ҚазҰУ-да әлеуметтік саладағы инновациялар таныстырылды

0
532

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті кітапханасында «Әлеуметтік қорғау жүйесіндегі инновациялар, ғылым және пәнаралық әріптестік: зерттеулерден тәжірибеге» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Жиынға ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев, ҚР Құрылтайының депутаттары, Алматы қаласы әкімдігінің өкілдері, мемлекет және қоғам қайраткерлері, ғалымдар мен сарапшылар қатысты.

Конференцияны онлайн форматта ашқан ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев әлеуметтік қызмет көрсету сапасын арттыру, халықтың осал топтарына қолдау көрсету тиімділігін күшейту және әлеуметтік салаға инновациялық шешімдерді енгізу – бүгінгі күннің басты міндеттерінің бірі екенін атап өтті. Сонымен қатар ол министрлікке қарасты Әлеуметтік қорғау саласын дамытудың ұлттық ғылыми орталығының атқарып жатқан жұмысын жоғары бағалады.

«Орталық әлеуметтік оңалту мен азаматтардың жекелеген санаттарына көрсетілетін қолдауды жетілдіруге бағытталған зерттеулер жүргізіп келеді. Атап айтқанда, отбасыларға, аутизм спектрінің бұзылыстары бар балаларға көрсетілетін әлеуметтік көмекті жетілдіруге және мүгедектігі бар адамдарды тиімді оңалтуға ерекше назар аударылады. Зерттеу нәтижелері ғылыми негізделген әдістемелік ұсынымдарды әзірлеуге және мамандардың тәжірибелік қызметін жетілдіруге негіз болды. Орталық биыл оңалтудың заманауи тәсілдерін дамыту, оңалтудың техникалық құралдарымен қамтамасыз ету және әлеуметтік қызметтер көрсету бағытында алты жобаны жүзеге асыруда», – деді Асқарбек Ертаев.

Өз кезегінде ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаев әлеуметтік мәселелерді шешуде ғылым мен инновацияның, сондай-ақ жоғары оқу орындарының қоғамдық бастамаларға қатысуының маңыздылығына тоқталды.

«ҚазҰУ оқытушылары мен студенттері балалардың құқықтарын қорғау, құқықтық сауаттылықты арттыру және әлеуметтік жауапкершілікті дамыту бағытындағы қоғамдық бастамаларға белсенді қатысады. Осы саладағы ғылыми жетістіктеріміздің жарқын үлгісі – қазақ тілінде жасанды интеллект негізінде әзірленген LogopedAI.kz логопедиялық платформасы. Университет ғалымдары жүзеге асырған жоба аясында балалар сөйлеуінің 8 214 аудиожазбасынан тұратын деректер базасы қалыптастырылып, 1 178 мультимедиялық оқу ресурсы әзірленді. Сонымен қатар жасанды интеллект негізіндегі сөйлеуді автоматты түрде тану технологиялары жетілдірілді. Зерттеу нәтижелері Алматы қаласындағы екі мектепке дейінгі білім беру ұйымында бастапқы сынақтан өткізілді», – деді университет басшысы.

Конференцияда әлеуметтік оңалту мен инклюзивті ортаны қалыптастыру, ерекше қажеттіліктері бар азаматтарды қолдау және заманауи технологияларды әлеуметтік қызмет көрсету тәжірибесіне енгізу мәселелері кеңінен қарастырылды. Қатысушылар ғылыми зерттеулердің нәтижелерін тәжірибеде қолдану, әлеуметтік қызметтердің сапасын арттыру және сала мамандарының кәсіби құзыреттерін дамыту бағытында пікір алмасты. Бұған қоса мамандар әлеуметтік қорғау, оңалту және азаматтардың өмір сүру сапасын арттыру салаларындағы халықаралық ынтымақтастықты дамытуға арналған Алматы декларациясын талқылады.

Шара аясында оңалтудың техникалық құралдары мен әлеуметтік салаға арналған заманауи шешімдер көрмесі ұйымдастырылып, қатысушылар Ұлттық ғылыми орталықтың жобаларымен және серіктес ұйымдардың әзірлемелерімен танысты.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here