Әділетті Қазақстанға қауіпсіз қоғам

0
3135

Қазақстан Президенті Қ.К. Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты биылғы ел халқына арнаған жолдауының бір ерекшелігі – еліміздің қауіпсіздігін қамтамасыз етудің жолдары мен әдіс-тәсілдерінің кешенді қамтылуы. Жаңа жолдаудың мән-мәтініне заманауи әлемдік саясат пен экономиканың дағдарысы, жаһандық және аймақтық қауіпсіздікке төнген қауіп-қатерлердің асқынуы, геосаяси үдерістердің шиеленісуі әсер еткені анық байқалады. Сонымен қатар, ғылыми-техникалық прогрестің жетістіктеріне сай қоғамдық құндылықтар жүйесі мен адамдардың өмір салтының өзгеруі өз кезегінде әділетті қоғам құру мен қауіпсіздікті қамтамасыз етуді шеберлікпен үйлестіре білуді қажетсінеді.

Мемлекет басшысы ең алдымен ел азаматтарын алаңдатып жүрген АЭС салуға, атап айтқанда энергетикалық қауіпсіздіктің маңызына ерекше тоқталып, осы мәселе бойынша 6 қазанда жалпыхалықтық референдум өтетінін жариялады. Ол отандық АЭС салу электр энергиясының тапшылығын жоюдың экологиялық жағынан таза әрі қауіпсіз балама жолы екенін әлемдік тәжірибеге сілтеме жасай отырып дәлелдеуге тырысты. Президентіміз қазіргі кезде әлемдегі 30 дамыған және дамушы елдерде 200 жуық АЭС жұмыс істеп тұрғанын тілге тиек етті. Енді стратегиялық маңызы зор бұл мәселенің тағдырын Қазақстан халқы алдағы референдумда шешетін болады.

Жолдауда көтерілген экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесі де еліміз үшін өте өзекті. Климаттың ауысуы, жаһандық жылыну, жер-судың қалдықтармен ластануы сияқты қатерлер қоршаған орта мен адам денсаулығына орны толмас зиян келтіруде. Топан су басу, қуаңшылық, орман мен дала өрттері сияқты бір-біріне қарама-қайшы төтенше апаттардың түбінде экологиялық мәселелер жатыр. Сол сияқты, ішкі туристік инфрақұрылымды дамыту барысында экологиялық тепе-теңдікті сақтау мәселесіне баса назар аудару қажет. Сондықтан Президентіміз тиісті мемлекеттік органдарға су және жер ресурстарын ұтымды пайдалану, орман шаруашылығын дамыту, қалдықтарды жинау мен өңдеу бойынша тапсырмалар берді. Ағаш егу мәдениетін азаматтарды игі іске жұмылдырушы жалпыұлттық идеяға айналдырып, «Таза Қазақстан» экологиялық іс-шарасы сияқты бүкілхалықтық деңгейге көтеруді ұсынды.

Ақпараттық технологиялар мен цифрландырудың дамуымен бірге киберқылмыстардың саны артып кеткені де ащы шындық. Әсіресе интернет арқылы алаяқтық жасау фактілері күрт өсіп отыр. Бұған қоса әлеуметтік желілер көмегімен ұлтаралық және дінаралық араздықты қоздыру, экстремизм мен терроризмді насихаттау, шетелдерден арандатушылық жасау және жалған ақпарат тарату сияқты қауіп-қатерлер көбейді. Сондықтан жолдауда ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге баса назар аударылған. Енді президент тапсырмасымен мектептерде қаржылық сауаттылық негіздері арнайы оқу бағдарламасы түрінде енгізілмек. Арнаулы органдар болса цифрлық ортадағы қоғамдық қауіпсіздікке төнетін қатерлермен күресуге қажетті заңнамамен және барлық қажетті ресурстармен жабдықталатын болды.

Бұған дейін де, яғни 2024 жылы 15 наурызда Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Ұлттық құрылтайдың «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты үшінші отырысында сөйлеген сөзінде қоғамдық қауіпсіздікке нұқсан келтіретін бес кесел туралы айтқан болатын. Бұл кеселдер: 1) есірткі саудасы, электронды темекі (вейп), насыбай ату, 2 ) лудомания, яғни құмарпаздық, 3) тұрмыстық зорлық-зомбылық, буллинг пен агрессия, 4) вандализм, 5) ысырапшылдық. Жаңа жолдау барысында  Президент осы аталған бес кесел бойынша нақты қандай шаралар атқарылғанына тоқталды. Атап айтқанда, елімізде вандализмге, лудоманияға тосқауыл қоятын заңдар қабылданды. Насыбай мен вейпке тыйым салынды. Алайда мемлекет басшысы есірткі саудасы бойынша нақты нәтижеге қол жеткіздік деуге әлі ерте екенін қынжыла мойындады. Осы мәселе бойынша ол: «Әрбір мемлекеттік құрылым, әсіресе, құқық қорғау органдары тиімді жұмыс істеп жатыр деп айта алмаймыз. Есірткі мәселесі ушығып барады», – деді. Әсіресе синтетикалық есірткі саудасы ушығып барады.

Президенттің тікелей бақылауымен қабылданған игі шаралардың нәтижесі болашақ ұрпақтың денсаулығынан, генетикалық қорымыздың сақталуынан көрініс берері сөзсіз. Бұл қоғамдық кеселдердің бәрімен алдаңғы уақытта да дүйім жұрт болып жұмыла күресе беруіміз керек.

Жолдауда жол қауіпсіздігіне де ерекше көңіл бөлінген. Президент келтірген қайғылы статистика бойынша жыл басынан бері елімізде жол-көлік апаттарынан 1300 адам көз жұмып, 16 мыңға жуық адам жарақаттанған. Сондықтан жергілікті маңызы бар жолдар мен республикалық трассаларда жол қауіпсіздігіне басымдық беріліп, бұл міндет жол-көлік инфрақұрылымын жақсарту мен жасанды зияткерлік жүйелерді енгізу арқылы қамтамасыз етіледі. Бейінді ведомстволар жүргізушілерді сапалы оқытып дайындау мен  автомобильдердің техникалық жай-күйіне тиісті бақылауды қамтамасыз етуі тиіс. Яғни, жол жүру ережесін сақтау – жол қауіпсіздігінің кепілі.

Қорытып айтсақ, қоғамы қауіпсіз әрі жанға жайлы Әділетті Қазақстан құру орындалмас арман емес. Бұл құқықтық жолмен жүзеге асыруға болатын саяси шынайылық. Сол үшін Президентіміз өз жолдауының тоғызыншы тармағында заңды құрметтеу мен тәртіпке бағыну идеологиясын қоғамда жан-жақты ендіру қажеттігін атап көрсетіп отыр. Түптеп келгенде, әділетті және қауіпсіз қоғам құрудың негізінде заңдылық пен тәртіпті сақтау қағидаттары жатыр.

Сейілбек Шаяхметұлы,
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті
Саясаттану және саяси технологиялар кафедрасының профессоры,
саяси ғылымдарының докторы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here