Жаны жайсаң жақсы адам

0
5939

Дүниедегі мамандық атаулының төресі – ұстаздық. Себебі, мұғалім барлық мамандық иесін тәрбиелейтін, оқытып үйрететін мейірімді абзал жан. Ұстаз берген тәрбие әрбір жанның өміріне жол сілтер шамшырақ секілді. Әрбір адам – диқан да, шопан да, ақын да, ғалым да, ғарышкер де, батыр да бәрі ұстаздан білім, тәлім алған. Сондықтан ұлағатты ұстаздарға бүкіл адам баласы құрметпен бас иеді.

Өмірдің өзі де ұстаз. Бірақ, осынау «ұстаз» сөзінің астарында мыңдаған білім мен ғылым, адамгершілік пен сүйіспеншілік жатқанын байқай бермейміз. Ұстаз болу кез келгеннің қолынан келе бермейді. Шәкірт тәрбиелеу, оны биікке жетелеу, қанаттандыру, жаны мен тәнін, болмысы мен барын беру тек ұстаздың қолынан келетін қасиеттер. Әрбір адам сауатын ашу үшін алдымен ұстазға жүгінеді. Ал, ұстаздың міндеті – ештеңеден хабары жоқ шәкірттен тұлға дайындау. Тарыдай болып кірген күніңізден бастап мектеп қабырғасында сіздің еркелігіңізді кешіретін де, сабақ бере отырып адамгершілікке тәрбиелейтін де, өмір сүрудің қыр-сырын үйрететін де ұстаздар қауымы.

Ұлы ғұлама Әл-Фараби: «Ұстаз жаратылысынан өзіне айтылғанның бәрін жете түсінген, көрген, естіген және аңғарған нәрселердің бәрін жадында жақсы сақтайтын, ешнәрсені ұмытпайтын… алғыр да аңғарымпаз ақыл иесі, мейлінше шешен, өнер-білімге құштар, аса қанағатшыл жаны асқақ және ар-намысын ардақтайтын, жақындарына да, жат адамдарына да әділ, жұрттың  бәріне жақсылық пен ізгілік көрсетіп, қорқыныш пен жасқану дегенді білмейтін батыл, ержүрек болуы керек», – деген сөздерінде үлкен мән-мағына, тура айтылған ойлар жатыр десеңізші. Мен де осы пікірмен, оймен толықтай келісемін.

«Мұғалімдік мамандық – бұл адамтану, адамның күрделі және қызықты, шым-шытырығы мол рухани жан дүниесіне үңіле білу. Педагогикалық шеберлік пен педагогикалық өнер – ол даналықты жүректен ұға білу болып табылады», – деп В.А. Сухомлинский айтқандай, осындай қызығы мен шыжығы көп мамандықтың иесі болған орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Ғабдуллина Роза Тоқтарқызы туралы бір үзік сыр шертсем деймін…

Роза Тоқтарқызы 1960 жылы сәуірдің 22-ші жұлдызында Алматы облысы, Сарқан ауданы, Весёлое (қазіргі Шатырбай) ауылында дүниеге келген. Әкесі Ғабдуллин Тоқтар Қабдолдаұлы 1924 жылы Шатырбай ауылында туған. Ол кісі 50 жыл педагогикалық еңбек өтілі бар ардагер ұстаз. Сонымен қатар, еңбегіндегі ерен еңбегі үшін «Қазакстан Республикасының Үздік ұстазы» атанған. Ұлы Отан соғысы басталған кезде небәрі 17-18 жастағы Тоқтар ағамыз да Отанын қорғауға майданға аттанады. Соғыс жылдары Тоқтар ағамыз барлаушы болған. Ұлы Жеңістен соң Жапонияда соғысқан. Соғыстан соң туған еліне оралып, Қарабөгет ауылындағы мектепте директорлық қызметті атқарған. Зейнет жасына жеткенше ардагер ұстаз болған. Ол кісінің майдан кезінде алған орден-медальдары қаншама десеңізші… Иә, ел басына күн туғанда елін, жерін қорғаймын деп, көппен бірге кейінгі ұрпақ үшін жанын аямаған Тоқтар ағамыздың ерлігі ұмытылмақ емес. Ол кісінің есімі мәңгі жадымызда.

2015 жылы 20 мамырда ардагер ұстаз, соғыс ардагері болған Тоқтар ағамыз дүниеден озды. Анасы Қатипа Сәрсенбекқызы 1932 жылы дүниеге келген, өмірге 6 бала әкеліп, үйде бала тәрбиесімен айналысқан. 1983 жылы Розаның анасы 51 жасында дүниеден озды. Анасы бақилық болғанда Роза небәрі 23 жаста еді…

Роза Тоқтарқызы 1967 жылы Қарабөгет ауылындағы А.С.Пушкин атындағы мектептің 1-сыныбына қабылданып, оны 1977 жылы бітіріп шықты. 1979 жылы Алматы қаласындағы Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтына түсіп, аталған институтты 1984 жылы орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша үздік бітіріп шығады. Анасы өмірден озған соң Роза сол жылы әкесіне қолдау көрсетіп, бауырларына көмектесу мақсатында ауылына оралып, ауылындағы Әл-Фараби атындағы орта мектебіне орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып жұмысқа орналасады. Енді ғана бітіріп келген жас маман, үйде анасының орнына бауырларына ана болған Розаға оңай болған жоқ. Өмірде біраз қиыншылықтарды бастан өткізді, сонда да өз ісіне тыңғылықты, сабырлы Роза Тоқтарқызы шыдай білді. Жанұя жағдайына байланысты 2007-2009 оқу жылдарында Талдықорған экономика-технологиялық колледжінде орыс тілі мен әдебиеті мұғалімі болып қызмет атқарды. 2011-2013 оқу жылдарында «Білім» гуманитарлық-техникалық колледжінде жұмыс істеді. Сол жылы туған ауылына қайта оралып, 2013-2020 оқу жылдарында Әл-Фараби атындағы орта мектебінде орыс тілі мен әдебиеті пән мұғалімі және директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметін қоса атқарды. Роза Тоқтарқызы өз пәнін жетік меңгерген өте білімді маман, өз жұмысына тыңғылықты жауапкершілігі мол ұстаз деп білемін.

«Ақырын жүріп, анық бас, еңбегің кетпес далаға» деп Ұлы Абай айтқандай, өзі қызмет істеген жылдарында Роза Тоқтарқызы аудандық білім бөлімінің, аудандық кәсіподақ ұйымының, Жастар саясаты ұйымының көптеген Алғыс хаттары мен Құрмет грамоталарының иесі бола білді. «Адамның адамшылығы жақсы ұстаздан» деп тағы да Абай атамыз айтқандай, әрбір істері жеңіске жетіп жатса, оның артында ұстаздың бір тамшы болса да еңбегі барын есте сақтауымыз керек.

Бүгінгі таңда Роза Тоқтарқызы Талдықорған қаласындағы «Білім» гуманитарлық-техникалық колледжінде орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, сондай-ақ аталған ұйымда методист-координатор қызметін атқарып жатыр.

Мен өз атымнан әріптесім Роза Тоқтарқызына осынау бір қиындығы мен қызығы қатар жүретін еңбегіңде өскелең ұрпаққа білім мен тәрбие беруде қанатың талмай, шығармашылықпен жұмыс істеуіңе тілектестік білдіремін. Әріптесіме мықты денсаулық, шыдамдылық және еңбегіне көптеген жетістіктер тілеймін!

Роза Тоқтарқызы жанындағы жары Қалижанмен, ұлы, келінімен бақытты отбасы. Биылғы жылы ұстаз келін алып, көптен күткен арманы орындалды десе де болады. Келінің де өзіңе ұқсаған жаны жайсаң келін болсын, немерең көп болсын!

Роза АМИРЕНОВА,
ағылшын тілі пәнінің мұғалімі

Алматы облысы, Сарқан ауданы,
Қарабөгет ауылы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here