Ғылым ордасының өкілі Индонезиядағы ЮНЕСКО семинарына қатысты

0
67

2026 жылғы 13-16 қазан аралығында Индонезияның Джакарта қаласында құжаттық мұраны сақтау және насихаттау мәселелеріне арналған ЮНЕСКО-ның «Әлем жады» халықаралық оқу семинары өтті. Халықаралық іс-шараға Азия-Тынық мұхиты аймағындағы 16 елден 29 өкіл мен бақылаушы қатысты.

Қазақстан атынан семинарға Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының Ақпараттық ресурстар қызметінің басшысы Толқын Замзаева және «Ғылым ордасы» РМК Орталық ғылыми кітапханасының Сирек кітаптар, қолжазбалар және ұлттық әдебиет кітапхана-музей бөлімінің қор сақтаушысы Тимур Талғат қатысты.

Семинар бағдарламасы халықаралық сарапшылардың дәрістері мен тәжірибелік сабақтарын қамтыды. Қатысушылар құжаттық мұраны сақтаудың заманауи тәсілдерімен, номинациялық өтінімдерді әзірлеу тәртібімен және құжаттарды ЮНЕСКО-ның «Әлем жады» халықаралық тізіліміне ұсыну талаптарымен танысты. Сонымен қатар құжаттық мұраны қорғау, оны халықаралық деңгейде таныту және сақтау саласындағы озық тәжірибелерді талқылады.

Семинар барысында қатысушы елдердің ұлттық жобалары мен құжаттық мұраны сақтау бағытындағы тәжірибелеріне ерекше назар аударылды. Қазақстандық делегаттар да елімізде құжаттық мұраны сақтау мен насихаттауға бағытталған отандық жобаларды таныстырып, халықаралық сарапшылармен тәжірибе алмасты.

Халықаралық семинар Қазақстан өкілдеріне құжаттық мұраны сақтау саласындағы білімдерін жетілдіруге, халықаралық тәжірибемен танысуға және осы бағыттағы кәсіби ынтымақтастықты нығайтуға мүмкіндік берді.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here