Шекшек ата түлігінен көл-көсір пайда табуға не кедергі?

0
2189

Зеңгі баба түлігі көптеген жылдар бойы мал шаруашылығы саласында маңызды рөл атқарып келеді. Алайда, соңғы уақытта әлемнің озық елдерінде ешкіге көбірек мән беріле бастады. Ешкінің нарықтағы құнының сиырдан арзандығы, жем-шөптің салыстырмалы түрде аз кетуі, сүтінің құнарлығы ескеріліп отыр. Сонымен қатар, ешкілер қоршаған ортаға оң әсер етіп, зиянды шығарындыларды аз шығарады. Жақында америкалық және еуропалық сиыр фермалары жаппай ешкі фермаларына ауыстырыла бастады. Осындай өзгерістерді басшылыққа алған «Qazaq» газеті мал шаруашылығындағы төңкеріске тоқталады.

Ақмола облысындағы «Зеренді» ешкі фермасының сүт өнімдері Zeren сауда белгісімен шығарылады

ЕШКІНІҢ СИЫРДАН АРТЫҚШЫЛЫҒЫ НЕДЕ?

Әлем елдеріндегі фермерлер мал шаруашылығындағы сүттің маңыздылығы жайлы жиі айтады. Америкалық және еуропалық сарапшылар жыл сайынғы есеп берулерінде оны жаһандық азық-түлік жүйесінің негізі деп атайды. Сондай-ақ,  отбасылық фермалардың рөлін ерекше атап өтеді. Олар әлем халқын сүтпен қамтамасыз етіп қана қоймай, АҚШ халқының 20 пайызын, Еуропалық Одақтың шамамен 30 пайызын құрайтын ауыл тұрғындарына табыс табуға мүмкіндік береді.

«Бір стакан суық сүт болсын, балмұздақ немесе өңделген ірімшік болсын, сүт өнімдері дұрыс тамақтанудың негізгі элементі болып қала береді», – делінді АҚШ Ұлттық фермерлер одағының 2020 жылғы есебінде. Сүт өнеркәсібі АҚШ-тың ЖІӨ-нің шамамен бір пайызын құрайды. Яғни, алып ел 628 млрд долларды осы саладан табады. Сонымен қатар, жыл сайын 159 млрд доллар табыс табатын  үш миллионға жуық жұмыс орны бар.

Бабаларымыз ешкі жайында «Сүті ағып тұрған бұлақ, еті тамағыңа бап» деп бекер айтпаса керек. Бүгінде ғалымдар ешкі сүтінің қоректік құндылығын ғана емес, диеталық және гипоаллергенді қасиеттерін де ескере отырып, белсенді зерттеу жүргізуде. Сондай-ақ, ешкі сиырға қарағанда өсімдіктері сирек жерлерде де жайыла алады. Осы арқылы ешкілер өсімдіктердің сиреп кеткен кейбір түрлерінің тұқымдарын таратуға, ландшафты реттеуге көмектеседі әрі метан газын аз бөледі. Метан газы сиырдың тезегінде көп мөлшерде кездесетіндіктен, біршама экологтар сиырлардың ғаламдық жылынуға қосқан үлесін атап өтуді ұмытпайды. Бұл фактор соңғы уақыттарда дамыған елдердегі сиыр шаруашылығының беделіне нұқсан келтіргені рас.

Мамандар ебін тапса, сиырға қарағанда ешкіден көп пайда табуға болатынын айтады. Мысалы, орташа салмағы 50 келі тартатын ешкі күніне бес литр сүт берсе, салмағы одан он есе көп сиыр күніне 15 литр сүт береді.

Ешкінің тағы бір артықшылығы – бір сүтті сауын сиыр сегіз-он ешкінің азығын жейді екен. 100 ешкі жылына екі рет төлдегенде – 250, ал бір төлдегенде 150 лақ болады. 100 сиырдың өсімі 85 бұзаудан аспайды. Демек, орташа өсім үш есеге жуық. Сондай-ақ, сиыр мен ешкінің кірісі мен шығысынан да айырма көреміз. Бір сиыр күніне 8-10 ешкінің азығын жеп, 15 литр сүт берсе, ал сол 8-10 бас ешкі күніне 40-50 литр сүт бере алады.

Батыс елдеріндегі шаруалардың ешкі шаруашылығына баса мән бере бастағаны сондықтан болар. Мысалы, соңғы үш жылда 8 542 сиыр фермасы жабылды. Олардың көпшілігі ешкі шаруашылығына ауысты.

БАТЫС ЕЛДЕРІ ЕШКІ ШАРУАШЫЛЫҒЫНА БАСЫМДЫҚ БЕРЕДІ

Шаруалар сиыр фермаларына жаппай қара құлып салып жатқанда, Вермонт штатындағы (АҚШ) ағайынды Брайан мен Стивен Джонстар ерекше шешімге келді. Олар 150 жылдық тарихы бар отбасылық фермаларынан бас тартпады. Керісінше, бизнес модельді түбегейлі өзгертіп, сиыр орнына ешкі өсіре бастады. Алғашқы сауу залының құрылысы биылғы жылдың басында аяқталды. Көп ұзамай сүттің алғашқы партиясы ірімшік өндірісіне мамандаған жергілікті  Vermont Creаmery зауытына жөнелтілді.

Қазір Joneslan фермасында мыңға жуық ешкі бар. Ағайындылар екі жылдың ішінде ешкінің санын 1,2-1,5 мыңға жеткізуді жоспарлап отыр. Олардың фермасымен бірге бүкіл Америкадағы ешкі шаруашылығы да дамуда. Соңғы 25 жылда АҚШ фермаларындағы ешкінің саны екі есе өсіп, 190 мыңнан 440 мыңға дейін жетті. Шаруа қожалықтары да осындай қарқынмен артты, атап айтқанда, 15 мыңнан 35 мыңға дейін көбейді.

Сарапшылар «өсімді баяу, бірақ тұрақты» дейді. Дегенмен, америкалықтар ешкі сүтінен жасалған ірімшіктің дәмін татқанда, өсімнің қарқыны артады деп болжайды. Көптеген елдер француз аспазшыларының үлгісіне сүйене отырып, оны шедевр деп санайды. Кейбір адамдар өздерін сүтпен қамтамасыз етіп, қолдан үй жағдайында ірімшік дайындау үшін ешкі асырайды. Олар ара-тұра ешкілер көрмесіне де қатысып тұрады. Бірте-бірте дүкен сөрелерінде ешкі сүтінен жасалған жаңа рецептегі май, айран, балмұздақ және йогурттар пайда бола бастайды.

Еуропадағы жағдай да осыған ұқсас. Ондағы ешкі шаруашылығы тоқсаныншы жылдардан бастап қарқынды дами бастады.  Бұған ЕО деңгейінде  мал шаруашылығы өнімдеріне жаңа сапа стандарттарының енгізілуі және оны өндіруге қойылатын гигиеналық жаңа талаптар себеп болды. Осыдан соң фермалар модернизациялануға көшті. Бұл өз кезегінде өнімділікті арттыруға әсерін тигізді. Мұны статистика айқын көрсетеді. Еуропадағы ешкі саны әлемдегі ешкілердің 1,9 пайызын құрайды. Олар әлемдік сүт өндірісінің 15,1 пайызын, ірімшік өндірісінің 35,1 пайызын қамтамасыз етеді. Әзірге ешкілер аймақтағы сүтті жануарлардың тек 1,5 пайызын ғана құрайды.

ЕО-да Франция, Грекия, Испания, Румыния ешкі өсірудің көшбасшылары саналады. Олар Нидерландты қуып жетіп, соңғы он жылда сүт өндірісінің 35,5 пайызға өскенін көрсетті. АҚШ-тағыдай Еуропада да ірі сүт фермалары көп. Олардың басым бөлігі ірімшік өндіреді. Бұл көлік шығындарын болдырмауға септігін тигізеді. Жергілікті тұрғындар соңғы жылдары өз өнімдерін ұната бастады. Бұл енді көктеп келе жатқан жаңа өнімге деген жоғары сұраныстың қалыптасуына мүмкіндік беріп отыр.

ӘЛЕМДЕ ЖӘНЕ ҚАЗАҚСТАНДА ҚАНША БАС ЕШКІ БАР?

Жоғарыда атап өткеніміздей, соңғы уақытта сүттің диеталық және емдік қасиеттерінің арқасында әлемнің көптеген елдерінде ешкі шаруашылығы болашағы зор салаға айналып келеді. БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының мәліметі бойынша, әлемнің 170 елінде ешкі өсіріледі және жалпы мал басы 1,15 млрд-тан асады. Ешкілердің саны жыл сайын орта есеппен 6 млн басқа артып келеді.  Бұл негізінен сүтті-етті бағыттағы тұқымдардың есебінен көбейіп отыр.

Азиядағы ешкі шаруашылығын белсенді дамытушы елдердің қатарына Қытай (149,1 млн бас),  Үндістан (133,8 млн бас), Пәкістан (70,3 млн бас), Иран (19,1 млн бас), Түркия (10,4 млн бас) кіреді. Ал, Латын Америка құрлығындағы  Мексика, Бразилия, Аргентина сынды елдер де ешкі шаруашылығының көсегесін көгертіп отыр. Сондай-ақ, Африкада да ешкілердің қарасы мол. Әсіресе, мал шаруашылығы төмен деңгейдегі Нигерия, Эфиопия, Кения мемлекеттерінде. Бұл саладағы Еуропаның көшбасшылары Нидерланд пен Франция саналады. Дегенмен, қолданыстағы тұқымдардың көпшілігі Швецияда өсіріледі.

Қазақстандағы ешкі шаруашылығы мал шаруашылығындағы дамымаған сала болып табылады. Еліміз ешкі саны бойынша Кеңес Одағы құрылған тұста одақтас республикалардың арасында көш бастаған еді. Сол тұста Кеңес Одағындағы ешкілердің 40 пайызы Қазақстанға тиесілі болды. Алайда, 1955 жылдан мал басы 0,5 млн басқа дейін кеміді. Бұған 1950 жылдан бастап Қазақстанда қой шаруашылығын дамытуға арналған бағдарламаның бекітілуі түрткі болды.

Елімізде ешкі басының салыстырмалы түрде өсуі тоқсаныншы жылдардың ортасынан басталды. Сол тұста совхоздар ыдырап, мал шаруашылығы секторына бөлінетін субсидиялар тоқтатылды. Қой азайып, бағасы айтарлықтай қымбаттады. Нәтижесінде, жұмыстан қысқарып қалған кедей шаруалардың қой бағуға шамалары жетпеді. Үй шаруашылықтарында ешкіні қойға балама ретінде баға бастады.

ҚР Статистика агенттігінің деректеріне сенсек, 2020 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша 2019 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда  шаруашылықтардың барлық санаттарында ешкі саны – 1,7 пайызға азайып, 2,43 млн басты құрады.

ШАРУАШЫЛЫҚТАҒЫ ОЛҚЫЛЫҚТАР

Ешкінің саны шаруашылық санаттары бойынша ең үлкен пайызды жеке қосалқы шаруашылықтарда – 69,8%, мал шаруашылық ұйымдарында – 0,76%, шаруа қожалықтарында – 29,4 %-ды алады.

Елімізде ешкі бағумен негізінен ірі фермалар емес, орта және шағын шаруа қожалықтары мен асыл тұқымды мәртебесі жоқ жеке шаруа қожалықтары айналысады. Соның салдарынан болар, нарықта асыл тұқымды ешкілердің тапшылығы байқалады. Фермалардың саны 50-ден 1000-ның арасында өзгеріп отырады. Мұндай фермалар сүт өнімдерін азық-түлік базарларында ың-шыңсыз сатып отырады.

Қазақстанда ешкі сүтін тұтыну үрдісі өте төмен деңгейде. Егер  Нидерландта жылына 20 литр ешкі сүтін тұтынса, біздегі есеп граммен өлшенеді.

Елімізде сүт өнімдері өнеркәсіптік ауқымда өндірілмейді. Ешкі сүтінен жасалған өнімдерді дүкен сөрелерінен таба алмайсыз. Көбінесе ірі қалалар мен мегаполистердің дүкен сөрелерінен ғана Испанияда, Нидерландта, Жаңа Зеландияда өндірілген, ультра пастерленген немесе майсыз сүт ұнтағын кездестіруге болады. Әлемнің көптеген елдері етті-сүтті бағыттағы ешкілерді өсіруде заманауи технологияларды енгізудің артықшылықтарын жоғары бағалауда. Ал, отыз жыл бұрын ешкі сүтін өндірудің дәстүрлі әдістерін өзгерту туралы сөз болмады. Сондай-ақ, бұл салада өнеркәсіптік механизмдерді қолдану туралы идея ешкімнің ойына да кіріп шықпады. Енді сарапшылардың көпшілігі төмен энергиялы технологияның ешкі өсіруде үлкен табысқа әкелетініне сенім білдіреді.

Фермалардың нәтижелеріне заманауи технологиялардың қолданылуына дейін және кейін деп статистикалық талдау жасағанда, механикаландыру мен автоматтандырудың айтарлықтай пайда түсіретіні белгілі болды. Ешкіден алынатын сүт мөлшері артып, сәйкесінше ешкі шаруашылығымен айналысудың тиімділігі артады. «Ебін тапсаң, ешкі бақ» деген осы болар.

Фермерлерді мамандандыру – негізгі факторлардың бірі. Тәжірибе көрсеткендей, ондаған мал басы бар шағын фермадан гөрі ірі ешкі фермасы мен жеткілікті мал басы бар шаруа қожалығы иесіне көл-көсір пайда әкеледі.

Өнімділігі жоғары ешкілерді бағу – өсіру барысында жоғары технологияны қолданатын фермаларға тән. Ферма тиімділікке бұрын адамдар қолмен орындайтын жұмыстарды механикалық жабдықтар көмегімен жүзеге асыру арқылы жетеді. Мәселен, өнеркәсіптік технологиялардың көмегімен бір уақытта 350 ешкіні саууға қауқарлы ферманы жабдықтауға болады. Оған тек төрт адамның жұмыс істеуі жеткілікті.

Ешкі шаруашылығын экзотикалық кәсіптің түріне жатқызуға болады. Ешкі сүтіне деген сұранысты тек мамандандырылған, өнеркәсіптік шикізат өңдеуге арналған, асыл тұқымды мәртебесіне ие шаруа қожалықтары ғана қанағаттандыра алады.

Қазақстан бойынша Атырау облысында ғана ірі ешкі фермасы бар. Бірақ, елімізде асыл тұқымды ешкі шаруашылығы саусақпен санарлық қана. Ешкі сүтін тұтыну мәдениеті дамымағандықтан сату нарығы да тоқырап тұр.

ЕО елдерінде ешкі шаруашылығы үлкен құрметке ие. Ол жақтан біздің туристер ешкі сүтінен жасалған ірімшікті кәдесый ретінде жаппай сатып алып келеді. Ал, аспан асты елінде ешкі шаруашылығын көркейтудің мемлекеттік бағдарламасы бар.

НӘСІБІН ЕШКІ БАҒУ КӘСІБІНЕН ТАПҚАНДАР

Отандық инвесторлар ішкі нарықтың қажеттіліктерін өтей алатын заманауи технологиялық өндіріс құруды ұйғарды. Еліміздегі агроөнеркәсіптік кешеннің инвестициялық мүмкіндіктерін, тұтынушылардың сәнді үрдістерін талдай отырып, қазақстандық кәсіпкерлер тобының назары ешкі шаруашылығына ауды.

Қазақстанда алғаш рет үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасының қолдауымен ешкі сүтін өңдеуге арналған жоба Атырау облысындағы «Сарайшық» мал шаруашылығы кәсіпорнында іске асырылды. Агроөнеркәсіптік кешеннің негізгі мақсаты – Заанен тұқымындағы ешкілерді өсіріп, сүтін өндіру.

Шаруашылық өңделген өнімнің 12 түрін шығарады. Ірімшіктен бастап сары майдан йогуртқа дейін дайындалады. Өнімдер көршілес Ресей Федерациясының Татарстан Республикасы мен Волгоград, Астрахан облыстарының аймақтарына жөнелтіледі. Жаңадан алынған сербиялық және италиялық жабдықтар жылына 180 тонна ешкі сүтін және 140 тонна сүт өнімдерін өндіруге мүмкіндік береді.

Сондай-ақ, ферма қызметкерлері ана сүтінен кем түспейтін балаларға арналған сүт шығаруды жоспарлап отыр. Таяуда ешкі сүтінен жасалған балмұздақ пен май шығарылады.

Ақмола облысындағы Целиноград ауданында «Зеренді» асыл тұқымды ешкі шаруашылығы бар. Фермада Заанен, Альпі және Англо-Нубиялық  тұқымдарындағы 1 200-ден астам ешкі бағылуда. Асыл тұқымды мал шаруашылығында жем-шөп дайындаудан бастап, түпкілікті өнім шығаруға дейінгі өндірістің толық циклы бар. Бұл әрбір кезеңде өнімнің сапасын бақылауға мүмкіндік береді. Сүт өнімдері Zeren сауда белгісімен шығарылады. Сондай-ақ, өнімдер Нұр-Сұлтан, Қарағанды, Көкшетау қалаларындағы дүкен сөрелеріне кеңінен ұсынылған. Ферма 2016 жылы пайдалануға берілген.

Түркістан облысында «Асыл тұқымды мал шаруашылығы» құрылды. Ешкі сүтінен жасалған өнімдер «Ордабасы» корпорациясына тиесілі. Корпорация тәулігіне 3 мың тоннаға жуық ешкі сүтін өндіріп, оның 24 тоннасын өңдеуге қауқарлы. Өндірістік кооперативті іске қосу үшін Нидерландтан 500 бас асыл тұқымды Заанен ешкілерін әкелді. Себебі, отандық ешкілерге қарағанда Заанен тұқымындағы ешкілердің өнімділігі жоғары. Біздегі ешкі тұқымдары күніне 1,5-2 литр сүт берсе, Заанен тұқымындағы ешкілер күніне 5-6 литрге дейін сүт береді. Бүгінде шаруашылықта ешкі сүтінен айран, қаймақ, құрт, сүзбе және йогурт өндіріледі. Болашақта кәсіпорын цехтарды италиялық құралдармен жабдықтап, сол арқылы сүт өндіру мен қайта өңдеуді толықтай автоматтандырмақ. Соның арқасында ірімшіктің қарапайым сорттарын ғана емес, жоғары сұрыптағы моцарелла сорттарын да шығармақ.

Ешкі шаруашылығының дамуы еліміздің барлық саласы үшін тек экономикалық қана емес, әлеуметтік маңызға да ие. Атап айтқанда, өнімді өндіру және қайта өңдеу арқылы қосымша жұмыс орындары ашылады. Мемлекетке салық төленеді. Халықты жоғары сападағы ет, түбіт, сүт өнімдерімен қамтамасыз ете алады.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Ешкі шаруашылығы ғасырлар бойы сиыр сүті өнеркәсібінің көлеңкесінде қалып келді. Бірақ, соңғы жылдары жағдай күрт өзгерді. Адамзат ешкі сүтінің өнімділігін, экологиялық бәсекелестерінен артықшылығын мойындады. АҚШ-та да, Еуропада да, елімізде де сиыр сүтіне деген сұраныс әлі басым. Ешкі сүті тасада қалып келгенімен, оған деген сұраныс біртіндеп артып келеді. Бәлкім, сиыр фермасын ешкі фермасына айналдырған ағайынды Джонстардың әрекеті символдық сипатқа ие болып, жаңа тенденцияның негізі қаланар. Мүмкін алдағы уақытта адамдар сиыр сүтіне қарағанда, ешкі сүті мен ірімшігін жиі тұтынатын болар.

Иә, адам да, заман да, сұраныс та әрдайым өзгеріп отырады. Бұрын қазақ: «Қойлы бай – қоралы бай, ешкілі бай – есепті бай» дейтін. Ешкісі көптердің есепсіз бай атанар күндері таяп қалған сыңайлы.

Фараби СӘЙКЕНОВ, «Qazaq»

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here