төнген қатер. Сенат Төрағасы қоғам жалған психологтармен күресіп жатқанда, цифрлық дәуірде, әлеуметтік желілер мен жасанды интеллект әсерімен өсіп келе жатқан зумерлер буынының психикасындағы құбылмалылық назардан тыс қалып отырғанын және бұл маңызды мәселе екенін айтты. Сондықтан жастарға психологиялық қолдау көрсету жүйесі елеулі пысықтауды қажет ететіні анық. Бұл жөнінде Мәулен Әшімбаев «Психологиялық қызмет туралы» заңның ережелерін қарау барысында айтты.
Мәулен Әшімбаевтың айтуынша, жастарды қолдаудың мемлекеттік жүйесі қазіргі заманғы үрдістерді ескере отырып, түбегейлі жетілдіруді қажет етеді. Егер жастар саясатына қатысты «қалдық қағидаты» бойынша қалыптасқан көзқарас өзгермесе, ел болашақта психологиялық тұрғыдан тұрақсыз көшбасшылардың, басқарушылардың және ата-аналардың буынымен бетпе-бет келуі мүмкін. Бұл өз кезегінде тұтас мемлекеттің келешектегі тұрақтылығына тікелей қауіп төндіреді.
«Бұл салада қажетті біліктілігі, тиісті білімі мен дипломы жоқ адамдар аз емес. Шын мәнінде, бұл – алаяқтық. Жалпы, адамдардың мұқтаждығын пайдаланып, одан табыс табу – алаяқтықтың бір түрі. Мұндай жағдайлар жиі кездеседі. Сонымен қатар тағы бір мәселе бар. Ол, бәлкім, Денсаулық сақтау министрлігінің құзыретіне көбірек қатысты шығар. Қазіргі зумерлер буынының психикасы өте құбылмалы. Бұған түрлі факторлар әсер етеді. Мүмкін, заманның өзі сондай шығар, интернеттің, әлеуметтік желілердің, жасанды интеллектінің ықпалы бар болар. Әрине, барлығына бірдей емес, бірақ көптеген жастарға әсер етіп отыр. Бұл туралы көп айтыла бермейді. Алайда, ашық айту қажет. Көптеген жас психологиялық қиындықтарға тап болады: ортаға бейімделу, қарым-қатынас орнату, достар табу, болашақ жарын кездестіру сияқты мәселелерде қиналады. Тіпті кейбірі отбасында дұрыс коммуникация қалыптастыра алмағандықтан ажырасып жатады. Бұдан да күрделі жағдайлар бар, онда психологтың ғана емес, психиатрдың көмегі қажет болады. Цифрлық технологиялар дәуірінде өсіп келе жатқан жастар арасындағы психологиялық тұрақсыздық пен психиканың құбылмалылығы – өте өзекті мәселе. Өкінішке қарай, біз осы мәселеге әлі күнге дейін қалдық қағидаты бойынша қараймыз. Ал, бұл буын – еліміздің болашағын қалыптастыратын ұрпақ», – деді Сенат Төрағасы.
Сондай-ақ Палата Спикері қоғамдағы стигма мен теріс көзқарастан қауіптенетін көптеген жас пен олардың ата-аналары бұл мәселелерді ашық айтуға тартынатынына назар аударды.
«Психологиялық орнықтылық – қазіргі заманда аса маңызды қасиеттердің бірі. Осыған байланысты жастардың бейімделу, қарым-қатынас орнату және басқа да мәселелерден туындайтын қиындықтарды еңсеруіне қолдау көрсететін жүйе жеткілікті деңгейде қалыптаспағандай әсер қалдырады. Біз түрлі қайырымдылық ұйымдары аясында жұмыс істеп, жастармен кездескенде бұл мәселені анық байқаймыз. Әріптестерімізбен бірге арнайы мекемелерге барып, жастармен сөйлестік. Көпшілігі өз мәселесін айтуға ұялады. Ата-аналары да балаларға қатысты жағымсыз жағдай қалыптаса ма деп қауіптеніп, оны жария еткісі келмейді. Сондықтан бұл – қоғам жеткілікті деңгейде назар аудармай отырған күрделі мәселе. Ол туралы ашық айту қажет. Психологиялық қиындықтарға тап болған жастарды қолдаудың тиімді жүйесін қалыптастыру маңызды. Мұндай мәселелерге кезігетін балалардың саны артып келеді. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстарды күшейту керек», – деді Мәулен Әшімбаев.









