Самғат ЕРМЕКБАЕВ: «Білім биігі, ғылым өрісі – ҚазҰУ-дың жаңа белесі»

0
4356

Білім беру жүйесінің бүгінгі қарқыны мен ертеңгі бағыты жоғары оқу орындарының әлеуетімен, ғылыми ізденістің тереңдігімен және бәсекеге қабілетті маман даярлау сапасымен өлшенеді. Бұл ретте Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті – отандық білім мен ғылымның қара шаңырағы, талай буынның арманына қанат бітірген іргелі оқу орны. Уақыт талабына сай жаңғыру, білім мен ғылымды ұштастыру, жас ұрпақтың мүмкіндігін кеңейту – университеттің стратегиялық міндеттерінің бірі. Осы орайда Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Басқарма төрағасының орынбасары – бірінші проректор Самғат Қуатұлы Ермекбаевпен сұхбаттасып, университеттің бүгінгі тынысы, білім беру сапасын арттыру бағытындағы басымдықтар, ғылымды дамыту мен жастарға жасалып жатқан мүмкіндіктер туралы әңгімелестік.

«Болашақ» – жастарға қанат бітірген бағдарлама

– Самғат Қуатұлы, өзіңіздің шыққан ортаңыз туралы айтып берсеңіз. Қай өңірдің тумасысыз? Балалық шағыңыз бен отбасы тәрбиесі өмір жолыңызға қалай әсер етті?

– Туып-өскен жерім – Тараз қаласы. Мектепті Алтын белгіге бітірдім. Негізі, жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндерге бейім болдым. Алайда ата-әжемнің тәрбиесінде өскендіктен, атамның жөн сілтеуімен заң саласын таңдадым. Осылайша, нақты ғылымдарға жақын болсам да, гуманитарлық бағытқа бет бұрдым. Әулетіміздің үлкен немересі болғандықтан, жеті жасқа дейін ата-әжемнің қолында өстім. Екеуі де ұстаз еді.

Атам кейін мектеп директоры болды. Физика, химия және математика пәндерінен сабақ берген. Бәлкім, менің нақты ғылымдарға деген қабілетіме де сол кісілердің тәрбиесі мен тәлімі әсер еткен шығар. Ата-әжемнің білімге деген көзқарасы менің өмірімде үлкен із қалдырды. Ал ата-тегімізге келсек, түп-тамырымыз Ақтаумен байланысты. Шежіремізді таратып айтқанда, Бекет атаның сегізінші ұрпағымын. Қазақ үшін туған жер мен ата-тек ұғымы бір-бірінен ажырамайды ғой. Сондықтан өзіңнің қайдан шыққаныңды, кімнің ұрпағы екеніңді білу маңызды деп ойлаймын. Ата-әжемнің тәрбиесі менің өмірлік ұстанымдарыма үлкен әсер етті.

Ал білім саласына келуімнің өзі бірнеше кезеңнен тұрады. Соның ішінде «Болашақ» бағдарламасының орны ерекше. 2017 жылдан бастап шетелде білім алу кезеңім басталды. АҚШ-тағы Пенсильвания университетінде оқыдым. Шетелдік жоғары оқу орындарында білім алып жүргенде бір нәрсені анық байқадым: онда оқитын жастардың арасында білімі терең, мүмкіндігі мол отбасылардан шыққандар көп. Ал мен секілді орта таптан шыққан жастар үшін «Болашақ» бағдарламасы үлкен мүмкіндік болды. Бұл бағдарлама маған әлемдік деңгейдегі білім алып қана қоймай, халықаралық академиялық ортаға енуге жол ашты. Меніңше, «Болашақ» – жастарға берілген маңызды мүмкіндіктердің бірі. Ол адамның шыққан ортасына қарамастан, білімі мен талпынысы арқылы биік мақсаттарға жетуіне жол ашады. Өз басым бұл бағдарламаны өмірімдегі үлкен трамплин деп есептеймін.

– «Болашақ» бағдарламасы бойынша оқуды қай жылы аяқтадыңыз? Шетелде алған біліміңіз бен тәжірибеңіз кейінгі кәсіби жолыңызға қалай әсер етті?

– 2018 жылы АҚШ-тағы екінші магистратурамды аяқтадым. Оған дейін Ресей халықтар достығы университетінде (РУДН) халықаралық қатынастар бағыты бойынша білім алғанмын. Бұл да халықаралық академиялық ынтымақтастық аясындағы бағдарламалардың бірі арқылы жүзеге асты. Ал АҚШ-та құқық саласының киберқауіпсіздікке қатысты бағыты бойынша мамандандым. Шетелде жинаған білімім мен тәжірибемді кейін кәсіби қызметімде қолдануға мүмкіндік туды. Қазір Шотландиядағы Glasgow университетінде және Гонконгтағы City университетінде шақырылған оқытушы ретінде дәріс оқимын. Ағылшын тілінде бұл қызмет adjunct professor деп аталады. Яғни, белгілі бір модуль аясында сабақ беріп, оқу орнына жыл бойы бірнеше рет барамыз. Әдетте, бір-екі апта көлемінде дәріс өткізіп, студенттермен және әріптестермен тәжірибе алмасамыз. Қазақстанда да сабақ беру тәжірибем болды. Сүлейман Демирел университетінде магистранттарға электрондық коммерция және киберқауіпсіздік пәндерінен дәріс оқыдым. Осылайша, халықаралық білім беру тәжірибесін елдегі академиялық ортамен ұштастыруға мүмкіндік алдым.

– Шетелде білім алып қана қоймай, сол жақта қызмет атқардыңыз. Қазақстанның білім саласындағы жобаларға араласуыңыз қалай басталды?

– АҚШ-та бес жылдан астам уақыт тұрдым. Пенсильвания университетінде Орталық Азия бағдарламалары бойынша департамент директоры қызметін атқарып, екі жылдай жұмыс істедім. Бұл кезең маған халықаралық білім беру жүйесін ішінен тануға, академиялық бағдарламаларды ұйымдастыру мен жүзеге асыру тәжірибесін жинақтауға мүмкіндік берді. Кейін Қазақстанға оралған соң, білім саласындағы жобаларға араласа бастадым. Сол кезеңде «Атлас новых профессий» («Жаңа мамандықтар атласы») жобасы қолға алынды. Жоба аясында шетелдік сарапшыларды тарту қажеттілігі туындап, мені де осы жұмысқа шақырды. Ол кезде Саясат Нұрбек әлі министр емес еді. Жобалық кеңсе аясындағы осы бастамаға қатысуым Қазақстанның білім беру саласындағы өзгерістерге араласуыма жол ашты. Осы тәжірибеден кейін білім беру саласындағы халықаралық жобаларға атсалысу мен үшін кәсіби қызметімнің маңызды бағытына айналды. Шетелде алған білімді ел игілігіне жарату, халықаралық тәжірибені Қазақстанның білім беру жүйесіне енгізуге үлес қосу – негізгі мақсаттарымның бірі болды.

Студентке жасалған жағдай – сапалы білімнің шарты

– 2026-2027 оқу жылында 8 мыңнан астам студент қабылдапсыздар. Сол студенттердің бәрін жатақханамен қамти алдыңыздар ма? Осы жөнінде айта кетсеңіз.

– Биыл Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне 8 мыңнан астам бірінші курс студенті қабылданды. Әрине, олардың баспана мәселесін шешу – университет алдындағы маңызды міндеттердің бірі. Қазіргі таңда оқу орнында 16 жатақхана жұмыс істейді. Дегенмен, қолда бар орын саны студенттердің барлығын жатақханамен толық қамтуға жеткіліксіз. Сондықтан біз студенттерді белгіленген кезек пен басымдық тәртібіне сәйкес орналастырамыз. Ең алдымен, басқа қалалардан келген, баспанаға мұқтаж бірінші курс студенттеріне орын беріледі. Одан кейін осы санаттағы жоғары курс студенттерінің өтініштері қарастырылады. Сонымен қатар, университетімізде 8 мыңнан астам шетелдік азамат білім алып жатқанын да ескеруіміз керек. Жатақханадан орын бұйырмаған студенттерді де назардан тыс қалдырмаймыз. Оларға хостелдер мен бағасы қолжетімді басқа да баспана нұсқаларын табуға қолдау көрсетеміз.

Бұл мәселе ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің тікелей бақылауында. Оқу жылы басталар алдында министрлік жанынан Республикалық ахуалдық орталық жұмыс істеп, Алматы қаласындағы барлық жоғары оқу орындарының студенттеріне көмек көрсетті.

Біздің басты мақсатымыз – студенттердің баспана мәселесін шешуге барынша қолдау білдіріп, олардың алаңсыз білім алуына қолайлы жағдай жасау. Сондықтан әрбір жастың жағдайын ескеріп, қолда бар мүмкіндіктерді тиімді пайдалану бағытындағы жұмысымыз жалғаса береді.

– Студенттер санының өсуі университеттің білім беру және әлеуметтік инфрақұрылымына қандай талап қойып отыр? Университеттің жаңа оқу жылындағы жатақхана қорын арттыру, жаңа нысандар салу немесе қолданыстағы ғимараттарды жаңғырту жөнінде қандай нақты жоспарлары бар?

– Студенттер санының артуы университеттің білім беру кеңістігін ғана емес, әлеуметтік инфрақұрылымын да жүйелі түрде дамытуды талап етеді. Өйткені, сапалы білім беру үшін заманауи оқу аудиторияларымен қатар, студенттің қауіпсіздігі мен тұрмыс жайлылығын қамтамасыз ететін қолайлы орта қалыптастыру маңызды. Дегенмен, студенттер санының өсуіне байланысты жатақхана қорын кеңейту және қолданыстағы нысандарды жаңғырту бағытында кешенді жұмыстар қолға алынды.

2026 жылы жалпы ауданы 66 мың шаршы метрді құрайтын, 5 мыңнан астам орынға арналған бес жаңа жатақхананың құрылысы басталды. Сонымен қатар, екі жатақхана күрделі жөндеуден өтіп, 12 жатақханада реконструкциялау жұмыстары жүргізілді. Бұл бастамалардың түпкі мақсаты – студенттерді баспанамен қамтамасыз ету мәселесін кезең-кезеңімен шешіп, олардың білім алуына, ғылыми ізденісіне және тұлғалық дамуына қолайлы жағдай жасау.

Университеттің даму жоспары әлеуметтік инфрақұрылымды жетілдірумен шектелмейді. Кампустың бас жоспары аясында жаңа оқу корпустарын салу да көзделген. Ал жалпы ауданы 8 мың шаршы метр болатын Farabi Hub кеңістігі студенттердің ғылыми, инновациялық және шығармашылық бастамаларын қолдауға бағытталған. Мұнда жастардың өз идеяларын жүзеге асырып, бірлескен жобалар әзірлеуіне және зияткерлік әлеуетін дамытуына мүмкіндік беретін орта қалыптастыру көзделіп отыр. Өйткені, студентке жасалған жағдай білім сапасына, ғылыми ізденісіне және университеттің болашақтағы зияткерлік капиталына салынған инвестиция.

Сапалы білім – бәсекеге қабілетті ұрпақ негізі

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тапсырмасына сәйкес елімізде жетекші шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу ісі қарқын алды. Жалпы халықаралық ынтымақтастықтың бүгінгі бағыты қандай? Бірлескен білім беру мен ғылыми байланыстардың болашағына қалай қарайсыз?

– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес шетелдік жетекші жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу – Қазақстанның жоғары білім беру жүйесін халықаралық академиялық кеңістікпен ықпалдастырудың маңызды тетіктерінің бірі. Бұл бастама отандық білім беру үдерісіне озық тәжірибені, заманауи технологияларды және халықаралық академиялық стандарттарды енгізуге мүмкіндік беріп отыр. 2025 жылы елімізде шетелдік жоғары оқу орындарының тоғыз жаңа филиалы ашылып, олардың жалпы саны 33-ке жетті. Олардың қатарында Cardiff University, Coventry University, Woosong University, Anhalt университеті, Università Politecnica delle Marche және МГИМО секілді беделді білім ордалары бар. Мұндай серіктестіктер қазақстандық жастарға өз елінде жүріп-ақ халықаралық білім беру бағдарламалары бойынша білім алуға, кәсіби көкжиегін кеңейтуге және әлемдік еңбек нарығында сұранысқа ие құзыреттерді меңгеруге жол ашады.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті де халықаралық академиялық ықпалдастықты стратегиялық басымдықтардың бірі ретінде қарастырады. Біз үшін шетелдік университеттермен байланыс орнатудың мәні олардың филиалдарын ашумен ғана шектелмейді. Ең бастысы – осы әріптестік арқылы білім мен ғылымның жаңа бағыттарын дамыту, озық зерттеу тәжірибесін игеру және қазақстандық ғылымның әлеуетін арттыру. Осы бағыттағы жұмыстардың нақты нәтижелері бар. 2022 жылдан бері университетіміздің базасында Ұлттық зерттеу ядролық университеті МИФИ филиалы жұмыс істеп келеді. Мұнда ядролық физика және қорғалған есептеу жүйелері салалары бойынша мамандар даярланады. Ал 2023 жылы Қытайдың Солтүстік-батыс политехникалық университетінің филиалы ашылып, компьютерлік ғылымдар, телекоммуникация, материалтану және жасанды интеллект бағыттары бойынша білім беру мен ғылыми зерттеулерге басымдық берілді. 2025 жылы аталған филиалға 42 бакалавриат студенті, 60 магистрант және 4 докторант қабылданды. Әсіресе, Қытайдың Солтүстік-батыс политехникалық университетімен ғылыми байланыстарымызды ерекше атап өткен жөн. Әріптестік аясында микроспутниктерді әзірлеу, бірлескен зертхана құру және жерүсті спутниктік станциясын ұйымдастыру бағытындағы жобалар дамып келеді. Демек, халықаралық әріптестік білім беру мазмұнын жаңартып қана қоймай, отандық ғылыми зерттеулердің ауқымын кеңейтуге де ықпал етеді.

Соңғы үш жылда шетелде қазақстандық жоғары оқу орындарының бес филиалы ашылды. ҚазҰУ-дың Бішкек, Стамбұл және Омбы қалаларындағы филиалдары университеттің халықаралық қатысу аясын кеңейтіп, білім беру бағдарламалары мен академиялық тәжірибесін шетелдік білім алушыларға ұсынуға мүмкіндік беріп отыр. Бұл – университеттің халықаралық беделін нығайтумен қатар, отандық білім беру моделінің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған жұмыс.

Академиялық ықпалдастықтың тағы бір маңызды қыры – профессорлық-оқытушылық құрам мен білім алушылардың халықаралық ұтқырлығы. 2025-2026 оқу жылында ҚазҰУ-дың оқу үдерісіне 212 шетелдік профессор тартылды. Сонымен қатар, 338 бакалавриат студенті, 322 магистрант және 393 докторант шетелдік университеттерде білім алып, ғылыми тағылымдамадан өтті. Бұл тәжірибе білім алушылардың кәсіби және зерттеушілік дағдыларын жетілдіріп, жаңа ғылыми мектептермен танысуына, халықаралық академиялық байланыстар орнатуына жағдай жасайды. Ал шетелдік ғалымдардың университетімізге келуі оқу мазмұнын байытып, ғылыми пікір алмасу мәдениетін дамытуға серпін береді. Алдағы кезеңдегі мақсатымыз – қалыптасқан әріптестікті нақты ғылыми және білім беру нәтижелеріне бағыттау. Осы ретте қос дипломды бағдарламалардың аясын кеңейтуге, бірлескен зертханалар мен халықаралық ғылыми жобаларды дамытуға, жас ғалымдардың әлеуетін қолдауға басымдық береміз.

Түптеп келгенде, біздің ұстанымымыз – әлемдік білім мен ғылымның озық жетістіктерін ұлттық мүддеге сай игеру. Халықаралық серіктестік қазақстандық жастарға кең мүмкіндік ашып, отандық ғылыми ортаның әлеуетін күшейтіп, жаңа технологиялық шешімдердің қалыптасуына ықпал етуі қажет. Сонда ғана білім мен ғылымға салынған инвестиция ел экономикасының дамуына, инновациялық әлеуеттің артуына және Қазақстанның халықаралық академиялық кеңістіктегі орнының нығаюына қызмет етеді.

Ертеңгі білімнің бүгінгі міндеттері

– Мемлекет басшысы жоғары білім мен ғылымның сапасын арттыруға, университеттердің бәсекеге қабілеттілігін күшейтуге ерекше мән беріп келеді. Осы бағыттағы Президент тапсырмалары ҚазҰУ-дың бүгінгі даму бағдарынан қалай көрініс тауып отыр?

– Мемлекет басшысы айқындаған жоғары білім мен ғылым сапасын арттыру, жасанды интеллектті дамыту және университеттердің бәсекеге қабілеттілігін нығайту міндеттері ҚазҰУ дамуының стратегиялық бағдарына айналды. Университеттің басты мұраты – білім мен ғылымды инновациямен ұштастырып, ғылыми жаңалықтарды ел игілігіне қызмет ететін нақты технологиялар мен өнімдерге айналдыру. 2026 жылғы 19 наурызда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ҚазҰУ-ға келіп, Инновациялық өнімдер орталығы мен Farabi Hub жобаларымен танысуы университеттің ғылыми-инновациялық әлеуетіне берілген жоғары баға әрі алдағы міндеттерге жүктелген зор жауапкершілік болды.

Бүгінде университеттің ғылыми инфрақұрылымы қарқынды дамып келеді. ҚазҰУ құрамындағы 9 ғылыми-зерттеу институты, 38 ғылыми орталық пен 155 заманауи зертхана ғылымның жаңа мүмкіндіктеріне жол ашуда. Жасанды интеллект, робототехника, суперкомпьютерлік технологиялар мен киберқауіпсіздік бағыттарындағы зерттеулер кеңейіп, ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыруға басымдық берілуде. Соның нәтижесінде Farabi Hub орталығында 300 жаңа жұмыс орны ашылып, 20 миллион АҚШ долларынан астам инвестиция тартылды.

Ғылымның әлеуеті оның нәтижесімен өлшенеді. Осы тұрғыдан алғанда, ҚазҰУ ғалымдарының соңғы оқу жылында 3971 ғылыми мақала жариялауы – зерттеу жұмыстарының ауқымын айқындайтын маңызды көрсеткіш. Сонымен қатар, жасанды интеллект саласында 17 стратегиялық жоба жүзеге асырылуда. Penn State университетімен жасанды интеллект, биотехнология және наноматериалдар бағытында, ал Сингапурмен кванттық технологиялар саласында бірлескен ғылыми бастамалар қолға алынған. Білім беру, зерттеу және индустрияны тоғыстыратын Жасанды интеллект академиясын құру да осы бағыттағы маңызды қадамдардың бірі. Мұның бәрі – университеттің ғылыми әлеуетін арттырумен шектелмейтін, ғылым жетістіктерін экономиканың дамуына, технологиялық жаңғыруға және елдің бәсекеге қабілеттілігін нығайтуға бағытталған жүйелі жұмыс. ҚазҰУ-дың ұстанымы айқын: ғылыми ізденіс нақты нәтижеге, ал жаңалық ел игілігіне қызмет етуі керек.

– Бүгінде жетекші университеттің профессорлық-оқытушылық құрамы қандай деңгейде? Ғылыми әлеует, жас ғалымдарды қолдау, кадрларды дамыту бағытындағы жұмыстар жайында айтып өтсеңіз.

– ҚазҰУ-да ғылыми әлеуетті арттыру, жас зерттеушілерді қолдау және білікті ғылыми кадрлар даярлау жүйелі түрде жүзеге асырылып жатыр. Бүгінде университетте 2148 PhD докторант пен 2904 магистрант білім алып, ғылыми ізденістерін ғылымның басым бағыттарымен ұштастыруда. Ғылыми кадрлар даярлаудағы ілгерілеу диссертация қорғау көрсеткішінен де айқын көрінеді. 2021 жылы 57 докторлық диссертация қорғалса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 272-ге жетті. Яғни, бес жыл ішінде қорғау саны шамамен бес есеге артты. Бұл ғылыми даярлық пен аттестаттау жұмыстарының нәтижелі жүргізіліп келе жатқанының көрінісі. Зерттеушілердің кәсіби өсуіне де басымдық берілген. 2025-2026 оқу жылынан бастап доцент-зерттеуші және профессор-зерттеуші санаттары енгізіліп, ғылыми қызметке жаңа серпін берілді. Осы бағытта еңбек ететін шетелдік ғалымдардың саны бір жылда 7-ден 21-ге дейін өсті.

Жас ғалымдарды қолдау – ғылымның болашағына салынған инвестиция. «Жас ғалым» бағдарламасы, ғылыми жобалар конкурстары, «Болашақ» халықаралық бағдарламасы және тұрғын үймен қамтамасыз ету тетіктері жас зерттеушілердің кәсіби қалыптасуына жол ашып отыр. Биылдың өзінде 50-ге жуық жас ғалым түрлі конкурстар мен бағдарламалар аясында қолдау тапты. Соңғы үш жылда тағы 50-ге жуық жас маман «Болашақ» бағдарламасы арқылы Кембридж университетінде, АҚШ-тың Огайо штаты мен Джордж Вашингтон университеттерінде тағылымдамадан өтті.

Жас ғалымдардың әлеуметтік жағдайын жақсарту да назардан тыс қалған жоқ. Биыл Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында университеттің төрт жас ғалымы баспанамен қамтамасыз етіліп, мұндай қолдауға ие болғандардың жалпы саны 22-ге жетті. Ғылымның өркендеуі білікті кадрға, ал ғылыми әлеуеттің артуы жас зерттеушіге жасалған жағдайға тікелей байланысты. Сондықтан ҚазҰУ-дағы басты міндет жас ғалымдардың ізденісіне мүмкіндік беріп, олардың ғылыми нәтижелерін халықаралық деңгейге шығару және ел дамуына қызмет ететін зерттеулерге жол ашу.

– Мемлекет басшысы жастардың сапалы білім алуына ғана емес, олардың ел дамуына үлес қосуына да үлкен жауапкершілік жүктеп отыр. Сіздіңше, бүгінгі ҚазҰУ студенті университет қабырғасынан шыққанда қандай басты құндылық пен азаматтық ұстанымды алып шығуы керек?

– ҚазҰУ түлегі университет қабырғасынан терең біліммен қатар, ел алдындағы жауапкершілікті сезінетін, адалдықты ту еткен, қоғам игілігіне қызмет етуге дайын азамат болып шығуы керек. Сапалы білім кәсіби қалыптасудың негізі болса, оны ел дамуына жұмсау азаматтық парыз. Менің ұстанымым – білімім мен еңбегімді Қазақстанның өркендеуіне арнау. Нағыз отансүйгіштік адал еңбекпен, кәсіби жауапкершілікпен және нақты нәтижемен өлшенеді. Өз ісін жетік меңгерген, заң мен қоғамдық тәртіпті құрметтейтін, қабылдаған шешімі мен атқарған ісіне жауап бере алатын маман ғана қоғамның дамуына лайықты үлес қоса алады.

Бүгінгі студент ертең елдің түрлі саласында еңбек етіп, маңызды шешімдер қабылдайтын маман, қоғамның белсенді мүшесі. Сондықтан оның бойындағы білімге құштарлық, еңбекқорлық, парасаттылық пен отансүйгіштік жеке тұлғаның ғана емес, тұтас мемлекеттің болашағына ықпал етеді. ҚазҰУ түлегі үшін басты өлшем алған білімінің көлемі ғана емес, сол білімді ел игілігіне жарата білуі. Университеттің миссиясы да бәсекеге қабілетті маман даярлаумен қатар, ел тағдырына бейжай қарамайтын, саналы шешім қабылдайтын, қоғам алдындағы жауапкершілігін терең сезінетін азамат қалыптастыру. Меніңше, білім мен азаматтық ұстаным тоғысқанда ғана ел дамуына қызмет ететін шынайы нәтиже пайда болады.

– Рейтинг – бәсекеге қабілеттіліктің көрсеткіші. Университеттердің түрлі рейтингтегі позициясы оның білім кеңістігіндегі орнын айшықтаса керек. Соңғы жылдар белесінде университеттің бұл тұрғыдағы көрсеткіштеріне тоқталып өтсеңіз.

– Университеттің халықаралық рейтингі – оның білім беру сапасы мен ғылыми әлеуетін әлемдік деңгейде бағалаудың маңызды көрсеткіші. Бұл тұрғыдан алғанда, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің соңғы жылдардағы нәтижелері оның халықаралық академиялық кеңістіктегі орнын айқындай түседі.

Беделді Quacquarelli Symonds (QS) агенттігінің QS World University Rankings 2027 рейтингінде ҚазҰУ 177-орынға ие болып, Қазақстан жоғары оқу орындары арасындағы көшбасшылығын сақтады. Ал QS Asia University Rankings 2026 рейтингінде 85,6 балл жинап, 38-орынға тұрақтады. Осылайша, Азияның үздік 40 университетінің қатарына енді. Орталық Азия жоғары оқу орындары арасындағы рейтингте де бірінші орынды иеленді. Times Higher Education World University Rankings 2027 рейтингінде университет 1401-1600 орындар тобына енсе, THE Sustainability Impact Ratings 2026 рейтингінде 401-600 орындар тобынан көрінді. Бұл нәтижелер ҚазҰУ-дың тарихи дәстүрі мен қалыптасқан ғылыми мектептеріне, профессорлық-оқытушылық құрамының әлеуетіне және білім мен ғылымды қатар дамытуға бағытталған жұмысына негізделеді. Дегенмен, халықаралық рейтингтегі орынмен шектелу жеткіліксіз. Басты міндет – білім сапасын үздіксіз жетілдіру, ғылыми зерттеулердің нәтижелілігін арттыру, халықаралық әріптестікті кеңейту және түлектердің еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін нығайту. ҚазҰУ үшін көшбасшылық – рейтинг салмақты ғылыммен және ел дамуына қызмет ететін нақты нәтижелермен бекемдеу.

– Самғат Қуатұлы, әңгімеңізге рақмет.

Әңгімелескен: Индира БІРЖАНСАЛ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here