Екпе алған қызметкерлер мен студенттер Ыстықкөлге жолдама алды

0
1235

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 40-қа жуық оқытушы-қызметкерлері мен студенттерінен құралған алғашқы топ тегін жолдама алып,  Ыстықкөл жағалауындағы спорттық-сауықтыру лагеріне аттанды.

Екпе алушылар әсем табиғат құшағында  демалып, денсаулықтарын шынықтырып қана қоймай, әрбір сәтті қызықты өткізуі үшін арнайы бағдарлама әзірленген. Білім ордасының талантты жастары өз өнерлерін ортаға салып, ал куратор-эдвайзерлер коммуникативтік және көшбасшылық қасиеттерді дамыту, уақытты тиімді пайдалану тақырыптарында семинар-тренингтерді жүзеге асырмақ.

Шығыстану факультетінің оқытушысы әрі кураторы Ақылбай Арыстанбек:  «ҚазҰУ-да екпе алу жұмыстары кешенді жолға қойылған. Студенттер, оқытушылар мен қызметкерлерге қолайлы жағдай жасалып, түсіндіру жұмыстары жоғары деңгейде жүргізілуде. Бұдан бөлек, түрлі жеңілдіктер мен ауқымды көмектер қамтылған ынталандыру акциялары жарияланды. Солардың бірі – біздің бүгінгі айырқалпақты ағайындарға сапарымыз. Көптен қаладан ұзап шыға алмаған біздер үшін ерекше тосын сый болды, бой жазып қана қоймай  біліктілік арттырып қайтпақпыз» деген қуанышты көңіл күйімен бөлісті.

Физика-техникалық факультетінің 2-курс студенті, ENACTUS KAZNU ұйымының төрайымы Ақнұр Шайдуалина тезірек қалыпты өмірге оралып, студенттік өмірмен қауышуға асық екендерін білдірді.

– Карантин кезінде біздің ұйым жұмысын тоқтатқан жоқ. Онлайн режімде жобаларымызды жүзеге асырдық. Дегенмен біз құрметті оқытушыларымыз бен аяулы курстастарымызды сағындық. Дәстүрлі оқуға, сүйікті қалашығымызға қайта оралғымыз келеді. Сол себептен мен вакцина алдым және өзге де достарымды тезірек жүздесуге шақырамын, – дейді.

География және табиғатты пайдалану факультетінің 4-курс студенті, студенттік декан Меруерт Пралинаның да тегін жолдама ұсынған университет басшылығына алғысы шексіз. Ол өз сөзінде «Жанымызға жақын жандардың, айналамыздағы араласып жүрген азаматтардың амандығы үшін вакцинация аса қажет. Ковид-19 індетінен тезірек құтылу үшін мен де тәуекел еттім. Өзге де құрбы-құрдастарыма қорқынышын жеңіп, еш алаңдамауларын және бізге беріліп отырған мүмкіндіктерден бас тартпауын сұраймын. Бізге көрсеткен керемет қолдау үшін университетіме ризашылығымды білдіремін, – деген лебізін жеткізді.

ҚазҰУ бұған қосымша апта соңында 100 студентке жатақханаға орналасу үшін 50 пайыз жеңілдік берілмек.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here