Туымызды неге қастерлей алмай жүрміз?

0
7895

Мемлекеттік рәміздерге деген құрмет әр қазақстандықтың өзінен басталады. Егерде бөтен елдер Әнұранымызды шатастырып, масқаралап жатса, оның себебін алдымен өзімізден іздеуге тура келеді. Ал, рәмiздердi ұлықтау, құрмет тұту – бiр Тудың астында берекелi күн кешкен жандарға ортақ мiндет.

Тұғырлы Тудың қасиетiн айтамыз, бiрақ сол қасиеттi қорлап жатқандарға бұл күнi қандай жаза қолдана алдық? Ойландыратын жайт.  

«Бөрі басы – ұраным,

Бөрілі менің байрағым.

Бөрілі байрақ көтерсе,

Қозып кетер қайдағым».

Сүйінбай бабамыздың мұндағы «қайдағысы» жанып тұрған намысы ғой! Жазатайым сол бөрілі байрақ құласа, не болар еді? «Бөрілі байрақ құласа, /Күйремей кеткен жан емен». Ал, мынандай бейбіт заманда байрақ құлағаны былай тұрсын, Мемлекеттік Туымыз қайта-қайта қорланып жатыр. Ендеше, қорланған Туымызға қатысты бірнеше хронология жасап, есімізге түсіріп көрсек артық болмас.

Арыға бармай-ақ қояйық, әйтпесе сөз ұзарады. Беріден бастайық.

2010 жылы қыркүйекте Тараздағы Абай атындағы гуманитарлық колледжде өткен сенбілікте көк байрақпен қоқыс тасып жүрген екі студенттің абыройсыз тірлігі жұртқа жария болды. Алайда, аталған дерек бойынша қандай да бір шара қолданылғанын естімедік.

Сол жылы желтоқсанда Талдықорғанның мамандандырылған аймақаралық әкімшілік сотында ҚР Мемлекеттік Туынан шырша ойыншықтарына арналған қап тігіп, сатылымға шығарған «Жигули» компаниясының тірлігі май шаммен қаралды.

2012 жылдың наурызында Нұр-Сұлтан қаласындағы ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті ғимаратының төбесінде жыртылып қалған Мемлекеттік Ту бірнеше күн ілініп тұрды. Аталған мекеме осы келеңсіздік үшін кешірім сұрауға да жараған жоқ.

Мемлекеттік Туды қорлау фактісі 2012 жылы сәуірде тіркелді. Атыраудағы Көлік прокуратурасының ғимараты маңындағы көшені тазалап жүрген келімсектер қоқысты еліміздің көк байрағымен тасыды. Атырау облысы Ішкі істер департаментінің Баспасөз қызметі аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, күдіктілерді және Тудың олардың қолдарына қалай түскенін анықтағандарын хабарлады.

2012 жылдың шілдесінде Жазғы олимпиада ойындарының ашылуы қарсаңында Лондонның орталығындағы Парламенттік алаңда күн бейнесінің орнына тесігі бар ҚР Мемлекеттік Туы орнатылған. Тесігі бар Туға байланысты «Ақ жол» ҚДП төрағасы, Парламент Мәжілісінің депутаты Азат Перуашев сол кездегі ҚР Мемлекеттік хатшысы Мұхтар Құл-Мұхаммедке ашық хат жолдаған болатын. Алайда, осыған тікелей жауапты ҚР Мәдениет және спорт министрлігі нақты жауап қайтара алмады.

2012 жылғы қыркүйекте 1989 жылы туған К. есімді Атырау қаласының тұрғыны «Mercedes-Benz 320» маркалы көлігінің алдына Қазақстанның Туын заңсыз орнатып, ақыры жазаға тартылды. Әрине, «атыраулық азамат осылай еліне деген патриоттық сезімін көрсетпекші болған шығар, содан көлік капотына да білместіктен жапқан шығар» деген ой келсе де, Атырау қаласы прокурорының аға көмекшісі атап өткендей, соттың шешімін қатаң жаза деп санауға болмайды. К. есімді әлгі азамат көлігінің лас капотына Туды қалай болса солай жапсыра салғанын айтты. Бұл қадамға ол саналы түрде барған болып шықты.

2014 жылы шілде айында әлеуметтік желіде Қазақстанның Мемлекеттік рәміздерінің бірі – Туды жүк көлігінің брезенті ретінде пайдаланылған сурет кеңінен талқыланды. Бұл фотоны танымал жүргізуші, шоумен Марат Оралғазин түсіріп, Instagram желісінде жария еткен болатын. Суреттен жүк көлігінің Алматы көшелерінде кетіп бара жатқанын байқауға болады. Бұл жөнінде жауапты министрліктерде және Парламентте нақты мәселе ретінде қаралмады. Қарасай ауданының тұрғыны А.Есімбеков әкімшілік жазамен құтылып кетті.

Нұр-Сұлтанда тұратын Жандос Құрманбаев балконына Қазақстан Туын Геннадий Головкиннің жеңісіне орай ілгенін әлеуметтік парақшасында: «ҚР жалауын терезе жаққа патриоттық сезіммен әрі #GGG жеңісіне байланысты ілгенмін. Бүгін жалауды алып тастады. 394 400 теңге айыппұл салды» деп жазды. «Бұл қалай болғаны? Біз неліктен өз патриоттығымыздан, еліміздің жалауынан қысылуымыз керек? Түркияда, мысалға, Ту ілінбеген балкондар мен шатырлар сирек кездеседі» деп жазады желі қолданушылары. Содан Жоғарғы соттың ұйғарымымен аталған іс бойынша айыппұл алынып тасталды.

2015 жылдың маусымында «Бек-Асыл Сервис» ЖШС-нің жұмысшылары Шымкенттегі Ғали Іляев көшесінің бойындағы қоқыс контейнерінен қалдықтарды тазалауға М.Сайлаубаевтың басқаруындағы «Dong Feng» автокөлігімен келеді. Жәшіктен қоқыстарды алып жатқанда арасынан Қазақстанның Мемлекеттік Туы табылады. Жұмысшылар Туды жайып, соған қоқысты сала бастаған. Бұл сәттің фотосуреттері сол күні-ақ ғаламторға тарап кетеді. Ал, коммуналдық қызметшілер Туды қорлағандары үшін жазаланды. Шымкенттегі Әл-Фараби аудандық сотының 2015 жылдың 8 шілдесіндегі үкімімен «Бек-Асыл Сервис» мекемесінің екі жұмысшысы айыппұл төледі.

2015 жылғы қазан айында қазақстандық тәтті құмарлар шоколад қабындағы ҚР Мемлекеттік Тудың суретіне лайықты құрмет көрсетпеді. Сенаттың пленарлық отырысында сөз сөйлеген Сәрсенбай Еңсегенов ҚР Мемлекеттік рәміздерді пайдаланатындарға көңілі толмайтынын жеткізді. Аталмыш шоколад «Рахат» АҚ шығаратын өнім болып табылады. АҚ басқарма төрағасы міндетін кәріс азаматы Но Манг Ко атқарады.

Шетелдік компанияларға ҚР Мемлекеттік Туын ілу Конституциялық заңмен міндеттелмек пе? Парламенттің Сенат отырысында «ҚР Мемлекеттік рәміздері туралы» №258 Конституциялық заңына осындай өзгеріс енгізу жөнінде ұсыныс қаралды. Өкінішке қарай, аталған заңға өзгеріс жасалғанымен, шетелдік компаниялар кеңселерінің алдында қазақтың байрағын желбіретуге құштар емес.

2016 жылы Ольга Шумилова ҚР Мемлекеттік Туды қоқысқа тастағаны үшін қоғам сынына ұшырады. Қостанайлық әйел халықтан кешірім сұрап, қатаң сөгіспен жазадан құтылды.

2017 жылы қазан айында Қызылорда қаласының тұрғыны Сұлтан Тумашинов шағымданған болатын. Азамат «патриот болғаным үшін заң алдында жауапқа тартылдым» деп ашынды. Мемлекеттік туды терезесінің алдына іліп қойғаны үшін айыпталған азаматқа 453 мың теңге көлемінде айыппұл салынған. Қызылорда қалалық Ішкі істер басқармасының учаскелік инспекторы тиесілі пәтердің терезесінде ілініп тұрған Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын көріп, осы азаматқа қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырған. ҚР Жоғарғы Сотының ұйғарымымен қабылданған шешімнің күші жойылды.

Түркістан облысы Келес ауданының білім ошағында Қазақстан Туына түйреуішпен дәрі тамызғыш іліп, ем алып жатқан әйелдің видеосы әлеуметтік желіде таралып кетті. Оқиға Абай ауылындағы Саз мектебінде болған. Сарыағаш ауданының тұрғыны Л.Дарханбаева Facebook желісіндегі парақшасына 2020 жылдың 6 тамыз күні Саз мектебі басшысының міндетін уақытша атқарушы З.Умаргазиеваның Мемлекеттік Туды қорлағаны туралы жазба жариялаған. Оны Абай балалар саз мектебінің кәсіподақ ұйымының төрағасы Е.Асанов есімді мұғалімі ұялы телефонының бейне камерасына түсіріп, әлеуметтік желіге жүктеген болатын. Өкінішке қарай, құзырлы органдар басшыға қатысты ешқандай шара қолданбады.

Күні кеше Аустралия мен Ұлыбританияда жалаңаш күйде Қазақстанның Туын көтерген «Бораттар» флеш-моб өткізді. Бұл онсыз да ызалы халықтың ашуын келтірді. Желі қолданушылары мен қоғам белсенділері «Боратқа» қатысты шара қолдануды талап ете бастады. Алматыда «Борат-2» фильміне қарсы жастар АҚШ елшілігіне петиция табыстады.

ҚР Мемлекеттік Туының авторы Шәкен Ниязбеков: «Халқыма тек бақыт тілеймін. Білгенімнің бәрін халқымнан үйрендім. Менің еңбегімді бағалаған сол ұлтымның әр азаматы, бала-шағасы, немере-шөбересімен бақытты ғұмыр кешсе екен», – деген екен. Шәкен Оңласынұлының қазаққа тарту еткен тамаша Туы әрқашан тәуелсіз Қазақстанның көгінде желбіреп тұрғай!

Руслан ХАМЗА, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Мемлекеттік рәміздерді насихаттау жөніндегі Ұлттық орталығының атқарушы директоры

Атырау қаласы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here