Уақыттың өзі өшіре алмаған тарих болады. Ол кейде көне қорғандардың астында, тау мен даланың қойнауында, ал кейде қарапайым ғана тасқа қашалған таңбалардың арасында сақталады. Ғасырлар бойы үнсіз жатқан сол жәдігерлердің әрқайсысы өткен дәуірдің бізге қалдырған аманаты іспетті. Олардың бойында бір халықтың тұрмыс-тіршілігі ғана емес, елдігі, дүниетанымы, мәдениеті мен тарихи жадының іздері жатады. Осындай сырлы мұралардың бірі – Қарқара өңірінен табылған көне жазба ескерткіш.
Қарқара – табиғаты көркем, тарихы қатпарлы, талай кезеңнің куәсі болған қасиетті мекен. Ыстықкөлдің шығыс шеті мен Іле өзенінің аралығында, шамамен екі орта тұста Қарқара өзені ағып жатыр. Бұл өлке бір кездері әйгілі жәрмеңкесімен танылып, жаз айларында саудагерлер мен алыс-жақыннан келген жұрттың басын қосқан. Алайда Қарқараның тарихы сауда-саттық пен жәрмеңке дәуірінен әлдеқайда тереңде жатыр. Оның кең даласы мен тау бөктері ежелгі өркениеттердің, көне тайпалардың өмір сүрген кезеңдерінен сыр шертеді.
Сол сырдың бір парасы бұрынғы «Қарқара» кеңшарының егістік алқабынан табылған тас мүсінмен байланысты. Биіктігі 190 сантиметр болатын бұл ескерткіш алғаш қарағанда өзгелерден ерекше көзге түсе қоймағанымен, оның бойында тұтас бір тарихи жұмбақ жасырынған еді. Басы жоқ, бір бүйіріне қарай қисайған тас мүсін 1964–1966 жылдары зерттеушілердің назарын аударды. Алғашқы зерттеу барысында оның сол жақ қапталында қандай да бір таңбалардың бар екені байқалған. Бірақ жазудың толық мазмұнын анықтау үшін мүсінді бастапқы қалпына келтіру қажет болды.
1965 жылы ескерткіш қайтадан тік тұрғызылып, беткі қабаты тазартылған кезде күтпеген жаңалық ашылды. Топырақ астында ұзақ уақыт бойы жасырын жатқан жазу анық көрініп, зерттеушілердің алдына 13 әріптен тұратын көне мәтін шықты. Бір қарағанда қарапайым таңбалар болып көрінетін бұл жазу Қарқара даласының тарихын мүлде басқа қырынан тануға мүмкіндік берді. Өйткені ол – өткен дәуірден қалған жай белгі емес, өз заманының тілін, танымын және тарихи түсінігін бойына сақтаған жазба мұра.
Сұрғылт граниттен тұтас қашалып жасалған мүсіннің бассыз күйдегі биіктігі – 190 сантиметр, ені – 64 сантиметр, қалыңдығы – 36 сантиметр. Жүзі шығысқа қаратылған. Бейнесіне қиғаш жағалы шапан кигізіліп, беліне өңделген былғарыдан жасалған кісе белбеу буылған. Белбеудің оң жағында ұсақ-түйек заттарға арналған «қантарғы» қалта, пышақ қыны, су құятын құты және жебе салатын қорамсақ бейнеленген. Қорамсақтың биіктігі – 23 сантиметр, ені – 5 сантиметр. Сол жағында күнделікті тұрмысқа қажетті үш шағын бұйым мен сынған палаш ілулі тұр. Ал палаштың төменгі тұсында, шапанның етегіне көне жазу қашалған.
Мүсіннің оң қолы шынтағынан бүгіліп, қыш тостаған ұстаған, сол қолында палаштың сабы бейнеленген. Қол саусақтарының бедері анық көрінеді. Аяқтары сәл бүгіліп, малдас құрып отырған қалыпта айқастырылған. Аяғына биік өкшелі, кестеленген, тұмсығы үшкір әрі жоғары қайырылған етік киген. Арқа тұсында үш өрімнен өрілген тоғыз бұрым бейнеленіп, олардың ұштары буылған күйде белден төмен қарай түсіп тұр.
Дегенмен ескерткіштің тарихындағы ең өкінішті жайттардың бірі – оның бас бөлігінің сақталмауы. «Қарқара» кеңшарының қызметкерлері Т.Машеев, А.Үсенов, Садвақасов және өзге де тұрғындардың мәліметтері бойынша, мүсінді егістік алқабынан трактормен сүйреп шығаруға әрекеттенген кезде басы үзіліп кеткен. Оны қисайған жағына қарай екі металл арқанмен тарту барысында бас бөлігі денесінен ажырап, сол жерде қалған.
Бұл оқиғадан хабардар болған осы маңнан екі шақырымдай жерде тұратын жасы үлкен әйел кеңшар жұмысшыларының көмегімен жерде жатқан мүсіннің басын алып кетіп, оны киелі зат ретінде жерлеген. Алайда жерленген орнын ешкімге айтпай, құпия сақтаған. Ал сол жерді білетін жұмысшылар кейіннен бұл өңірден көшіп кеткен. Осылайша, ескерткіштің бас бөлігі жоғалып, оның антропологиялық ерекшеліктерін анықтау мүмкіндігі шектелген. Зерттеуші мүсіннің бейнелену сипаты мен осы маңнан табылған өзге де ұқсас ескерткіштерге сүйене отырып, оны моңғолоидтық нәсілдік типке жататын адам бейнесінде жасалған деп болжайды.
Алайда мүсіннің басы жоғалғанымен, оның бойындағы ең маңызды тарихи белгі – жазуы сақталып қалған. Зерттеушінің оқуы бойынша, тасқа қашалған мәтін «Каған алты боріг алаш(а) ерті» деп беріледі. Оның мағынасы «Алты таңбалы елдің қағаны Алаш(а) болды» немесе «Алаш(а) алты тайпаның ұлы қағаны болды» деген мазмұнды білдіреді.
Кеген жазбасының құпиясын ашуға ұмтылған зерттеуші оның пайда болу уақытын ғұндар дәуірінен де арғы кезеңмен байланыстырып, б.з.д. IV ғасырға дейінгі уақытқа жатқызады. Бұл – жай ғана мерзім белгілеу емес, тасқа қашалған таңбалардың ар жағынан тұтас бір дәуірдің тынысын тануға жасалған талпыныс. Зерттеуші өз болжамын көне тілдік қолданыстарға, таңбалардың ерекшеліктеріне және түркі халықтарының жадында сақталған аңыздарға сүйеніп негіздейді. Әсіресе Алаш немесе Алаша қаған есімінің шығыс және қытай жылнамаларында кездеспеуі оның назарын аударған. Осыған байланысты ол аталған тұлға жазба деректерде көрініс тапқан кейінгі кезеңдерден әлдеқайда ертерек өмір сүрген болуы мүмкін деген пікір ұсынады.
Бір қызығы, Алаш(а) қаған есімі бір ғана халықтың шежіресінде емес, қазақ, қырғыз, қарақалпақ, башқұрт, өзбек және түрікмен жұртының аңыздарында да ұшырасады. Ғасырлар бойы ауыздан ауызға көшіп, ұрпақ жадында сақталған бұл әңгімелер көне тайпалардың өзара байланысы мен ортақ тарихи кеңістігі туралы ойға жетелейді. Зерттеуші де осы сабақтастыққа назар аударып, Алаш(а) қаған билік құрған кезеңде оғыз тобына жататын кейбір тайпалар оның билігіне қарауы мүмкін деген болжам айтады. Халық арасында айтылатын «Алаш, алаш болғанда, Алаша хан болғанда» деген көне тіркес те осы тарихи жадтың бір үзігіндей әсер қалдырады. Бәлкім, бұл сөздің астарында уақыт көмескілеткен дәуірлердің ізі, ұрпақтан ұрпаққа жеткен тарихи таным жатқан болар.
Ескерткіштегі жазу – көне дәуірдің тілдік болмысын танытатын айрықша дерек. Зерттеуші «бөріг» сөзін қазіргі «бөрі» атауымен, ал «ерті» тұлғасын «ерді» сөзімен сабақтастырады. Сөз құрамындағы осындай өзгерістерге назар аудара отырып, жазудың тілдік сипаты мен тарихи кезеңін айқындауға ұмтылады.
Зерттеушінің пайымдауынша, «алты бөріг» тіркесі көне түркі аңыздарындағы «алты алаш» ұғымымен өзектес болуы ықтимал. Бұл атаудың астарынан ежелгі тайпалардың өзара бірлігі мен тарихи байланысын тануға болады. Сондай-ақ Іле аңғарының байырғы түркі бірлестігінің саяси орталығы болуы мүмкін деген болжам да назар аудартады. Мұндай тұжырымдар Кеген жазбасының тарихи маңызын кеңірек пайымдауға жол ашады.
Қарқара ескерткішінің құндылығы – оның тасқа қашалған тұлғасында ғана емес, тұла бойына тұнған тарихында. Киім үлгісі, қару-жарағы, тұрмыстық бұйымдары мен он үш таңбалы жазуы – көне дәуірдің тынысын бүгінге жеткізген үнсіз шежіре. Әрбір бедер мен таңбаның астарында бір кезеңнің өмір салты, халықтың дүниетанымы мен мәдени болмысы бедерленген.
Кезінде егістік топырағының астында қалып, уақыт қойнауына жасырынған тас мүсіннің қайта табылуы – тарихтың жоғалған парағын қайта ашқандай әсер қалдырады. Ғасырлар бойы үнсіз жатқан он үш таңба бүгінгі ұрпаққа көне заманның жұмбағын аманат еткендей. Оның әр сызығы – зерттеуді, әр бедері – зерделеуді қажет ететін сырлы шежіре.
Осындай жәдігерлердің қадірін танытып, тарихпен қауыштыруда Кеген аудандық тарихи-өлкетану музейінің орны айрықша. Музей – өткеннің мұрасын сақтайтын орын ғана емес, тасқа таңбаланған тарихқа тіл бітіріп, оны ұрпақ санасына жеткізетін рухани кеңістік. Кеген жазбасы да – туған өлкенің терең тамырын танытатын, әлі де талай зерттеуге арқау болар құнды мұра. Тарих кейде кітап бетінде емес, үнсіз жатқан тастың кеудесінде сақталады. Сол тастың сырын ұғып, өткеннің өнегесін келешекке жеткізу – бүгінгі ұрпақтың парызы. Себебі тасқа қашалған таңба өшкенімен, оның тарихы өшпеуі керек.
Нұрланқызы Дариға,
Кеген аудандық тарихи-өлкентану музейінің
экскурсия жетекшісі








