Ұлттық тіл тереңдетіле оқытылса…

0
1953

«Ана тілі» газетіне жарияланған Қали Сәрсенбайдың «Өз жанынан безгендер» атты мақаласын оқып, ойға қалдым. Тақырыбы адамның жүрегін дір еткізердей болғанымен, мазмұны көңілге қонымды.

Мемлекет басшысы «Қазақтың тілі – қазақтың жаны» деп тегіннен тегін айтпаса керек. Ұлттық тілдің мәртебесін көтеру үшін мектептерде қазақ тілін тереңдете оқытуды қатаң талап еткен дұрыс. Себебі, сөз сөйлеу мәдениетіне мән берушілік әлі де жоғары деңгейде емес. Ауыз екі тіл мен жазба әдебиетін айыра алмайтындар бар.

Кезінде орыс мектебінде оқығандар амандаса сала «Сендер кіммен келдіңдер?» деп сұрайды. Сенің жалғыз тұрғаныңды көрсе де, сөздің жекеше немесе көпше түрін айыра алмайды. Дұрысы «Сіз кіммен келдіңіз?» ғой.   

Қазіргі уақытта оқу кабинетінде пәндік оқыту қазақша болғанмен, үзіліс кезінде балалар бір-бірімен орысша сөйлеседі. Әрине, орыс тілін білгеннің зияны болмайды. Әлі де жауапты қызметте жүргендер орыс тілінде құжаттар жазуда қиналады. Қос тілде жетік түрде сөйлеп, қатесіз жазған оқушының мерейі өседі.

Мына оқиғаны айта отырайын. Мен жетпісінші жылдардың бас кезінде мамандығым бойынша Әулиекөл (Семиозер) аудандық оқу бөлімінде жауапты қызмет атқардым. Сол жылы Алматыдан білім беру министрлігінен арнайы өкілдер келді. Біздің ауданға ат басын тіреген топқа басшылар мені ілестірді. Комиссияның мақсаты ұлттық білім беретін мектептерде қазақ балаларының саны неге азайып бара жатқанын анықтау еді. Мектептерді аралап, ата-аналармен пікірлескенде олар сол заманда орысша шала білген балалары жоғары оқу орнына емтихан тапсырғанда қиындыққа кездесетінін көлденең тартты. Орта және жоғары оқу орындарына емтихан тапсыру сол кездері орыс тілінде болды. Диплом алған күннің өзінде қызметте өсе алмайтыны белгілі.

«Ана тілі», «Қазақ әдебиеті» және «Қазақ» газеттерін үйіне жаздырып алса да, басылымдардағы ұлттық салт-дәстүр немесе ұлт тарихы, тіл мәселелері жайлы мақалаларды тұшынып оқи қоймайтынын ашық айтушылар бар. Мұның сыры неде дейсіз? Айналып келгенде әлгі қазақ тілі мен әдебиет пәндерінің тереңдетіле оқытылмайтындығына байланысты.  

Қали Сәрсенбай айтпақшы, министрлердің қазақ басылымдарын оқуда салғырттық жасайтыны ана тіліне шорқақтығы басым болуы мүмкін. Мұнан бірнеше ғасырлар бұрынғы қазақ халқының тарихы соларды қызықтырмайтын секілді. Ұлт тарихына терең бойламай тұрып, жоғары шенеуніктер қалайша елдің тағдырын шешпек? Соған Үкіметіміз неге назар аудармайды?

Қазақ мектебіне балаларын берген ата-аналар пәндік оқыту бағдарламасы күрделі екеніне налитындығы анық. Бұлардың өзі кезінде орыс мектебінде оқығандар. Үйінде үнемі орысша сөйлеседі. Оқыту бағдарламасы бойынша балаларына көмек бере алмайды. Дегенмен, мұндай қиындықты жеңген ата-аналар да бар. Бақытбек есімді жігіт өзі де, келіншегі де ұлттық тілге жетік емес. Сүйте тұра олар балаларын қазақ мектебіне оқуға берді. Оқыту бағдарламасын балаларына түсіндіру үшін арнайы репетитор жалдаған. Соның пайдасы ерекше тиген екен. Міне, нағыз азамат осылай жасайды.

Қалай десек те, ана тілін қадірлемегендердің туған ұлтына сүйіспеншілікпен қарауы мүмкін емес. 

Ермекбай Хасенов, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі

Қостанай қаласы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here