Іргелі ғылым – болашаққа бастар жол

0
61

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Физика-техникалық факультетіндегі Теориялық және ядролық физика кафедрасы – іргелі ғылым мен сапалы білімді ұштастырып келе жатқан ғылыми-педагогикалық ұжым. Кафедра 2011 жылы теориялық физика және халықаралық ядролық физика, ядролық энергетика мен технология бағытындағы кафедралардың бірігуі нәтижесінде құрылды. Оның тарихы университеттегі физика ғылымының қалыптасу кезеңдерімен тығыз байланысты.

Кафедраның ғылыми мектебі бірнеше буын ғалымның еңбегімен қалыптасты. Теориялық физика бағытында жалпы салыстырмалылық теориясы, гравитация және кванттық хромодинамика мәселелері зерттелсе, ядролық физика саласында атом ядросының қасиеттері, бөлшектердің затпен әсерлесуі және радиациялық құбылыстарды зерделеу бағыттары дамыды. Бұл ғылыми мұра бүгінгі зерттеулерге негіз болып, жас мамандардың ізденісіне жол ашады.

Кафедраның маңызды жетістіктерінің бірі – теориялық және эксперименттік білімді қатар меңгерген мамандар даярлау. Білім алушылар ядролық физика, ядролық инженерия және ядролық медицина сияқты өзекті бағыттар бойынша білім алып, зертханалық жұмыстар арқылы физикалық құбылыстарды тәжірибе жүзінде зерттейді. Оқу үдерісінде альфа-бөлшектердің ауадағы жүрісін анықтау және бета-сәулеленудің энергиясын зерттеу тәрізді жұмыстар орындалады.

Кафедра ұжымы ғылымды дәріс аудиториясымен шектемей, студенттерді зерттеу мәдениетіне ерте баулуға мән береді. Ғылыми кездесулер мен танымдық іс-шаралар барысында білім алушылар белгілі ғалымдармен пікір алмасып, астрофизика мен ядролық физиканың қазіргі мәселелері туралы мағлұмат алады. Сонымен бірге студенттердің онлайн білім беру курстарына қатысуы халықаралық академиялық тәжірибені игеруге және бағдарламалау мен математикалық әдістер сияқты қосымша дағдыларды дамытуға мүмкіндік береді.

Кафедраның ғылыми-ағартушылық жұмысы қоғам үшін де маңызды. Ядролық энергетика, радиациялық қауіпсіздік және ядролық технологиялар туралы қоғамдық талқылауларға мамандардың қатысуы ғылыми ақпаратты түсінікті жеткізуге көмектеседі. Ал, мектеп оқушыларына арналған кәсіптік бағдар беру кездесулері жас ұрпақтың физикаға қызығушылығын арттырып, болашақ мамандығын саналы таңдауға ықпал етеді.

Бүгінде теориялық және ядролық физика кафедрасы іргелі зерттеулердің сабақтастығын сақтай отырып, білім мен ғылымды өзара байланыстыруға ұмтылады. Ғалымдардың тәжірибесі, заманауи зерттеу бағыттары және студенттердің ізденіске араласуы – кафедра дамуының маңызды тіректері. Осындай орта Қазақстанда физика ғылымын өркендетуге, білікті кадр даярлауға және ғылыми ойлау мәдениетін нығайтуға үлес қосады.

Оразалы КАЛИКУЛОВ,
PhD, Ядролық физика институтының
Ғарыштық сәулелер зертханасының меңгерушісі

Балжан АБИЛКАСЫМ,
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің
2-курс магистранты

Дереккөздер: Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ресми сайты: кафедра тарихы; «ТДМ 4. Сапалы білім» (02.10.2024); кафедра студенттерінің Coursera курстары туралы ақпарат (22.11.2024).

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here