Ұлттың ертеңі бүгінгі білім мен тәрбиеге тікелей байланысты. Ал сол болашақты қалыптастыратын ұстаздарды даярлау – үлкен жауапкершілік пен биік мұратты талап ететін миссия. Сексен жылдан астам тарихы бар Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті осы игі жолда талай буынның тағдырына бағыт берген, қазақ қыздарының қанатын қатайтып, кәсіби әрі рухани тұрғыдан қалыптасуына жол ашқан қасиетті білім ордасы.
Бүгінде университет жаңа даму кезеңіне қадам басып, халықаралық серіктестікті нығайту, ғылыми әлеуетті арттыру, цифрлық трансформацияны жүзеге асыру және ұлттық құндылықтарды заман талабымен ұштастыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізуде. Осы орайда «Қазақ» газетінің тілшісі Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Бейбіткүл Сәрсемханқызы Кәрімовамен арнайы сұхбаттасып, білім мен ғылымның бүгіні мен болашағы, қыз тәрбиесі мен әйел көшбасшылығы, ұлттық құндылықтар, жасанды интеллект дәуіріндегі жоғары білімнің жаңа талаптары және университеттің стратегиялық даму бағыттары туралы әңгімелесті. Оқырман назарына ұлт болашағын тәрбиелеу жолындағы тағылым мен тәжірибеге толы мазмұнды сұхбатты ұсынамыз.

«Әке тәрбиесі мені жауапкершілікке баулыды»
– Бейбіткүл Сәрсемханқызы, әр адамның болмысын қалыптастыратын алтын бесігі – туған жері мен өскен ортасы. Сіздің балалық шағыңыз өткен мекен, отбасы тәрбиесі және өмірлік ұстанымдарыңыздың қалыптасуына ықпал еткен жандар туралы айтып берсеңіз.
– Адам ғұмырының іргетасы балалық шақта қаланады деп ойлаймын. Менің балалық шағым Алматы облысының Кеген ауданындағы қасиетті Шырғанақ ауылында өтті. Ұлттық құндылықтар мен дәстүрдің қаймағы бұзылмаған, үлкенге құрмет пен кішіге ізет көрсеткен ортада тәрбиелендім. Кейін оқуымды Райымбек ауданындағы Қарасаз ауылында жалғастырдым. Қазақ поэзиясының мұзбалағы Мұқағали Мақатаевтың туған топырағында білім алу да менің рухани қалыптасуыма ерекше әсер етті. Мен көпбалалы отбасында өстім. Біздің шаңырақтағы ең басты тәрбие – тәртіп пен еңбек болды. Ата-анамыз уақыттың қадірін білуді, жауапкершілікті сезінуді, бастаған істі соңына дейін жеткізуді үйретті. Әсіресе анамның тазалыққа, ұқыптылыққа, жинақылыққа баулыған тәрбиесі өмірлік дағдыма айналды. Кітапқа деген сүйіспеншілігім де сол балалық шақтан бастау алады. Әлі күнге дейін алтыншы сыныпта Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясын үлкен қызығушылықпен оқығаным есімде. Кітап менің дүниетанымымды кеңейтіп, ой көкжиегімді қалыптастырды.
Өмір жолымда ұстаздарымның орны ерекше. Сынып жетекшім Алевтина Андреевна мен ұстаздарым Әділжан Нөкеев және Жаңылсын апайдың берген білімі мен тәрбиесі менің тұлға болып қалыптасуыма зор ықпал етті. Олар бізге тек пән үйреткен жоқ, адам болуды, елге адал қызмет етуді, еңбекті қадірлеуді үйретті. Сондықтан бүгінгі жетістіктерімнің бастауы туған жерімнің қасиетінде, ата-анамның тәлімінде және ұстаздарымның тағылымында жатыр деп сеніммен айта аламын. Адамгершілік, еңбекқорлық, жауапкершілік пен тәртіп секілді өмірлік құндылықтарды бойыма сіңірген сол ортаға әрдайым алғысым шексіз.
Ұстаздықтан ректорлыққа дейінгі жол
– Сіз ұзақ жылдар бойы білім мен ғылым саласында еңбек етіп келесіз. Осы жолды таңдауыңызға не себеп болды? Ұстаздық қызметтен университет басшылығына дейінгі жолда қандай құндылықтар сізге бағыт-бағдар берді?
– Білім мен ғылым саласын таңдауым кездейсоқ қабылданған шешім емес, балалық шағымнан қалыптасқан өмірлік ұстанымдарымның заңды жалғасы деп білемін. Бала кезімнен кітаппен дос болып өстім. Біздің отбасымызда әр мереке тәрбие мектебі, әр жиын шығармашылық алаң болатын. Әкеміз бізді тек жақсы оқуға емес, ұйымдастыра білуге, жауапкершілік алуға, адамдармен тіл табысуға баулыды. Сол ортада көшбасшылық қасиет те, еңбекқорлық та, адамға жанашырлық та қалыптасты. Мектеп қабырғасынан бастап қоғамдық жұмыстардың бел ортасында жүрдім. Сынып старостасы, комсомол комитетінің төрайымы болдым. Кейін ойласам, ұйымдастырушылық қабілет пен басшылыққа бейімділік сол кезеңнен бастау алған екен. Ауылдағы мұқтаж отбасыларға көмектесіп, достарыммен бірге еріктілер жұмысын ұйымдастырғанымыз да адамға қызмет етудің, жақсылық жасаудың алғашқы сабақтары болды. Ұстаздық жолды таңдауыма да осы құндылықтар әсер етті деп ойлаймын. Ұстаз шәкіртке білім беріп қана қоймайды, оған өмірлік бағдар береді. Сондықтан бұл жол үлкен жауапкершілікті талап етеді.
Университет қабырғасында білім ала жүріп те белсенділігім тоқтаған жоқ. Студенттік жылдары жатақхана старостасы болдым, деканаттың жұмысына араластым, оқу үдерісінің қыр-сырын ерте меңгердім. Сол тәжірибе кейін кәсіби өміріме үлкен негіз қалады. Университетті тәмамдаған соң аспирантураға түсіп, оқытушылық қызметпен қатар басшылық жұмысты да қатар алып жүрдім. Осылайша менің еңбек жолымда ұстаздық пен басқарушылық қатар өрілді. Бұл жолда маған бағыт берген ең басты құндылықтар – адалдық, кәсібилік, үздіксіз ізденіс және адамдарға қызмет ету қағидаты болды. Адам өзін-өзі тоқтаусыз дамытып отырмаса, ешқандай биікке жете алмайды. Сондықтан мен кәсіби білімімді жетілдіруді ешқашан тоқтатқан емеспін. Осы ұстанымның арқасында АҚШ, Франция, Финляндия, Оңтүстік Корея, Ұлыбритания және Грекия сияқты елдерде тағылымдамалардан өтіп, халықаралық тәжірибемен танысуға мүмкіндік алдым.
Басшылық қызметте жүріп түсінген ең маңызды ақиқаттың бірі – лауазым адамның болмысын өзгертпеуі керек. Қызмет уақытша, ал адамдық қасиет мәңгілік. Сондықтан қай қызметте болсам да қарапайымдылықты, әділдікті және адамдарға құрметпен қарауды басты ұстанымым ретінде сақтап келемін. Мен үшін ұжымдағы әр адамның кәсіби өсуіне ықпал ету, оның жетістігіне бірге қуану басшы ретіндегі ең үлкен жетістік.
Бүгінде университетті тек білім беретін оқу орны ретінде емес, ғылым мен инновацияны, ұлттық құндылықтар мен заманауи ойлауды ұштастыратын зияткерлік орта ретінде дамытуға күш салып келеміз. Өйткені білімді ұрпақ – елдің ертеңі. Ал сол ертеңді қалыптастыру жолында адал еңбек ету – менің өмірлік мұратым.
– Қазір Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті жаңғыру кезеңін бастан өткеріп жатыр. Сіз ректор ретінде университеттің басты миссиясын қалай айқындайсыз? Қазіргі таңда жүзеге асып жатқан қандай стратегиялық жобаларды ерекше атап өтер едіңіз?
– Бүгінде Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті өзінің тарихындағы маңызды белестердің біріне қадам басты деп сеніммен айта аламын. Біз үшін жаңғыру тек инфрақұрылымды жаңарту немесе білім беру бағдарламаларын жетілдіру ғана емес. Бұл университеттің болашақтағы орнын қайта айқындау, оның қоғам алдындағы жауапкершілігін жаңа деңгейге көтеру деген сөз. Ректор ретінде мен университеттің басты миссиясын еліміздің және әлемнің игілігі үшін озық білім мен адамзаттық құндылықтарды қалыптастыратын, дамытатын әрі тарататын көшбасшы педагогтерді даярлау деп білемін. Өйткені педагог жай ғана маман емес, ол ұлттың ертеңін тәрбиелейтін тұлға. Сондықтан біздің міндетіміз білім берумен ғана шектелмей, өзгермелі әлем жағдайында жаңашыл ойлайтын, жауапкершілігі жоғары, кәсіби және адами қасиеттері үйлескен мамандарды тәрбиелеу.
Университеттің стратегиялық көзқарасы да осы мақсатпен сабақтас. Біз қарқынды өзгеріп жатқан жаһандық ортада өзгерістерді басқара алатын, жаңа идеяларды жүзеге асыра білетін педагогтерді даярлайтын зияткерлік платформа қалыптастыруды көздейміз. Бұл бағыттағы жұмыстарымыз 2023-2029 жылдарға арналған даму бағдарламасы аясында жүйелі түрде жүзеге асырылып жатыр. Бүгінде алдымызға үлкен мақсат қойдық – Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетін Орталық Азиядағы білім беру, ғылыми зерттеулер және ауыл мектептерін дамыту саласындағы инновациялық хабқа айналдыру. Бұл жолда біз білім сапасын арттыруға, ғылыми зерттеулерді дамытуға, студенттердің тұлғалық әлеуетін ашуға, цифрлық әрі инклюзивті экожүйе қалыптастыруға және әлемдік білім беру кеңістігіне терең кірігуге басымдық беріп келеміз.
Қазіргі таңда жүзеге асырылып жатқан стратегиялық жобалардың ішінде халықаралық стандарттарға сай білім беру бағдарламаларын жетілдіру мен академиялық сапаны арттыру бағытындағы жұмыстарды ерекше атап өтер едім. Өйткені бүгінгі студент ертең жаһандық еңбек нарығында бәсекеге қабілетті болуы тиіс. Ғылым саласында да маңызды бастамалар қолға алынуда. Халықаралық әріптестермен бірлескен зерттеу жобалары жүзеге асырылып, ғылыми орталықтардың әлеуеті күшейтіліп жатыр. Соның ішінде Horizon Europe бағдарламасы аясында әлемнің он мемлекетінің ғалымдарымен бірлесіп жүзеге асырылып жатқан HUMAN-AI халықаралық жобасы біздің ғылыми қауымдастықтың әлемдік деңгейдегі зерттеулерге белсенді қатысып отырғанының айқын дәлелі. Цифрлық трансформация да университет дамуының негізгі бағыттарының біріне айналды. Біз білім беру мен басқару жүйесіне заманауи технологияларды енгізу арқылы «Smart University» моделін қалыптастырып келеміз. Бұл тек цифрландыру емес, бұл университет мәдениетін, басқару тәсілдерін және білім беру философиясын жаңғырту үдерісі.
Сонымен қатар, студенттердің кәсіби және тұлғалық дамуына ерекше көңіл бөліп жатырмыз. Бүгінгі жастар тек сапалы білім алып қана қоймай, көшбасшылық қасиеттерін дамытып, әлеуметтік жауапкершілікті сезінетін, бастамашыл әрі шығармашыл азамат болып қалыптасуы қажет. Сондықтан тәжірибелік даярлықты күшейтуге, академиялық ұтқырлықты кеңейтуге, стартап жобаларды қолдауға және әлеуметтік бастамаларды дамытуға басымдық беріп отырмыз. Ғылым нәтижелерін нақты өндіріске енгізу де біздің маңызды міндетіміздің бірі. Осы бағыттағы табысты жобалардың бірі – қазақ тілін онлайн форматта оқытуға арналған «TuraTalk» платформасы. Бұл жоба ғылым мен технологияның, ұлттық құндылық пен заманауи мүмкіндіктің тоғысқан жарқын үлгісі деп есептеймін. Өйткені, университеттің жетістігі елдің интеллектуалдық әлеуетінің өсуі, ал сапалы білім мен саналы тәрбие – мемлекеттің болашағына салынған ең құнды инвестиция.


Қыздар университетінің жаңа кезеңі
– Университеттің негізгі капиталы – білім алушы жастар. Қыздар университетінде студенттердің кәсіби дамуы, көшбасшылық қасиеттерін қалыптастыруы және еңбек нарығына бейімделуі үшін қандай нақты жұмыстар атқарылып жатыр?
– Әрине, кез келген университеттің ең басты байлығы да, ең үлкен капиталы да оның студенттері. Өйткені бүгінгі білім алушы жастар ертеңгі елдің зияткерлік әлеуетін қалыптастыратын мамандар, қоғамның қозғаушы күші және мемлекеттің болашағын айқындайтын тұлғалар. Сондықтан Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде студенттерге тек сапалы білім берумен шектелмейміз. Біздің басты мақсатымыз – кәсіби біліктілігі жоғары, көшбасшылық қабілеті қалыптасқан, қоғамдық жауапкершілікті терең сезінетін және жаһандық өзгерістерге бейім жаңа буын мамандарын тәрбиелеу. Бүгінде университетте 12 мыңнан астам студент білім алып жатыр. Олардың әрқайсысының қабілетін ашуға, кәсіби және тұлғалық тұрғыдан дамуына мүмкіндік беретін кешенді білім беру ортасы қалыптасқан. Біз үшін ең маңыздысы диплом беру емес, өмірде өз орнын таба алатын, еңбек нарығында сұранысқа ие маман даярлау. Осы мақсатта білім беру бағдарламалары еңбек нарығының заманауи талаптарына сәйкес тұрақты түрде жаңартылып келеді. Теориялық білім мен практикалық тәжірибенің өзара сабақтастығына ерекше мән беріледі. Себебі, бүгінгі жұмыс беруші тек білімді ғана емес, нақты дағдыларды меңгерген, кәсіби ортаға тез бейімделе алатын мамандарды күтеді.
Студенттердің тәжірибелік даярлығын күшейту мақсатында университеттің 278 білім беру ұйымымен серіктестігі жолға қойылған. Олардың қатарында Назарбаев Зияткерлік мектептері, Білім-инновация лицейлері, Республикалық физика-математика мектептері және BINOM мектептері секілді еліміздің жетекші білім беру ұйымдары бар. Биылдың өзінде 2500-ден астам студент кәсіби практикадан өтіп, болашақ мамандығының қыр-сырын тәжірибе жүзінде меңгеруге мүмкіндік алды.
Білім мен тәжірибенің үйлесімі қаншалықты маңызды болса, көшбасшылық қасиеттерді қалыптастыру да соншалықты өзекті. Сондықтан университетте студенттердің өзін-өзі басқару жүйесіне ерекше көңіл бөлінеді. Қазір 19 студенттік ұйым мен 13 спорт секциясы жұмыс істейді. Бұл ұйымдар жастардың бастамаларын қолдауға, ұйымдастырушылық қабілеттерін дамытуға және қоғамдық белсенділігін арттыруға ықпал етеді. Соңғы үш жылда студенттердің бастамасымен және қатысуымен 130-дан астам жастар жобасы жүзеге асырылып, 5 мыңнан астам мәдени, әлеуметтік, ғылыми және қоғамдық іс-шара ұйымдастырылды. «JUREKTEN JUREKKE», «Жақсылықпен бөліс», «Таза Қазақстан», «Қалайсың, студент?» секілді жобалар жастардың бойында жанашырлық, азаматтық жауапкершілік және қоғамдық белсенділік мәдениетін қалыптастыруға қызмет етіп келеді.
Жастардан тек кәсіби білім ғана емес, инновациялық ойлау мен кәсіпкерлік дағдылар да талап етеді. Осыған байланысты университет жанынан құрылған «Digital Lady» технопаркі мен стартап экожүйесі студенттердің тың идеяларын жүзеге асыруға мүмкіндік беретін маңызды алаңға айналды. Бүгінде студенттердің қатысуымен ақпараттық технологиялар, туризм және әлеуметтік кәсіпкерлік бағыттарында бірнеше табысты стартап-жобалар дамып келеді. Бұл жастардың шығармашылық әлеуетін арттырып қана қоймай, олардың болашақта жаңа жұмыс орындарын құратын бастамашыл тұлға болып қалыптасуына жол ашады.
Еңбек нарығына бейімдеу мәселесі де біздің стратегиялық басымдықтарымыздың бірі болып қала береді. Университет пен жұмыс берушілер арасындағы байланысты нығайту, кәсіби тәжірибені жетілдіру және мансаптық қолдау көрсету бағытындағы жұмыстар өз нәтижесін беріп жатыр. Қазір түлектеріміздің жұмысқа орналасу көрсеткіші 90 пайызға жетті. Бұл университетте берілетін білім сапасының, даярланатын мамандардың кәсіби деңгейінің және жұмыс берушілердің біздің түлектерге деген сенімінің нақты көрсеткіші. Меніңше, бүгінгі жоғары оқу орнының басты міндеті тек диплом иесін даярлау емес. Университет қабырғасынан қоғамға жауапкершілікпен қарайтын, ұлттық құндылықтарды құрметтейтін, сыни ойлай білетін, кәсіби құзыреттілігі жоғары әрі көшбасшылық қасиеті қалыптасқан тұлға шығуы керек. Біз дәл осындай білімді де білікті, жаңашыл әрі жауапты жас буынды тәрбиелеуді өзіміздің басты миссиямыз деп есептейміз.
«Біздің мақсат – Орталық Азияның академиялық хабына айналу»
– Ғылым мен инновация қазіргі жоғары білімнің басты өлшемдерінің біріне айналды. Университеттің ғылыми әлеуетін арттыру, халықаралық әріптестікті кеңейту және жас ғалымдарды қолдау бағытында қандай нәтижелерге қол жеткіздіңіздер?
– Бүгінде ғылым мен инновация жоғары оқу орнының бәсекеге қабілеттілігін айқындайтын басты көрсеткіштердің бірі. Сондықтан біз Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетін тек білім беретін мекеме ретінде емес, жаңа идеялар мен тың зерттеулердің, ғылыми жаңалықтар мен инновациялық шешімдердің орталығы ретінде дамытуға ерекше мән беріп келеміз.
Соңғы жылдары университеттің ғылыми әлеуетін арттыру, халықаралық байланыстарды кеңейту және жас ғалымдарды қолдау бағытында ауқымды жұмыстар жүзеге асырылды. Бүгінде университет әлемнің 23 еліндегі 83 жоғары оқу орны және ғылыми-зерттеу орталықтарымен серіктестік орнатқан. Бұл көрсеткіш біздің халықаралық академиялық кеңістіктегі орнымыздың нығайып келе жатқанын аңғартады. Тек соңғы бір жылдың өзінде 13 жаңа ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылып, ғылыми-зерттеу жұмыстарына Хирш индексі жоғары 35 шетелдік ғалым тартылды. Біз әлемдік білім мен ғылым кеңістігіндегі беделді серіктестермен нәтижелі жұмыс жүргізудеміз. Атап айтқанда, Michigan State University, The Education University of Hong Kong, University of Sussex және University of Reading секілді жетекші жоғары оқу орындарымен бірлескен жобалар жүзеге асырылуда. Алдағы уақытта қос дипломды және бірлескен білім беру бағдарламаларын іске қосу арқылы бұл ынтымақтастық жаңа деңгейге көтеріледі деп сенеміз.
Қазіргі таңда ғылымдағы ең өзекті бағыттардың бірі – жасанды интеллект технологиялары. Осы тұрғыда Horizon Europe бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан HUMAN-AI халықаралық жобасының маңызы ерекше. Бұл жоба жоғары білім беру жүйесінде жасанды интеллектіні этикалық әрі адамға бағдарланған қағидаттар негізінде қолданудың жаңа моделін қалыптастыруға бағытталған. Біз үшін технологиялық даму ең алдымен адам мүддесіне қызмет етуі тиіс.
Университеттің ғылыми-инновациялық экожүйесі де қарқынды дамып келеді. Бүгінде оқу орнында Coding School, Apple Lab, 3D модельдеу зертханасы, биотехнология зертханасы, рентген-фазалық талдау орталығы, жаңа материалдарды синтездеу зертханасы және басқа да мамандандырылған ғылыми орталықтар жұмыс істейді. Сонымен қатар, шығармашылық студиялар, астрономия, дыбыс жазу және керамика зертханалары студенттердің ғылыми әрі шығармашылық әлеуетін дамытуға кең мүмкіндік беріп отыр.
Ғылымның дамуы ең алдымен адам капиталына байланысты. Сондықтан біз профессор-оқытушылар құрамын нығайтуға ерекше көңіл бөлеміз. Егер 2023-2024 оқу жылында университетте 435 штаттық оқытушы еңбек етсе, бүгінде олардың саны 569-ға жетті. Орташа жас көрсеткішінің 47 жасты құрауы – тәжірибе мен жаңашылдықтың, қалыптасқан ғылыми мектеп пен жас ғалымдардың үйлесімді сабақтастығының көрінісі.
Соңғы жылдары университеттің ғылыми өнімділігі де айтарлықтай өсті. Мәселен, халықаралық Scopus деректер базасындағы жарияланымдар саны 2021 жылғы 65 мақаладан 2025 жылы 139 мақалаға дейін артты. Ал 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында тағы 66 ғылыми мақала жарық көрді. Web of Science базасындағы жарияланымдар саны да екі есеге жуық өсіп, 35-тен 71-ге дейін жетті. Бұл біздің ғалымдардың әлемдік ғылыми қауымдастықтағы белсенділігінің артып келе жатқанын көрсетеді.
Ғылыми басылымдар саласында да жаңа бастамалар қолға алынуда. Қолданыстағы «Central Asian Educational Studies» халықаралық ғылыми журналының қатарын 2026 жылдан бастап филология, әлеуметтану, жасанды интеллект және STEM-білім беру бағыттарындағы жаңа ғылыми журналдар толықтырмақ. Бұл университет ғалымдарының зерттеу нәтижелерін халықаралық деңгейде танытуға жаңа мүмкіндіктер ашады. Ғылыми гранттар мен халықаралық жобаларға қатысу көрсеткіштері де тұрақты өсіп келеді. Қазіргі таңда университетте 2024-2026 және 2025-2027 жылдарға арналған сегіз ірі ғылыми жоба жүзеге асырылуда. Ғылыми зерттеулерді қаржыландыру көлемі соңғы екі жылда екі еседен астам өсіп, 162 миллион теңгеден 362 миллион теңгеге дейін жетті.
«Біз маман ғана емес, ана мен көшбасшы тәрбиелейміз»
– Қазақ қыздарының білім алуы мен кәсіби дамуына жол ашқан қарашаңырақтың басшысы ретінде, қазіргі қазақ қызының келбетін қалай сипаттар едіңіз? Қыз тәрбиесі мен әйел көшбасшылығы мәселесінде университеттің ұстанымы қандай?
– Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті үшін қыз тәрбиесі жай ғана білім беру үдерісінің бір бөлігі емес, ұлт болашағына салынған инвестиция. Өйткені, біз педагог маман ғана емес, ертеңгі ана, жар, қоғам қайраткері, көшбасшы тұлға тәрбиелеп отырғанымызды терең түсінеміз. Менің ойымша, қазіргі қазақ қызы білімді, бәсекеге қабілетті, әлемдік үрдістерді меңгерген, сонымен бірге ұлттық болмысын жоғалтпаған тұлға болуы тиіс. Заманауи технологияларды игеріп, бірнеше тілде сөйлей алатын қыз өз халқының мәдениетін, әдебиетін, тарихын және рухани құндылықтарын да қадірлей білуі керек. Осы мақсатта университетте «Парасат мектебін» жаңғырту жұмысын қолға алып жатырмыз. Оның басты мақсаты – қыздардың бойына білім мен парасатты, талғам мен тәрбиені, мәдениет пен жауапкершілікті қатар сіңіру. Біз студенттеріміздің тек кәсіби тұрғыдан емес, рухани және тұлғалық жағынан да кемелденуіне ерекше мән береміз. Қыздар университетінің басты ерекшелігі де осында деп ойлаймын. Біз білімді маман ғана емес, ұлттық құндылықтарды құрметтейтін, өзіндік талғамы қалыптасқан, қоғам алдындағы жауапкершілігін сезінетін әрі көшбасшылық қасиеті жоғары қазақ қызын тәрбиелеуді басты міндетіміз деп санаймыз. Егер университет қабырғасынан осындай жан-жақты тұлға қалыптасып шықса, біз өз миссиямызды толық орындадық деп есептеймін.
– Көпшілік Сізді тәжірибелі басшы, ғалым ретінде таниды. Ал қызметтен тыс уақытта Бейбіткүл Сәрсемханқызы қандай жан? Өмірлік ұстанымыңызға айналған тағылым немесе жастық шағыңыздан бері жүрегіңізде сақталған құндылық туралы айтып берсеңіз.
– Қызметтен тыс Бейбіткүл Сәрсемханқызы ең алдымен жауапкершілікті өмірлік ұстанымына айналдырған жан. Мен үшін жұмыс пен өмірді бөліп қарау қиын. Себебі, білім саласында еңбек ету бір адамның емес, тұтас ұрпақтың тағдырына әсер ету деген сөз. Сондықтан уақытымның басым бөлігі жұмысқа арналса да, адамдардың жетістігін көру, олардың өсуіне ықпал ету мен үшін ең үлкен марапат. Өмірдегі басты қағидаларымның бірі – жақсылық жасаған адамды ешқашан ұмытпау. Адамның саған сенім артып, қолдау көрсеткен сәттерін жадыңда сақтау адамдықтың белгісі деп есептеймін. Кейде сол кісілерге хабарласа алмай, уақыт таппай қалсам, өзімді өзім кінәлап жататыным да бар.
Мен өзіме өте талапшылмын. Кейде аз ғана уақыт демалып қалсам да, «тағы не тындыруға болар еді?» деп өз-өзіме есеп беремін. Бірақ дәл осы талапшылдық мені алға жетелеп келеді деп ойлаймын. Ал жүрегіме жақын дүниелердің бірі – отбасы. Бауырларымның, балаларым мен немерелерімнің жанынан табылуға тырысамын. Үйдің тазалығы мен тәртібін жақсы көремін. Кітап оқуға ерекше ықыласым бар, әсіресе адам тағдыры мен өмір шындығын баяндайтын шығармалар мен нақты оқиғаларға негізделген фильмдерді қызыға қараймын. Мен үшін өмірдің мәні адамдарға пайдаңды тигізу, жақсылықты ұмытпау және әр күнді бос өткізбей, өзіңді де, айналаңды да жақсы жаққа өзгертуге ұмтылу.
«Мен үшін ең үлкен байлық – адамдардың жетістігі»
– Сізді шабыттандыратын өмірлік қағидалар қандай? Бүгінгі қазақ қыздарына және болашақ ұстаздарға қандай тілек айтар едіңіз?
– Мені шабыттандыратын ең үлкен құндылықтар адамға деген сенім, мейірім және адал еңбек. Қандай заман болса да, технология қаншалықты дамыса да, адамды адам ететін қасиеттер өзгермейді. Ол жүректегі жылу, әділдік, жауапкершілік және айналаңа жақсылық жасай білу. Өмір маған бір ақиқатты үйретті: кәсібилік тәжірибемен келеді, ал адамгершілік тәрбиемен қалыптасады. Сондықтан мен әрқашан адамдардың бойынан жақсы қасиетті көруге тырысамын. Біреудің қателігін бетіне басудан бұрын, оған түзелуге мүмкіндік беру маңызды деп есептеймін. Кешіре білу де үлкен рухани күштің белгісі. Өйткені реніш адамды әлсіретсе, кешірім адамды биіктетеді.
Бүгінгі қазақ қыздарына айтарым білімге ұмтылыңыздар, өз болмыстарыңызды жоғалтпаңыздар. Әлемдік деңгейде ойлайтын, бірақ ұлттық құндылықтарды жүрегінде сақтайтын тұлға болыңыздар. Өздеріңізге сеніңіздер, биік мақсаттар қойыңыздар және сол мақсатқа жетуден қорықпаңыздар. Қазіргі қоғамға білімді ғана емес, парасаты биік, мәдениеті жоғары, жан дүниесі бай қыздар қажет. Ал болашақ ұстаздарға айтар тілегім шәкірттің жүрегіне жол таба біліңіздер. Ұстаздық тек білім беру емес, адам тәрбиелеу өнері. Ертең сіздердің сөздеріңізден, көзқарастарыңыздан, өнегелеріңізден тұтас бір ұрпақ қалыптасады. Сондықтан үздіксіз ізденуден жалықпаңыздар, өздеріңіз де үнемі өсіп отырыңыздар. Сонда ғана сіз тәрбиелеген шәкірттер елдің ертеңін жарқын ете алады. Мен жастардың бойынан үміт көремін. Сол үміттің ақталуы үшін білім мен тәрбие қатар жүруі керек. Өйткені білім адамды биікке көтерсе, тәрбие сол биікте қалуға үйретеді.
– Бейбіткүл Сәрсемханқызы, ашық әңгімеңізге алғыс білдіремін.
Сұхбаттасқан: Индира БІРЖАНСАЛ












