Адам денсаулығы – баға жетпес байлық. Алайда күнделікті күйбең тіршіліктің арасында соған жауапкершілікпен қарауды кейінге ысырып жататынымыз жасырын емес. Дұрыс тамақтанбау, қозғалыстың аздығы, артық салмақ пен ұйқының бұзылуы уақыт өте келе түрлі аурудың өршуіне себеп болуы мүмкін. Соның бірі – қант диабеті. Бүгінде әлем жұртшылығын алаңдатып отырған бұл созылмалы дерт Қазақстанда да кең таралып келеді.

14 қараша – Дүниежүзілік қант диабетімен күрес күні. Бұл күннің басты мақсаты – қоғам назарын аурудың алдын алуға, оның салдары мен қауіп-қатеріне аудару. Себебі қант диабеті бір күнде пайда болмайды. Оның белгілері жылдар бойы байқалмай, адам өз бойындағы өзгерістерді аңғармай жүруі мүмкін. Қазақстанда соңғы бір жылдың өзінде 45 мың адамнан қант диабеті анықталған. Ал осы диагнозбен медициналық есепте тұрған науқастардың жалпы саны 580 мыңнан асып отыр. Бұл – алаңдатарлық көрсеткіш. Әсіресе аурудың бастапқы кезеңде білінбей дамитыны оның қауіптілігін арттыра түседі.
Қант диабеті асқынған жағдайда көру қабілетінің төмендеуіне, бүйрек жеткіліксіздігіне, инфаркт пен инсультке дейін әкелуі мүмкін. Сондықтан ауруды асқындырмай, оның алдын алу – бүгінгі күннің маңызды міндеттерінің бірі. Мамандардың айтуынша, 2-типті қант диабетінің даму қаупін арттыратын негізгі факторлардың бірі – артық дене салмағы. Дегенмен бұл қауіптің алдын алуға болады. Ол үшін өмір салтын өзгертіп, күнделікті дағдыларға денсаулықты сақтауға бағытталған қарапайым әдеттерді енгізу қажет. Осы орайда Almaty Resort шипажайының жоғары санатты дәрігер-эндокринологы Дильбара Досалиева Жақсыбекқызы қант диабетінің даму қаупін төмендетуге көмектесетін бес маңызды кеңесімен бөлісті.
Бірінші, дене салмағын бақылауда ұстаңыз. Артық салмақ – 2-типті қант диабетінің даму қаупін арттыратын басты факторлардың бірі. Дене салмағының шамадан тыс көбеюі ағзадағы зат алмасу үдерісіне әсер етіп, инсулиннің тиімді жұмыс істеуіне кедергі келтіруі мүмкін. Маманның пікірінше, артық салмағы бар адамдар үшін дене салмағын небәрі 5–7 пайызға төмендетудің өзі қант диабетінің даму қаупін айтарлықтай азайтуға ықпал етеді. Алайда бұл нәтижеге жету үшін өзін қатаң диетамен шектеудің қажеті жоқ. Ең тиімді жолы – тамақтану тәртібін біртіндеп өзгертіп, күнделікті өмір салтына пайдалы дағдыларды қалыптастыру.
Екінші, қозғалысты өмір салтының ажырамас бөлігіне айналдырыңыз. Қозғалыс денсаулық кепілі. Тұрақты дене белсенділігі ағзаның глюкозаны тиімді пайдалануына, қандағы қант деңгейінің қалыпты сақталуына көмектеседі. Бұл үшін міндетті түрде спорт залында сағаттап жаттығу немесе ауыр физикалық жүктемеге түсу шарт емес. Күнделікті жаяу серуендеу, жүзу, велосипед тебу секілді өзіңізге қолайлы белсенділіктің кез келген түрін таңдауға болады. Ең бастысы – қозғалыстың үздіксіздігін сақтау. Аз-аздан басталған пайдалы әдет уақыт өте келе өмір салтына айналады.
Үшінші, дұрыс тамақтануды әдетке айналдырыңыз. Денсаулықты сақтауда күнделікті ас мәзірінің орны ерекше. Ағзаға қажетті қоректік заттарды жеткілікті мөлшерде қабылдау зат алмасу үдерісінің қалыпты жүруіне ықпал етеді. Сондықтан күнделікті тағам рационында көкөністерге, тұтас дәнді дақылдардан әзірленген өнімдерге, балыққа, майы аз етке және пайдалы майларға басымдық берген жөн. Ал тәттілерді, қант қосылған сусындарды, фастфудты және құрамында қанты көп өнімдерді тұтынуды шектеу маңызды.
Мұндағы негізгі қағида – белгілі бір тағамнан мүлде бас тарту емес, тамақтану мәдениетін қалыптастыру. Ас мәзірі теңгерімді, ал тамақтану тәртібі тұрақты болғаны абзал.
Төртінші, қандағы қант деңгейін уақытылы тексеріңіз. Қант диабетінің ең күрделі тұстарының бірі – бастапқы кезеңде айқын белгілерінің болмауы. Сондықтан шөлдеу, жиі зәр шығару немесе әлсіздік секілді белгілердің пайда болуын күтіп отыруға болмайды. Әсіресе артық салмағы бар, тұқым қуалайтын бейімділігі байқалатын және өзге де қауіп факторлары кездесетін адамдар медициналық тексеруден жүйелі түрде өтіп тұрғаны жөн. Қандағы қант деңгейімен қатар қан қысымы мен холестерин көрсеткіштерін де бақылау маңызды. Бұл зат алмасу жүйесіндегі өзгерістерді дер кезінде анықтауға мүмкіндік береді.
Бесінші, толыққанды ұйқы мен тынығуға мән беріңіз. Көп жағдайда аурудың алдын алу туралы сөз болғанда дұрыс тамақтану мен дене белсенділігіне басымдық беріледі. Алайда сапалы ұйқы мен психологиялық тыныштықтың да маңызы зор. Ұйқының жеткіліксіздігі және ұзаққа созылған күйзеліс ағзадағы зат алмасу үдерісіне кері әсер етіп, қант диабетінің даму қаупін арттыруы мүмкін. Сондықтан тәулігіне 7–8 сағат ұйықтауға, күн тәртібін сақтауға және ағзаның толыққанды тынығуына мүмкіндік беруге тырысқан жөн. Дәрігердің айтуынша, денсаулықты сақтау үшін осы бес қағиданы күнделікті өмірде ұстанудың маңызы зор.
– Қант диабетінің алдын алу күнделікті әдеттерден басталады. Теңгерімді тамақтану, тұрақты дене белсенділігі, дене салмағын бақылау және уақытылы медициналық тексеруден өту аурудың даму қаупін төмендетуге көмектеседі. Денсаулыққа алғашқы белгілер пайда болғанша емес, бүгіннен бастап көңіл бөлу маңызды, – деп атап өтті Дильбара Досалиева.
Қазіргі медицина қант диабетін емдеуде елеулі жетістіктерге қол жеткізді. Бүгінде ауруды бақылауға және оның асқыну қаупін төмендетуге бағытталған жаңа буын препараттары қолданылады. Олардың кейбірі қандағы қант деңгейін реттеумен қатар тәбетті төмендетуге көмектессе, енді бірі ағзадағы артық глюкозаның шығарылуына ықпал етеді. Сондай-ақ белгілі бір препараттар жүрек пен бүйректі диабеттің асқынуларынан қорғауға мүмкіндік береді.Дегенмен заманауи медицинаның мүмкіндігі қаншалықты кеңейгенімен, дәрі-дәрмек аурудың алдын алудың орнын баса алмайды. Кез келген препарат дәрігердің кеңесімен және жеке медициналық көрсеткіштерге сәйкес қолданылуы керек. Ең бастысы, қант диабеті – тек дәрігердің көмегімен ғана күресетін дерт емес. Оның алдын алуда әр адамның өз денсаулығына деген жауапкершілігі шешуші рөл атқарады. Дұрыс тамақтану, күнделікті қозғалыс, қалыпты дене салмағы, сапалы ұйқы және уақытылы медициналық тексеру – ұзақ әрі сапалы өмірдің маңызды алғышарттары.Денсаулықтың қадірін дерт меңдегенде емес, амандықтың бағасын білген сәттен түсінген абзал. Өйткені аурудың алдын алу – оны емдеуден әлдеқайда тиімді. Ал салауатты өмір салтына жасалған әрбір қадам болашаққа бағытталған сенімді инвестиция.
Индира БІРЖАНСАЛ








