Кемеңгер және қаһарман

0
1695
Жұмабек Ахметұлы және ұзақ жылдар Павлодар облысында ауылдық кеңестің төрағасы болған соғыс ардагері Ғаббас Құрманәліұлы. Мәскеу. Елуінші жылдардың соңы

Димекең – Дінмұхамед Қонаевтың дәуіріндегі саясаттағы, күнделікті тіршіліктегі, рухани кеңістіктегі оқиғаларды жақсы білетін қаламгердің бірі – Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Сәбит Досанов. Сәбеңмен бірде Димекең жайлы әңгімелесіп, тың деректер мен оқиғаларға қаныққан едім. Кейін Қонаев пен Досановтың достығы жайында жаздым. Жазғаным белгілі басылымда жарияланды да. Мақала бір тосын оқиғадан басталады.

1965 жылы қаңтарда Алматыда қайғылы ұшақ апаты орын алып, Құдай сақтап одан аман қалған Сәбең ауруханада ес-түссіз жатады. Бірде дәрігерлер: «Қонаевтың арнайы бұйрық тапсырмасы бар, сондықтан Сіздің өміріңізді сақтап қалу бізге парыз, өзіңізге барлық жағдай жасалады», – дейді. Сәбеңнің есінде бұл жанашырлық сөз ерекше сақталып қалады. Ал, жетпісінші жылдары жұлдызы жанып, даңқы төрткүл дүниеге таралған Димекеңді көру, онымен жүздесу шығармашылық адамдары үшін арман еді.

Қаламгерлік құқын, журналистік қызметін алға тартып бірде Сәбең Димекеңе кіреді. Таудай тұлғаның орнынан тұрып амандасуы, ерекше ілтипат көрсетуі қаламгерді қайран қалдырады. Әбден танысып, жөн сұрасып болған соң, Димекең онға жуық ақын-жазушымен жақсы араласатынын айтып, енді солардың ішіне Сәбеңнің де қосылғанына қуанып, оған шығармашылық табыс тілейді. Соңында «Қандай бұйымтайың бар, інім?» деп сұрайды. «Ешқандай бұйымтайым жоқ. Сізді бір рет көріп, сәлем беру үшін келдім» деп қаламгер кемеңгермен қимай қоштасады.

Димекеңнің шапағаты тиіп, кейін бес бөлмелі үйге кіреді. 1982 жылы Димекең үшінші «Алтын жұлдыз» алғанда өзі үшін әрқашан есігі ашық ағасына кіріп, қуанышымен құттықтайды. Ал, құттықтауға келген Ғабит Мүсірепов бастаған атақтылар кезек күтіп отырады. Сөйтіп, жазушылар Қонаев пен Досановтың достығын кейін аңызға айналдырып жібереді.

Белгілі қоғам қайраткері Еркін Әуелбеков пен Дінмұхамед Қонаевтың арасына от тастап, күншілдікті күшейткен қызғаншақтардың ұнамсыз қылықтарына ашынған Сәбең бірде Димекеңе кіріп, бәрін дұрыс түсіндіріп, атақты Әуелбековке араша түседі. Сол Сәбит Досанов биыл «ХХI ғасыр» атты жаңа роман-эпопеясын аяқтаған екен. Күні кеше «Qazaq» газеті осы романнан үзінді жариялады. «Тәшенов пен Хрущев» деп аталатын кітап тарауында Жұмабек Тәшенов пен Никита Хрущев арасындағы айқас, яғни тарихи шындық көркем тілмен кестеленіп, авторлық ой толғау, дерек оқиғалардың негізінде өрбіп, әдемі суреттеледі. Эпопея жанрында ойға, толғанысқа, кейде қажет жерінде асыра сілтеп, көркем шешім қабылдауға автордың құқы бар. Көркем шығарма шынайы, нақты тарихи деректердің қаз-қалпындағы нұсқасы емес. Міне, сондықтан тарихшылар мен жазушылардың арасында, оқырмандар ортасында түсінбеушілік болып жатады. Айтыс-тартыс кейде дауға айналады. Бәрін ой елегінен өткізіп, баға беру қиын. Қайшылықты нәрселер оқырмандарға теріс пікір туғызып, жағымсыз әсер етуі де мүмкін. «Qazaq» газетінде жарияланған аталған көркем шығармадағы кітап үзіндісіне байланысты Димекеңнің өнегелі өмірі үлгі, мақтаныш болған, ал Жұмекең ғұмырының қайшылыққа толы күрес жолын атүсті ғана білетіндер көркем шығармадағы көзсіз батырға наразы. Кейбір ағайындар бұған ренжіп жатса керек. Өйткені, олардың түсінігінде кемеңгер Қонаев көлеңкеде қалып, батыр Тәшенов «байрақ» көтереді. Бұл жерде тұлғалар арасынан кілтипан іздеудің түкке қажеті жоқ. Тарихи шындық көркемдік үйлесім арқылы берілген.

Автордың кейде батырға бүйрегі бұрылатыны сезіледі. Бұл табиғи нәрсе. Осыған орай оқырман реніштері жөнінде маған бір-екі адам қоңырау шалды. Д.Қонаев мұражайының бұрынғы директоры Б.Батталханов, қоғам қайраткері Ә.Беспаева қонаевтанушы қаламгер ретінде менің пікірімді сұраған еді. Азаматтар өтініші бойынша мен өз ұстанымым негізінде осылай ой түйіп, шындықты меңзеуді жөн көрдім.

* * *

Димекең мен Жұмекеңнің рух болмысында өздеріне тән бір ерекшелік болды. Мінез-құлықтарындағы айырмашылық әрқашан көрініп те тұратын. Марқұм батыр Жұмекең де пенде ғой. Кейде кейіген кезде «Конаевтың да қызметтен кетіп, тақтан түсіп, тағдыры тәлкекке түскен кездерінде көрерміз» деп достарына айтады екен. Өкініштісі, Жұмекең Димекеңнің 1986 жылы желтоқсанда орнынан түсіп, қызметтен кеткенін көрмей кетті. Осы жылы қараша айында өзі бақилық болды. Көзінің тірісінде Димекеңе тілектес болды ма, әлде өкпелі болып, өмірден өтті ме, ол жағы беймәлім. Меніңше, өкпелі болмаған сияқты. Тәшеновты қызметтен алған Қонаев емес, Хрущев екені тарихта сайрап тұр. Димекең досы Брежневке кейін Жұмекеңнің қызметін жоғарылату жөнінде айтты ма, айтпады ма, ол жағы тағы белгісіз.

* * *

Құдайдың құдіретінен болар, 2017 жылы мен Алматыдан Астанаға (Нұр-Сұлтан) коныс аудардым. Жаңа қонысым Қонаев көшесінің бойында болатынын ойламағанмын да. Далаға күнде Қонаев көшесі арқылы шығып, қайтарда тағы сол жолмен үйге келемін.

Астананың дәл жүрегі саналатын әлемге әйгілі адам атындағы көшемен бірде келе жаттым. Ойламаған жерден осы көшеде тұрған Жұмекеңнің үлкен суретіне көзім түсті. Бір тылсым күш еріксіз тоқтатты. Кете алмай аңызға айналған адам суреті жанында біраз тұрдым. Қарсы беттегі ғимаратта «Қонаев к-сі,12» деген жазу Жұмекең суретіне сәуле шашып тұрғандай көрінді. Арада көп өтпей Тәшенов көшесі арқылы бір жерге бардым. Соңында «Тәшенов жолы» атты журналды тағы ойламаған жерден біреу маған сыйға берді. Бәрінен бұрын Д.Қонаев көшесіндегі Жұмекеңнің ерекше суреті неге екені белгісіз үнемі көз алдымнан кетпей қойды. Неше түрлі сансыз ойларға жетеледі. Оның көшедегі кескін-келбеті сурет емес, ар жағында көзге көрінбей тұрған Жұмекеңнің тірі бейнесін елестетті. Биыл жазда Димекең көшесінен өтіп, «Бәйтерек» маңындағы желек жолда Жұмекеңнің тағы да суретін көрдім. Ол кісі туралы атақты Ғабит Мүсіреповтің айтқан сөзі ірі әріптермен жазылыпты. Ерлігін елге үлгі етеді.

Қазақ жері үшін айқасқан, ашық шайқасқан Жұмабек Тәшеновтің қаһармандық ерлігін ешкім жоққа шығармайды. Сондай-ақ, қазақ жеріне байланысты шовинистік өктемдікке қарсы болған Нұртас Оңдасыновтың да ұлт болашағын ойлаған кемеңгерлік әрекеті ұрпақ жадында тұр. Көрші елге (Өзбекстан) кеткен қазақ жерін соңында қайтарып алған Дінмұхамед Қонаевтың да ақыл, айла тәсілмен жеңіске қол жеткізгені тарихта өшпестей болып жазылып қалды.

Димекеңнің 1986 жылы ойламаған жерден қызметінен алынуына себеп болған тағы да осы жер мәселесі екенін көбіміз білмейміз. 1985 жылы Қазақстанның Орал облысындағы мұнайлы өңірлерді (Қарашығанақ) Ресейдің Орынбор өлкесіне қосу жөнінде Мәскеуде астыртын мәселе көтеріледі. Сұңғыла Димекеңнің мұны біліп, қарсы болғанын сол кезде мен өз құлағыммен естідім. Кейін мұны белгілі қайраткер ғалым дәлелдеп жазды. Сөйтіп, 1986 жылы желтоқсанда Димекеңнің орнынан алынуына бұл да бір себеп болды. КСРО Министрлер Кеңесінің төрағасы Рыжковтың аталған өлкеге 1985 жылғы іс-сапары аймақтық, аумақтық жаңа құрылым аясында Батыс Қазақстанның біраз өңірін Ресейге қосудың жымысқы амалы болатын-ды. Қазақ жерінің тұтастығы жолында аянбаған Димекеңнің бұл ең соңғы қарсылығы, тіпті ерлігі десек артық болмас. Тәуелсіздік алған соң Қазақстанның аумақтық тұтастығы БҰҰ-да заң жүзінде бекітілді. Шүкір!

Ораз ҚАУҒАБАЙ, қонаевтанушы

НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАСЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here