Гүлмира Қанай ҚызПУ-дың түлектерімен кездесті

0
1643

Әр жоғары оқу орны жұмысының айқын нәтижесі – түлектері. Олардың жеткен жетістіктері мен қоғамдағы орны. Осы қағидаға орай Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Басқарма төрағасы – ректоры Гүлмира Қанай білім ордасының бірқатар танымал түлектерімен кездесті. Бұл туралы ҚызПУ-дың имидждік саясат және қоғаммен байланыс бөлімі хабарлады.

Кездесуге Физика, математика және цифрлы технологиялар жоғары мектебінің 1980 жылғы түлектері қатысты. Олардың қатарында отандық білім беру және ғылым салаларында елеулі еңбек етіп, көптеген жетістікке жеткен педагогтар мен ғалымдар бар.

Жүздесу барысында Мәскеу физика-техникалық институтының ғалымы Ұлғаным Ишанғалиева, ҚР білім беру ісінің үздігі Жамбы Орынбаева, ҚР білім беру ісінің үздігі Зеруерт Сапарбаева, Ы. Алтынсарин атындағы медальдің иегері Жібек Асылбекова, «Мінсіз қызметі үшін» төсбелгісінің иегері Жайсангүл Сарманова сынды белгілі педагогтар Гүлмира Әмірханқызын жаңа қызметімен құттықтап, қарашаңырақ оқу орнын дамыту жолындағы еңбегіне табыс тіледі.

Өз кезегінде ҚызПУ басшысы бүгінде университеттің еліміздің жоғары білікті кадрлар даярлайтын негізгі орталығына айналып отырғанына тоқталып, оқу орнының әрі қарай дамуында түлектердің атқаратын рөлі зор екенін атап өтті.

– Қыздар университеті – көптеген түлектер үшін альма-матер болып табылады. 75 жылдан астам уақыт аралығында оқу орнының қабырғасынан мыңдаған білікті педагогтар, білім беру ұйымдарының қызметкерлері, тарихшылар, журналистер мен тіл мамандары және мәдениет майталмандары түлеп ұшты. Сонымен қатар көптеген түлектер мемлекеттік қызметте, бизнес пен өнеркәсіпте табысты еңбек етуде. Әр жоғары оқу орны жұмысының айқын нәтижесі – түлектері. Олардың жеткен жетістіктері. Осы тұрғыдан алып қарағанда Қыздар университеті өз түлектерімен мақтана алады. Олар өз жетістіктерімен оқу орнын ғана емес, Қазақ елін әлемге танытып жүр, – деді Гүлмира Қанай.

Университет ректоры өз сөзінде алдағы уақытта түлектермен бірлесіп, тығыз жұмыс жасауға ниетті екендігін жеткізді.

Бұл бастама – Қыздар университетінің жаңа формация мамандарын даярлауына және оқу орны мен оның түлектері арасында өзара қарым-қатынас орнатуға ықпалын тигізбек.

Кездесу соңында түлектер Гүлмира Әмірханқызының бастамасына әрдайым қолдау білдіретінін айтты.

Баспасөз және қоғаммен байланыс бөлімі

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here