Торғай геоглифтері немесе дала тарихын қайта жазатын «жердегі суреттер»

0
341
Үштоғай төрттағаны, Торғай өңірі.

Адамзат әлі күнге дейін толық сырын аша алмай келе жатқан алып таңбалар бүгінде Торғай даласының ең үлкен жұмбағына айналды. Тек ғарыш биіктігінен анық көрінетін бұл геоглифтер алғаш табылған кезде қарапайым археологиялық олжа ретінде қабылданғаны рас. Алайда, соңғы зерттеулер олардың тарихы әлдеқайда тереңде жатқанын аңғартып отыр. Ғалымдар бұл нысандардың неолит дәуірімен байланысын жоққа шығармайды. Егер ғылыми болжамдар дәлелденсе, Қостанай жеріндегі осы «жердегі суреттер» әлемге әйгілі Наска сызықтарынан да көне болып шығуы мүмкін. Бұл – тек археология үшін ғана емес, тұтас дала өркениетінің тарихын қайта пайымдауға негіз болатын жаңалық. Расында,  Қазақстандағы бұл «жердегі суреттер» әлемдегі ең көне геоглифтерге жата ма? Ғасыр тарихы бар «Qazaq» газеті бүгін осы тақырыпты тарқатпақ.

2007 жылы Дмитрий Дей Google Earth спутниктік суреттерінде Торғайдағы осындай ерекше геометриялық фигураларды байқады.

 

ТОРҒАЙ ГЕОГЛИФТЕРІН БАЙҚАҒАН ҒАЛЫМ КІМ?

2007 жылдың наурыз айында қостанайлық зерттеуші Дмитрий Дей Google Earth спутниктік суреттерінде Торғайдағы ерекше геометриялық фигураларды байқады. Бұл нысандар жер бетіне тікелей салынған алып сызбаларға ұқсады. Кейінірек олар геоглифтер деп аталды.

Содан бері жиырма жылға жуық уақыт өтсе де, Торғай геоглифтері қазақстандық археологияның ең жұмбақ құбылыстарының бірі болып қалып отыр. Олар қазірдің өзінде әлемдегі ең қызықты археологиялық орындардың рейтингіне енеді, рейтингтер ішінде «Smithsonian» және «Business Insider» басылымдары бар. Дегенмен, басты сұрақ әлі де ашық күйінде тұр, яғни  бұл алып құрылымдарды  кім, қашан, не үшін жасады және олар қаншалықты көне деген сауалдардың жауабы табылмады.

Дмитрий Дейдің айтуынша, геоглиф – жер бетіндегі үлкен өрнек немесе құрылым, әдетте ұзындығы 4 метрден жоғары геометриялық немесе бейнелі айшықтар салынған жерлер. Мұндай нысандар екі негізгі жолмен жасалады: кескіннің контуры бойынша топырақтың жоғарғы қабатын алып тастау арқылы немесе топырақ үйіп, тас төсеу арқылы. Бұл геоглифтердің ерекшелігі – олардың пішіні тек биіктіктен, яғни ұшақтан немесе спутниктен ғана байқалатыны. Мұндай құрылымдардың ең танымал мысалына Перудағы Наска сызықтары жатады. Алайда, егер болжамдар расталса, Торғай геоглифтері олардан әлдеқайда көне болуы мүмкін. Қазіргі таңда Қостанай облысының аумағында орналасқан геоглифтердің бірнеше түрлері белгілі: төрттаған (Үштоғай төрттағаны), свастика (Торғай свастикасы), Екідін кресі, Ащытасты крестер, сақина және т.б.

Осы геоглифтерді зерттеу мақсатында негізгі нысандардың бірі Үштоғай алаңына алғашқы экспедиция 2007 жылдың тамыз айында барды. Бастапқыда зерттеушілер өздерінің көргенін үлкен жерлеу кешені деп болжаған, өйткені үйінділер Торғай даласында кең таралған қола дәуірі мен ерте темір дәуіріндегі қорғандарға ұқсайды. Алайда, қазба жұмыстары басқаша нәтиже көрсетті. Үйінділерде жерлеу белгілері жоқ екені анықталды. Үштоғай алаңы жер құрылыстарының күрделі жүйесі болып шықты, оны қорымнан гөрі сәулет нысаны деп атауға болады. Бұл зерттеушілерді жалпы геоглифтердің пайда болуының бастапқы нұсқаларын қайта қарауға мәжбүр етті.

«TURGAY DISCOVERY» ЖОБАСЫ НЕМЕСЕ ДЕЙДІҢ ДАМЫЛСЫЗ ЕҢБЕГІ

2008 жылы Дмитрий Дей аталған құбылысты жүйелі түрде зерттейтін «Turgay Discovery» ғылыми-зерттеу жобасын ашты. Зерттеудің жаңа кезеңі 2023 жылы Қостанай облысының тарихи-мәдени мұрасын зерттеу, қалпына келтіру және қорғау орталығының мамандары жұмыстарды жүргізуге ресми лицензия алған кезде басталды. 2023 жылдан 2025 жылдың желтоқсанына дейін 11 экспедиция ұйымдастырылды. Осы уақыт ішінде зерттеушілер сегіз геоглифті зерттеп, өлшеп, 11 тұрақ пен елді мекенді тауып, 5000-нан астам артефакт жинады.

«Табылған материалдардың көпшілігі неолит дәуіріне, яғни шамамен сегіз мың жыл бұрынғы кезеңге жатады. Дәл осы жағдай зерттеушілерді жалпы геоглифтердің тарихи жасына жаңа көзқараспен қарауға мәжбүр етті», – дейді Дмитрий Дей.

Одан кейінгі «Торғай иілісі геоглифтерінің шығу құпиясы» жобасы бұл нысандарды кім, қашан, қалай және қандай мақсатта құрды деген төрт негізгі сұраққа назар аударды. Зерттеушілер қарапайым логикаға сүйенді, яғни олар мұндай ауқымды құрылыстарды салумен айналысатын адамдар сөзсіз өзінің сол кезеңдегі тұрмыс-тіршілігінен бір белгі қалдыратынын білді. Сондықтан, археологтар геоглифтердің жанынан су көздерін, тұрақтарды, тас өңдеу шеберханаларын, от қалдықтарын, керамика мен жануарлардың сүйектерін іздей бастады. Дәл осы себептен 2023-2025 жылдары іргелес аумақтарды, ежелгі өзен арналарын, көлдер мен бұлақтарды зерттеуге баса назар аударылды.

Ең маңызды нәтижелердің бірі 2024 жылы Үштоғай I тұрағын қазу болды. Тұрақ Талдыаша көлінің солтүстік жағалауында, Үштоғай ауылынан оңтүстік-шығысқа қарай 6,5 шақырым жерде орналасқан. Зерттеу барысында 48 шаршы метрлік қазба жұмыстары жүргізілді. Археологтар тұрақты тұрғын үй белгілерін таппады, яғни шаруашылық үшін қажет шұңқырлар, ошақтар немесе тұрғын үй ойпаттары болмады. Дегенмен, көптеген тас бұйымдары табылды: неолит тас өнеркәсібіне тән тақтайшалар, қырғыштар, қабыршақтар. Керамика өте аз болып шықты, бұл сонымен қатар уақытша маусымдық тұрақ болуы мүмкін екенін көрсетті. Зерттеушілердің пікірінше, бұл жер негізінен тас құралдарын жасау үшін пайдаланылған.

«Аймақтың географиясы ежелгі адамдардың қоныстану логикасын көрсетеді, яғни даладағы өмір әрқашан сумен тығыз байланысты болған. Сондықтан, геоглифтердің жанында неолиттік тұрақтардың пайда болуын қарапайым кездейсоқтық деп санау қиын», – дейді Дмитрий Дей.

ҚҰПИЯСЫ АШЫЛМАҒАН ГЕОГЛИФТЕР

2025 жылы экспедиция Үштоғай ауылының маңындағы «Сандықтау желісі» геоглифін егжей-тегжейлі зерттеді. Нысан оңтүстік-батыстан солтүстік-шығысқа қарай сызық бойымен салынған тоғыз жер үйіндісінен тұрады. Археологтар әр элементті аспаппен өлшеп, жеті барлау шурфын, соның ішінде ескі бұлақтардың жанына қойды. Зерттеулер көрсеткендей, үйінділердің ішінде сәулет өнеріне тән белгімен салынған қабат жоқ, бұл тікелей сол жерден алынған топырақтан геоглиф салу нұсқасын растайды. Сонымен бірге жақын жерден неолиттік тас бұйымдары, яғни кварцит пен яшмокварциттен жасалған тақтайшалар мен қырғыштар табылды.

Бұл нүктені зерттеушілер оны шартты түрде Қосбұлақ I деп атады, мұнда адамдардың сол кезде тұрақты өмір сүргенін білдіретін іздер табылған жоқ, сондықтан археологтар ол жерді ақбөкендердің табындары өткен ойпаттың үстіндегі қысқа мерзімді бақылау пункті ретінде пайдалануға болады деп болжайды. Экспедиция қатысушыларының айтуынша, ақбөкендер үнемі осы жерлерде пайда болады.

2025 жылы Талдысай II тұрағын қазу одан да үлкен нәтижелер берді. Ол Талдықарасу өзенінің сол жағалауындағы «Сандықтау сызығы» және «Үштоғай алаңы» геоглифтерінің арасында орналасқан. Зерттеу барысында археологтар 583 тас бұйымдарын, 40 қыш сынықтарын, сүйек қалдықтарын, сондай-ақ екі кішкентай ошақты тапты. Тас өнеркәсібі неолит дәуіріне тән айқын пластиналық сипатқа ие. Керамиканы бірқатар белгілер бойынша маханджар мәдениетімен салыстыруға болады. Археологтардың бағалауы бойынша, тұрақ саятшылық типтегі жеңіл тұрғын үйлері бар, судың жанындағы маусымдық қоныс болуы мүмкін.

2024 жылы зерттеулер Арқалық өңіріндегі Жарсай крестінде және үлкен және кіші Ащытасты кресттерінде жалғасты. Үйінділердің  ішінде жерлеу немесе жасырын құрылымдар жоқ болып шықты. Бұл барлық ұқсас нысандардың тек жерлеу мақсатына ие екендігі туралы нұсқаға қарсы тағы бір дәлел болды. Осы ретте Жарсай және Ащытасты өзендерінің бойында археологтар кейінгі дәуірлердегі жаңа тұрақтар мен қорған нысандарын анықтады. Тұрақтарда неолит дәуіріне тән тас жабдықтары, яғни тақтайшалар мен қырғыштар табылды. Осылайша, бүкіл ахуалдың ортақ көрінісі біртіндеп қалыптасты, соған сәйкес геоглифтер су артерияларымен және ежелгі тұрақ аймақтарымен тығыз байланысты екені мәлім болды.

ӘЛЕМ НАЗАРЫН АУДАРҒАН ҚҰБЫЛЫС

2025 жылғы экспедициялық маусымның маңызды оқиғаларының бірі Жангелдин ауданындағы «Қызылоба сызығы» геоглифін зерттеу болды. Бұл құрылым ұзындығы шамамен 200 метр болатын және 15 жер үйіндісінен тұратын сызық. Археологтар нысанның айналасында және Ұлыжыланшы өзенінің ескі арнасының бойында барлау жүргізіп, тас дәуірінің үш жаңа ескерткішін тіркеді: Әлімбайқарасу‑I, Қызылоба‑I, Тоқалақтөбе-I. Табылған артефактілердің жалпы саны шамамен 840-қа жетті. Алайда, басты жаңалық геоглиф үйіндісінде неолит қыш ыдыстарының сынықтарын табу болды. Зерттеушілердің пікірінше, мұндай дүниенің табылуын материалдың кездейсоқ сол жерде пайда болуымен түсіндіру өте қиын. Дәл осы факт бүгінде Торғай геоглифтерінің шығу тарихы бұрын болжанғаннан әлдеқайда ертеде болуы мүмкін деген ең маңызды дәлелдердің бірі ретінде қарастырылады.

Соңғы жылдары ғылыми ортада Торғай геоглифтерінің шығу уақытының әртүрлі нұсқалары ұсынылуда. Атап айтқанда, 2013 жылы жүргізілген Ащытасты геоглифтерінің OSL-талдауы қола дәуіріне сәйкес келетін шамамен 2800 жылды көрсетті. Алайда, жаңа деректер геоглифтердің жанында неолиттік мәдени қабаттың тұрақты болуын, сондай-ақ үйінділердің өзінде артефактілердің болуын көрсетеді. Зерттеушілер әртүрлі тарихи кезеңдерде әртүрлі геоглифтер құрылып, қайта құрылуы мүмкін екенін жоққа шығармайды.

Нақты қай уақытта пайда болғанын түбегейлі нақтылау үшін зерттеушілер абсолютті мерзімдеу әдістеріне, ең алдымен OSL талдауына, яғни оптикалық люминесценция әдісіне сенеді. Бұл үйіндідегі минералды дәндердің соңғы рет қашан күннің көзін көргенін анықтауға мүмкіндік береді. Егер нәтижелер шамамен 8000 жылды көрсетсе, Торғай геоглифтері әлемдегі ең көне құрылымдардың бірі болады әрі тарихы Наска сызығынан едәуір асып түседі. Дмитрий Дейдің айтуынша, бұл жай ғылыми сенсация емес, ерте неолит дәуіріндегі далалық қоғамның технологиялық мүмкіндіктері мен әлеуметтік ұйымдар туралы идеяларды қайта қарауға себеп болады.

Бүгінде Торғай геоглифтері археологиялық жұмбақ ретінде ғана емес, сонымен қатар ғылыми және танымдық туризмнің перспективалы нысаны ретінде қарастырылады. Әлем «Торғай иілісі» құбылысына назар аударды, ал Қазақстан жаһандық маңызы бар объектілерді зерттеу бағытын дамытуға мүмкіндік алды.

Дмитрий Дейдің пікірінше, бұл зерттеулердің ерекше құндылығы – қола қорғандар мен көшпелі империялар дәуірінен бұрын далада өмір сүрген адамдардың бізге жеткен «үнін» есту мүмкіндігі. Бәлкім, археологтар бүгінде тас тақтайшалары мен қырғыштарын тауып жатқан неолит аңшылары мен шеберлері бір кездері осы далада өз іздерін қалдырған болар.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

 Торғай геоглифтері – қазақ даласының терең тарихын айғақтайтын бірегей мұра. Сондықтан, бұл нысандарды сақтау, жан-жақты зерттеу әрі әлемге таныту – тек археологияның емес, ұлттық руханияттың да маңызды міндеті.

Жансая ШЫҢҒЫСХАН

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here