Махаббаттың мәңгілік мекені – оқырман жүрегінде

0
458

Адам жадында мәңгі қалатын махаббаттың да, уақыт кері қайтара алмайтын өкініштің де өз бекеті бар. Бірі жүрекке жарық түсірсе, енді бірі ғұмыр бойы жауабы табылмаған сауал болып санада сақталады.

Осындай нәзік сезім мен күрделі тағдыр тоғысқан «Махаббат бекеті» көрерменнің көңілінде із қалдырған еді. Енді Қазақстанның халық артисі, режиссер-драматург Талғат Теменовтің бұл туындысы экран кеңістігінен кітап әлеміне қадам басып, оқырманмен қайта қауышты.

Алматыдағы Ұлттық кітапханада таныстырылған, «Атамұра» баспасынан жарық көрген жаңа басылым уақыт өтсе де өзектілігін жоғалтпайтын адам жанының шежіресіне қайта үңілуге мүмкіндік беретін рухани олжа.

Адам өміріндегі алғашқы сезім, сенімге сызат түсірген сатқындық, тағдырдың жазуы мен уақытында айтылмаған сөздің салдары – «Махаббат бекетінің» өзегіне айналған тақырыптар. Шығарма осы мәселелер арқылы оқырманды адамдық қарым-қатынастың қадірін бағалауға, өткенге байыппен қарауға шақырады. Кино нұсқасы көрерменге көркем бейнелер арқылы жетсе, кітап кейіпкерлердің ішкі әлемін сөзбен зерделеуге жол ашады.

Кітаптың жарық көруіне «Атамұра» баспасы қолдау көрсетті. Тұсаукесер рәсімінде автор Талғат Теменов баспа ұжымына ризашылығын білдіріп, кейінгі жылдары жазған әңгімелері мен повестерінің бір жинаққа топтастырылғанын атап өтті.

– Кітаптың тұсаукесеріне себеп болған «Атамұра» корпорациясына мың да бір рақмет! Қазақтың «Бұлақ көрсең, көзін аш» деген сөзі бар. Сол секілді Рақымғали бауырым соңғы кезде жазған әңгіме-повестерімнің бәрін бір жинақ қылып шығарып отыр, – деді қаламгер.

Бұл басылымның маңызы көркем туындыны көпшілікке ұсынумен ғана шектелмейді. Ол әдеби мұраны дәріптеп, кітап оқу мәдениетін қалыптастыруға бағытталған жұмыстың бір бөлігі. «Атамұра» корпорациясының президенті Рақымғали Құл-Мұхаммед баспа қызметінің осы бағыттағы міндетіне тоқталды.

– Мемлекет басшысының тікелей қолдауымен және бастамасымен соңғы кездері әдебиет, мәдениет және білім салаларына қатысты көптеген маңызды жоба жүзеге асырылып жатыр. Соның ішінде «Кітап оқитын ұлт», «Зерделі ұлт» жобалары да жалғасын тауып келеді. «Атамұра» баспа корпорациясы осы бастамаларды қолдау мақсатында оқырмандарға көптеген жаңа кітап ұсынып жатыр. Солардың бірі – белгілі театр және кино режиссері Талғат Теменов ағамыздың «Махаббат бекеті» атты кітабы. Кезінде осы туындының желісі бойынша фильм түсіріліп, көрермендердің көңілінен шықты деп ойлаймын. Енді кітап нұсқасы да оқырмандардың көңілінен шығады деген сенімдеміз, – деді Рақымғали Құл-Мұхаммед.

Жазушы Бексұлтан Нұржекеев махаббат тақырыбының әдебиеттегі орнына тоқталып, шынайы сезімнің адам өміріндегі мәні мен көркем шығармадағы көрінісіне қатысты ойымен бөлісті. Оның пайымынша, махаббат – тек жүрек қалауы ғана емес, адам болмысын, мінезін, өмірлік таңдауын танытатын терең ұғым. Осы тұрғыдан алғанда, Талғат Теменовтің «Махаббат бекеті» туындысы да оқырманды сезім тазалығы мен тағдыр алдындағы жауапкершілік туралы толғануға жетелейді. Қаламгердің шығармашылығын кітап арқылы кеңінен таныту ұлттық әдебиеттің қорын толықтырып қана қоймай, бүгінгі оқырманды отандық авторлардың еңбектерімен жақындастырады. Әсіресе, экранда танылған туындының баспа нұсқасының жарық көруі оның мазмұнын басқа қырынан қабылдауға мүмкіндік береді. Кино өнері мен әдебиеттің сабақтастығы осындай еңбектер арқылы айқындала түседі.

«Махаббат бекетінің» кітап болып жарық көруі көрерменге таныс шығарманың әдеби кеңістікте жаңа ғұмыр бастауының негізі. Талғат Теменовтің туындысы адам сезімінің тереңіне бойлап, жүрек таңдауы мен тағдыр салмағын таразылауға жетелейді. Кино арқылы көпшілікке жеткен оқиға енді кітап бетінде оқырманның өз пайымымен толығып, жаңа мағынаға ие болмақ. Өйткені, шынайы шығарманың құндылығы жарық көрген кезеңі, арада жылдар өтсе де, адам жанына қозғау салып, ойға қалдыра алуымен өлшенеді. Ал, әдебиеттің мәңгілік міндеті осындай рухани сабақтастықты үзбей, ұрпақтан ұрпаққа жеткізу.

Индира БІРЖАНСАЛ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here