Вирустардың пайда болуы және олардан қорғану жолдары

0
3043

Ғылыми-техникалық прогрестің басталып дамығанына 250 жылдан асты. Нәтижесінде адам баласы орасан зор жетістіктерге жетті. Техника, технология, транспорт, құрылыс зор қарқынмен дамыды, ауыл шаруашылығы интенсивтендірілді, интернет, компьютер пайда болды, үлкен мегаполис қалалар салынып, биосфера бейнесі, ландшафты түбегейлі өзгерді. Адамзат өзінің алтын бесігі Жер ғаламшарының тартылу күшін жеңіп, космосқа шықты… Мұның бәрі адам баласының игілігіне айналды. Халық саны күрт көбейіп, 7 млрд-тан асты. Дегенмен, ғылыми-техникалық прогрестің бұлай дамуы және халық санының күрт көбеюі салдарынан қолайсыз, негативті, тіпті апатты жағдайлар көбейіп, биосферадағы экологиялық жағдайлар өзгеруде. Яғни, коронавирус індетінің пайда болып таралуына адам баласы қалыптастырған экологиялық жағдайлардың, өзгерістердің әсері бар. Бұл талас тудырмаса керек.

Биосферада қарама-қарсы екі процесс жүреді: фотосинтез және тыныс алу. Өсімдіктер және цианобактериялар атмосферадан көмір қышқыл газын (СО2) сіңіріп, топырақтан суды (Н2О) және онда еріген минералды заттарды алып, фотосинтез процесі нәтижесінде органикалық заттарды синтездейді және оттегіні атмосфераға шығарады. Ал, тыныс алу процесі кезінде организмдер (консументтер) синтезделген органикалық заттармен қоректенеді, оны «жағып» (оған оттегі жұмсалады), тіршілік әрекетіне керекті энергия алады. Бұл процестер бірін-бірі толықтырады, қоректену тізбектері арқылы синтезделген органикалық заттарды бірнеше мәрте пайдаланғандықтан «қалдықтар» болмайды. Миллиондаған жылдар бойы биосфера осылай дамыған.        

Адамзаттың ғылыми техникалық прогресті дамытуы нәтижесінде жаңа үшінші ғаламдық процесс пайда болды. Зауыттар мен фабрикалардан, көліктердің барлық түрлерінен көп мөлшерде көмір қышқыл газы (СО2), улы газ (СО), күкірт, азот, қорғасын сияқты оксидтер, түтіндер, шаң-тозаңдар шығарылуда. Адам баласы табиғатта жоқ жаңа заттарды (пленкалы пакеттер, пестицидтер, гербицидтер, басқа да улы заттар) синтездеп шығарады, содан радионуклидтер, қатты қалдықтар қордалануда. Бұл заттарды басқа организмдер ыдыратып, қайта пайдалана алмайды, сондықтан олар биосферада жинақталуда. Нәтижесінде зиянды, тіпті апатты экологиялық жағдайлар туындауда.

Атмосферадағы оттегі өсімдіктердің фотосинтезі процесі нәтижесінде пайда болып, млн-даған жылдар ішінде қалыптасқан. Ғалымдардың пікірінше, атмосферадағы оттегі 20,95% және ол тұрақты деп есептелінеді. Нақты жағдайда бұл тіпті де олай емес. Күзде, қыркүйек-қараша айларында ағашты және бұталы өсімдіктер жапырақтарын түсіреді, бір жылдық пен көп жылдық шөптесін өсімдіктер тұқымдарын шашқаннан кейін және мәдени дақылдарды жинап алғаннан кейін сабақтары, жапырақтары өледі, яғни фотосинтез процесі тоқтап, оттегінің атмосфераға шығарылуы доғарылады. Бірақ, сүтқоректі жануарлар мен адамдардың тыныс алуы (яғни оттегіні сіңіруі) тәулік бойы және жыл бойы тоқтамайды. Көліктің барлық түрлерінде, зауыттар мен фабрикаларда, жылу электростанцияларында жанармай жағылып, оған оттегі жұмсалады. Қазіргі кезеңде бүкіл әлем бойынша тәулігіне 4,5 млрд тонна жанармай жағылады екен және оған орасан көп мөлшерде оттегі жұмсалады. Нәтижесінде атмосферадағы оттегі мөлшері біртіндеп азая береді, ең төменгі мөлшері ақпан айына сәйкес келеді. Коронавирус індеті осы ақпан айынан бастап кеңінен таралды. Наурыз айынан бастап өсімдіктердің бүршіктерінен жапырақтары шығып, фотосинтез процесі қайтадан басталады да, оттегі шығарыла бастайды. Атмосферадағы оттегінің мөлшері біртіндеп көбейіп, ең көп мөлшері тамыз, қырқүйек айларына сәйкес келеді. Тамыз айынан бастап вирус індеті біртіндеп азайды. Ал, енді осы уақыттар аралығында (ақпан, тамыз, қыркүйек) атмосферадағы оттегінің бұрынғы 20,95%-дық мөлшері қайтадан қалпына келе ме? Келмейтін сыңайлы. Неліктен?    

Адам баласы үлкен мегаполис қалалар (5-15 млн адамдар шоғырланған), салып, инфрақұрылымын жақсартты, автокөліктер тәулік және жыл бойы үздіксіз жүруде, олардың қозғалтқышы үздіксіз жұмыс істейді және оттегі көп мөлшерде жағылады. Бірақ, осындай қалалардың орталық көшелерінде ағашты өсімдіктер жоқ, тас төселген немесе асфальтталған. Яғни, фотосинтез процесі жүрмейді, оттегі шығарылмайды. Сондықтан атмосферадағы оттегі мөлшері жыл сайын бұрынғы (20,95%) мөлшерін толықтыра алмайды. Нәтижесінде ауадағы оттегі мөлшері жыл сайын біртіндеп азайып келе жатқан сыңайлы. Мысалы, эколог Мэлс Елеусізовтің мәліметі бойынша, Алматы қаласының ауасындағы оттегі мөлшері 17% шамасында. Осыдан 60 жыл бұрын Алматы ауасында оттегі көбірек болып, ауа таза болған. Егер оттегі мөлшері 8-12% мөлшеріне жетсе, бүкіл биосферада және Қазақстанда (Алматыда) апатты жағдай туындайды.

Вирус неліктен таралғанын анықтау үшін экологиялық жағдайдың қалай өзгергенін байқап (зерттеп) көрейік. Мысалы, тышқан іні 10-20 см тереңдікте орналасқан, кіру-шығу тесігі бар. Күннен шыққан сәулелер, соның ішінде ультракүлгін сәулесі 10 см топырақ қабатынан өтпейді. Ін ішінде өсімдіктер жоқ болғандықтан оттегі шығарылмайды, ал оттегі сыртқы ауадан інге диффузия арқылы енеді. Сонымен тышқан індері ішінде көмірқышқыл газы көбірек болып, оттегі аздау мөлшерде болады және ін ішінде температура бір қалыпты сақталып, ауа ылғалдырақ болады. Микроорганизмдерді жоятын ультракүлгін сәулесі жоқ. Осындай микроклиматты жағдай вирустардың сақталуына өте қолайлы. Ал, тышқандар миллиондаған жылдар ішінде вируспен ауырып, өлгені өлді, тірі қалғандарының иммунитеті күшейіп, саны қайтадан көбейді, енді олар вируспен ауырмайды. Бірақ, олардың өкпесінде (денесінде) вирус сақталады. Көктемде тышқандар сыртқа шыққанда вирус клеткалары солармен бірге таралады.

Күннен шығарылған сәулелердің барлық спектрі, соның ішінде ультракүлгін сәулелері Жерге бағытталады. Ультракүлгін сәулелердің көпшілігін озон қабаты «ұстап» қалады. Аз мөлшерде Жер бетіне жақындаған ультракүлгін сәулелерін автокөліктерден, жылу электростанцияларынан шығарылған түтін, шаң-тозаң сіңіреді, көпшілігін қайтадан Ғарышқа шашыратады. Сонымен, қалаларда көмір қышқыл газы көбейеді, оттегі көп мөлшерде азаяды, ультракүлгін сәулелері (вирустарды, бактерияларды жоятын) Жер бетіне жетпей, Ғарышқа кері шашыратылады немесе сіңіріледі. Яғни, үлкен қалалардың экологиялық микроклиматы тышқан індеріндегі микроклимат жағдайына ұқсас болып қалыптасады. Бұл вирустардың таралуына қолайлы жағдай. 2020 жылғы экологиялық микроклимат мұны толық дәлелдеді.

Биыл ауа райы салыстырмалы тұрғыда салқын (25-300) әрі тұрақты болып, жауын көбірек жауды, тіпті шілде айының өзінде температура 28-350С-тан аспады, ауа ылғалды әрі тұманды, түтінді, шаң-тозаңды болды, тек тамыз айынан бастап ауа райы ыстық бола бастады. Яғни, коронавирус індетінің таралуына қолайлы жағдай туындады. Ал, 2019 жылы Қазақстанның оңтүстігінде маусым, шілде айында температура 45-550С аптап ыстық болып, ауа құрғақ болды, яғни ультракүлгін сәулелері аз мөлшерде болса да Жер бетіне жетті. Басқа аймақтарда температура 38-450С аралығында байқалды. Бұл вирустың таралуына қолайсыз, тосқауыл жағдай.

Үлкен мегаполис және орташа (2-5 млн тұрғыны бар) қалаларда  микроклиматтың тышқан ініндегі экологиялық жағдайға ұқсас болуы  ғылыми-техникалық тұрғыдан дамыған елдерде (АҚШ-та, Қытайда, Ресейде, Бразилияда, Европаның дамыған елдерінде) байқалуда. Коронавируспен ауырғандар және індеттің құрбаны болғандар саны осы аталған елдер қалаларында көбірек болуда. Мұны ғылыми-техникалық прогрестің қолайсыз, негативті салдары деп тұжырымдауға болатын сияқты. БҰҰ-ның Бас хатшысы Антонио Гутерриш: «Коронавирус пандемиясын Апокалипсистің (өзін-өзі жоюдың) 5-ші қатерлі түрі», – деп бағалады. Мысалы, әлем елдері бойынша коронавирусты жұқтырғандар саны 44,6 млн адамға жетті, 1,1 млн адам індеттің құрбаны болды. Сондықтан адам баласы энергия алу үшін мұнай, тас көмір өнімдерін жағуды азайтып, альтернативті энергия (Күн сәулесі энергиясын, жел энергиясын, гидроэлектростанциясы, атом электростанциясы энергиясын) алуды дамыту керек.

Жер биосферасында экологиялық жағдай барлық уақытта осылай болған ба? Жоқ! Еуропаның қысы жылы, жазы салқын, яғни, ағашты өсімдіктердің өсіп дамуына қолайлы. Адамдардың саны аз болған бұрынғы кезеңдерінде Еуропаның аумағында емен қалың тоғай болып өскен. Емен ағашы ұзақ, 1500-2000 жыл өсіп дамиды. Ол жерлерде арша да өседі. 500-800 жыл тұрады. Ұзақ жылдар бойы өсіп дамығандықтан бактериялардан, вирустардан қорғану үшін емен, арша ағашы фитонцидтер шығарады. Бұл адамдар үшін өте қолайлы фактор. Аталған ормандардың ашық алаңдарында сиыр тұқымдас, аса қуатты тур, зубр жануарлары өсіп, өмір сүрген. Атмосфера құрамында фитонцидтер және өте аз мөлшерде атомарлы оттегі бар таза ауамен тыныс алып, тур, зубр етін жеп өскен адамдар арасынан күшті рыцарьлар дүниеге келді. Яғни, ауа құрамында фитонцидтер және өте аз мөлшерде атомарлы оттегі (О) бар ауада өмір сүріп, экологиялық тұрғыдан күшті азықпен (тур, зубр етімен) қоректену адам иммунитетін күшейтіп, денсаулығын жақсартады.      

Ресей территориясында жалпақ жапырақты ағаштар өскен аймақтарда, аталған ағаштармен қатар емен ағашы да көптеп өскен, кейбір жерлерде таза емен орманы болған. Бұл жерлерде де қуатты тур, зубр жануарлары болған. Осындай орман арасында туып, тур, зубр етін жеп өскен адамдар арасынан орыс богатырьлары дүниеге келді. Мысал ретінде, атақты палуан Поддубныйды (қазақшаға аударсақ емен ағашы аясында өскен) атауға болады. Бірақ, Еуропада, Ресейде халықтар саны көбейіп, олардың техникалық мүмкіндігі артқаннан кейін басқа елдерді жаулап алып, колонияға айналдыру тенденциясы күшейді. Мұхит асып, басқа елдерді жаулап алу үшін кеме керек болды және оның құрылысына басқа ағаштармен қатар емен ағашы да кеңінен қолданылды. Нәтижесінде олардың жерінде емен ормандары жойылды немесе аз көлемде қалды. Осындай өсімдіктер, ағаштар және стратегиялық маңызды зор азық-түлік Қазақ жерінде бар ма?

Ондай өсімдіктер және азық-түлік бар – олар хош иісті жусан, жиде, арша және жылқы еті, қазы, жая, қартасы мен қымызы, түйе шұбаты. Біздің болжамымыз бойынша, хош иісті жусан және жиде, арша ағашы фитонцидтермен қоса, өте аз мөлшерде атомарлы оттегі шығарады деп ойлаймыз. Миллиондаған жылдар бойы қалыптасқан жусан экожүйесі жағдайында дүниеге келіп, жылқы етін жеп, қымызын ішіп өскен жас ұрпақтар арасынан қазақ баһадүрлері (батырлары) дүниеге келді. Мысалы, Томирис ханым, Бопай ханым, батырларымыз Кобыланды, атақты балуандар Қажымұқан Мұңайтпасов, Балуан Шолақ, баһадүрлер – Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шапырашты Наурызбай, т.б. Жиде өскен жерлер маңында да батырлар дүниеге келген. Мысалы, «Батырлар жырындағы» «Жиделі Байсын жерінде…» Алпамыс батыр жарық дүниеге есігін ашқан. Яғни, экологиялық жағдайды жақсартатын жусан экожүйесі және арша, жиде, тоғайларымен бірге, стратегиялық маңызы зор азық-түліктің де маңызы ерекше. Сонымен, Еуропа рыцарьлары, орыс богатырлары, қазақ баһадүрлері (батырлары) дүниеге өздігінен келген жоқ, олардың өсіп қалыптасуына қолайлы микроклимат және экологиялық тұрғыдан сапалы азықпен тамақтанудың әсері орасан зор болды.

Тың және тыңайған жерлерді игеру барысында ұзақ жылдар бойы қалыптасқан жусан экожүйесі миллиондаған гектар мөлшерінде жыртылып, орнына бидай, арпа, сұлы, картоп, т.б. азық-түлік дақылдары егілді. Енді жусан экожүйесін бұрынғы қалпына келтіру мүмкін емес, өйткені халқымыздың саны өсіп келеді, оларға аталған дақылдар азық-түлігі өте қажет.

Еуропада, Ресей территориясында вирустарға, бактерияларға қарсы тосқауыл, қалқан болатын табиғи жағдай бұл – емен, арша ормандары, Қазақстан жағдайында – жусан экожүйесі, жиде, арша тоғайы. Сонымен бірге, адамдардың иммунитеті жақсарып, тегеурінді ұландар (жігіттер), денсаулығы күшті (мықты) ару қыздар өсіп жетілуі үшін вирусы, бактериялары жоқ таза ауамен бірге, экологиялық тұрғыдан стратегиялық маңызы зор азық-түліктің әсері күшті. Қазіргі кезеңде медицина мамандарының және академик Төрегелді Шармановтың ұсынысы бойынша коронавирустан қорғану тәсілдерінің бірі – дұрыс тамақтану.

Табиғи жануарлар мен жәндіктер популяцияларында олардың дараларының саны көбейген жағдайда популяцияның ішкі даму заңдылықтары іске қосылады. Солардың бірі – әлжуаз, денсаулығы нашар төлдер дүниеге келеді. Олар табиғи жағдайға бейімделе алмай, ауруға шалдығады, (басқа организмдерге індет таратады), сосын өледі немесе жыртқыштарға жем болады. Нәтижесінде популяциядағы даралар саны азаяды, бұл процесс біраз уақытқа созылады.

Адам баласы биосфера туындысы, сондықтан популяцияға жатады. Техниканы, технологияны зор қарқынмен дамытқанымен, биология және медицина ғылымдары үлкен табыстарға жеткенімен, адам популяциясында да ішкі даму заңдылықтары іске қосылады. Қазіргі таңда адамдар саны күрт өсіп, 7 млрд-тан асты. Осындай жағдайда популяцияның ішкі даму заңдылықтарының бірі – адамдар көп шоғырланған мегаполис және орташа қалаларда әлжуаз, денсаулығы нашар жас ұрпақ дүниеге келуде. Олардың арасында белсіз жігіттер саны көбейе бастады, ал қыздар арасында бедеу келіншектер пайда болуда және олардың саны жылдан жылға көбейіп келеді. «Экомед» клиникалық желісінің ғылыми директоры, биология ғылымдарының докторы Салтанат Байқошқарованың мәліметі бойынша, елімізде тіркелген бедеу жігіттер саны 15 мыңға жуық, ал жас отбасылардың 20 пайызы бала сүю бақытына қол жеткізе алмауда. Бұл процесс халық саны көп елдер үшін (Қытай, Үндістан, АҚШ, Бразилия, т.б.) қатты байқалмайды. Ал, жер көлемі үлкен, бірақ халық саны аздау Қазақстан үшін бұл өте зиянды құбылыс. Мұндай процестің дамуына қазіргі жастардың тамақтану дәстүрінің (үрдісінің) әсері бар сыңайлы.

Қазіргі кезеңде барлық мектептер, колледждер, университеттер, басқа да оқу орындарындағы буфеттерде бәліштер сатылады. Оқушылар, студенттер (6-18 жастағылар) оларды жеп, артынан сусын ішеді. Сусындардың барлығы тәтті. Тәттіге үйренген жастарымыз қымыз, шұбат ішпейді, өйткені ол сусындар қышқылдау. Сонымен, жас ұландардың (болашақ жігіттердің) 90%-ы, жас қыздардың 98-99%-ы қымыз, шұбат ішпейді. Бәліш жеп өскен жастарымыз жылқының қазысы, жаясы, қартасы өте майлы деп оны да жемейді. Ал, адам баласы туылғаннан бастап 20-25 жасқа дейін қалыптасады. Міне, осы жас кезеңде жылқы етін жеп, қымыз, шұбат ішіп өскені дұрыс. Жылқы етін, қазы, жая, қарта жеп, қымыз, шұбат ішіп өскен ұландарымыздың иммунитеті күшейіп, тегеурінді жігіттер өсіп қалыптасады, олардың арасында белсіз еркектер болмайды. Ал, қыздарымыздың да денсаулығы мықты болып өсіп, бедеу келіншектер болмайды. Сондықтан жылқы еті, қазы, жая, қарта, қымыз, шұбат экологиялық тұрғыдан стратегиялық маңызы орасан зор азық-түлік қатарына жатады. Енді жастарымызға осындай стратегиялық маңызы зор азық-түлікпен тамақтануды қалай үйретеміз? Бұл өте күрделі мәселе.      

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына «Мәңгілік ел»  тұжырымдамасын ұсынды. Яғни, Қазақстан Республикасы, оны қалыптастырушы қазақ халқы 50-100 жылдан кейін, 1000 жылдан кейін, тіпті миллиондаған жылдардан кейін де өмір сүреді. БҰҰ-мы мамандарының болжамы бойынша 2100 жылы қазақтардың саны 30 млн-ға жетеді. Сондықтан халқымыздың сапасы (генофонды) жақсарып, қазақ халқы аман-есен болуы үшін келешекте болатын вирустарға, бактериялық індеттерге қарсы медициналық емдеу тәсілдермен, басқа да адами-табиғи шараларды жүзеге асырумен қатар стратегиялық тұрғыдан өте маңызды азықпен тамақтануы керек. Осыған байланысты мектептерде 5-11 сыныптарға экологияны пән ретінде енгізу керек және мұғалімдерді (оқытушыарды) дайындау мәселесін педагогикалық университеттерге жүктеген жөн.

Бұл жағдайда жастарымызға (оқушыларға) үйрететін мәселелер: 

1) Вирустарға, бактерияларға қарсы шара ретінде ауылдық жерлерде әрбір адамға есептегенде 5-10 емен ағашын және 5-10 арша өсіру керек. Мысалы, ауылдық жерлерде бір отбасында бес адам болса, олар өз үйін қоршап және маңайына 25 емен, 25 арша, 25 түп жиде ағашы өсіп тұруы керек. Бұл миллиондаған гектар көлемінде жойылған жусан экожүйесінің қолайлы әсерін алмастыра алады. Мұндай үйлер маңында вирус болмайды, тек адамдар өздері сырттан жұқтырғанда үйге вирус әкеледі;

2) Алматы қаласында 2 млн-нан астам адам тұрады, күн сайын 150 мыңдай адам қалаға келіп, жұмыс істеп, басқа да шаруаларын тындырып, кешке үйіне қайтады. Сондықтан Алматы қаласында 20 млн емен, 20 млн түп арша өсіп тұруы керек, ал оңтүстіктегі Шымкент, Түркістан, Қызылорда, Тараз, т.б. қалаларында аталған ағаштармен қатар соншалықты мөлшерде жиде ағашы да өсіп тұрса вирус таралмайды.

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауында «…Алдағы бес жыл ішінде орман алқабында 2 миллиард, елді мекендерде 15 миллион ағаш отырғызылатын болады» деп атап көрсетті. Алматы қаласының барлық территориясында қарағаш және көктерек ағаштары өсіп тұр, олардың біразы қартайып, төбесінен құрап, өле бастады. Соларды қырқып, орнына емен, арша, жиде өсірсе жақсы болар еді.

3) Экологияны пән ретінде 5-11 сыныптарға енгізіп, әлжуаз жастардың (ұрпақтардың) дүниеге келуінің, олардың арасында белсіз еркектердің, бедеу келіншектердің пайда болуының бір себебі ретінде тамақтанудың рөлін түсіндіру керек. Орыстар «Если хочешь жить, умей вертеться» дейді. Яғни, тәтті сусындарды ішуді доғарып, қышқыл болса да қымыз, шұбат ішуді үйреніп, майлы болса да жылқы етін жеуге дағдылану керектігін мектеп оқушыларына санасына сіңіру керек. Сонда халық сапасы (генофонды) жақсарады. Өйткені, тегеурінді баһадүрлерді, ғұлама ғалымдарды, орақ тілді ақындарды дүниеге денсаулығы мықты аналарымыз әкеледі.

Қазіргі таңда әлемдік және Қазақстан медицина мамандары коронавирусқа қарсы 8-10 түрлі вакцина шығарып, сынақтан өткізуде. Бұл елеулі табыс. Бірақ, көп уақыттан кейін вирустар, бактериялар аталған вакциналарға төзімді болып, мутацияланады және жаңа түрлері (штаммдары) пайда болады. Сондықтан вирустармен ауырғандарды тікелей емдеумен қатар жоғарыда аталған адами-табиғи шараларды кеңінен қолданып, міндетті түрде жүзеге асыру керек. Оған уақыт бар және жастарымыз жұмыла кірісуі керек, өйткені алдағы 50-100 жылда аталған жастар және олардың ұрпақтары өмір сүреді, қолайлы экологиялық жағдай, вирустық, бактериялық індеттері жоқ  микроклимат соларға керек. Бірақ, «алда әлі уақыт көп» деп босаңсуға, жайбарақаттануға болмайды. Оны қазіргі жағдай көтермейді, халқымыздың сапасы (генефонды) нашарлап, коронавирус сияқты індеттермен ауырып, саны күрт кеміп кетуі мүмкін. Қазақстан үшін бұл стратегиялық тұрғыдан өте зиянды құбылыс.

Келіс Жайлыбай, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің профессоры, биология ғылымдарының докторы;

Карима Мырзабек, Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің қауымдастырылған профессоры, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here