Сутегі «екінші мұнайға» айнала ала ма?

0
1357
Қазақстанда 2021 жылы жаңартылатын энергия көздерінің 19 нысаны пайдалануға беріліп, елдегі ЖЭК қуаттылығын 23%-ға арттырды

Соңғы бірнеше жылда әлемде сутегі таза энергия көзі ретінде кең танымалдылыққа ие бола бастады. Жаңартылатын энергия көздері (ЖЭК) бойынша Халықаралық агенттіктің (IRENA) болжамына сенсек, 2050 жылы-ақ сутегі ғаламдық энергия тұтынудың жалпы көлемінің 12%-ын жаба алады. Қазірдің өзінде көптеген дамыған елдер сутегі өндірісі бойынша ірі өндірістер құрып жатыр. Сутегі энергетикасына бәрінен бұрын 27 мемлекеттің басын біріктірген Еуропалық Одақ елдерінде көп көңіл бөлінуде. Алайда, таза отын энергетикасында өз орнын табуға тырысып жатқан Қазақстан да бұл істен тыс қалмай келеді.

ӘЛЕМДЕ ЖАҢАРТЫЛАТЫН ЭНЕРГИЯ КӨЗДЕРІНЕ НЕГЕ БАСЫМДЫҚ БЕРІЛЕДІ? 

Ғалымдар бұрынғыдай энергияның экологиялық таза көздерін іздеуде. Және бүгінде алып жел генераторлары немесе күн панельдері, ядролық реакторлар және биоотынмен істейтін резервуарлармен ешкімді таңқалдыра алмайсың. Ғаламшардың жер қойнауынан қазып алынатын қор да шектеулі. Оның үстіне оларды өндіру күрделірек, қауіптірек, табиғатқа зияндырақ және қаржылық тұрғыдан да шығыны көп болып саналады.

Рас, жаңартылмалы энергия көздері баламалы көмірсутегіге айналды. Бірақ, олар әлі де әлемде өндірілетін энергияның жалпы көлемінің аз ғана пайызын құрайды. Айталық, бүгінгі таңда жаһандық энергетикада көмір мен табиғи газдың үлесі 50%-дан асады. Ал, гидроқұрылыстардан алынатын энергияның үлесі – 16%, ядролық энергияның үлесі – 10%, жел энергияның үлесі –10%, күн энергияның үлесі – 2,6%.

Жаңартылмалы энергия көздері Еуропа елдерінде, АҚШ-та көп қолданылады. Өкінішке қарай, әлем халқының 63%-ы қоныстанған Азия құрлығындағы елдер жаңартылмалы энергия көздеріне көшуде жайбасарлық танытып отыр. Соның салдарынан әлемдегі ауасы ең лас елдердің көшін азиялық елдер бастайды. Ауа сапасын өлшеу технологиясына мамандандырылған IQAir швейцариялық компаниясы күні кеше ауасы ең лас елдердің тізімін жариялады. Көк түтінге тұншыққан елдердің алғашқы ондығына тек қана Бангладеш, Чад, Пәкістан, Тәжіксан, Үндістан, Оман, Қырғызстан, Бахрейн, Ирак және Непал сияқты азиялық елдер енді. Осы жерде бір түйткілді мәселенің ұшы қылтияды. Өйткені, жаңартылмалы энергия көздеріне көшу қаржылық тұрғыда көп елдің бюджетіне кәдімгідей салмақ салады. Оған қыруар қаржы кетеді. Бұл жаңа технологиялық шешімдер, салмақты инвестициялар мен білікті кадрларды талап етеді.

«ЖАСЫЛ» СУТЕГІ МҰНАЙҒА БАЛАМА БОЛА АЛА МА?

«Жасыл» сутегі (H2) суды электролиздеу әдісімен алынады. Электролиз су молекулаларын екі элементке бөлуге мүмкіндік береді: оттегі және сутегі. Бұл ретте реакция нәтижесінде алынған сутегінің ажырауы – біз айтып отырған таза отын сол.  Ғалымдар дәл осы отын болашақта мұнай, газ және көмір сияқты дәстүрлі энергия тасымалдаушыларды алмастыра алады деп санайды. Алайда, сутегі экономикасына апарар жол оңай емес. Және бұл мәселеде «жасыл» сутегі өндірісінде қолданылатын технологияны анықтау маңызды. Технологияның отынды барынша арзан өндіруге мүмкіндік беруі, экологияға залал келтірмеуі өз алдына бөлек мәселе.

Мысалға алсақ, «көгілдір» сутегіні табиғи газдан өндіреді және мұндай өндіріс толығымен экологиялық таза деуге келмейді. Себебі, атмосфераға көмірқышқыл газы бөлінеді. Әр жыл сайын планетада «көгілдір» отынның 70 миллион тоннасы өндіріледі, демек ешқандай да көмірқышқыл бейтараптығы туралы әңгіме айтудың реті жоқ. Алайда, Қазақстанда әдеттегідей (метан қолдана отырып) тек «сұр» сутегіні шығарады. Ол «көгілдір» түрі сияқты тәсілмен өндіріледі, бірақ одан қоршаған ортаға парниктік газ көбірек бөлінеді.

«Жасыл» сутегіні түрлі салаларда, өндірісте де, сол сияқты көлікте де қолдануға болады. Оның үстіне оны бірнеше тәсілмен алуға да мүмкіндік бар. Тек ЖЭК көмегімен ғана, басқа жағдайда бұл отын экологиялылық таза болмайды. Мәселен, климаттық бейтарап сутегіні гидроэлектр станцияларында, атом электр станцияларында, жел электр станцияларында, тіпті күн энергиясын қолдану арқылы да құруға болады.

ҚАЗАҚСТАН «ЖАСЫЛ» СУТЕГІНІ ҚАЙДА ӨНДІРЕДІ?

Қазақстан Үкіметінің жоспары бойынша 2060 жылға қарай ел көміртек бейтараптығына қол жеткізуі тиіс және бұл мәселеде сутегіні қолдану негізгі орын алады. Бір жыл бұрын Мемлекет басшысы бейінді министрлікке сутегі энергетикасына басымдық беру туралы тапсырма берді. Президент бұл тың салаға инвестициялар тарту қажеттігін атап өтіп, елдегі сутегі өндірісінің дамуын жеке өзі қадағалап отыратынын ескертті.

«Жасыл» сутегіге қатысты еліміздің үлкен жоспары бар. Елде экологиялық таза отынды тек ішкі нарық үшін ғана емес, сонымен қатар экспорттау үшін де өндіру жоспарлануда.

Республикада жасыл сутегі саласын дамыту әлеуеті айтарлықтай жоғары. Таза сутегі өндіруге қатысатын жел станцияларын тұрғызуға болатын ауқымды аумақтар бар. Оның үстіне елдің орталық, солтүстік және батыс бөліктерінде жыл бойына тұрақты және күшті жел тұрады. ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің деректеріне сенсек, Қазақстанның жел энергиясын өндіру бойынша мүмкіндіктері 1 триллион кВт/сағат болып бағаланады. Оңтүстік және батыс өңірлерде де күн энергетикасын дамытуға болады. Бұл «жасыл» сутегі алудың тағы бір көзі. Ең бір батыл болжамдар бойынша Қазақстанның әлемдік таза отын өндірушілердің ондығына енуіне барлық мүмкіндігі бар.

Қазақстан климаттық мүмкіндіктерін пайдалы жағына бағыттай отырып, батыл шешім қабылдағанға ұқсайды. Мысалы, елде «жасыл» сутегі өндіретін Азиядағы ірі зауыттың құрылысы жоспарлануда. Болашақ өндіріс Маңғыстау облысында ашылады. Жоба неміс және швед инвесторларымен бірлесе жүзеге асырылады. Зауытта жел электр генераторларын, күн электр станцияларын салу көзделген. Жоспар бойынша бұл қуаттылық жыл сайын екі миллион тоннаға дейін жасыл сутегі беруге жеткілікті болады. Алайда, мұндай күрделі өндірістің құрылысы мен іске қосылуына бірнеше жыл қажет екені сөзсіз.

Қазақстанда сутегімен жүретін автокөліктерге арналған жанармай құю станцияларын салу да жоспарланып отыр. Жоба франциялық әріптестермен бірлесе іске қосылмақ.

Айтпақшы, италиялық инвесторлар 2022 жылы-ақ Батыс Қазақстан облысында «жасыл» сутегі алу бойынша қанатқақты жобаны іске қосуға тастүйін дайын отыр. 

Жақында елімізде «жасыл» сутегі бойынша арнайы альянс құрылды. Оған тек қазақстандық қана емес, еуропалық технологиялық компаниялар да кірді. Бірігу мақсаты – республикада «жасыл» сутегі өндірісі бойынша технологияны бірлесе дамыту, жасыл экономика саласында озық идеялармен алмасу.

СУТЕГІ ӨНДІРІСІНДЕ ТАҒЫ НЕНІ ЕСКЕРУ КЕРЕК?

«Жасыл» сутегіні қолданудағы тағы бір маңызды мәселе – оны сақтау және тасымалдау жайы. Сутегі өндірушілер үшін оны сақтайтын ірі резервуарларының болуы маңызды. Оның үстіне бұл газ тәрізді форма бола ма немесе сұйылтылған түрі бола ма, соны анықтап алу қажет. Мәселе метан экспорты кезінде қолданылатын дәстүрлі құбыр желілерінің сутегі тасымалдауға жарамайтындығында болып тұр. Сутегінің тағы бір ерекшелігі – ол ауада тез тұтанғыш, демек сутегі өндірісіндегі техника қауіпсіздігі АЭС деңгейінде болуы тиіс.

Бүгінде таза сутегі танымалдылығы әлемде артып келе жатқанына қарамастан, «пайдалы өнімнің» өзіндік құны бұрынғыдай өте жоғары болып отыр. Осы факт әзірге оның өндірісінен нақты пайда түсіру туралы бір рет болсын талқылау мүмкіндігін бермей отырғаны шындық. Бірақ, сарапшылар болашақта технологияларды ықшамдаумен байланысты «жасыл» сутегі алу шығындары бағасы жағынан газ және мұнаймен бәсекеге түсе алатындай төмендейді деп санайды.

Қазақстан сияқты елдерге қазір енді не істеу қалды? Халықаралық сарапшылардың айтуынша, ең бастысы, жасыл энергетиканы дамытуға қолайлы инфрақұрылымды барынша тездетіп реттеу керек. Бірінші кезекте елде өндірілетін электр энергиясының жалпы көлеміндегі ЖЭК (күн және жел) үлесін арттыру, әзірге бұл көрсеткіш жыл сайын өсім болғанына қарамастан 4%-дан аспайды. Болашақта дәл осы ЖЭК әлеуеті «жасыл» сутегі энергия жүйесін дамыту үшін басты платформа болады.

Әлемдік энергетикалық дағдарысты ескерсек, сутегі «жарысы» таяу онжылдықта жалғаса береді деп болжауға болады және Қазақстан осындағы өз орнын алу мүмкіндігін жіберіп алмауы тиіс. Әсіресе, бұл қазіргідей, яғни республика Еуропаға өз энергия тасымалдаушыларының экспорт каналдарымен мәселеге душар болып тұрған сәтте өзекті бола түседі.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Рас, жаңартылмалы энергия көздерін дамыту қыруар қаржыны талап етеді. Дейтұрғанмен, мұнай, газ, көмірдің экологияға кері әсері өз алдына, ерте ме, кеш пе, әйтеуір олар түгесіледі. Оны бүгінгі ұрпақ көрмеуі де мүмкін, бірақ келесі ұрпақ түбі бұл мәселемен бетпе-бет келеді. Сондықтан болашағын ойлаған елдер қазірден бастап жаңартылмалы энергия көздеріне басымдық беріп келеді. Демек, болашақ қамы үшін Қазақстан да бұл игілікті істен қалыс қалмауға міндетті.

Жансая ШЫҢҒЫСХАН

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here