Футбол клубтары көрпесіне қарай көсіледі

0
2992

Ел бюджетіне салмақ салатын отандық футбол клубтары туралы былтыр «Qazaq» газетінде жазған болатынбыз. Өйткені, жекенің қолындағы «Қайрат» футбол клубынан басқалары негізінен салық төлеушілердің есебінен күн көреді. Ал, футболшылар алатын миллиондаған айлық қарапайым халықтың ашу-ызасын туғызып отыр. Содан халықтың үніне құлақ асқан Президенттің тапсырмасымен ҚР Мәдениет және спорт министрлігі биыл футбол клубтарын мемлекет есебінен қаржыландыруды қысқартты. Бастапқыда әр футбол клубына бюджеттен 800 млн теңгеден артық қаржы бөлмеу туралы шешім шығарылған еді. Кейін Қазақстан футбол федерациясының араласуымен бұл сома 1,2 млрд теңгеге дейін жетті. Сөйтіп, Қазақстан премьер-лигасында биыл өнер көрсететін 14 клубқа мемлекеттен 16,8 млрд теңге бөлінді. Бұл ретте оларға қосымша көздерден қаражат тартуға тыйым салынбайды, алайда алматылық «Қайраттан» басқа бірде-бір клубта айтарлықтай демеушілік қолдау жоқ. Демек, биылдан бастап әр клуб көрпесіне қарай көсіліп, шығындарын қысқарта бастайды.

Рас, қазақстандық футбол клубтарының ешқайсысы мемлекеттің қаржылай қолдауынсыз өз күндерін өздері көре алмайды (жоғарыда айтылғандай бұл қатарға алматылық клуб кірмейді). Қарызға белшесінен батқан павлодарлық «Ертіс» футбол клубының былтыр банкротқа ұшырағаны осы сөзімізге дәлел. Премьер-лиганың 2020 жылғы маусымына қатысқан 11 клубтың былтырғы бюджетіне қарасақ, биылға бөлінген 1,2 млрд теңге 9 клубтың шығынын жаппайтынын аңғаруға болады.

Енді премьер-лигадағы қазақстандық футбол клубтарының былтырғы және биылғы бюджетіне тоқталайық. Клубтардың бюджетін 2020 жылы Қазақстан чемпионатында алған орындарынан бастайық.

Былтырғы біріншілікте «Қайрат» футбол клубы алдына жан салмады. Үшінші рет Қазақстан чемпионы атанды. Алматылық клубтың 2020 жылғы бюджеті – 8 млрд теңге, биылғы бюджеті – 9 млрд теңге. 67 жылдық тарихы бар футбол клубының қазіргі иесі – Қайрат Боранбаев. Яғни, Қазақстандағы жеке қожайыны бар жалғыз команда. Содан мемлекеттік бюджетке үлкен салмақ та салмайды. Екі млн халқы бар Алматы қаласының әкімдігі «Қайратқа» былтыр 900 млн теңге бөлген еді. Биыл мемлекеттік қолдау 300 млн теңгеге артып, 1,2 млрд теңгені құрады. Қалған 7,8 млрд теңге шығынды қалай жабатыны Қайрат Боранбаевтың жеке шаруасы. Алматылық клубтың демеушілері бар екенін ескерсек, атақты команда қаржыдан тапшылық көрмейді.

Былтыр ақтық бәсекеде «Қайратқа» жол берген «Тобыл» футбол клубына биыл оңай болмайды. Өйткені, негізі 1967 жылы қаланған клубтың былтырғы бюджеті 4,5 млрд теңге болса, соның 3,5 млрд теңгесі жергілікті бюджеттен бөлініп, қалған қаржы демеушілердің есебінен толықтырылған еді. Оның үстіне он мың орындық стадионын жалға беру арқылы аз болса да өз жыртығын жамауға септігін тигізді. Былтыр бірқатар стадиондар премьер-лига ойындарын өткізуге жарамсыз деп танылды. Енді Қостанай әкімдігі қаржыландыруды 2,3 млрд теңгеге қысқартып отыр. Жыртығын жамауға шамасы келмейтіндіктен «Тобыл» футболшыларының айлығын 30-35 пайызға қысқартуға мәжбүр болды. Бұған көнбеген келімсектер (легионер футболшылар) елдеріне қайтып кетті.

Қазақстан чемпионатында үздік үштікті қорытындылаған экс-чемпион «Астананың» биылдан бастап «тарта жесең, тай қалар» қағидасымен өмір сүруіне тура келеді. Өйткені, 12 жылдық тарихы бар елордалық клубтың былтырғы бюджеті 15 млрд теңгені құрады. Оның басым бөлігін бас демеушісі «Самұрық-Қазынадан», 2 млрд теңгені Нұр-Сұлтан қалалық әкімдігінен алды. Қазақстанның алты дүркін чемпионы еурокубоктарға тұрақты қатысады. Содан бір маусымда 5 млн-нан 10 млн еуроға дейін (2,5-5 млрд теңге) табыс табады. Биыл қалалық әкімдік клубты қаржыландыруды 800 млн теңгеге қысқартты. Мемлекет басшысы «Кәсіби спорт клубтарын мемлекет есебінен қаржыландырудың қажеті жоқ» дегеннен кейін «Самұрық-Қазына» да бұрынғыдай клуб жыртығын жамай салмайды. Содан «Астана» айлығы көп атақты футболшыларымен қоштасып, команда құрамын жастармен жаңартып жатыр.

Қарағандылық «Шахтердің» 2020 жылғы бюджеті 4 млрд теңге болды. 64 жылдық тарихы бар клуб былтыр инвесторларды тарта білді. Соның арқасында бюджеті артты. Өйткені, жергілікті бюджеттен 2020 жылға 2,6 млрд теңге бөлінді. Дегенмен, Қарағанды әкімдігі биыл мемлекеттік қаржыландыруды екі есе қысқартып отыр. Ал, клубтың шығыны шаш етектен. Оның үстіне биыл еурокубоктарға қатысады. Яғни, «Шахтердің» жаңа бас жаттықтырушысы Әли Әлиев команданы жақсы доп тебетін, бірақ аспандағы айлықты сұрамайтын футболшылармен жасақтауы керек. Әйтпесе, қарағандылық клуб еуропалық алаңда сәтсіздікке ұшырайды.

Қазақстан чемпионатында алғашқы бестіктен көрінген «Ордабасының» демеушісі де, инвесторы да жоқ. Былтыр бюджет көлемі бойынша үшінші қаланың футбол клубы үшінші орынды алды. 23 жылдық тарихы бар клубты қаржыландыруға Шымкент қалалық әкімдігі былтыр 7 млрд теңгеге шығындалды. Президент Жолдауынан кейін жергілікті әкімдік 2021 жылы «Ордабасыға» 3,6 млрд теңге қарастырылғанын хабарлады. Дегенмен, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырмасы бойынша үшінші мегаполис әкімдігі биыл өз клубына 1,2 млрд теңгеден артық қаржы бөле алмайды.

ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің шешімін күтпей-ақ Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасын алғашқы болып Алматы облысының әкімдігі орындады. Футбол мен футзалдан жастар командаларын таратып, 2020 жылы 3,3 млрд теңге болған бюджетін бірден 800 млн теңгеге дейін қысқартты. Дегенмен, биыл қосымша бөлінетін 400 млн теңгенің артық болмайтыны рас. Қазір «Жетісуда» бірде-бір легионер футболшы қалмады. Сондай-ақ, талдықорғандық клубта басқалар сияқты адамның түсіне де кіре бермейтін айлық жоқ. Бюджеті шағын болғанымен, премьер-лигада тәуір нәтиже көрсетіп жүр. Былтыр алтыншы орыннан көрінді.

Мемлекеттің қолдауынсыз қаржылай қиналатын келесі клуб – «Қайсар». Қызылордалық командаға облыстық әкімдік 2020 жылы 4 млрд теңге бөлсе, 2021 жылға 1,2 млрд теңге ғана қарастырылған. Басы артық шығындар жаппай қысқартылып жатыр.

Бюджеттің қысқартылуы мұнайлы өлкенің де клубына кері әсер етеді. 2020 жылға қарағанда биылғы бюджеті 800 млн теңгеге қысқарды. Онсыз да аз бюджетінің басым бөлігін «Каспий» қарсыластарын қабылдайтын «Жас қанат» стадионын жаңартуға жұмсайды.

60-қа толған «Тараз» футбол клубының былтырғы бюджеті 1,9 млрд теңгені құрады. Соның өзі жергілікті бюджетке кәдімгідей салмақ салатын. Өйткені, клубтың қаржы тапшылығы бұрыннан бар. Маусымның ортасында ақша таппай, қарызға бататын кездері де көп болатын. Сондықтан клуб бюджетін 700 млн теңгеге қысқарту шешімін облыстық әкімдік қуана орындаған шығар.

ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің шешімі былтырғы біріншілікте 9-шы орын алған петропавлдық «Қызыл-Жар СҚ» клубының оң жамбасына келді. Өйткені, 53 жылдық тарихы бар клубтың 2020 жылғы бюджеті 920 млн теңгеден аспаған. Бұл – премьер-лигада өнер көрсететін клубтардың арасындағы ең төменгі бюджет. Содан клубтың биылғы бюджеті 280 млн теңгеге артып отыр.

Биыл бірінші лигадан премьер-лигада өнер көрсетуге мүмкіндік алған «Ақтөбе», «Атырау», оралдық «Ақжайық», түркістандық «Тұран» футбол клубтары үшін бір жылға бөлінген 1,2 млрд теңге қомақты қаржы саналады. Сондықтан «Қызыл-Жар СҚ» сияқты олар да таршылық көрмеуге тиісті.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтырғы «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында бұқаралық спорттың дамуына ерекше назар аударып, кәсіби спорт клубтарын толығымен мемлекет есебінен ұстаудың қажеті жоқтығын айтты. Президенттің осылайша айтуына өзіндік себептер де бар. Мысалы, өркениетті елдердегі футбол клубтарының бюджеті жарнамадан, билет сатудан, көрсетілімнен құралады. Біздегідей мемлекетке алақан жаймайды. Бюджеттен оларға бір тиын да бөлінбейді. Қайта олардың қызығын мемлекет көреді. Клубтар салық төлейді. Бюджетке қыруар қаржы аударады. Сондай-ақ, елдеріне көптеп туристер тартады. Міне, осы шаруаларды да біздің елімізде жүйелі жолға қоюға болады. Бұған Қайрат Боранбаевтың меншігіне өткен «Қайрат» футбол клубы мысал бола алады.

Мадияр ӘЗИЗҰЛЫ, спорт шолушысы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here