ГАЗҒА ҚОСЫЛУ ҚҰНЫ НЕГЕ ҚЫМБАТ?

0
501

ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ АСҚАР МЫРЗАХМЕТОВТЫҢ, ШУ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ ЖАРЫЛҚАСЫН АЙТАҚОВТЫҢ НАЗАРЫНА!

20 мыңнан аса халық тұратын киелі Шу ауданының орталығы Төле би ауылы тұрғындарын газдандырып жарылқаймыз деп келген «Париев» ЖШС ауылдық округ әкімі Ербол Даберовпен ымыраласып, 2015 жылдан бастап елімізде жоқ бағамен – алғашында жер үсті болат құбырлармен жүргізуге әр үйге 380 000 теңгеден хаттама толтырады.

«ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-нан техникалық шартты (условияны) жер үстімен жүргізуге алғанымен, полиэтилен құбырлар болат құбырлардан 2-3 есе арзан әрі сонша есе аз жұмсалатынына қарамастан жер астымен жүргізетінін алға тартып, 420 000 теңгеге қымбаттатып жібереді. Қымбаттатқан 40 000 теңгені ауылдағы 4 200 үйге көбейтсе, 168 миллион теңгеге айналады. Бұны да қанағат тұтпай, мердігер басшылары 2016 жылдың басынан D 315 мм. полиэтилен құбырдың 1 метрі 9,4 мың теңгеден 19,4 мың теңгеге қымбаттады (өзге құбырлар аз ғана қымбаттаған) сылтауымен 420 000 теңгеден тағы 150 000 теңгеге көтеріп, 570 000 теңгеге шарықтатты. Пеш, т.б. қосымша шығындармен кей үйдің газға қосылу құны 1 миллион теңгеге жетеді. Ауылдағы 4200 үйге 150 мың теңгені көбейткенде 630 млн теңге болатыны аз ақша ма? Менменсіген мердігерді қолдап отырған аудан әкімінің орынбасары Нұрлан Жақсыбаевтың 2017 жылы 13 сәуірде бізге жазған ЖТ-ҰҚ-89 нөмірмен тіркелген хатында: «…1 метр негізгі құбырдың бағасы 9,4 мың теңге болса, бүгінгі күнге 19,4 мың теңгені құрап отыр. Осындай факторларға байланысты 150 мың теңгеге қымбаттап, газға қосылу бағасы 570 мың теңгені құра-ды. Ауылды газдандыруға кететін шығыны 1 млрд. 670 млн теңге» деп, жайбарақат жауап береді. Төле би ауылындағы 136 шақырымға тартылған жер асты құбырларының қай көшесіне D 315 мм. құбыр тартылғанын Нұрлан Сегізбайұлы көрсетіп бере алар ма екен?! «Алтын жалатылғандай» осы құбырдың бір бөлігін Жақсыбай мен Тұрар Рысқұлов көшелерінің қиылысына көрмеге қойғандай бекер орналастырмаған екен! Өткен жылы өзге мердігермен жердің астымен қолжетімді бағаға әр үйге 150 000 теңгедей арзанға газ кіргізбекші болғанымызда әкімқараларға арқа сүйеген «Париев» ЖШС басшылары қасақана шеткері көшелердің бәрін қазғызып кедергі келтірді.
Шу қаласы мен Төле би ауылы аралығындағы 8,7 шақырымдық магистралды газ құбырын мемлекетке сатып алып, газ бағасын тұрғындарға арзандату жайлы 2016 жылы 1 қарашада «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммедке көпшілік атынан жазған хатыма (М.У.) байланысты облыстық бюджеттен 251 миллион 145 мың теңге бөлінді. Мердігер компаниясы 2017 жылдың 1 сәуірінен тек 1 ай аралығына 60 000 теңгеге, яғни 508 000 (заңсыз ұсталынып келген ҚҚС байланысты 2016 жылы 570 000 теңгеден 62 000 теңгені алып тастағанда 508 000 теңге қалған болатын) теңгеден 448 000 теңгеге арзандатқансып, 1 мамырдан бастап қосымша құн салығын сылтауратып 475 000 теңгеге қымбаттатып жіберді… Келісімшарт қулығымен «ҚазТрансГаз Аймаққа» қосылу үшін төленетін қосымша 40 000 теңге тағы бар. Өткен жылдың қарашасында сол кездегі Үкімет басшысы Б.Сағынтаевтың Жамбыл облысына келген іс-сапарындағы арнайы тапсырмамен құзырлы орындар Төле би ауылын газдандыруға байланысты желтоқсан айынан бастап тексеру шараларын жүргізді. Менің өзім де аса қажетті құжаттармен көмектесе алдым. Нәтижесінде Шу қаласы мен Төле би аралық 8,7 шақырымдық магистралды газ құбырының құрылысы өрескел бұрмалаушылықпен жүргізілгені анықталды. Атап айтқанда, жобалық құжаты бойынша бастапқы 8,7 шақырымның 3 шақырымына D 315 мм. құбырлар орналастырылудың орнына басым бөлігіне екі еседей арзан D 250 мм. полиэтилен құбырлар қойылып кеткен. Ертеңгі күні Төле би ауылына қосымша он шақты ауыл газға қосылғанда көгілдір отынның жетіспеушілігі туындайтындығы ешкімді толғандырмайтын сияқты. Осыған қарағанда ауданымыздағы әкімқаралармен «ауыз жаласқан» «Париев» ЖШС басшылары қаржылық құйтырқы амалмен мемлекет қоржынынан бөлінген 251 миллион 145 мың теңгенің де едәуір бөлігін талан-таражға ұшыратқаны белгілі болып отыр емес пе?! Өткен жылдан облыс әкімі Асқар Мырзахметовке әлденеше мәрте, үстіміздегі жылы 2 сәуірде Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевқа өтінішпен шығып, Төле Би ауылындағы аспандаған бағаны арзандатуға көмектесуін сұрағанбыз. Нұрлан Жақсыбаев болса, «Париев» ЖШС-нің сойылын соғып, 2017 жылы сәуірдегі аударылған 251 миллион теңгеден 1 жыл бұрынғы есеппен елді алдаусыратады. Яғни, ҚҚС заңсыз ұсталынып келгендіктен 2016 жылы сәуірдегі 570 000 теңгеден кемітілген 62 000 теңгенің есебінен 508 000 теңге мен ҚҚС қулығымен көбейтілген 475 000 теңгенің айырмасы 33 000 теңге болатыны белгілі. Ал, бұлар айлалы-амалмен 33 000 теңгені сол бір жыл бұрын кемітілген 62 000 теңгеге қосып, магистралды құбырды мемлекетке сатып алғаннан соң 95 000 теңгеге арзандады деп, облыс басшыларын ғана емес, Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевқа дейін жаңылдырады. Олай болса қарапайым есеп бойынша 508 000 теңгеден 95 000 теңгені алып тастағанда 413 000 теңгеге арзандауы керек еді ғой…
«Айқын» газетінің 30 шілдедегі санын-дағы «Көгілдір отын ел игілігі үшін» атты мақаласында тілші Е.Әбдиев «Nur Otan» партиясы Жамбыл облыстық филиалында «Жоғарғы технологияларды дамыту» бағытымен комиссия отырысы өтіп, онда Жамбыл облысы бойынша елдімекендерді газдандырудың барысы туралы мәселе қаралғанын жазады: «Басқосуда облыстың Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Қ.Қорғанбаев баяндама жасады. Өткен жылы дайындалған 11 жобалық-сметалық құжаттамаға сәйкес облыстық бюджеттен 525 миллиард теңге бөлініп, газдандыруға Байзақ ауданы – 21, Жамбыл ауданы – 13, Жуалы – 15, Талас ауданы – 3, Сарысу ауданы – 14, Шу ауданында 18 елдімекен енген болатын. Биыл осы жобаға енген 7 нысанның құрылыс жұмыстары басталып, оған 6,3 миллиард теңге бөлініп отыр. Облыстың кейбір жерлерінде 475-570 мың теңгені құраған еді (бұл тек Төле биде ғана). Мұны реттеу үшін басқарма екі кәсіпорынға арнайы лицензия алып беріп, бағаны 300 мың теңгеге дейін төмендетіп отыр». Біздің аудан орталығында Жақсыбаев пен Даберовтер «Париев» ЖШС басшыларымен бұрыннан ауыз жаласып, мемлекет қаржысын жымқырып қана қоймай, халықтың қалтасын қағып отыруларына жағдай жасағаны анық дәлелденіп отыр емес пе?! Жоғарыдағы күмәнді ауыз жаласқан сыбайлас әрекеттер жайлы 24 шілдеде Шу ауданаралық прокуроры Ж. Бердіқұловқа жазған хатым 26 шілдеде Жамбыл облысы экономикалық тергеу департаментінің басшысы Е.Байгужинге жіберілді. Өткен жылдың желтоқсан айынан бері мемлекет тарапынан бөлінген 251 145 000 теңгеге байланысты тексеріп-тергеумен айналысып, айтарлықтай сорақылы былықтардың бетін ашқан осы департаменттің қызметкерлері болатын. Осы уақытқа дейін жауап кешіккендіктен, 20 мыңнан аса халыққа жандарыңыз ашитын шығар деген ниетпен Өздеріңізге ащы шындықтарды нақты дәлелдермен көрсетіп отырмын.

Құрметті Жарылқасын Әбдіғапарұлы!

1. 20 мыңнан аса халықты жас баладай алдап, қалталарын жұқартып келген Н.Жақсыбаев пен Е.Даберовке қатаң шара қолдануыңызды сұранамын. Өйткені, мен олардың халыққа қарсы жорықсыз әрекеттерін жұртшылық алдында да, заңдылық тұрғыда да дәлелдей аламын.
2. Мәдениет үйінде Төле би ауылы тұрғындарының жалпы жиынын өткізуге ықпал етсеңіз, әр үйді газдандыру бағасын тек қана пешсіз қосымша шығындармен 350 000 теңгеге төмендетуді халықтың өзі белгілейді. Одан кейін, қалған 50 000 теңгені облыстық бюджеттен бөлінген қаржыдан қысқарта отыра лицензиясы бар кәсіпорынмен тұрғындарды 300 000 теңгеге көгілдір отынмен қамтамасыз етуге жағдай туады.

Мәкен УАҚТЕГІ,
ҚР Журналистер Одағының мүшесі

ТӨЛЕ БИ АУЫЛЫ,
ШУ АУДАНЫ, ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here