Саусақ бірікпей, ине ілікпейді

0
5605
Павлодар облысы аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің шұғыл штабы

Негізі 1905 жылы қаланған ҚР Кәсіподақтар федерациясының 2 миллионға жуық мүшесі бар. Оның құрамына 23 республикалық салалық, 17 аумақтық кәсіподақ бірлестігі және 20 мыңға жуық бастауыш кәсіподақ ұйымы кіреді. Осы ҚР Кәсіподақтар федерациясы мен аумақтық кәсіподақтар бірлестіктерінің атқарып жатқан шаруаларына көктемде кеңінен тоқталғанымызды ғасыр тарихы бар «Qazaq» газетінің көзі қарақты оқырмандары жақсы біледі.

Еңбек адамының құқығын қорғайтын, сөзін сөйлейтін, еңбек дауын шешетін әлемдегі барлық кәсіподақтар ұйымының алдында қазір үлкен міндеттер тұр. Неге десеңіз, коронавирус пандемиясы жұмыссыздық мәселесін күрделендіре түсті. Мысалы, Халықаралық еңбек ұйымының мәліметінше, COVID-19 әлем елдеріндегі жұмысшылардың 80%-ның жұмысына кері әсер етті. 2020 жылдың алғашқы жарты жылында жұмыс көлемі 10,7%-ға қысқарды, яғни 305 млн адам жұмыссыз қалды. Онсыз да жұмыс таба алмай жүргендерге пандемия жығылғанға жұдырық болды. Әсіресе, еңбек мигранттарының тең жартысы өлместің күнін көріп келеді. Жұмыссыз қалған мигранттар не елдеріне қайта алмай, не өзге елдерде нәпақасын таба алмай жатыр.

Қызылорда облысы аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің мониторингтік тобы

Міне, осындай күрделі жағдайды талқылау үшін жақында Халықаралық еңбек ұйымы «COVID-19 және еңбек нарығы» тақырыбында ғаламдық саммит өткізді. Онлайн кездесуге 187 елдегі кәсіподақ ұйымдарының өкілдері қатысты. Бұл шарадан ҚР Кәсіподақтар федерациясы да қалыс қалмады.

Сатыбалды Дәулеталин басқаратын ҚР Кәсіподақтар Федерациясы Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясының толық құқықты мүшесі. Бұл конфедерация әлемдегі 163 елдің 207 млн жұмысшысының басын біріктіреді. Ал, Қазақстан – Халықаралық еңбек ұйымына мүшелікке өткен 187 елдің бірі. Сондықтан қазақстандық федерация мұндай әлемдік жиындарға жиі қатысады. Өйткені, онда көптеген ұсыныс-пікірлер сол айтылған жерінде қалып қоймайды. Жүзеге асады. Неге десеңіз, екі ұйымға мүше елдердің олардың алдындағы міндеттемелері бар. Мысалы, еліміз Халықаралық еңбек ұйымының 189 конвенциясының 24-ін бекітті. Оның бәрі жұмысшылар құқықтары мен мүдделерін қорғайды. Қазір ҚР Кәсіподақтар федерациясы осы бағытта жұмыс жасайды. Сондай-ақ, федерация мүшелері қоғам алдындағы жауапкершіліктерін де ұмытпайды. Олардың белсенділіктері коронавирус пандемиясы кезінде байқалып жатыр.

Қазір екінің бірі бастауын Қытайдан алған коронавирус және оның еңбек нарығына кері әсері жайлы айтады. Қорқып сөйлейді, қорқытып сөйлейді. Қорқып айтудың да, қорқытып айтудың да реті бар. Өйткені, әлемде миллиондаған адамның жұмыссыз қалғанын жоғарыда айттық. Ешкімге де оңай тиіп жатқан жоқ. Дағдарысты қарсы тұрсаң ғана еңсересің. Қазақта «Көппен көрген ұлы той» деген ғибратты сөз бар. «Саусақ бірікпей, ине ілікпейді» дегенді де қазақ айтқан. Бәріміз «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарсақ», қазіргі күрделі ахуал жеңіл өтеді. ҚР Кәсіподақтар федерациясының осындай ұстаныммен жұмыс жасап жатқанын көз көріп, құлақ естиді.

ҚР Кәсіподақтар федерациясы Төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Тінікеевтің айтуынша, елімізде төтенше жағдай  жарияланып, карантин енгізілген алғашқы күннен бастап-ақ ҚР КФ шамасы келгенше коронавируспен күресте мемлекет пен қоғамды қолдау бойынша көптеген шараларды атқарып келеді. Айталық, пандемияның таралу қаупін азайту үшін аталған федерация төтенше жағдай кезінде мемлекеттің қажеттіліктері үшін өзінің меншігіндегі алты шипажай мен қонақ үйді берді. Онда үш мыңнан астам адам орналастырылды, олардың ішінде медицина, полиция қызметкерлері, вахталық әдіспен жұмыс жасайтындар мен коронавируспен күреске тартылғандар болды.

«Карантин кезінде ешкім жұмыстан заңсыз шықпау керек» деген федерация өкілдері еңбек дауларына араласып, оны еңбек адамының пайдасына шешіп беруге барын салып келеді. Осылайша, заңсыз жұмыстан қуылған мыңдаған адамның құқығын қорғады, қорғап та жүр.

«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегенді басшылыққа алған кәсіподақ ұйымдарының өкілдері бүгінде еріктілер қатарына қосылып, тұрғындарға қол ұшын созып та, қоғамдық бақылау тобымен дәрі-дәрмек тапшылығын, бағасын бақылап та жүр. Сөзіміз жалаң болмау үшін деректерге жүгінейік. Алысқа бармай-ақ, кәсіподақ ұйымы өкілдерінің соңғы бір аптада атқарған бір-екі шаруасына қысқаша тоқталайық.

«SENIM» денсаулық сақтау жүйесі қызметкерлерінің салалық кәсіподағының Ақтөбе облыстық филиалы пандемия кезінде науқастанған медицина қызметкерлеріне  қолдау көрсетті. Бастауыш кәсіподақ ұйымдарының жетекшілерінің өтінімдері бойынша  сырқаттанған 655 медицина қызметкеріне, барлығы 45 медициналық ұйымға қажетті дәрі-дәрмектер сатып алынды. 

«ӨзенМұнайГаз» жұмысшыларының жергілікті кәсіподағы коронавирус індетімен күресу мақсатында кәсіподақ мүшелерінің денсаулығына бейжай қарамайтынын байқатты. Айталық, аталған кәсіподақ өз бюджетінен 16 млн теңге қаражат бөліп, оған керекті құрал-жабдықтар сатып алды. Жұмысшыларға тегін бетперделер таратты. Сонымен қатар, Жаңаөзен қаласы әкімінің жазған хатын басшылыққа алып, қалалық көпбейінді ауруханасына кәсіподақ 18,4 млн теңгеге медициналық құралдар сатып алып берді.

Өткен аптада ҚР Кәсіподақтар федерациясының Төрағасы Сатыбалды Дәулеталин Халықаралық еңбек ұйымының Бюросы ұйымдастырған «Жұмыс орындарындағы жұмысшыларды қорғау» тақырыбындағы вебинарға қатысты. Кәсіподақ жетекшілері пандемия кезіндегі еңбек саласындағы ең өзекті мәселелер туралы пікір алмасты және кәсіподақтардың еңбек құқықтарын тиімді қорғау және жұмысшылардың ең әлсіз санаттарын әлеуметтік қолдау жөніндегі ұсыныстарын талқылады.

ҚР Кәсіподақтар федерациясы Халықаралық бөлімінің жетекшісі Шерзод Пулатовтың айтуынша, өзге елдердің тәжірибесіне зер салу артықтық етпейді. Қазіргідей пандемия жағдайында әлемдегі кәсіподақ ұйымдарының қандай бағыттарға басымдық берілгеніне назар аударып, жақсы жақтарын өзімізде қолдануға мүмкіндік береді.

Айта кетейік, ҚР Кәсіподақтар федерациясындағы қоғамдық инспекторлардың саны 17 мыңнан асады, олар 145 мыңнан астам заң бұзушылықтарды анықтап, олардың 138 мыңын жойды.

Мадияр ӘЗИЗҰЛЫ, «Qazaq» газетінің шолушысы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here