Тіл – елдің тірегі. Сондықтан, қазақ тілінің тұғырын нығайтып, қолданыс аясын кеңейту – маңызды міндет. Мемлекеттік тілдің дамуы ұлттың рухани тұтастығымен, елдің өркендеуімен тығыз байланысты. Бұл мәселе Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Х құрылтайында сөйлеген сөзінде кеңінен қозғалды. Президент қазақ тілінің бүгінгі ахуалына баға беріп қана қоймай, оны заман талабына сай дамытудың басым бағыттарын айқындады.
ҚОЛДАНЫС КӨКЖИЕГІ КЕҢЕЙГЕН ҚАЗАҚ ТІЛІ
1989 жылы іргесі қаланған «Қазақ тілі қоғамы» ұйымының ел тарихында орны бөлек құрылым екеніне тоқталған Мемлекет басшысы аталмыш қоғамның әр мүшесіне ризашылығын білдірді.
– Тіл – Алланың құдіретінің арқасында адамдарға берілген үлкен сый әрі мүмкіндік. Тіл – адамзаттың негізгі жетістігі. Адам баласының ойдағыдай дамуының ең басты себебі де – тіл. Біз өркениетті ел ретінде ана тіліміз – қазақ тілінің абырой-беделін арттыру үшін бір ел болып табанды жұмыс істеуіміз керек. Бүгінгі жиынның басты мақсат-міндеті де – осы, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы құрылтайдың Тәуелсіздіктің 35 жылдығы қарсаңында өтуінің мәніне де тоқталды. Оның айтуынша, егемендік жылдарында Қазақстан біртұтас ұлт ретінде мемлекеттіліктің іргетасын қалап, оны нығайта түсті. Осы ретте Президент Тәуелсіздікті қорғау мен нығайтудың әр азамат үшін қасиетті борыш екенін атап өтті.
– Түптеп келгенде, Егемендікті нығайту – халықтың әл-ауқатын арттыру, жаңа технологияларды жетік меңгеру, заңды құрметтеу, тәртіпке бағыну, өзара жанашыр, еңбекқор, жасампаз болу, табиғатты аялау деген сөз. Біз осы міндеттерді табысты орындасақ, жаһан өркениетінің төрінен лайықты орын аламыз. Сондықтан, Конституцияда қазіргі заман талабына сай білім мен ғылымды, инновацияны, адам капиталын дамыту мемлекеттің стратегиялық міндеті ретінде бекітілді, – деді Президент.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы ұлттың Бас құжатында мемлекеттік тіл – қазақ тілінің конституциялық мәртебесі айқындалғанына назар аударды. Оның сөзінше, Ата заңда елдің тарихы мен болмысы, болашақтағы бейнесі көрініс тапқан. Конституция мәтінін әзірлеуге филология саласының ғалымдары мен қазақ тілі мамандары да белсенді қатысқан.
– Мұның бәрі қазіргі қазақ тілінің әлеуеті мен күш-қуатының айқын көрінісі екені сөзсіз. Қазақ тілі – Тәуелсіздігіміздің мызғымас символы, Отанымыздың мемлекеттік тілі, ұлтымыздың мәңгілік жаны ретінде қабылдануы қажет. Басқа көзқарастың болуы мүмкін емес. Сондықтан, қазақ тіліне сыйластықпен қарау, бұл – азаматтық, адами борыш. Ал, парыз қаншама қастерлі болса да, оның мықты негізі болуы керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы қазақ тілінің қуаты елдің даму деңгейімен де байланысты екенін атап өтті. Президенттің пікірінше, экономикасы дамыған, инновациясы мен технологиясы үздік, әлем мойындаған мемлекетте мемлекеттік тілдің де абыройы күшейеді.
Президенттің айтуынша, биыл мектепке барған оқушылардың 71 пайызы қазақ сыныптарына қабылданған. Колледждер мен университеттерде қазақ бөлімдерінің саны көбейген. Былтыр жарық көрген алты мыңнан астам кітаптың 70 пайызы қазақ тілінде басылған. Ал, Қазақстанда түсірілген 71 фильмнің 63-і қазақ тілінде жарыққа шыққан.
– Айтылған деректердің бәрі жұртымыздың арасында қазақ тіліне үлкен сұраныс тудырды. Бұл – өте қуанышты жайт, жақсы үрдіс. Осындай жұмысты күшейте беруіміз керек. Төл тіліміз ұлтты ұйыстыратын, өркениетіміздің өрісін кеңейтетін «жұмсақ күшке» айналуда, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы қазақ тілінің болашағына қатысты теріс көзқарастан арылу қажеттігін де айтты. Сондай-ақ қазақ тілін жетік меңгерген азаматтарды еліміздің отаншыл перзенттері әрі рухани елшілері деп атап, бүгінде Қазақстан шетел адамдары құрметпен қарайтын, ықпалды мемлекетке айналғанын тілге тиек етті.
Президент қазақ елі барда қазақ тілі тұғырдан түспейтінін, өткен кезеңдердегі саяси қысымға қарамастан, қазақ тілі әдебиетшілер, тіл мамандары, журналистер, зиялы қауым мен қарапайым азаматтардың арқасында сақталып, дамуын тоқтатпағанын айтты. Осы орайда қазақ тілінің өміршеңдігін атап өтіп, бүгінде оның келешегіне ешқандай қауіп төніп тұрмағанын жеткізді.
ОРФОГРАФИЯЛЫҚ СӨЗДІКТІ ЖАҢАРТАТЫН УАҚЫТ КЕЛДІ МЕ?
Құрылтайда көтерілген негізгі мәселелердің бірі – қазақ тілінің ғылым мен жаңа технологиялар саласындағы қолданысы. Президент бүгінде қазақ тілдің цифрлық платформаларда кеңінен қолданылып келе жатқанын, әлемнің озық технологиялық компаниялары да қазақ тілінің әлеуетін мойындай бастағанын атап өтті.
OpenAI компаниясының зерттеуі бойынша, соңғы үш жылда жасанды интеллект жүйесіндегі қазақ тілі қолданыс аясы қарқынды кеңейіп жатқан тілдердің қатарына кірген. Yandex компаниясы өз өнімдерінің бірін қазақ тілінде пайдаланушылар саны өткен жылдан бері 30 пайызға артқанын мәлімдеген. Google компаниясы қазақ тілін Gemini тілдік моделіне енгізген.
Президент бұл жетістіктерді қазақ тілін ғылым тілі ретінде дамыту жолындағы жүйелі жұмыстың нәтижесі деп бағалады. Алайда, алда атқарылатын міндеттердің де аз емес екенін айтты. Соның бірі – қазақ тілінің ұлттық цифрлық деректер қорын қалыптастыру.
Осы бағытта Мемлекет басшысы кітапханалар мен мұрағаттарда сақталған қазақ тіліндегі кітаптарды, мерзімді басылымдарды, аудио-бейне жазбаларды, мұражай қорларын цифрлық форматқа көшіру қажеттігін атап өтті.
– Халқымыздың өшпес мұрасы мен рухани байлығы қағаз бетінде емес, цифрлық кеңістікте сақталуға тиіс. Келешек ұрпақ осы игі істің жақсылығын көреді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бұған қоса, Президент инженерия, медицина, құқық, экономика сияқты салалар мен ақпараттық технологияларды қазақ тілінде үйренуге қолайлы жағдай жасау керектігін атап өтті. Бұдан бөлек, сапалы оқулықтар мен оқу құралдарын әзірлеуге, жоғары оқу орындарындағы қазақ тіліндегі ғылыми-зерттеу еңбектеріне басымдық беруді атап өтті.
– Әрине, бұл – қазақ ғылымының, яғни ғалымдардың әлеуеті мықты болуы қажет деген сөз. Ғылым дамыса, қазақ тілі де ғылым мен өндірістің тілі болмақ, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы тілдегі бірізділік мәселесіне тоқталды.
– Өкінішке қарай, қазір қазақ тіліндегі кейбір сөздер, ұғымдар, тіпті, түсініктер әртүрлі қолданылып жүр. Бұл – жылы жауып қоя салатын жеңіл-желпі дүние емес. Себебі, мұндай жағдай жұртты шатастырып, тіл тазалығына кері әсерін тигізеді. Сондықтан, қазақ тілін қолдану ісінде нақты жүйенің, белгілі бір тәртіптің болуына баса мән берген жөн. Жалпы, осы мәселеге кең ауқымда қараған дұрыс. Ең алдымен, емле мен ережені түгендеп, жүйелеу керек. Бұған қоса, барлық сөздікті, соның ішінде орфографиялық сөздікті жаңартатын уақыт келді, – деді Президент.
Мемлекет басшысы көрші елдерде мұндай ғылыми еңбектердің бес жыл сайын жаңартылып отыратынын айтты. Сонымен қатар, келесі жылдың соңына дейін қазақ тілі орфографиясының ғылыми негізін зерделеп, ретке келтіру керектігін атап өтті.
КҮЙСАНДЫҚ, ҚЫЛТИМА: ПРЕЗИДЕНТ ЖАСАНДЫ АУДАРМАЛАРДАН БАС ТАРТУҒА ҮНДЕДІ
Президент жалпы басқа іргелес елдердің тілдерімен салыстырғанда қазақ тілінің әлдеқайда таза екенін атап өтті.
– Мысалы, бұрын өте сирек пайдаланған немесе мүлде пайдаланбаған «тұжырымдама, қағидат, жоспар, сыйақы, шәкіртақы, еңбек өтілі, кешенді, әмбебап, жүйелі, тыңайтқыш, жанармай, көгалдандыру, босқын, қырғи-қабақ соғыс, қоқан-лоқы, лаңкестік, есірткі, бітімгерлік күштер, мәмілегер, ғарыш, зымыран, жаһан, ғаламтор, тікұшақ, жасанды сана, пайыз, сынып» сияқты сөздер тілімізде кең қолданыс тапты. Бұл – жақсы дүние. Бірақ, әр жақсы құбылыстың шегі болуы керек. Мысалы, «күйсандық (пианино), қылтима (балкон), субұрқақ (фонтан), себезгі (душ), қырыққабат (капуста), үнқағаз (газет), жеделсаты (лифт), желкөз (форточка)» және тағы басқа жасанды сөздердің қажеттілігі екіталай сияқты, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент соңғы кезде дінге қатысты көне қазақ сөздерінің орнына араб сөздерін қолдану сәнге айналғанын айтып, мұндай үрдістің қажеттілігіне күмән келтірді.
Мемлекет басшысы тіл ғылымына қатысты баршаға қолжетімді әмбебап цифрлық жүйе әзірлеудің маңызын атап өтті. Бұл міндетті сапалы жүзеге асыру үшін кәсіби тіл мамандары, ғалымдар, сарапшылар мен қоғам өкілдерінен арнайы жұмыс тобын құруды ұсынып, оның жұмысын үйлестіруді Президент Әкімшілігіне жүктеді.
– Қазақ тілін халықаралық тілдер қауымдастығында өз орны бар тіл ретінде дамытуымыз керек. Ана тіліміздің өзге тілдермен байланысын қамтамасыз ету өте маңызды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Oxford Qazaq Dictionary жобасын жалғастыруды, қазақ тілін Біріккен Ұлттар Ұйымының негізгі ресми тілдерімен байланыстыратын сапалы екі тілді және көптілді сөздіктер әзірлеуді ұсынды. Бұдан бөлек, қазақ-француз, қазақ-испан, қазақ-қытай, қазақ-араб, сонымен қатар, қазақ-неміс, қазақ-итальян, қазақ-жапон, қазақ-корей, қазақ-парсы сөздіктерін жасау қажеттігін, қазақ-орыс сөздігін уақыт талабына сай жаңарту керектігін айтты.
Бұған қоса, Президент цифрлық кеңістіктегі қазақтілді контенттің ауқымын кеңейтуге баса назар аударды. Ғылым, технология, мәдениет, кәсіпкерлік, спорт және басқа да өзекті тақырыптар бойынша сапалы өнімдер әзірленуі қажеттігін, қазақ тілін өздігінен үйренуге мүмкіндік беретін ІТ-өнімдер, балалардың тілін дамытуға арналған фильмдер мен ойындардың көп болуы маңызды екендігін атап өтті.
Мемлекет басшысы мемлекеттік тілді жетік меңгерген өзге ұлт өкілдері мен әлеуметтік желіде ана тілімізді дәріптеп жүрген азаматтардың еңбегін атап өтті. Президент олардың тілді дамытуға қосып жүрген үлесін жоғары бағалап, мемлекеттік тілді үйренгісі келетін азаматтарға барынша жағдай жасау қажеттігін айтты. Сондай-ақ, қазақ тілін тез әрі оңай меңгеруге мүмкіндік беретін озық әдістемелер мен цифрлық оқу құралдарын әзірлеу қажеттігін тілге тиек етті. Бұл жұмысқа тіл мамандары мен ақпараттық технология саласының өкілдерін жұмылдыру керектігін жеткізді.
– Қазақ тілін білетін адам қазақ халқын, жалпы Қазақстанды танып-біледі. Тілді меңгерген әрбір азамат еліміздің тарихы мен мәдениетін тереңірек түсінеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы мемлекеттік тілді дамыту өзге тілдердің дамуына кедергі келтірмеуі керектігін қадап айтты. Бір тілді екінші тілге қарсы қоюға болмайтынын ескертіп, тіл мәселесін пайдаланып қоғамдық жанжал туғызуға ұмтылатын әрекеттерге тосқауыл қою қажеттігін жеткізді.
– Біз қазақ тілін ең алдымен бірлік пен ынтымақ тілі ретінде дамытуымыз керек. Ана тіліміз жаһан жұртшылығына тартымды тіл болуы керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен қатар, Президент қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі мәртебесін көтеру мен оны дәріптеуді тарихи міндет деп атады.
ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН
Бүгінгі цифрлық дәуір қазақ тіліне жаңа мүмкіндіктермен қатар, үлкен жауапкершілік те жүктейді. Осы ретте Мемлекет басшысы көтерген бастамалар тіл саясатының алдағы бағыттарына бағдар береді. Ендігі міндет – айтылған ұсыныстарды нақты іске айналдырып, қазақ тілінің мүмкіндігін жаңа деңгейге көтеру. Өйткені, тілдің болашағы мінберде айтылған сөзбен емес, күнделікті өмірде атқарылған іспен өлшенбек.
Жансая ШЫҢҒЫСХАН








