50-100 млн адамның өмірін жалмаған «испандық тұмау»

0
8711

Ағымдағы жылдың 11 наурызында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) COVID-19 індетіне байланысты пандемия (жаңа ауру түрінің жаһандық ауқымда таралуы) жариялағанын білесіздер. Соңғы рет ДДСҰ мұндай қадамға 2009 жылы барды. Сол 2009-2010 жылдары барша әлем «доңыз тұмауы» деген атпен белгілі H1N1 вирусымен алысты. Бір жылда барлығы 255 мыңдай жұқтыру дерегі тіркеліп, әлемнің 140 елінде 2,6 мыңдай адам көз жұмды. Өкінішке қарай, H1N1 вирусына қарағанда 2019 жылдың желтоқсанында бастауын Ухань қаласынан (Қытай) алған COVID-19 індетінің ауқымы біз ойлағаннан да орасан зор болып шықты. Қазірдің өзінде әлемде індетті жұқтырғандар саны миллионнан асты. Коронавирус 60 мыңдай адамның өмірін жалмады. Ал, жаңа індеттің салдары қалай болатыны әзірге белгісіз.

Рас, пандемия ауқымындағы ауру әлемде алғаш рет таралып отырған жоқ. XX ғасырдағы «испандық» деген атпен мәлім тұмау адамзат тарихындағы ең ірі пандемия саналады. Өйткені, 18 айда әлемнің 550 млн адамы (сол кездегі әлем халқының үштен бірі) «испандық тұмауды» жұқтырып, кемінде 50 млн адам бұл індеттің құрбаны болды. Тіпті, кейбір мамандар бұл тұмаудан 100 млн адамның өмірмен қоштасқанын айтады.

Ғасыр тарихы бар «Qazaq» газеті бүгін 1918-1919 жылдары әлемді үрейде ұстаған «испандық тұмаудың» себебі мен салдарына тоқталады.

Адамзаттың мұндай індеттермен алғаш рет қашан бетпе-бет келгенін ешкім нақты айта алмайды. Осыған ұқсас індеттер ежелгі грек авторларының да еңбектерінде кездеседі. Ал, белгісіз індеттер XVI ғасырда тұмауға жатқызыла бастады. Дегенмен, вирустың шығу тегін анықтау, онымен күресу жолдары ХХ ғасырға дейін белгісіз болып келді. 1901 жылы Италия ғалымдары алғаш рет тауықтар вирусын анықтады.

«Испандық тұмаудан» кейін, яғни 1933 жылы ғана Ұлыбританиядағы Ұлттық медициналық  зерттеулер институтының вирусологтары Уилсон Смит, Кристофер Эндрюс, Патрик Лейдлоу адам арасындағы тұмау вирусын ғылыми негіздеді.

Солтүстіктегі көршіміз орыстар вирусология ғылымының негізін микробиолог Дмитрий Ивановскийдің қалағанын алға тартады. Сөйтіп, түрлі вирус пен эпидемияның алдын алуға жолдың ашылғанын айтады.

Әрине, мәселе бұған дейін белгісіз болып келген вирустардың «тілін» кімнің бірінші білгенінде емес, бастысы адамзаттың індетпен күресе білуінде болса керек. Әйтпесе, «испандық тұмау» миллиондаған адамның өмірін алмас еді.

Жүз жыл бұрынғы індеттің атауына  қарап,  оның ошағы Испания болғанына еш күмәніңіз болмауы мүмкін. Оның үстіне 8 млн испандық бұл індетпен ауырды. Олардың арасында Испания патшасы XIII Альфонс та бар. Дегенмен, індеттің ошағы – Канзас штаты (АҚШ). Ал, жұқпалы ауру бұл атауды кездейсоқ алды. Белгісіз тұмау туралы алғаш Испанияның басылымдары жазғандықтан ел арасында «испандық тұмау» аталып кетті.

Жоғарыда айтқанымыздай, Испаниядан алыста, мұхиттың ар жағында орналасқан АҚШ әлем халқын қырғидай қырған індеттің ошағы саналады. Белгісіз індет алғаш 1918 жылы 11 наурызда Канзастағы Форт-Райли әскери базасында тіркелді. Қатты жөтел қысқан қатардағы жауынгер Альберт Гитчелл дәрігер көмегіне жүгінеді. Дәрігерлер оған суық тигенін айтып шығарып салады. Бірнеше сағаттан кейін лазареттің  іші  сондай ауру  белгісі  бар  жауынгерлерге толады. Бір апта ішінде 500-дей науқас қырылып қалады. Бұл Бірінші дүниежүзілік соғыстың қызған шағы. Соғыстың бел ортасында жүрген Франция, Германия, Ұлыбритания сияқты елдер онсыз да қырғыннан қажыған халық арасында дүрбелең туғызбау үшін індетті өз басылымдарында жазғызбады. Ал, соғысқа қатыспаған Испания алғашқы болып дабыл қақты.

Иә, «ауруын жасырған өледі». Соғысты басты орынға қойған елдер арасында бұл індеттен қырылғандардың қатары тым көп болды. Бұл елдерде халық соғыстан бір қырылды, «испандық тұмаудан» тағы қырылды.

Жалпы, індеттің алғаш АҚШ-та тіркелгені рас. Дегенмен, дәрігерлер алыстағы Америкаға індеттің Азиядан келгенін айтады. Өйткені, өткен ғасырдың басында Азия құрлығында барлық салада Еуропа мен Америкадан артта қалған елдер шоғырланды. Көп елдің медицинасы да болған жоқ. Содан кедей елдерде өлім-жітім көрсеткіші жоғары болды. Яғни, кімнің қандай аурудан өліп жатқаны жабулы қазан күйінде қалды. Ал, аштан өлмеудің қамына кіріскен азиялықтар Еуропа мен Америкаға ағылды. Мәселен, XIX ғасырдың соңында Қытайдан мыңдаған еңбек мигранты АҚШ-қа аяқ басты. Олар өздерімен бірге түрлі ауруларды да ала барды. Америкалық дәрігерлер «испандық тұмаудың» сол Азия құрлығынан «келгенін» алға тартады.

«Испандық тұмаудың» алыстағы Америкада таралуына азиялық еңбек мигранттары себепкер болғанымен келісейік. Бұл – бір. Екіншіден, індеттің Еуропада жаппай таралуына Бірінші дүниежүзілік соғыс та әсер етті. Неге десеңіз, өліспей-беріспеуді мақсат еткен еуропалық елдер тазалықты ұмытты, соғыспен алысқан жұрт  антисанитария жағдайында өмір сүрді. Тазалық болмаған жерде вирустың түр-түрі жүреді. Оның үстіне дәрі-дәрмектің жетіспеушілігі жығылған үстіне жұдырық болды. Тіпті, соғыс оты тұтанған заманда кәрі құрлықтағы елдердің белгісіз індетпен күресуге мұршалары да болмады. Соның салдарынан жарты жылда Еуропада 25 млн адам «испандық тұмаудың» құрбанына айналды.

Рас, індетті жаппай жұқтырғандар мен одан ажал құшқандар көбіне еуропалық елдерде болды. Дегенмен, ХХ ғасыр індеті өзге құрлықтарды да айналып өтпеді. Мысалы, Тынық мұхитындағы 37 мың халқы бар кішкентай Самоа 8,5 мың адамынан көз жазып қалды. Еуропадан алыста жатқан оңтүстік Африкадағы Замбия әрбір бесін-ші тұрғынынан айырылды.

Көбіне ауру-сырқауға балалар мен қарттар жақын келеді. Ал, «испандық тұмау» күш-қуаты толысқан 20 мен 40-тағыларды да ажал құштырды. Ауру белгісі де қорқынышты. Бастапқыда суық тиеді, жөтел қысады, бірер сағаттан кейін қан құсады, ертеңіне өмірмен қоштасады.

Ұзақ жылдар дәрігерлер мен ғалымдар «испандық тұмаудың» бұл жұмбағын шеше алмай жүрді. Дүрліккен жұрт арасында «Немістер соғыста жеңу үшін бактериологиялық қару шығарыпты» деген алып-қашпа әңгімелер де тарады. Тіпті, америкалық әскери дәрігерлер неміс агенттерінің уланған консерві арқылы инфекция таратқандарын да мәлімдеді. Дегенмен, «испандық тұмау» немістерді де аямады. Неміс генералы Эрих Людендорф «испандық тұмау» Берлиннің соғыста жеңіске жетуіне кедергі келтіргенін жазды.

1919 жылы әлемдегі 50-100 млн адамның өмірін жалмаған «испандық тұмаудың» беті бері қарады. Әйтсе де, ондаған жылдар бойы ғалымдар жұқпалы аурудың неден шыққанын, ағзаға қалай әсер еткенін білмей бас қатырды. 1997 жылы америкалық ғалымдар 1918 жылы Алясканың мәңгілік мұз құрсауында жерленген әйелдің мәйітін қайта зерттеді. Содан 2008 жылы америкалық ғалымдар вирустың ерекшелігін атады. Ғалымдардың «испандық тұмауға» қатысты шешімдерін медицина тілімен халыққа түсіндіру оңай емес. Қарапайым тілмен айтқанда, бұл вирус иммундық жасушаларды ғана бұзбайды, ағзаның зақымдану ошағындағы тіндердің де бұзылу үрдісін күшейтеді. Бірден бүкіл ағзаны жаулайды. Яғни, басқа вирустарға қарағанда денеге жылдам тарайды. Содан адамның иммунитеті қарсылық көрсетіп үлгермейді. Күш-қуаты толысқандардың да бірден ажал құшуы сондықтан болыпты.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Жүз жыл бұрынғы «испандық тұмаудан» кейін өткен ғасырды айтпағанда, осы ХХІ ғасырдың өзінде атипиялық пневмония (SARS), «құс тұмауы» (H5N1), Эбола (Ebolavirus), Зика безгегі (ZIKV) сияқты жұқпалы аурулар әлемді біршама әуреге салды. Дегенмен, медицина саласы мен вирусология ғылымы дамыған бүгінгі заманда барлық індетпен адамзат күресе білді. Демек, бүгінде кез келген белгісіз індетпен күресуге, оның таралуына жол бермеуге, сөйтіп адам өмірін сақтап қалуға мүмкіндік мол.

Қазір әлемдік қауымдастық COVID-19 індетімен күресуге барын салып келеді. Ендеше, ондаған млн адамды құрбан еткен «испандық тұмауды» жеңген әлем жұрты бұл коронавирусты да ауыздықтайтынына еш күмән жоқ.

Мадияр ӘЗИЗҰЛЫ, «Qazaq» газетінің шолушысы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here