Жігері жасымаған желтоқсаншы

0
3203

Осыдан отыз бес жыл бұрын Қазақстан компартиясы орталық комитетінің бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаевтың орнына Геннадий Колбиннің тағайындалуы жастардың наразылығын туғызды. Жетім баланың күйін кешіп, өз ана тілінде сөйлеуге мұң болған, сол үшін де қазақ тілінің мәселесіне алаңдап жүрген жастарға бұл хабар жығылған үстіне жұдырық болып тигені рас. Ал, алаңға шыққан жастардың мақсаты – бейбіт шеру ұйымдастырып, өздерінің талап-тілектерін басшылыққа жеткіземіз деген ниет қана болатын. Дегенмен, Кеңес үкіметі қазақ жастарының қарсылығын күшпен басып, алаңды қызыл қанға бояды.

Бүгінгі әңгіме Бадамша балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің тоғызқұмалақ жаттықтырушысы, Желтоқсан көтерілісіне қатысушы Қуатбаев Серік Амандәулетұлы жөнінде болғалы тұр. Осыдан 35 жыл бұрын бүкіл Кеңес Одағын дүр сілкіндірген, бүгінгі Тәуелсіздігіміздің бастауы болған әйгілі оқиға кезінде басынан өткенін кейіпкеріміз былай әңгімелейді: «…Ол кезде мен Алматы ауыр машина жасау зауытында жұмыс істейтінмін. Көпшілік оны «АЗТМ» атауымен білетін. Жігіттер бұл аббревиатураны «Абраамы Заняли Теплые Места» деп  тарқататын, себебі  зауыттың басшысынан бастап, инженерлерінің көбі еврейлер болатын. Зауытқа бір жыл бұрын, әскери теңіз флотындағы қызметтен кейін орналасқан болатынмын. Сексен алтының жазындағы Ауыл шаруашылығы институтына түспек әрекетім сәтсіз аяқталғандықтан, мақсатым келесі жылы бағымды тағы бір сынап көру еді.

Бірінші еңбек демалысын, тиесілі ақшамды, Ақтөбеге ұшаққа билет те алып қойған едім. Ұшақ 20-сы ма, 21 желтоқсанда ма екен, анық есімде жоқ. Кеткенше бос жүрмейін, істеген күндерімді кейін демалуға пайдаланармын деп жұмысқа барып жүрдім. 16 желтоқсан күні екінші ауысымға келген бір ағай Қонаевтың қызметінен кетіп, орнына бір орыстың тағайындалғанын айтып келді. Жаңалық, әрине, қуанта қоймады. Троллейбуспен жатақханаға кетіп бара жатып, егделеу екі қазақтың күннің жаңалығын көңілсіз талқылап отырғанын еріксіз құлағымыз шалды. Бірақ, алдағы болар оқиғалардан әлі ештеңе де хабар беріп тұрған жоқ еді.

Ертеңіне, 17 желтоқсан күні екінші ауысымға келген әлгі ағай басқа жаңалықты жеткізді. Л.Брежнев атындағы жаңа алаңға кешегі пленум шешіміне наразылық білдіріп, студенттер мен жастардың жиналып жатқанын айтты. Бұл хабар кешегідей жайсыз емес еді. «Иә, біз де ел екенбіз ғой, бар екен ғой ұлт намысын ту етер ұлдарымыз» деген бір көңілге медеу, ертеңге үміт пайда болды.

Жатақханадан киімімізді ауыстырып, апыл-ғұпыл асымызды ішіп, алаңға асықтық. Біз барғанда алаңдағы жағдай үкімет бақылауынан шығып кеткен екен. Бірнеше көлік өртеніп жатыр. Алаңда тас түйініп, не де болса тәуекелге бел буған қалың қазақ. Басым көпшілігі жастар болғанымен, бірен-саран егделер бар. Қыздар да аз емес еді. Белсенділері кезек-кезек мінберге шығып, іштеріндегілерін көпшілікке ашына жеткізіп жатты. Ұрандатып, елді батыл әрекеттерге үндеп, шақырушылар да жетерлік.

Үкімет үйін үш шеңбер қоршап, қорғап тұрды. Сыртқы шеңбер қалқан, каска, шоқпармен қаруланған әскери жасақ, екінші шеңбер милиция жасағы, үшінші шеңбер Үкімет үйінің қызметкерлері болу керек. Алаңдағы адамдардың ішінде ерекше қызуқанды, әскерилерге тас атып, үкімет үйінің терезесіне ракета жіберіп, оларды сабырға шақырғандарға бағынбағандар да болды.

Алаңда бірен-саран танымал адамдар да жүрді. Ә.Мәмбетов пен Т.Жаманқұлов та сол түні алаңда болды. Жастар Тұңғышбай ағаны қоршап алып, оның көзқарас-пікірін, өз әрекеттерінің дұрыс-бұрысын сұрап жатты. Тұңғышбай ағаның айтқанының жобасы: «Айналайындар, талаптарың орынды, бағыттарың дұрыс, тек ешкімді де өлтірмеңдер, өздерің де өлмеңдер».

Бір мезгілде, сағат түнгі он бірлердің шамасы болу керек, әскери жасақ қарусыз қалың жастарға лап қойды. Олардың ұл-қызына қарамай, шаштарынан сүйреп, резеңке шоқпармен қуалай сабап, ұсталғандарын тепкілеп алып кетіп жатты. Ұсталмағандары төменгі Абай даңғылына жетіп, қоғамдық көліктерге үлгеріп мініп кетіп жатты. Қашып бара жатып, таңертең алаңға қайта жиналуға уағдаласып бара жатты. Біз де сол жолмен Абай даңғылына жетіп, автобуспен жатақханамызға жетіп жығылдық.

Ертесіне ертемен зауыттағы бірінші ауысымдағы қазақтарды алаңға алып кетпекші болып барғанбыз. Бірақ, ондағы бақылау шаралары күшейтіліп, өзіміздің зауыт территориясынан шыға алмау қаупі туды. Амалсыз зауытқа кірместен алаңға тартуға тура келді. Алаңға мен сол жердегі Ауыл шаруашылығы  институтының бесінші жатақханасындағы сыныптасым Сәттібай Серікпен бірге жеттім.

…Біз алаңға жеткенде, алаңның толық бақылауда екенін көрдік. Көптеген милиция жасағы алаңға жақындағандарды ұстап, көліктерге тиеп жатты. Біздің алаң ортасына қарай өтпек болған әрекетімізден ештеңе шықпады, тәртіп сақшылары ұстауға айналды. Бұлқынып, жұлқынып бір сытылғанымызбен, алысқа ұзай алмадық. Айнала қаптаған милиционерлер, шалып құлатып, қолдарымызды қайырып, шашымыздан тартып, тепкілей бастады. Сыныптасым Серік Сәттібай екеуіміз бір көлікке тиелдік. Оның бет-аузының көретін жері жоқ, мықтап таяқ жеген екен. Сыныптасым көлік ішіндегі милиция жасағы арасынан курстасының сыныптасын танып қалды. Жалма-жан оған ескертіп, есіне салып жатыр таныстығын. Бірақ, ол «иә», «жоқ» деп еш жауап қатпады.

Содан бізді Калинин аудандық ішкі істер бөліміне апарды. Сыныптасымның онда да танысы кездесіп қалды. Ол сол жерде істейтін Жәкішев Ермек деген кісі («Казатомпромның» экс-басшысы Мұхтар Жәкішевтің туған ағасы). Қысқасы, не керек, сыныптасым тергеушінің алдын көрмей, құтылып шықты. Курстасының сыныптасы құтқарды ма, әлде Ермек Жәкішев құтқарды ма, анығын білмедік.

Серіктің алаңдауына негіз де жоқ емес еді. Ол ата-анасының ғана емес, өзіміздің туып-өскен елдімекеннің болашағынан үміт күтіп отырған азаматы еді. Мектепті Алтын медальмен бітірген, Ауыл шаруашылығы институтында жергілікті шаруашылықтың жолдамасымен және ұжым стипендиясымен оқып жүрген болатын. Ал, менің оған қарағанда азырақ алаңдауымның да өзіндік себептері бар еді. Біріншіден, мен зауытта жұмыс істеймін, Ленин айтпақшы, жұмысшының бұғауынан басқа жоғалтатын ештеңесі жоқ. Қалжыңсыз, шындығына келсек, ол кезде жұмыс табу аса қиын емес болатын. Екіншіден, мен бұйрық бойынша еңбек демалысында болатынмын. Сонымен мен Б.Телібеков деген тергеушіге тап болдым. Аты Бақыт па екен, Бақытбек пе анық білмедім. Менен аты-жөнім, кім болып, қайда жұмыс істейтінімді, қай жерден екенімді бәрін сұрап алды. Алаңға қашан, не үшін келгенімді сұрады. Мен ештеңені жасырмастан бәрін айтып бердім. Түнде болғанымды да мойындадым. Тіпті, өзіне де тигізіп, «қазақ емессіз бе, мынадай кезде қалай жатасыз» деп қойдым. Кейін ғой, біліп жатқанымыз мұның үлкен тәуекел болғандығын. Ол кезде жаспыз ғой, албырттықпен артын ойлай бермейміз. Бірақ, артын, салдарын ойлағанның ерлікке бейім болмайтындығы да белгілі ғой. «Түсі игіден түңілме» деген, мүмкін тергеушіге сенген болармын. Мені тыңдап болғаннан кейін, ол  жазу машинкасына отырып, хаттама жазды. Болғаннан кейін, «оқып, қолыңды қой» деп, хаттаманы ұсынды. Орысша жазылған хаттаманы оқысам, онда менің түнде алаңда болмағанымды, бүгін таңертең жұмысқа бара жатқан жерімнен, аялдамадан еріксіз ұстап алып кеткендігі жөнінде жазылған екен. Мен, әрине, «жоқ, олай емес, шындықты жаз» деп қолымды төске ұрған ештеңем жоқ, рахметімді айтып, қолымды қойдым.

Көп ұзамай мені босатып жіберді. Екі-үш күннен кейін Ақтөбеге елге ұшып кеттім. Елге келгеннен кейін айтатын адамдарға, түсінетіндерге айттым болған оқиғаны, бірақ жалпыға, көпшілікке жар салғаным жоқ. Қаңтардың аяғында жұмысқа  қайта қосылғанда мені ешкім басымнан сипай қоймады. Өйткені, менің ұсталғандығым жөнінде зауытқа қағаз келген. Комсомол жиналысына салды, менің «алаңға бармадым» дегеніме ешкім сенбеді. Аса көп ақталмадым да. Жұмыстан, комсомолдан шығару керек деген ұсыныстар болды. Бірақ, цехтың аға шебері Н.В.Клевцов деген араша түсіп алып қалды. Дегенмен, жұмыстан жақсы мінездеме, жоғары оқу орнына жолдама алу үмітінен қол үзуге тура келді. Жаз шыға Алматы энергоқұрылыс техникумына түсіп кеттім.

Кейін, сексен тоғыздағы жылымық кезінде қайта саясатқа әуестендік. 89-92 жылдары Алматыда өткен оппозиция митингілерінің бірін де жібермедік, әр бейсенбі сайын Хасен Қожахметтің желтоқсан комитетінің жиындарына қатысып тұрдық, «Семей-Неваданың» жиындарына қатыстық, жоғарыда аталған досым екеуіміз Арон Атабектің «Алаш» партиясына араласып, Семей, Курчатов қалаларына дейін барып, газетін тараттық. «Азат» қозғалысына мүше болып, марқұм Б.Дәрімбеттің қолынан мүшелік билет алдық. Елге бір келгенде ақтөбелік І.Көбенов, Х.Қырқымбаев, Б.Мырзабаевтармен бірге Алматыға «Азаттың» құрылтайына қатысып қайттық. 1992 жылы елге көшіп келгеннен біраз саябырсып, үзіліс жасағанымызбен, екі мыңыншы жылдардың басында «жас түркілермен» бірге қайта желіктік».

Бұл азамат көпшіліктен ерекше. Әпенділеу десе де болады. Басқалар балаларым тіл үйренсін деп ауылдағы балаларын қалаға оқытса, ол ауылдағы аралас мектептегі балаларын қаладағы таза қазақ мектебіне тасып оқытады. Ақтөбеден елу шақырым жердегі ауылда 13 жыл тұрып, қаланың Бауырластар ауданына қоныс аударғанда Ресейден Қазақстанға көшіп келгендей болдым дейді. Балалары орыс тілінсіз-ақ орнын тауып, жетістіктерге жетіп, тіпті шет елде жүргенін айтады. Өз балаларымен шамалы мектептер жете бермейтін көрсеткішке жетті, бір алтын белгі, бір докторант, екі спорт шебері (бірнеше дүркін ҚР чемпионы, ҚР құрама командасының мүшелері) бар.

Өмір бойы өзге тілді оқытып немесе КПСС тарихын зерттеп тарихта қалғаннан гөрі келер ұрпаққа ұлттық мұраны насихаттауды маңызды деп есептейді (өзі спорт мектебінде тоғызқұмалақтан жаттықтырушы болып істейді). Сонау 93-жылдан бері ораза ұстап, сол уақытта-ақ балаларының фамилиясын -ов, -евтен арылтып қазақшалап қойғанын тілге тиек етпей кетсек тағы болмайды.

Өзінің атасы Екінші дүниежүзілік соғыс ардагері болса да, желтоқсаншылар мен ұлттық патриоттар статусын соғыс ардагерлері мен мағынасыз Ауған соғысы ардагерлерінен кем санамайды. Керісінше маңыздырақ деп есептейді.

«Жақсылар жақсымын деп айта алмайды, жамандар жақсымын деп айқайлайды» деген сөз бар. Расымен, жылда желтоқсан жақындаған сайын елде «Ой, желтоқсан кезінде бүйткем, сүйткем» деп кеуде ұрып шығатын псевдожелтоқсаншылар өздері ойлап шығарған қаһармандық хикаяларын айтып, төсін қағады. Ал, нағыз желтоқсаншылар ерлігін бұлдамай, ұлтжанды ұл-қыз тәрбиелеп, елдікке үлес қосып, осылай тасада жүре береді. Біздікі осындай нағыз қаһарманды жерлестері біліп жүрсін деген ниет қана.  

Нұрлан ЕСЕНҒАЗЫ,
Баишев жоғары медициналық колледжінің оқытушысы, дәрігер

АҚТӨБЕ ҚАЛАСЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here