Жыл басында ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі кеңейтілген алқа отырысын ұйымдастырып, салаға тән мәселелер негізінде 2020 жылдың қорытындысын шығарды. Жиын барысында жасаған баяндамасында вице-министр Ахметжан Пірімқұлов қабылданған шараларды заңнамалық сүйемелдеуге ерекше назар аударды. Ал, орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі бойынша жұмыс нәтижесін сөз еткен тағы бір вице-министр Ерлан Нысанбаев былтыр атқарылған және биыл атқарылуы тиісті жұмыстармен таныстырып, жануарлар дүниесі объектілерін сақтау шаралары қабылданатындығын хабарлады. Ресми ақпаратқа сенсек, Қазақстанда 2020 жылы киіктерге жасалған қастандықтың 85 дерегі тіркелсе, жыл басталғалы браконьерлікке қатысты 23 іс қозғалған. Былтырғы есеп бойынша 727 киіктің ұшасы мен 9 743 мүйіз тәркіленген. «Қызыл кітапқа» енген жануарды қырып, қылмыстық іске қатысқан 71 адам жауапқа тартылған. Заңсыз аң аулаудан келген шығын 2,4 млрд теңгені құраған.
«…ЖӘНДІКТІҢ КИІК ДЕГЕН БАЛАСЫ БАР»
«Азайды соңғы кезде байғұс бөкен» деп Сәкен Сейфуллиннің «Ақсақ киікті» жазып, «аяныш сезімі жоқ аңшыға» деген ашуын ашына жазғанына да жүз жылдай уақыт өтті. Содан бері қазақ танымында киелі саналатын жануардың бұ түрі азаймақ тұрмақ, жойылудың нақ қауіпін де бастан өткерген.
«Киікті қазақ және дейді бөкен»… Киік, ақбөкен деп аталатын жануар қазақ танымында киелі саналады. «Киіктің киесі ұрады» деп табиғаттың тамашасына тың қасиет таққан халық тұрмысында ақбөкенмен байланысты ән мен күй, этнографиялық түсінік толып жатыр. Мамыр айының ортасына таяу болатын желді күндерді қазақ «құралайдың салқыны» деп атап, осы кезде «киік лағын өргізеді» десе, енді бірде «ақбөкенді ату бақытсыздыққа апарады» деп түйеді. Сұлу көрсе «құралайдай», «киіктің лағындай» деп түз жануарының төліне теңеп, таңдай қағатыны да содан. Қазақ ақынының:
Бөкеннен сұлу аңды мен көрмедім,
Өзге аңға жануарды тең көрмедім.
Көздері мөлдіреген ақбөкенді
Адамның баласынан кем көрмедім, – деп жырлауы сөзімізге дәлел.
Ақбөкен – тұлғасы ірі, тұрқы қойға ұқсас, дөңес тұмсықты, күйіс қайыратын түз жануары. 10-12 жыл өмір сүретін аң көктемнің кеш туатынын, қыстың қарлы, боранды болатынын алдын ала болжап, біле алатын көрінеді. Зерттеулерге сүйенсек, киіктер осыдан 50-60 мың жыл бұрын мамонттардың дәуірінде пайда болған. Табиғатқа бейім, тіршілік үшін күресте құлшынысы жоғары жануар бүгінгі күні Қазақстан, Моңғолия, Өзбекстан, Ресей, Түркіменстан аумағында ғана кездеседі.
Қазақстанда 1921 жылы ақбөкенді аулауға тыйым салынған. Кейін олардың саны 2 миллионнан асқан соң, тек кәсіптік жолмен атуға рұқсат берілген. Еті азық ретінде таптырмайтын, мүйізі мен тұяғы ауруға шипа, терісіне дейін тек қалмай, пайдаға тұнып тұрған жануарды заңсыз өлтіріп, өңгеріп әкету тыйылмай, олардың саны қайта азайған.
Тіршіліктің тылсымына туылғаннан бейім болып келетін киіктердің қалған тұқымы қазір Қарағанды, Ақтөбе, Қызылорда, Жамбыл облыстарының елсіз жазықтарын мекен етеді. Адамдардың жауыздығынан бірнеше рет жаппай қырғынға ұшыраған ақбөкендерді Үкімет 2006 жылы «Қызыл кітапқа» енгізген. Статистика келтірген деректерге сенсек, 2003 жылы қазақ даласында небәрі 23 мың бас киік қалса, 2019 жылы өсімтал жануар саны 334 мыңға жеткен. 2020 жылғы пандемия салдарынан киік санағын жүргізу жүзеге аспаған.
«АЯНЫШ СЕЗІМІ ЖОҚ БІР ҚАЗАҚ-АУ, ДӘЛ КӨЗДЕП ЖҮРЕГІҢЕ АТҚАН МЕРГЕН!..»
Киікті браконьерлер мүйізі үшін аулайды. Тіпті, бір кездері киікті атып, мүйізін сыпырып алып, жануардың өзін қансыратып қоя берген жауыздықты да естіген құлақта жазық жоқ. Жоғарыдағы ұша дегеніміз сол. Яғни, аңның мүйіз, терісінің сыпырылып, бөлшектелуі. Киіктің мүйізінен Шығыс медицинасы түрлі дертке дауа болатын шипалы дәрі жасайды. Сондықтан аңшылар ар мен аяушылық сезімді ысырып қойып, бұл істі кәсіпке айналдырған. Ақбөкеннің еркегінде ғана болатын мүйіздің құны да қымбат көрінеді.
1990 жылдары Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін үдей түскен киік қыру әлі күнге тыйылмай тұр. Қытай дәстүрлі медицинасы бөкен мүйізінен безгек пен тамақ ауруларын жазатын дәрі жасап шығарады. Сонымен қатар, Азиядағы ақбөкен мүйізі саудасының ірі ошағының бірі – Сингапур. Мұнда мүйіз өнімдерін сату мен оны тұтынуға ресми түрде рұқсат берілген. Нағыз пайдалыны білетін қытайлар мен әрбір бесінші сингапурлық «Ling Yang» деп аталатын тақырыпқа тамызық боп отқан жануар мүйізінен жасалған дәріні пайдаланады екен. Дегенмен, киік мүйізінен жасалған дәрілерге деген сұраныстың жоғарылығы қауіптің жалғыз себебі емес.
Арал өңіріндегі экологиялық мәселелер төңірегінде бірнеше кітап жазған Оразбай Әбдірахмановтың айтуынша, ақбөкендердің азаюына бірнеше фактор себеп болып отыр.
«Оның бірі – браконьерлікті бақылаудың баяулығы болса, кейінгісі – 1990 жылдардан бастап мұнай, газ құбырлары сияқты ірі жобалар салынуынан бөкендердің мекен ету аумағы тарылып, түздің еркіндікке үйренген жануары тіршілік ортасын жоғалтты» деп жазады зерттеуші.
Британдық экологтар Ричард Кок пен Элеонора Милнер киік атаулының жаппай қырылуының тағы бір себебін климат және қоршаған орта факторларымен байланыстырады.
«Тәуліктік ылғалдылықтың ең жоғары көрсеткіші 80%-дан асқанда бөкендер шыдас бермеуі мүмкін» деп жазған зерттеушілер «2015 жылдың мамыр айында атмосфералық ылғалдылық 1948 жылдан бері болмаған шектік деңгейге жетті» деп толықтырды өз тұжырымдарын. Дәл осы 2015 жылы Бетпақдалада 150-200 мың киік қырылғанын ескерсек, эколог-ғалымдар пікірінің де жаны бар. Дегенмен, табиғаттың түрлі-түрлі құбылыстарына төзімділігімен, мамонттармен қатар пайда болып, әлі күнге дейін сақталып келе жатқан жұптұяқтылардың бұл түрі туылғанда-ақ шаранасы жауын суымен шайылып, қатты соққан желмен аяққа тұратындығын ескерсек, тіпті мықты деген қабанның өзі қамыс арасын қоныс етіп жан сақтайтын суықта ақбөкен атаулының тебін теуіп жата алатындығын назарға алсақ, киіктің қынадай қырылуына басқа бір мәселе не жаппай індет ықпал еткен деген уәж оңтайлырақ сыңайлы.
«МҰНДАЙ ПАЙДА, КҮНДЕ ҚАЙДА?!»
Өткен жылы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Қытайға жөнелтілгелі тұрған бір тоннадан астам ақбөкен мүйізін алып, жалпыұлттық шара жүргізген. Шығарылған қорытындыға сәйкес осынша мүйіз бағасы 14 млн доллардан асып жығылған.
«Мұндай пайда, күнде қайда» деп арам пиғылын іске асырмақ болғандар айуанды ғана емес, адамды да таптап кете береді. Сөзімізге дәлелді 2019 жылы қаскөйлердің қолынан қаза тапқан қорықшылар тағдыры тапжылтпай дәлелдеп береді. Сол жылы қаңтардың қыңыр аязында сейіл құрып, киік атуды көздеп шыққан топ «Охотзоопром»-ның қызметкерлеріне ұсталып қалған. «Істі осылай жылы жабамыз» деп ойлаған аңшылар қос қызметкерді соққыға жыққан. Ауыр дене жарақатына шыдас бермеген «Охотзоопром» мекемесінің жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі инспекторы Ерлан Нұрғалиев ерлікпен қаза тапса, Арқаның сәні болған ақбөкенді қорғамақ болған екінші қызметкер әупіріммен аман қалған. Кейін аталған қанды оқиғада жанқиярлық пен ержүректілік көрсеткен қорықшылар Мемлекет басшысының Жарлығы бойынша арнайы марапатпен наградталған. «Киіктің қаны қанжығасында көп қатқан адам оңбайды» деген бар, онысымен қоймай кісі қанын мойнына жүктегендер өмір бойы бас бостандығынан айрылу жазасын алды. Дегенмен, бұл жаза «тентектікті» тиюға аздық етті ме, дәл осындай қанды оқиға алты айдан соң тағы қайталанған.
Берілген марапат маңғаз табиғатты қорғаушылардың ерлігін мақтан тұтып, өзгелерге үлгі еткені сөзсіз. Бірақ, қара басын қауіпке тігіп жүрген қорықшыларға қатаң заң мен қауіпсіз жағдай жасалмайынша, мұндай оқиғаның тағы орын алмасына ешкім кепілдік бере алмайды.
Бөкендер браконьерлер қолынан ғана емес, жаппай дерттен де қырылып қалуы мүмкін. Сондықтан табиғат қорғаушылары мен ғалымдар көпсалалы тәсіл қолданып, ұдайы бақылау мен зерттеудің қажет екендігін айтады.
КЕҢ АУҚЫМДЫ «КИІК» АКЦИЯСЫ
Елімізде 2020 жылдың желтоқсан айында «Киік» кең ауқымды акциясы өткізілді. ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Баспасөз қызметі таратқан мәлімет бойынша, акция кезінде «Охотзоопром ӨБ» РМҚК инспекторлық құрамы 17 қылмыстық құқық бұзушылықты анықтаған. Оның 14-і киік өнімдерін заңсыз қолдану бойынша болса, қалған 3-еуі сирек кездесетін басқа жануар түрлерін аулауға байланысты болған.
«Киік» акциясы – ақбөкендердің браконьерлігіне, олардың дериваттарын (мүйізі, еті, терісі сияқты өнімдері) сатуға маманданған қылмыстық топтарды анықтау мен оларға қарсы жаза қолдануды жүзеге асыру мақсатында өткізілетін дәстүрлі шара. 2019 жылы аталған шара барысында 47 браконьерлік факт, 641 ұша мен 284 мүйіз тәркіленіп, табиғат ресурстарына келтірілген шығын көлемі 3,3 млрд теңгені құраған.
Биыл бұл шараға 224 Жануарлар дүниесін қорғау қызметінің инспекторы, 68 жол талғамайтын автокөлік, тағы басқа қажетті жабдықтар жұмылдырылған. Бұл жөнінде «Президент браконьерлік мәселесіне назар аударғаннан кейін саланың қажетті көлік, қару-жарақпен, қорғаныс құралдарымен жабдықталуы жақсарды» дейді «Охотзоопром» бастығының орынбасары. Акция Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Маңғыстау, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстары аумағында, әкімдік келісімімен белгіленген карантиндік блок бекеттерінде жүргізілген.
Жыл басталғалы бар-жоғы екі ай уақыт ішінде жойылу қаупіндегі жануарларға жасалған 23 іс тіркеліп үлгерген. 2021 жылдың 20 ақпанында Батыс Қазақстан облысындағы шекара қызметкерлері осындай қылмыстық топты қолға түсірген. Көлік тола ақбөкен мүйізінің жалпы құны 17 млн теңгені құраған.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев: «Браконьерлер табиғатымыздың игілігі – ақбөкендерді аулауды жалғастыруда. Олар заңмен қатаң жазалануы керек», – деді. Браконьерлікпен күрес ҚР Экология, геология және табиғат ресурстар министрлігі жұмысының басым бағыттарының бірі болып табылады. 2019 жылы Мемлекет басшысының тапсырмасымен Қазақстанда заңсыз аң аулау ісіне қатысты жаза едәуір күшейтілген. Киік атқандар енді 12 жылға бостандыққа қош айтатын болады. Дегенмен, бірі сауық деп, бірі сауда деп дала жануарын қыруын тоқтатар емес.
Іске асырылып жатқан табиғатты қорғау шараларының арқасында 2019 жылы 300 мың бастан асқан ақбөкендер саны ағымдағы жылы жарты миллионға жетуі мүмкін. Қорықшылардың айтуынша, киік тағдырына алаңдамау үшін кең далада кемі миллион киік еркін жайылып жүруі керек.
ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН
Ақбөкендер жалғыз емес, топ болып жүреді. Табындары мыңдаған, жүздеген бастан тұрады. Олардың бір ерекшелігі, табынды текелер емес, ұрғашы киік бастайды. Ақбөкен атаулы мамыр айының басында жаппай, әдетте егізден төлдейтін көрінеді. Жаңа туған лақтар жарты сағаттан кейін енесін еміп, екі-үш сағаттан соң аяқтанып кетеді. Бұл да табиғаттың төл тумасына еншілеген ерекше қасиеті болса керек.
Кең даланың көркіне айналып, сан ғасырдан аман қалған жаратылыс иелерінің негізгі үш жауы бар. Біріншісі – қасқыр, олар қажыған аналықтарға қауіп төндірсе, екінші жау – бүркіт, олардың аңсарын аудыратын жас ет, яғни жаңа туған құралайға құмар. Ал, үшінші әрі қауіптісі – адам. Олар мүйізі үшін текелерге, еті үшін ұрғашысына «шаба» береді.
Киіктер жетім қалған төлдерін ешқашан аш, жалғыз қалдырмайды. Енесі өлген лақты кез келген киік жатсынбай емізіп, ертіп алып кетеді екен. Аң екеш аң, қараңызшы! Неткен ақылды жануар! Оның қасында саналылықтың шыңында тұрған кейбір адам атын иемденгенге бауыр етінен баз кешу түк емес. Өз баласынан бас тарта алғанда, табиғат тумасының тілерсегін қию не тұрыпты ондайға?! Осы жерде тағы Оралхан Бөкейге бет бұрамыз: «…Адамзаттың бүкіл жаратылыс атаулыдан озықтығы немесе сорлылығы да осыдан шығар-ау… Біз саналылығымызды мақтан тұтамыз, ал сол саналылықтан азап шегетінімізді бағамдай бермейміз…»
Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ, экономикалық шолушы